Дастандар



бет27/41
Дата27.11.2022
өлшемі1,43 Mb.
#52906
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   41
1957-1962 ж.


АҚСАҚ ҚҰЛАН


Алаша хан, Жошы хан
Қырда құлан жосыған.
Құлан теуіп өлтірді,
Ажалын оның келтірді.
Халық әуезі.
ТОЛҒАНУ

Жеткенде жігіт өлен жиырма беске,


Көз тіктім шыққан сонау жыр белеске.
Пернесін сонда бастым албырт күйдің,
Әуені әлі күнге жүрген есте.

Кеудемді үні соның қытықтаған,


Әуезі талай жылдар тұтықпаған,
Ығында дулы-дарқан жырларымның
Сарыны, көп сарылған күтіп қадам.

Жанымды жаңа жырға иген едім,


Қалай сен, баба мұңы кимеледің?
Еріксіз елжіредім естігенде,
Елімнің ертедегі күй бебеуін.

Аңызын аталардың жете тізген,


Бұл жырды естіп едім әкемізден.
Сол күймен күңіренген көне қобыз,
Өткеннің қайғысына жеке дүзген.

Сол күйге, замандардан зар қосылған,


Тіл қатты обалар да қан жосыған.
Ертеден ескен желмен күбірледі,
Көр болып қалған іздер хан Жошыдан.

Сол күймен, сазы басқан cap даланы,


Онда жас, қаламым да жорғалады.
Білмедім, күйдей үнім еспеді ме,
Теңселтпей тұнған жырды арнадағы?

Бағыдан бала жырым сыр алмаған,


Болды ма ырғақтары бұраң маған?
Күй ырқын келтірмепті, кезде сонау,
Домбырам, құлағы дәл бұралмаған.

Оралып өктем күйдің өр нәшімен,


Ағыттым жарауымды кермесінен.
Ағыттым құйқылжыған құланымды,
Желідей, жырдың жаңа пернесінен...
ЖОРТУЫЛ


I

Сайхунның самал соқпай кең арнасы,


Тулақтай тықыр болған көгал басы.
Жағасын қалың тобыр жаугер басып,
Алқапта айбат шекті хан ордасы.

Маңғұлдың маңғыт қыр ғой қоналқасы,


Қалыпты қалалардың қараң тасы.
Адырда, алау жұтқан Сығанақтың,
Әлі де суыған жоқ қоламтасы.

Шығысты шеңгелімен уыстаған,


Шыңгыстан ұлыс бар ма ығыспаған?
Өзіндей ажал түсті, обыр ұлы,
Жошы хан мұнда келіп тыныстаған.

Жошыға асыр болған осы мекен,


Үркіп жұрт, қарасынан шошиды екен.
Аламан аңдай шулап жөнелгенде,
Ізінен өзендей қан жосиды екен.

Жел айдап, қонарын тек сайлар білген,


Атой сап ат үстінде айлап жүрген.
Қаптаған қара құрттай жойқын жасақ,
Жұртында өлгендердің ойнап-күлген.

Айқасқан қос алдында найза, бақан,


Көп нөкер гуілдескен алқақотан.
Шақырып ордасына нояндарын,
Отырды ойға батып ортада хан.

Сұс беріп қасқыр бөрік хан басына,


Аю тон айқарылған арқасында.
Арсиып тұлып басы жолбарыстың,
Қызыл көз қыран отыр дәл қасында.

Айдаһар отырғандай қусырғалы,


Арландар хан қараса қысылады.
Тұрғандай қан шылқытып түктерінен,
Қырмызы, парсы кілем тұсындағы.

Қарысқан хан қолында аса ғана,


Ашуын бұрқ етсе бір баса ала ма?
Хан ойын бұзбасын деп тұр қақшиып,
Сырттандай қос жасауыл босағада.

Көз тікті сүлдесіне10 киіздегі,


Хан қандай тәңірінен сый іздеді?
Жарқылдап жылан көзді зүбәржаттар,
Арқардың сілкінгендей мүйіздері.

Дауылдай қырдан-қырға көшпелі хан,


Теңдерін асыл толған шешпеді хан.
Алдында дүркін жорык, ойлап соны,
Түйілді, түйінді бір шешкелі хан.

