Негізгі әдебиеттер: 1.Жұбанов А. Замана бұлбылдары. Алматы. 1967.
2 Мыңбаев Д., Бейсембайұлы Ж.Ұлт мұраты, 2014
3Казакстан тарихы М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы , 2012
4 Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлары, А.Ш.Жангазин, С.Кайсаринова, 2015.
5. Қазақстан халқының рухани мәдениетінің тарихы, Ш.Н.Нағымов, 2012
11-тақырып. Қазақтың ұлы күйші композиторлары Дәріс мақсаты: қазақ композиторлары шығармаларымен таныстыру.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1889)
Қазақтың музыкалық мәдениеті тарихына шығармалары толассыз энергияға, динамикаға, жарқылдаған серпінге толы Құрманғазы халық аспаптар музыкасының жарқын классигі ретінде енді. Оның “Серпер”, “Адай”, “Сары-Арқа”, “Балбырауын” және басқа көптеген күйлері аса әуезділігімен, жойқын серпінімен, сонымен қатар бойларында симфонизм элементтерін жинағандығымен ерекшеленеді.
Құрманғазының алғашқы күйлері XIX ғасырдың 30-шы жылдары шығарылды деген болжамдар бар. Солардың бірі “Кішкентай” 1836-1838 жылдарғы Исатай-Махамбет бастаған халық қозғалысына арналған. Тағдыр Құрманғазыны сынаудан жалықпады. Қажымас күрестің адамы Құрманғазы өмірінің көп бөлігін билік басындағылармен шекісумен өткізді. Олар Құрманғазыға жылқы ұрлаушы, тонаушы т.б. жала мен пәленің түрлерін жабумен болды, қайта-қайта түрмелер мен абақтыларға жапты. Олардан Құрманғазы талай рет қашып шығып, қазақтың кең даласын аралады. Осындай оқиғалар мен өмірлік тәжірибелер және байқаулар Құрманғазы күйлерінің негізгі тақырыптарын құрады. Бірде Құрманғазы Адай руы өкілінің киіз үйінде тап болды. Керегеде ілулі тұрған домбыраны алып, өзінің ыңғайына сай бұрауын түсіреді. Үй иесінің қызы үйіне кіріп, домбыраны алып тарта бастайды да, бұның бұрауын кім түсірді деп сұрайды. Сосын Құрманғазы домбыраны алып, өзінің атышулы “Серпер” күйін орындаған деседі. Күй тартылып болғасын, үйдегілердің бәрі алдарында кім отырғанын түсінеді. Үй иесі және ауыл адамдары Құрманғазыға үлкен құрмет көрсетеді. Қонақжай үй иелерінің құрметіне разы болған Құрманғазы “Адай” күйін шығарыпты дейді. Құрманғазы өз басына бұлт үйіріліп, түрмеге қамалған кездерін, одан қашқан сәттерін бейнелеген, бірнеше күй шығарған. Олар “Ертең кетем”, “Қайран шешем” т.б.
Әсіресе, “Қайран шешем” күйінің тартымды тарихы бар. Ең алғашқы рет түрмеге айдалатын кезде, Құрманғазыны арбаға отырғызып әкетер алдында, анасымен қоштасар сәтте көңілі босап, көзіне жас алса керек. Мұны көрген анасы баласының жағына шапалақпен тартып жіберіп, “Ей балам мен ұл тудым десем, ез туған екем ғой, көрсетпе маған көз жасыңды”, деген екен. Анасының қайратына тәнті болған Құрманғазы “Қайран шешем” күйін шығарған. Тағы бір күйі “Саранжап” өзімен түрмеде отырып, тағдыр талқысын бірге бөліскен қалмақ батыры Церенджепке арналған.
Бұлардан басқа ұлы күйшінің әртүрлі өмірлік кезеңдерде адам тағдырының қуанышты немесе ренішті жағдайларын, туған жер табиғатын, адамдардың қарым-қатынастарын бейнелейтін тамаша күйлері “Сарыарқа”, “Алатау”, “Ақсақ киік”, “Төремұрат”, Байжұма” т.б. күйлері қазақтың аспапты музыкасының алтын қорынан берік орын алып, ұлт-аспаптар оркестрлерінің, жеке орындаушылар репертуарларынан түспей келеді.
