ҰЛЫ ДАЛА тарихы
273
ДӘСТҮР – ДІННІҢ ДІҢГЕГІ
Дін – тек жаратқанды танып, білу және оған жалбарынып, мінәжат етуден немесе
Тәңірге табынудан ғана тұрмайды, сонымен бірге ол илаһи әмірлер арқылы адамзат
баласын кемелдікке бастап, өзіндік дүниетаным мен қағидалар жиынтығы арқылы
көркем мінез бен ізгілік атаулыны өмірдің бар саласына орнықтырады. Басқаша
айтқанда, дін – бүкіл ғаламның, болмыстың, жаратылыстың жүрегіне, өзегіне,
рухына, тамырына және өне бойына сүйіспеншілік пен ізгілікті орнықтыратын
мәңгілік махаббат, Алла мен пенденің арасына жіпсіз орнаған қастерлі, қасиетті
көпір.
Ислам – кендік пен кешірімнің, келісім мен түсіністіктің, бейбітшілік пен
татулықтың діні. Ол басқа сенім өкілдеріне мейлінше мейіріммен және түсіністікпен
қарайды. Хазіреті Мұхаммед алейһиссалам негізін қалаған алғашқы ислам
мемлекеті – Медине қала-мемлекетінен бастап, ислам діні салтанат құрған барлық
жерлерде өзге сенім өкілдері әсіресе, христиандар мен яхудилер сан ғасырлар
бойы тыныштық пен бейбітшілік ішінде өмір сүрді. Мысалы, Медине қаласында
яхудилер Хазіреті пайғамбарға түрлі қастандықтар ұйымдастырған, мұсылмандарға
ту сыртынан тұтқиылдан тиісіп, сан мәрте сатқындық жасаған. Əйтсе де, Құран-
Кәрім яхудилерді «аһл ал-китап» яғни қасиетті кітап түсірілгендер санатына қосып,
мүшріктер мен дінсіздерден жоғары бағалағандықтан, мұсылмандар әрдайым
кешіріммен қарап, олардың құқығына қол сұқпай, керісінше, өз қарамағына алып
отырған. Бейбіт жағдайда күн кешіп, тең дәрежеде өмір сүрген яхудилер арасында
көптеген ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері шыққан. Тіпті, христиандық
крест жорықшылары Испаниядағы мұсылман мемлекет Андалусияны талқандап,
оның бейбіт тұрғындарын жаппай қырып-жоя бастағанда, жоқ болып кету қаупі
туған жергілікті яхудилер, Османлы мемлекетіндегі мұсылмандарды паналаған.
Бүгінде Османлы елінің жалғасы іспетті Түркия Республикасының астанасы
Анкара қаласында мұсылман жұрты қастерлеп, әулие тұтқан Қажы Байрам
Уәлидің қабірінің іргесінде онымен иықтасып, бүкіл христиандардың ардақтысы,
ойшыл-философ әулие Августиннің мазары тұр. Иә, тоғыз ғасыр бойы дүрілдеп,
Еуропаның жартысын билеген түрктер әз-пайғамбар өсиетіне берік болып,
адамзаттың қос қасиеттісін бірге құрметтеп келген. Мазарды мазаламақ былай
тұрсын, Анадолыға аяқ басқан мұсылман түрктер жергілікті халықтың тілі мен
діліне, салт-дәстүріне тіпті, дініне құрметпен қараған. Сондықтан, қасиетті мекендер
мен шіркеулер, жер атаулары мен елді мекен аттары да өзгеріссіз, сол қалпында
қала берген. Византия империясынан қалған сәулет туындысы Айасофия мешітке
айналғанымен, ондағы икондар мен әзиз әулиелер бейнесі әлі күнге дейін сол
қалпында сақталған. Сондықтан, ислам дінін әлемдегі негізгі бес мәдениеттің бірі
ретінде атап көрсеткен әйгілі А.Тойнби: «...мұсылмандардың рушылдық пен әсіре
|