Негізгі ұғымдармен терминдер Халық өнерінің қайраткерлері – жыршылар, жыраулар, әншілер, музыканттар
Қазақ өнерін зерттеушілер.
«Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі».
А.Жұбанов, П.Аравин, Е.Брусиловский және басқа зерттеушілер
Сұрақтар мен тапсырмалар 1. Қазақтың музыкалық фольклорын Қазақ төңкерісіне дейін зерттеуге кімдер үлес қосты?
2. А.В. Затаевичтің қандай еңбектерін білесіз?
3. А.Жұбановтың қазақтың музыкалық өнерін зерттеуге байланысты қандай еңбектерін білесіз?
4. Қазақтың музыкалық фольклорын зерттеудің қазіргі кездегі жайы қалай деп ойлайсыз?
Негізгі әдебиеттер: 1 Мыңбаев Д., Бейсембайұлы Ж.Ұлт мұраты, 2014
2 Казакстан тарихы М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы , 2012
3 Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлары, А.Ш.Жангазин, Р.С.Кайсаринова, 2015.
4 Қазақстан халқының рухани мәдениетінің тарихы, Ш.Н.Нағымов, 2012
10- тақырып. Қазақ халқының аса көрнекті әнші композиторлары Дәріс мақсаты: қазақтың әнші композиторларының шығармаларын типтік жүйелеуге және пайдалануға машықтандыру.
Біржан сал Қожағұлов (1831-1894) XIX ғасырдың даңқты композиторы және әншісі Біржан Қожағұлов қазақ халқының ән өнерінде терең із қалдырды. Ұлы композитордың дүниеден өткеніне жүз жылдың үстінде уақыт өтсе де, оның әндері халықтың жадында мәңгі сақталып, әлі үздіксіз айтылып келеді. Олар қазіргі композиторлар шығармаларында кеңінен қолданылып, опералық және эстрадалық сахналарда үнемі орындалып жүр. Біржан Көкшетау облысындағы Қожағұл ауылында 1831 жылы дүниеге келген. Жасөспірім шағынан бастап ән салуға құмартып, тамаша дауысының арқасында Көкшетау өңіріндегі кез-келген ауылдың асыға күтетін қонағына айналды.
Біржанның даңқы көп ұзамай бүкіл Қазақстанға жайылады. Біржанның бірқатар әндері қайшылықтар мен қайғылы оқиғаларға толы өз өмірін бейнелейді. 1865 жылы Көкшетауға Омскіден генерал-губернатор келгені белгілі. Біржан осы оқиғада орын алған озбырлықты суреттеген атақты “Жанбота” әнін шығарды. Өз болысы Азнабай әншіге дөрекілік танытады. Басынан сөз асырып көрмеген, намысшыл әнші ожырлардың шын “қасиеттерін” әшкерлеген, ыза мен кекке толы өзінің “Жанбота” әнін шығарады. Біржан көптеген тамаша әндер шығарды. Олардың ішінде көп орын лирикалық әндерге берілген. Әнші шексіз де, шетсіз қазақ даласын аралап жүріп, өз шығармаларына шабыт беретін адамдарды кездестірген, соларға арнап небір тамаша әндерін арнаған. Мысалы, Ақтентек деген байдың Ажар атты асқан сұлу қызына кездесудің нәтижесі қыз сұлулығын бейнелеген әншінің екі бірдей тамаша “Тентек” және “Жаймашуақ” әндерінің дүниеге келуіне себеп болды. Біржанның айналасы ойын-сауыққа, думанға толы болуына байланысты, әншіге халық “сал” атын берген, оны қатты құрметтеп, қошеметтеген. Біржан шығармашылығын құрайтын лирикалық әндердің көбі қазақ қыздарына, олардың сұлулығына, мінезіне, қылығына арналған. Олардың қатарына “Ләйлім шырақ”, “Көлбай-Жанбай”, “Ғайша жар”, “Жамбас сипар” т.б. әндері жатады. Өмірінің соңғы жылдарында әнші кедейлікке ұшыраған, бай-болыстар тарапынан әртүрлі қиянат пен қысымшылық көрген. Қайтыс болардың алдында балаларына арнап “Асыл Ақық” және “Теміртас” әндерін шығарған.
