Негізгі терминдер мен ұғымдар
Қазақ ауыз әдебиетінің жанрлары
Жыршылар, жыраулар, ақындар, шешендер, ертекшілер
Батырлар жырлары
Ноғайлы заманының жыраулары
Тұрмыс-салтқа байланысты шығармалар
Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар
Шешендік өнер
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қазақ ауыз әдебиетінің қандай жанрларын білесіз?
2. Лиро-эпостық жырларға қандай жырлар жатады?
3. Мақалдардың мәтелдерден қандай айырмашылығы бар? Мысал келтіріңіз.
4. Қазақ халқының атышулы шешендері туралы әңгімелеңіз.
5. Қазақтың қандай батырлар жырларын білесіз?
Негізгі әдебиеттер:
1 Мыңбаев Д., Бейсембайұлы Ж.Ұлт мұраты, 2014
2 Казакстан тарихы М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы , 2012
3 Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлары, А.Ш.Жангазин, Р.С.Кайсаринова, 2015.
4 Қазақстан халқының рухани мәдениетінің тарихы, Ш.Н.Нағымов, 2012
8-тақырып. Отаршылдық кезеңіндегі қазақ мәдениеті: ұлттық рухты сақтап қалу үшін күрес
Дәріс мақсаты: Отарлаудың бұғауына қарсы рухани мәдениетті сақтап қалу үшін күрес.
XYIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанды отарлау саясаты бұрынғыдан бетер күшейе түсті. Қазақ жерінің ұлы өзендері Жайық, Есіл, Ертіс, Тобыл т.б. бойына әскери бекіністер, қалалар салынып, жайылымдар көшпелілерден тартып алынды. Өлкені қоныстанушылардың саны жыл сайын өсе берді. Патша үкіметінің осы іспеттес зорлық-зомбылық шараларына наразылық қазақ елінің ақын-жазушыларының шығармаларынан көрініс тапты. Бұл кезеңде халықты азаттық күреске шақырған М.Өтемісұлымен қатар, бұрынғы “алтын ғасырды” көксеген ақын-жыраулар тобы қалыптасты. Ақын-жыраулардың бір бөлігі өз шығармаларында ұлттық құндылықтарды, көшпелілер идеалын, шариғатты, хандар мен батырларды дәріптеп, отаршылдық саясатты айыптады. Бұл ақын-жыраулар кеңестік дәуірде «зар-заман» ақындары қатарына жатқызылды.
XIX ғасырда Мұрат, Шернияз, Нысанбай, Жанақ, Шөже, Сүйінбай, Орынбай, Нармамбет, Жамбыл, Дулат, Шортанбай, Әбубәкір, Кердері, Майлықожа, Ұлбике, Сара, Рысжан, Тәбия, Балзия, Айсұлу, Ақбала, Ажар т.б. ақын-жыраулар өмір сүріп, арттарына мол әдеби мұра қалдырды.
Дауылпаз ақын Махамбеттің шығармашылығы бастан-аяқ 1836-1838 жылдардағы Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне арналған. Ақын шығармаларында ереуіл батырларының өжеттігі, Исатай басшының қайсарлығы жырланды. Ақын «Ұлы арман» деген өлеңінде көтеріліс туын қайта көтеріп, жауға қарсы күш көрсетер күнді аңсайды. Халықтың ар-намысын оятып, оларды түгел көтеріліске үндеп, жаудан кек алуды алға қояды. “Әрайна”, “Мұңайма”, “Нарын” деген өлеңдерінде де ақынның осы мақсаты айқын сезіледі. Махамбет поэзиясы XIX ғасыр әдебиеті қорына өзіндік жаңа леп пен тың идея қосқан жаңашылдығымен құнды. Ақынның бітім тұлға-тұрпаты, ісі, сөзі-бәрі ерліктің мәңгі символы деуге болады.
Мұрат жезтаңдай шешен-жырау, төкпе ақын. Ол 1843 жылы Атырау облысының Қарабау елді-мекенінде туып, 1906 жылы қайтыс болды.
Ерекше талантты айтыс ақыны бола тұрып, Мұрат көркемдігі, кең тыныстығы, бай мазмұндылығы жөнінен теңдесі жоқ “Үш қиян”, “Қазтуған”, “Сарыарқа”, “Қарасай-Қази” жырларын шығарды. Мұрат шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген.
Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен-кеткені, жер-су мекені, атақты адамдары, тілінен бал тамған сөз иелері, ел қорғаған батырлары, бай-мырзалары, шешен-жыраулары - оның толғауларының алтын арқауы. Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз т.б. жыраулардың шығармалары бізге Мұраттың айтуымен жеткен. Ноғайлы заманы ауыз әдебиетінің інжу-маржандары “Едіге”, “Қырымның қырық батыры” жырларын Мұрат ақын кезінде маңғыстаулық Мұрын жырауға бала кезінде үйретіп, сол арқылы бұл шығармалар біздің заманымызға жеткені белгілі.