Дәулеткерей Шығаев (1820-1887)
Қазақтың аспапты музыкасының XIX ғасырдағы көрнекті өкілі, белгілі халық композиторы Дәулеткерей Шығаев болды. Оның көптеген күйлерінің көркемдік маңызы күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Оларды қазіргі заманғы композиторлар өз шығармаларында кеңінен қолданып келеді.
Ақсүйек отбасында дүниеге келген Дәулеткерейге қарапайым халықтың тұрмыс –тіршілігі де жат болып көрінген жоқ. Ең әуелі лирик композитор болғанымен, әлеуметтік әуендер де оның шығармаларынан берік орын алды.
Дәулеткерей 1820 жылы Каспий жағалауында Сұлтан Шығай Нұралыұлының жанұясында дүниеге келді. Әкесінен ерте бес жасында қалған Дәулеткерей ағасы Сұлтан Меңдігерейдің тәрбиесінде болады. Ол Дәулеткерейді ел басқаруға, билік басында болуға тәрбиелегісі келді. Алайда, Дәулеткерей ақсүйектік дәстүрлерге иек артудан гөрі, музыкаға құлшыныс танытып, көп ұзамай ел таныған шебер домбырашыға айналады. Оның бұл жолды таңдауына себепші болған, сол өңірге танымал домбырашы, күйші Мүсірәлі болды. Мүсірәлі Дәулеткерейге домбыра тарту әдіс, тәсілдерін жалықпай үйретеді. Домбыра тартудың қыр-сырын әбден үйренген Дәулеткерей енді өзі де күйлер шығара бастайды.
40-шы жылдардың бас кезінде Дәулеткерей өзінің алғашқы күйлерін “Қыз Ақжелең” және “Қосалқаны” шығарады. Бұл күйлерді шығаруға өмірлік байқаулар түрткі болады. Бірінші жағдайда Дәулеткерейдің аса сұлу, әрі домбырашы қыз Ақбаламен кездесуі “Ақжелең” күйінің шығарылуына себепші болса, “Қосалқа” күйшінің өмірлік әсерінен туындаған лирикалық шығарма болды. Жалпы Дәулеткерей өз күйлері арқылы қазақтың аяулы қыз-келіншектері бейнелерінің тұтас бір галереясын жасақтады. Адамның көтеріңкі көңіл –күйін, ыстық та жарқын сезімін, жақсы пейілін, махаббатын бейнелейтін “Құдаша”, “Жеңгемсүйер”, “Келіншек”, “Жұмабике”, “Бұлбұл”, “Байжұма” т.б. күйлері – композитор шығармашылығының гуманистік мәнін айқындай түседі. Сонымен қатар, Дәулеткерей күйлерінің бірқатарынан композитордың әлеуметтік жағдайларды түсінуге, оларға ықпал етуге тырысушылық байқалады. Мысалы, композитор “Қарақожа” атты күйінде өз замандасы, қатыгез әкім Қарауылқожаның бет-бейнесін музыка тілімен аса нанымды суреттеген.
Дәулеткерей домбыраның көркемдік мүмкіндігін кеңейту бағытында көп жұмыс істеді. Бұл талпыныстардың нәтижесінде домбыралық музыкаға жаңа өң берген “Желдірме” және “Ысқырма” күйлері дүниеге келді. Өмірдің мәні туралы лирикалық ойлар мен оның өтпелілігі жөніндегі тұжырымдар композитордың “Топан”, “Тұндырма”, “Байжұма” атты күйлерінен көрініс тапты. Жалпы алғанда композитор Дәулеткерейдің шығармашылығын қазақтың аспапты музыкасына қосылған алтын қазына деп қарастыратын болсақ, сол қазынадағы ең шоқтығы биік шығармасы – философиялық мазмұндағы “Жігер” күйі болып табылады. Бұл күй арқылы Дәулеткерей өзінің көп жылғы шығармашылық еңбегінің соңғы нүктесін қойды.