Әнші композитордың бостандық сүйгіш, сезімтал бейнесі қазақтың аса көрнекті композиторы М.Төлебаевтың “Біржан-Сара” операсынан тамаша көрініс тапты.
Ақан сері Қорамсин (1843-1913). Ақан сері 1843 жылы Көкшетау облысындағы Қоскөл деген жерде туған. Алғашқы арабша сауатын Ақан ауыл молдасынан алған. 13 жасқа толғанда Петропавл қаласына барып оқуға түседі. Қалада алған білімі, көрген-білгендері кейін әншінің шығармашылық қызметін дамытуға көп септігін тигізеді. Ауылға келген Ақан өз өмірін қыз-қырқын, жас-желектер арасында, уайым қайғысыз, ойын-сауықпен өткізеді. Оның ақындық, әншілік композиторлық дарыны көпке таныла бастайды. Ақан сол кезде қазақ қауымы қатты құрметтеген салт-дәстүрлерге, шаруа түрлеріне орай, жүйрік саятшылыққа қажетті алғыр ит, аңға, құсқа салатын лашын, сұңқар, ителгі, қыран ұстайды. Сондықтан ол ел арасында “сері” атанады. Әсіресе, Ақан серінің әншілік өнері халық арасына кең танымал болды.
Ақанның көптеген лирикалық әндері сұлу қыздарға арнап шығарылды. Әншінің әсем әуенді, кең тынысты, ыстық сезімге толы “Балқадиша”, “Мақпал”, “Екі жирен”, “Қараторғай”, “Ақтоқты” әндері халық арасына өте кең тараған. Өзінің сүйікті тұлпары Құлагерге арнап “Маңмаңкер”, “Құлагер” әндерін шығарды. Алайда қазақтың әнші- композиторы Ақан серінің тағдыры да аянышты болды. Сол кезде қалыптасқан дәстүрлерге байланысты ақын өзі сүйген қыздарына қосыла алмады, өзі мәпелеп баққан тұлпары Құлагерді Сағынай байдың асында ұйымдастырылған бәйгеде бір бақталастары шоқпармен ұрып өлтірсе, екінші бақталастары сұңқары “Көкжендетке” у беріп өлтіреді. Осының бәрі жиналып, әншіні ауруға ұшыратады, сөйтіп ол елеусіз жағдайда қайтыс болады. Алайда, Ақан серінің артында рухани мұрасы, өшпес әндері қалды.
Мұхит Мералиев (1841-1918) Қазақтың дарынды композиторы және әншісі Мұқит Мералиев – лирикалық тамаша әндердің авторы және орындаушысы. А.В.Затаевич оны “Қазақтың Баяны” деп атады. Балалық шағы жайма –шуақ молшылық жағдайда өтті. Әкесі баласын әкімдікке, ел билеуге тәрбиелегісі келсе де, Мұқитты ол қызықтырмады. Жасөспірім шағынан бастап музыкаға, әнге әуестенеді, көп ұзамай әншілігі дүйім жұртшылыққа белгілі болып, даңқы бүкіл батыс өлкеге жайылады. Мұқиттың алғашқы әндерінің бірі “Айнамкөз” тамаша сұлу қыздың түрін бейнелейді. Одан кейін шығарылған “Алуаш”, “Қилым”әндері де өмірлік бақылаулар нәтижесі еді. Егер жоғарыда айтылғандар лирикалық әндер болса, “Жылқышы”, “Үлкен Айдай” әндері драматизмге және өмірлік патетикаға толы шығармалар еді.
