ШОЛАҚТАУ − КЛОНДАИК
«Аузың аққа тигенде, мұрның қанасын!» – деп қарғапты баяғыда
бір сұңғыла кемпір жек көрген адамын.
Мұндай қарғыстың бізге қандай қатысы бар еді?! Біз не жаздық?
Ешкімге залалымыз тиген жоқ. Ешкімді алдап-арбап, ұрлық жасаған
жоқпыз. Не күнəміз бар?
Қуан екеуіміз жүн фабрикасына келесі жолы барғанымызда
«хорошая тетка»:
− Жоқ! – деді. – Енді келмеңдер.
Сөйтсе, фабрика жүн иіретін машина сатып алыпты. Əлде өкімет
берген бе, əйтеуір енді қолдан жүн иіру тоқтатылыпты.
Бірер ай рахатын көріп, кəдімгідей қаужаңдап қалып едік. Мен
жылы, мақталы фуфайка, аяғыма рабочий бəтіңке сатып алып едім.
Үйдегілер де «битін» бір төгіп қалған. Айша мен қаладан қайтқан
сайын Құдайға құлдық ұрып: «Тəуба! Тəуба!» – дейтін.
Ендігі тапқан ақшаны жиып-жиып, патефон сатып алмақшы болып
жүр едім.
Енді қайттік?
Қуан айтты:
− Давай, отын шауып сатайық, – деді.
− Ол не тағы?
− Е, мына Қызыладырда жусан көп. Соны кетпенмен қыршып,
баулап-баулап, есекке артып, Атшабарға апарып сатамыз.
− Давай.
Атшабарда отын тез өтеді. Сəли атамның есегіне теңдеп-теңдеп,
бір жағына бес бау, бір жағына бес бау артсаң, он бау жусан –
əжептеуір ақша.
Қуанның өз есегі бар.
Бірақ мұны да Құдай көп көрді. Күн райы бұзылды да,
желтоқсанның аяғында Қызыладырды қалың қар басты да қалды.
Жусанның төбе шашы ғана көрініп, көзімізді мөлитіп қойды. Қар
астында қанша ақша қалды десеңші... Патефон қалды.
Қуан қысқы каникулге шықты.
− Енді не істейсің? – дедім.
− Библиотекадан кітап алдым. Соны оқимын. Қолыма алып көріп
едім, «Ақ азу» деген кітап екен.
− Оқып болған соң маған бересің бе?
− Бітейін деп қалдым. Берем ғой.
Ертесіне мен де оқып шықтым. Аляска дегенді бұрыннан
білетінмін. Жағырапия сабағында мұғалім айтқан.
Енді сол Аляска алдымнан шықты. Алтынға бай екен. Əсіресе
Клондаик деген жерде алтын жердің бетінде жататын көрінеді. Дəлірек
айтқанда, бұлақтың түбінде. Құмды шайып-шайып, арасындағы алтын
тарыларын қайырып алады екен.
Майшамның жарығымен кітапты оқып болып, көпке дейін ұйқым
келмей, түбі жоқ терең-терең ойларға батып жатырмын.
Осы Шолақтауда да бұлақтар бар шығар. Адамдар құм шайып,
алтын табатын шығар.
Ал біздің Тəңіртаудың баурайы толған бұлақ. Бірақ алтын бар
дегенді естіген емеспін. Əлде жұрт білмей жүр ме екен.
Шолақтауға барып қайтса қайтер еді? Баяғы протез қолды дəуді
тауып алсам. Сол айтып еді ғой: Шолақтаудан алтын қазамыз деп.
Таңертең тұра салысымен Қуанға:
− Давай, Шолақтауға барып қайтайық. Ақыры каникулде жүрсің
ғой, – дедім.
− Онда не бар? – деді Қуан көзі бақырайып.
− Алтын бар!
− Какой алтын? Фосфор бар!
− Фосфор? Ол не?
− Ана біз жусан шапқан жердің ар жағында салынып жатқан
зауытты көрдің ғой?
− Иə.
− Вот, сонда фосфор шығарады. Шолақтаудан тасиды.
− Оны не қылады?
− Неғылушы еді, тыңайтқыш, қопарғыш дəрі шығарады.
− Ой, арасында алтыны да бар шығар, маған сонау көктемде бір
кісі айтқан.