Тәттімбет (1817-1862)
Шығыс Қазақстанның аса көрнекті композиторы Тәттімбет болды. Ол 1817 жылы Қарағанды облысының Мөмкебұлақ деген жерінде туған. Ауқатты жанұядан шыққан Тәттімбет өз өмірін музыка өнеріне, оның ішінде күйшілікке арнап, бұл бағытта үлкен табыстарға қол жеткізді, күйші композитор ретінде артына мол рухани мұра қалдырды. Тәттімбет – Қазақстанда кең тараған шертпе күй мектебінің көрнекті өкілі. Оның алғашқы күйлерінің қатарына “Қосбасар”және “Қаражорға” күйлері жатады. Бұлардан басқа әйгілі күйшінің “Былқылдақ”, “Сылқылдақ”, “Көкейкесті”, “Сары жайлау” күйлері халық арасында кең тараған. Тәттімбет күйлері А.Жұбанов ұйымдастырған қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік Академиялық ұлт - аспаптар оркестрі репертуарынан берік орын алып, үнемі орындалып келеді.
Дина Нұрпейісова (1861-1955)
Қазақтың аспапты музыкалық өнерінде Құрманғазы және Дәулеткерей дәстүрін жалғастырып, оны одан әрі тереңдеткен аса көрнекті композитор, күйші Дина Нұрпейісова шығармашылығы қазақ мәдениетіндегі жарқын құбылыс болып табылады. Дина 1861 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жаңақала ауданында туған. Динаның ұлы-күйші композитор дәрежесіне көтерілуіне Құрманғазымен тоғыз жасында кездесуі және оның тікелей шәкіртіне айналуы үлкен себепші болған еді.
Патша үкіметі “бұратана” деп есептейтін ұлт аймақтарының 18-ден 43-ке дейінгі азаматтарын тыл жұмыстарына алуды ұйғаруына байланысты 1916 жылдың оқиғалары Динаның санасында үлкен із қалдырады. Бұл кезде домбыраны қалтқысыз білетін Дина 1916 жылдың оқиғаларына арнап “Набор” атты күй шығарады, халыққа бұл күй “Он алтыншы жыл” деген атпен тараған.
Өзінің саналы өмірінің жартысына жуығын, яғни 76 жасқа келгенше, туған ауылында өткізген Дина 1937-жылы Алматыда өткен көркем өнерпаздардың екінші слетіне қатысып, бас жүлдені жеңіп алады, үлкен мәртебеге, табысқа ие болады. Бұның бәрі шынтуайтқа келгенде Совет үкіметінің қамқорлығының арқасы еді. Жаңа қоғам құрылысының табыстарының бәрі ескіліктің қалдығына қарсы күресте қол жеткен табыс екенін, өз халқын өмірдің толық праволы қожасы еткен, экономика мен мәдениет саласында таңқаларлық табыстарға жеткізген коммунистік партия деп түсінген суреткер Дина өзінің атақты “Партия туралы” күйін шығарады.
Бұл күйде партияның арқасында асыл арманына жеткен адамның ыстық, қалтқысыз сезімі берілген. Жасының ұлғайғанына қарамастан Дина республикамыздың музыкалық қоғамдық өміріне белсене араласты. 1939 жылы Москвада өткен халық таланттарының бірінші слетіне Дина топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Профессор Беляев “Халық музыканттарының байқауы” атты мақаласында: “Халық бұқараның музыка мәдениетін өркендету құралы ретінде байқау халық музыкалық аспаптарының маңызын көтерді. “Домбыраның Жамбылы” Дина көрсеткен асқан шеберлік, домбыра сияқты халық аспаптарын сақтау, оны өркендету жолындағы үгіттің ең жақсы әдісі болып табылады”, - деп жазды.
30-жылдардың аяғында республиканың астанасы Алматыға келгеннен бастап, Дина өзінің шығармашылығын советтік құрылысқа арнады. Сөйтіп ол қоғам қайраткері де бола білді. Мысалы, 1940 жылы өткен Қазақстанның жиырма жылдығына арнап “Той бастар” күйін шығарды. Дина бұл күйінде бостандық алған экономикасы мен мәдениеті бар халықтың шаттығын, қуанышын суреттейді. “Той бастар” жарқын болашаққа сенген халықтың салтанатты маршы іспетті шығарма болатын. Сондықтан да бұл күй халық арасында кең тарап, домбырашылардың, көркемөнерпаздар оркестрлерінің және кәсіби музыка шеберлерінің репертуарынан берік орын алған шығармаға айналды. 40-50 жылдары Совет адамдарының бейбіт еңбегіне арналған “Еңбек геройлары”, “Сауыншы”, “Сегізінші март” күйлерін шығарып, Совет қоғамы өміріне өзіндік үлес қосты.