Әсіресе, барлық ұлдары мен жалғыз қызынан айрылған әкенің терең қайғысын бейнелейтін Мұқиттің “Зәуреш” атты әні халық арасына кең тарады. Мұқит әкенің орны толмас қайғысын асқан шеберлікпен бере білді. Осы ән туралы академик А.Жұбанов “Замана бұлбұлдары” атты еңбегінде былай дейді: “Мұқит музыкасы әннің қайғылы мазмұнын одан әрі тереңдете түседі, оны сабырлы түрде тыңдау мүмкін емес. Оның түпсіз қайғысы адамды бей-жай қалдырмайды”. Қазақстанның көптеген композиторлары әртүрлі бейнелеулерде оны өз шығармаларына енгізді. “Зәуреш” тақырыбына траурлық марштар жазылды. “Зәуреш” жоғары регистрде басталады, мелодиясы тегіс, созылмалы, қайғылы. Әнде бір-бір бөлек, артық, қажетсіз нота жоқ. Әрбір дыбыстан аса зор мұң, орны толмас қайғы, айрылу сезіледі. “Зәурешті” тек ән деп қарауға болмайды, ол-кішігірім, аяқталған реквием. Мұқит әндерінің арасында “Паңкөйлек”, “Ақ иіс” әндері де өздерінің аса әуезділігімен, кең тыныстылығымен мұндалап, тыңдаушысын өзіне қаратып алады. Композитор Батыс Қазақстанда кең дамыған әншілік мектептің көш бастаушысы болды. Мұқит әндерін өзіндей айтып, халық арасына жеткізген кісм бар дегенде ең алдымен республиканың халық артисі, қайталанбас талант иесі Ғарифолла Құрманғалиев ауызға ілінеді. Күміс көмей әнші еліміздің талай-талай сахналарында Мұқит әндерін бұлбұлша сайратып, өз тыңдаушыларының алғысын алды, артына мол мұра – орындаған әндері мен шәкірттерін қалдырды. Мұқит дәстүрін жалғастырушылар арасынан бүгін біз тамаша әншілер легін көреміз. Олар республикаға еңбегі сіңген әртіс Мекес Төрешов, Қатимолла Бердіғалиев, Рая Латифуллина, Сәуле Жанпеисова, Айгүл Қосанова, Пахаман Құттымұратов және т.б.
Сөйтіп, ұлы композитордың “Панкөйлек” әнінде айтылатын арманы орындалды.
Жаяу Муса (1836-1929). Жаяу Муса Байжанов, қазақтың белгілі әншісі және композиторы ұзақ, мәнді өмір сүрді. Оның шығармашылығы қоғамда орын алған әлеуметтік әділетсіздікке қарсы бағытталды. Жаяу Муса өз заманының арабша және орысша сауатты, оқыған адамы болды. Ол 1835 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Ауыл молдасынан сауатын ашқаннан кейін, он бес жасында Петропавл қаласына барып көпеске жалға жұмысқа орналасады. Жұмыс істей жүріп, өз бетімен білімін көтерумен айналысады, орысша сөйлеуге машықтанады, жазу-сызуды, скрипкада, гармоньда ойнауды үйренеді. Петропавловскіде үш жыл тұрғаннан соң, Мұса Омскіге барады. Омск ол кезде үлкен мәдени орталық болатын, сондықтан да Мұсаның дүниетанымы кеңейе түседі. Бұнда Мұса әскери үрлемелі оркестрдің орындауында марштарды, вальстерді, мазуркаларды т.б. европалық музыка түрлерімен танысады. Ол болашақ композитор шығармашылығына игі әсерін тигізеді. Ауылына оралған Мұсаға жұрттың назары бірден ауа бастайды. Ол қазақ және орыс әндерін айтады, домбырада, гармоньда және скрипкада ойнайды. Жергілікті байлар, Мұсаның халық арасындағы беделін көре алмай, оған “Жаяу Мұса” деген ат қояды. Бірақ одан Мұса қысылмайды. Халықты аралай жүріп, қарны тоқ байлардың әділетсіздігін, көрсеқызарлығын әшкерелеген әндерін шығарады. Сондай әндердің бірі “Ақ сиса” әні күні бүгінге дейін халық арасына кең тараған. XIX ғасырдың 70-80 жылдары Жаяу Мұса бірқатар лирикалық әндерді, атап айтқанда “Қазақ қыздары”, “Тұрымтай”, “Шолпан”, “Көгаршын”, “Хаулау”, “Сұрша қыз”, “Бозторғай” әндерін шығарады.
Аса көрнекті халық композиторы Жаяу Муса Байжановтың шығармашылығына, оның әндерін қызығушылық күні бүгінге дейін толастаған емес. Оның әндерін үлкен-үлкен сахналарда кәсіби артистер де, көркем өнерпаздар да үнемі айтып келеді.