Қуан иығын қиқаң еткізіп, жерге сыздықтата түкірді:
− Черт знает, бар боса, бар шығар. Бірақ одан не пайда?
− Барсақ қайтеді? Ақыры не бітіреміз?
Бадырақ көзін бақырайтып, күліп қояды.
− Бағымызды сынап көрейік. Əлгі кісіні тапсақ көмектесер. Өзі
айтқан...
− Не деп?
− Кел Шолақтауға, жұмыс істейсің, ақша табасың деген.
− Е, он күн каникулдың ішінде не табамыз?
− Барып, біліп қайтайық. Болса, жазғы каникулда барып істейміз.
Қуан енді ойланып қалды.
− Тым құрыса, патефон алып қайтар едік, – деймін мен Қуанның
иліге бастағанын байқап.
Қуан қарқылдап күлді. «Патефон, патефон!» – деп қойды ара-
арасында.
− Өй, патефон жақсы ғой. Музыка, əн...
Айтпақшы, əлгі патефонның əлегі ме, кім білсін, Бөкен шалдың
жас келіншегі кетіп қалыпты. Оны мен Айша мен Үбəйданың
əңгімесінен естідім. Екеуі бір самауыр шəйді ортаға алып, сораптап
ішіп отырғанда, мен «Ақ азуды» оқып отырғанмын. Екеуінің əжік-
күжік əңгімесіне зер салмастан, Ақ азудың неше алуан қызығына түсіп
кетсем керек, сонда да кенет Айшаның:
− Байғұс, Зияда бағынан көреді де, əскерден жастар оралып жатыр
ғой, тесік моншақ жерде қалмас, – дегенінен селк ете қалдым.
− Е, бірақ байдан шыққан деген аты жаман да, əйтпесе бұйырғаны
болады да, – деп Үбəйда қостады.
Зияда екен ғой аты. Қайда кетті екен, төркіні қайда екен? Осылай
деп біраз жатып, қайтадан кітапқа үңіліп едім, Ақ азу Зияданы
ұмыттырып жіберді.
Клондаик менің миымды шырмай бастады. Жер түбіндегі
Алясканы үйде жатып-ақ аралап жүрмін. Өзім де қиял мұхитын кешіп,
неше алуан кедергілерден өтіп, ит жеккен шанаға мініп, ақ бұлдырық
аулап, алуан-алуан ойлар басымда ойнақ салады.
Кітаптың құдіреті ғой. Сені ол қайда апармайды, кімдермен
таныстырмайды?! Үйде отырып-ақ көз көрмеген, құлақ естімеген
дүниенің нешеме түкпірлерін шарлап шығасың. Жолында жақсы да,
жаман да кездеседі. Азуы алты қарыс бульдог шайнаған Ақ азуға
жанын ашып, қараптан қарап жатып, қаның қайнайды.
Ақ азу дəл қазір қиналып, жанталасып жатқандай: «сол жеңсе
екен» деп алыстан тілеуқор боласың.
Əне, кітаптың құдіреті мен əлегі. Шіркін, осындай бір кітап жазып,
содан соң өле кетсең де өкініші жоқ деп қоямын. Дүниеде Джек
Лондоннан асқан жазушы жоқ сияқты сонда маған.
Сірə, Қуан да осындай əсердің əлегінде қалса керек, «Ақ азуды»
айтсаң болды, ұңғыл-шұңғылына дейін талдап, тақпақтап, елеріп
кетеді.
Сондықтан шығар:
− Шолақтауға барсақ-барайық, – деп өзі бастады. – Неміз кетеді,
көріп қайтайық.
О басында тайраңдап бұл əңгімені өзім бастасам да, тапа-тəнде
тосылып қалдым.
Қыстың көзі – қырау. Жаяу жете алмаймыз. Ит жеккен шанамыз да
жоқ. Есек?.. Жоқ. Оған шоп керек, жем керек. Пойыз?
Мінгізе ме, мінгізбей ме? Пойыз? Əрине, пойыз. Басқа жол жоқ.
− Билетке ақшаны қайдан табамыз? – деді Қуан.
− Станцияға бара көреміз. Бір амалы табылар. Болмаса қайтып
келеміз.
Айшаға айтып кету керек. Əйтпесе əбігер болар.
− Апа, – дедім. – Мен Қуан екеуміз Молотовқа барып келеміз.