Мұрат өлеңін жадында сақтап жеткізген Ығылман Шөреков ақын туралы былай деп жырлаған екен:
Қадырбай, даңғыл Мұрат, Қуан өткен,
Жел сөзін тілден шыққан дуалы еткен,
Бәрінен қылсаң пікір, ажал жүйрік,
Түбінде дем алдырмай қуа жеткен.
Мұрекем-көл дария еді көзін алған,
Шашылып өзі өлсе де сөзі қалған.
Болса да сан азамат, самсаған қол
Бәйгені жүйрік еді озып алған!
Орынбай-қазақтың атышулы ақындарының бірі. Ол көп ақындармен айтысады. Олардың ішінде Шортанбай, Шөже, Дана, Арыстан, Серәлі, Ақан сері сияқты ірі тұлғалар да бар. Орынбайдың әсіресе, Серәлімен айтысы ерекше. Бұл айтыста отарлық кезеңдегі қазақ елінің теңсіздігі сөз болады. Ақын үстем тап өкілдерінің озбырлығын, алдымен қожалар өмірін әшкерелейді.
Шортанбай - XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар ақын.
Шортанбай шығармаларының лейтмотиві - заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қарым-қатынастан туындаған тонаудың жаңа түрлері, сатқын ел билеушілер, бұзақы топтар, т.б.
Шортанбайдың қатты сынына ұшырағандардың ішінде құдай жолына қызмет етіп жүрген қожа, молдалар да бар.
Асылың азған заманда
Қожа - молда көбейер, - деп шенейді.
Сүйінбай шығармаларын үш салаға жатқызуға болады. Олар: толғаулар, арнаулар, айтыстар.
Бірінші саласына ақынның жиырма шақты толғау-жырлары жатады. Оның мазмұны шет жұрттық басқыншыларға қарсы қол бастаған қазақ батырларының ерліктерін жырлау, өмір сырларын ақтарып, дүние-әлем, бақ-дәулет, талап-талғам өзгерістерін толғау.
Сүйінбай - халық батырларын үлгі етіп, қаҺармандық жырлар толғаған эпик ақын. Сұраншы,Саурық, Сыпатай, Тотан, Бөлтірік, Жабай, Өтеген батырлар туралы жырлар шығарған.
Сүйінбай өз тұстастары Қабан, Жанақ, Түбек, Шөже, Қаңтарбай, Тезекбай, Қапаған және т.б. ақындармен кездесіп, айтысады. Сүйінбай ақындық өнердегі Жамбылдың ұстазы болды.
Майлықожаның кейбір толғаулары баспа бетін ерте көрген. 1883 жылы Ташкент қаласында басылған “Қырғыз христоматиясы” атты жинақта Майлықожаның бірнеше ұзақ толғаулары басылды. Олар - “Райымқұлға”, “Қасқыр”, “Ноғай мырзаға”, “Үш жігіт” деп аталды. “Ақынның анық жүйрігі” атты толғауында өнер шеберлеріне айқын талап қояды, өлең сөздерінің орынды орналасуы, яғни, өлең құрлысы әрбір ақынның ерекше ескерер шеберлік құралы екені ескертіледі. Майлықожа өлеңдерінен ақындық өнердің барлық сыр-сипатын көруге болады. Ол қазақ ақындарын “жақсы ақын”, “жаман ақын” деп екіге бөледі де, олардың әрқайсысының образын жасайды.
Сайып келгенде, кеңестік идеологияның пәрменімен «зар-заман ақындары» атағын иеленген ақын-жыраулар өз шығармашылығымен қазақ әдебиетін байытып, ақын-жазушылардың кейінгі буынына үлгі-өнеге болды, олардың қалыптасуына игі ықпал етті.
Бұл кезеңдегі ауыз әдебиеті дамуының бір ерекшелігі-қазақ арасына шығыс елдерінің қиссалары, дастандары “Салсал”, “Зарқұм”, “Сейфул-Мәлік”, “Харон Рашид”, “Шахнама”, “Ләлі-Мәжнұн”, “Фархад-Шырын”, “Тахир-Зухра”, және т.б. тарай бастады.
Бұл дастандар Орынбор, Уфа, Троицк, Астрахан, Орал, Қазан, Санк-Петербург қалаларында басылып шықты. Шығыс қиссалары мен қазақтың батырлар жырларын, лиро-эпостық жырларын, ғашықтық дастандарын ел арасында қатарынан бірнеше күн жырлайтын, жұрттың бәрін елітіп, өз ауыздарына қарататын көрнекті жыршылардың тұтас буыны өсіп жетілді. Бұл халықтың рухани жағынан өсуіне игі ықпалын тигізді.
Достарыңызбен бөлісу: |