− Е, онда не бар? Молотовтан ауырып қайтып, əрең аман қалғаның
есіңнен шығып кетті ме?
− Мектептен куəлік алуым керек қой. Жетінші класс бітірді деген.
− Биыл бəрібір оқудан қалдың. Келер жылғы күзге дейін қайда - а -
а. Жазда, күн жылыда барсаң да болады. Қыстың көзі қырауда қайда
барасың?
− Иə, Қуан каникулде. Екеуміз барамыз.
− Көлігің де жоқ. Жаяу қайтіп жетесің?
− Ауырып, безгек қысқанда да жаяу жеткенмін.
Осы сəтте, тілеуіңді бергір, Қуан келе қалды.
− Ой, апа, қам жемеңіз, пойызбен барамыз, – деп жадырай күлді
Қуан.
− Пойыз? Ойбай, құдай, ол жаққа пойыз жүруші ме еді? – Айша
секемдене бастады.
− Жүргенде қандай. Шолақтауға дейін барады, – деді Қуан сенімді
үнмен.
− Қайдам, шырақтарым, пойыз басып кетіп жүрмесін тағы...
Сонымен, не керек, мата қалтаға зағара нан, құрт салып алып,
тəуекел деп тартып тұрдық.
Көшеде Шолпан апам мен Сəли атам тұр екен:
− Екеулеп қайда барасыңдар? Жүн пəбірік ашылып па? – деді
Шолпан апам.
− Жоқ, фабрика енді жүнді өзі иіретін болыпты. Біз жəй қыдырып
барамыз, – дедім мен.
Сəли атам аппақ қасы көзіне түсе күлімдеп:
− Жігіт қой екеуі де, – деп қойды.
− Е, қаладан қыз айттыруға бара жатыр десеңші, – деп Шолпан
апам да күлді.
− Е, Құдай аман қойса, жігіт болды ғой бұлар, – деді Сəли атам
соңымыздан қарап тұрып.
Қаланы қақ жарып, вокзал көшесімен бойлап отырып, станцияға да
жеттік-ау. Жолды білетін Қуан. Əйтпесе, мен адасып кетемін ғой.
Вокзал басы ығы-жығы. Ішіне кіріп көрсек-залдың аузы-мұрны тола
адам. Арқалығы биік ағаш креслодан орын тигендер бақытты. Еденде
көсіліп жатқаны қанша?
Қолаңса, терінің иі сияқты иістен тұншығып кеткендей болдық та,
перронға шықтық. Айқасып-айқасып, сіресіп тұрған вагондар.
− Шолақтау пойызы қайсысы? – деп сұраймыз өткеннен де
кеткеннен де. Иықтарын қиқаңдатады. Ешкім жөнді білмейді.
− Ол қай Шолақтау? – деп өзіңнен сұрайды.
«Алматы-Москва»,
«Ташкент-Новосибирск»
дегендер
бар,
«Шолақтау» жоқ. Біздің шарқ ұрып, Шолақтау пойызын іздеп
жүргенімізді байқаған, өзіміз тұрғылас, көзі бақырайған бір қара
домалақ бала:
− Немене, Шолақтауға барушы ма едіңдер? – деді жанымызға
жақындап.
− Иə.
− Иə.
Маңырай жауап бердік.
− Мен де сол жаққа барамын. Жүруіне əлі бір сағат бар. Анау
түпикте тұр, – деді.
«Түпигі» несі деп ары-бері қарадым. Менің түсінбей қалғанымды
сезген ол:
− Тұйық жолда тұр, – деп тəптіштеді. – Таныс болайық. Менің
атым – Уəли, – деді екеумізге де кезек-кезек қолын ұсынып.
Тығыршықтай неме екен, қолы кемпірауыздай қатты. Жасына қарамай
қасы дүрдиме, қалың, киіз жапсырып қойғандай.
− Қуан, – деді Қуан туған бауырын көргендей елпеңдеп.
− Барсхан.
Екеу едік, үшеу болдық.
− Ағам Шолақтауда. Каникул ғой. Соған... – деп ыржиды Уəли.
Бұл бақытты. Ағасына бара жатыр. Алаң болмай ат басын тірейтін
жері бар. Ал біз қайда тоқтаймыз? Протез қолды, қара дəуді таба
аламыз ба, жоқ па?
Сұрақ қанша – күдік сонша. Сонда да құлшынып тұрмыз.
Шешінген судан тайынбайды деген бар.
− Билет алдыңдар ма? – деп сұрады киіз қас Уəли. Қуан екеуміз
қуыстанып, бір-бірімізге қарадық.
− Жоқ, – деп ебедейсіз күлді Қуан. Мен үндемедім.
− Е, «заяц» екенсіңдер ғой, – деді Уəли бізге біртүрлі шүбəлана
қарап. Күмəнданып, қатты ойланғанда киіз қастары бірігіп, ортасынан
терең сызық пайда болады екен. «Заяц» дегеніне түсінбедім. Қуаннан:
− О не? – деп сұрадым.
− Қоян, – деп күлді Қуан. – Пойызға билетсіз мінгенді «заяц»
дейді.
«Қап, мынаның қорлағаны-ай» деп қойдым ішімнен. Үстінде
теміржолшылардікіндей қара шинелі бар. Сірə, бойына шақтап,
етегінен қысқартқан болуы керек. Өйткені артқы жырығы шолтиып,
сары жез түймелі белдігі құйымшағына түсіп тұр. Бірақ кеудесі кең.
Тұрқына қарағанда – шымыр. Əйтпесе, əлгі «заяц» деп қорлағаны
үшін алыса кетсем бе деп едім.
− Сірə, ақшасыз қусыңдар ғой, – деп қойды Уəли бұрынғысы аздай.
– Ничего, бір амалын табамыз. Маған да жолдас керек.
Мақтаншақтау ма, қалай? Сəл шолжаңдау сияқты. Мақтана
сөйлегенде сыңар езуі созылыңқырап кетеді екен.
Сөйтсе, ағасы Шолақтау темір жол станциясының бастығы екен.
Ал ойнап көр қызыл арақпен. Шолақтау пойызының бастығы дəл өзі
сияқты.
− Проводникпен өзім сөйлесемін, – деді Уəли бір езуі қисайып.
Сонда мен оның «заяц» деп қорлағанын ұмыта бастадым. «Мынау
сүйкімді ғой» деп қойдым.
Айтса айтқандай, «қарадомалағым» жарады. Бізді анау-мынау емес,
көк вагонға кіргізді. «Проводник» дегені вагонның қожасы екен, ұзын
бойлы, солпиыңқыраған біреу. Уəли айтты-болды, бізге:
− Кіре беріңдер, – деді.
Бір қызығы, бұл пойызда көк вагон біреу-ақ, басқасының бəрі
жайдақ платформа. Оларға не тиелмеген дейсіз: қатар-қатар қызыл
кірпіш; жуан-жуан қарағай, толып жатқан темір-терсек... Паровоздан
кейін іле-шала екі қызыл вагон тұр. Біреуі «вагонзак», екіншісі –
пошта вагон. «Вагонзак» дегеніне түсінбеп едім, сөйтсем қамақтағы
адамдар екен. Терезелерін торлап тастапты. Штыкты мылтық ұстаған
екі əскер ары-бері теңселіп жүр.
Атан
түйенің
беліндей
жуан-жуан
қарағай
тиеген
платформалардың тұсынан өткенде, сап етіп əкем Муртаза есіме тусті.
Айша айтатын: «əкең Сібірде қарағай кескен», – деп.
Содан шығар, мына қарағай бөренелер көзіме біртүрлі жылы
ұшырап көрінді. Бірақ Айшаның: «əкең баяғыда-ақ бір қарағайдың
түбінде қалған», – дегені есіме түсіп, көңілім құлазып сала берді.
Шайыр иіс Сібірдің сəлеміндей сасыды.
Менің қарағайлы платформаларға қарайлап қалғанымды көріп,
Қуан артына бұрылып:
− Жүр, жүр! Бол! – деп асықтырды. Менің басымда қай алуан
суреттер сапырылысып жатқанын Қуан қайдан білсін:
− Немене, қарағай көрмеп пе едің, – деп таң қалды.
Мен үндеместен соңынан ілесе бердім. Көк вагонға кірмей-ақ,
қарағай тиеген платформаға мініп алсам болар еді... Мүмкін,
бөренелер сыр шертер ме еді...
Жолаушыларға арналған жалғыз көк вагонның ішінде ине шаншар
жер жоқ-ау, сірə. Көкала түтіннен адамдар тұман арасынан көрінгендей
елес береді. Шетінен шылым шеккіштер ме, немене? Мүңкіген
бірдеңе. Шұлғау сасиды. Үш қатар сəкілердің біреуі бос емес.
Гармошка тартқан, барылдап өлең айтқан əлдекімдер.
Тəңір жарылқағыр, Уəлидің проводнигі үшеумізді өзінің
«служебный» деген жазуы бар купесіне кіргізді. Жып-жылы екен.
Бірақ тарының қауызындай тар. Үшеуміз иін тіресіп, əрең сыйысып
отырмыз.
Проводниктің аты Тайлақбай екен. Бізге ыстық шəй берді.
Кішкентай үстелге қалтадағы зағара нанымызды шығарып қойып,
қоқиып отырмыз. Біз кімнен сорлымыз дегендейміз.
− Қаймақ қатпаған шəй берді деп сөкпеңдер, – деді Тайлақбай. –
Ал, кəне, мына Уəлиді танимын. Біздің бастықтың бауыры. Сендер кім
боласыңдар? – деп Қуан екеуімізге көзін тіктеді. Атымызды атап
жатырмыз.
− Оқисыңдар ма?
− Оқимыз, – деп Қуан əбжіл жауап берді.
− Оқу қайда?
− Каникул ғой.
− А - а, каникул екен ғой... Шолақтауда не шаруа?
− Жəй, – деп Қуан маған қарап ыржиды.
Мен қысылып отырмын. Сөйлемеуге тырысамын. Сөйлесем
қылмысымыз ашылып қалатындай. Біртүрлі ыңғайсыз. Айыпты адам
сияқтымын.
− Жайдан жай, бұл қай жүріс? – деп шұқшиды проводник. –
Таныстарың бар ма?
− Ба - а - ар, – деді Қуан сенімсіздеу тіл қатып, тағы да маған қарап.
Енді сөйлемеуге болмай қалды.
− Дəулет деген кісі. Оң қолының протезі бар. Мүмкін, білетін
шығарсыз? – деп қойдым.
− Тоқта, тоқта. Қай Дəулет?
− О да теміржолшы... Көпір жөндеген...
− Көпір? Қай көпір?
− Көктемде, су тасығанда көпірді жұлып кетті ғой.
Тайлақбай иығын қиқаң еткізді.
− Бір қолы жоқ болса, көпірді қайтіп жөндейді?
− Ой, бастық қой!
Даусым қаттырақ шығып кетті. Немене, сонша қазбалап сұрайды.
Қуан да күмəнданғандай бетіме бағжия қарап қалыпты.
− Ондай бастықты естіген жоқпын, – деді Тайлақбай. – Мейлі. Ол
кімің болады?
− Кімім... Көктемде көпір бұзылғанда сол айтқан...
− Не деп?
− Шолақтауға кел. Алтын бар. Ақшаны күреп аласың деп...
Тайлақбайдың ауызы аңқиып қалды. Вагонда у-шу көбейді.
Гармошкаға қосылған біреу зор дауыспен барқырап: «Сакроменто –
край богатый, Золото гребут лопатой», – деп сарнады дейсің бір.
Тайлақбай қарқылдап күліп жіберді.
− Əне, анау аузы түкті орыс та дəл сен сияқты, – деді. – Түсіндің бе
не деп оттап отырғанын?
− Қайдан білейін, «золото» дейді ғой, – дедім булығып.
− Алтын дейді, алтынды күреп аламыз, – дейді.
− Ой, орыс айтса, білетін шығар.
− Ат басындай алтын бар дейді.
− Шолақтау – Аляскадағы Клондаик сияқты дейді ғой, – деп бұл
шатасқан əңгімеге Қуан кірісті. Сірə, мені аяп кеткен болуы керек.
Маңдайымнан тер шып-шып шықты. Мақталы купайкемді шешейін
десем, сығылысып отырмыз, ыңғайсыз.
− Е, Джек Лондонды оқыған болдыңдар ғой, – деп енді Уəли тіл
қатты. Гармошка сарнады. Зор дауыс тағы да:
Чулактаука – край богатый,
Золото гребут лопатой, – деп бұл жолы Сакроментоны
«Чулактаукаға» ауыстырды.
Вагон толы адам ха - ха - халап күлгенде пойыз рельстен шығып
кете жаздады.
Бүкіл вагон мені келеке етіп күліп жатқандай көрінеді маған.
Əлде ыза, əлде наза – ішім əлем-жəлем, көңілім пəс тартып,
алдамшы дүниеден түңілгендей, теріс айналып, кірлеген терезеге
қарадым. Қарағай бағандар пойызбен жарысқандай болып көрініп, ол
да көзді алдап, кезек-кезек қалып қойып жатыр.
Кенет шағын ақ үйдің маңдайшасына қағылған «Жұма» деген
жазуды көзім шалып қалды. Көктемде көргенімде жалғыз шатыр еді.
Енді үй тұрғызып қойыпты.
«Жұма» бекеті. Маған көк сиырды бермей қойған кішкентай
ауылды іздеп, құм шағылды тінткіледім. Кір терезеден көрінбеді.
«Қап, Молотовтан өтіп кетіппіз-ау», – дедім. Молотовтың ақ үйлі
мектебі. Ақ мешіт интернаты. Оның ығындағы кішкентай жатаған там.
Сол үйде қыстай қысылып Зиба жатқан. Зиба...
Бөкен шалдың қотыр қабырғасынан сыңсыған əн менің кеудемде
уілдеп тұр. «Туған ел, енді есен бол - а - а - ай».
Көкірегім гуілдеп, ішім уілдейді. Өзімнің кеудеме өзім құлақ
түрейін десем, даңғаза жолаушылар дарылдап, мастар арылдап
естіртпейді. Мас вагон. Ары-бері бұлғақтайды. Көк вагон пойыздың ең
соңында. Сондықтан да құйрық вагон жолдан шығып кетердей
шайқалады. Бəрі сағым, атасына нəлет! Көктемде, жазда осы
Шолақтау жақтан жалқын сары өзен ағып, алтын айдаһар бүктетіліп
жатқандай болатыны қайда? Протез қолды қара дəу: «Шолақтауда
алтын қазамыз» дегені қайда? «Алтын деген тау-тау болып үйіліп
жатыр» дегені қайда? Дардай кісі де жас баланы сөйтіп алдай ма екен?
Бірақ мына вагон сияқты ол да мас еді ғой.
Қысылып-қымтырылып, орнымнан əрең көтеріліп, тамборға
шықтым. Өкпем бітеліп қалғандай, дем жетпей бара жатыр еді.
Тамборға шығып жаным қалды. Тамбордың терезесін сүртіп тазалап,
далаға қараймын. Көз жетер жердің бəрі аппақ, ақ кебін жамылып
алғандай. Тіпті Қаратаудың өзі ақ жамылғанда мүлде аласарып,
жермен-жексен болып кеткен сияқты.
Тағы да Молотов есіме түсті. Көз алдыма Зиба, оның жанына келіп,
Зибаның көңілін көтермек болып, ғажайып əн салатын Зүбəржат келді.
Зүбəржат «Сандуғаш, Сандуғаш» деп шырқар еді. Сол əн қазір
көкірегімде күмбірлей бастады. Өзімнен өзім ыңылдап, сол əнге салып
тұрғанымды сезбей де қалдым.
Сандуғаш, Сандуғаш,
Китмə, китмə, Сандуғаш.
Қанатларың талдырып,
Туған жирне қалдырып,
Китмə, китмə, Сан - ду - ға - а - аш...
Зүбəржаттың сонда айтып отырғаны сандуғаш дейтін бұлбұл құс
емес, Зиба екенін енді түсінгендеймін. Сонда Зүбəржат: «Өлме, өлме,
Зибакəй» деген екен ғой. Құдай ол тілегін бермеді. Зиба жоқ.
Пойыздың доңғалақтары менің кеудемді керіп, лықсып шыққан өңді
қолдап, сүйемелдеп, ырғақтас болып, сарнап келеді.
Суық жел терезенің тесігінен соқты ма, əлде менің жыртық
көңілімнен уілдеді ме, əйтеуір бір ызғырық кезіме ұрып, көзімнен
жып-жылы жас парлап ақты. Жыламаған сияқтымын, бірақ
жанарымнан жас тыйылмайды. Іші-бауырым уылжып барады.
Біреу иығымнан тартты. Қарасам, Қуан екен.
− Жүр купеге. Жаурап қаласың, – деді ол көзі бақырайып.
Достарыңызбен бөлісу: |