«Түрегел, кенжем менің, жетті кезің,


Тұтасын енді жауға от мінезің.
Түлегі қас қыранның тоят іздер,
Тоятты қан қырғыннан таптым өзім.

Ұқсаймын өзім әкем Шыңғыс ханға,


Түспейтін табаныма ұлыс бар ма?
Батысқа жөнелемін жер сілкінтіп,
Жаһанды жеке билеп уыстауға.

Ержеттің, ұлым кәзір, ханзадасың,


Билейсің талай елдің хан-қарасын.
Еншіңе қыпшақ қырын қойдым бөліп,
Барлап кел, барып соның маң даласын.

Берілген бастапқы бұл – шартым саған,


Алып кел сапарыннан тарту маған, –
Жүр дейді саяқ бір жан сары жонда,
Астында жүйрігі бар аңқылдаған.

Естідім, өзі өрен күйші дейді,


Ол неге жорығыма сүйсінбейді?
Жансыз ба жасырынған, неткен жалқы?
Айдап кел, ашуыма күйсін мейлі!

Сол болсын алып келген сыйың маған,


Шолып кел, қандай екен қиыр далаң?
Жұрт болса, жылыспаған жорығыңнан,
Жай болып төбесіне, түйіл балам!»

Тағында тепсінгендей тәңір мықты,


Аузынан арыстанның әмір шықты.
Ханзада басын шұлғып, нояндары,
Алдияр, әзірміз деп қару тұтты.

Арсылдап ашыққандай аң түлегі,


Қаршылдап қасқа тістер қан тіледі.
Елестеп қырғын жорық, жөңкілген жұрт,
Жошының ашылғандай жан түнегі...


II

«Дариға, қандай еді Сығанағым?


Сәулеті жадыратқан Сыр алабын.
Өртелді мәуелері, күмбездері,
Тулдыр жоқ, обасындай сұр даланың.

О тәңір, жай соқпай ма албастыңды?


Ер жоқ па, ереуілді, алмас қырлы?
Қайран ел тұншыға ма дозағында,
Құдірет жоқ па құртар қан басқырды?!»

Осылай бұлдыр белден бір үн ескен,


Кім екен жонда желмен күбірлескен?
Келеді күңіреніп күйші Тыма,
Қоштасып мекенімен қырғын кешкен.

Жалқы жан, жаудан қашқан қия-қырға,


Өрт қала ойран-топыр қиялында.
Гүлстан түсті мәңгі жапырылып,
Маңғұлдың тағысының тұяғына.

Сар дала астан-кестен қиыры кең,


Қалың аң қаптағандай құйынымен.
Шашындай бәдәуидің ұйпа-тұйпа,
Тағдыры талай жұрттың иірілген.

Алдынан алаулаған андыздап жел,


Тұл жазық түгі күйген аңызақ жер.
Жапанда жабырқаған жалғыз күйші,
Жапанда жаутаңдаған жалғыз-ақ көл.

Өзіне болған кенті пейішке тең,


Келеді ол қайтып міне кейіспенен.
Жұртына Сығанақтың келіп кейде,
Ол ұзақ күл-көмірін иіскеген.

Әттеген, қолында жоқ домбырасы,


Күй шертсе жазылатын кең құлашы,
Шырқатар еді қазір құрағына,
Өрт тисе, сыңсығандай көлдің басы...

Есіне алды жарын қоста қалған,


Наз еді, жаны сергек жас маралдан.
Айрылған ел-жұртынан қыпшақ қызы,
Оның да жас жүрегін басқан арман.

Кім білсін, қандай жауыз қас қылады?


Жалғыз қос пана көлдің жас құрағы.
Сенімі тез жетуге Елігіне,
Жүйткіген жануары астындағы.

Бүйірден дүрліктіріп айдаланы,


Аттылар ағындады қайда тағы?
Аранын ашып жонға атылды ма?
Маңғұлдың маймұл басты айдаһары?

Тебінді, ыршып кетті жел ойнағы,


Астында алашұбар аң ойнады.
Мінгені қанатты ма, сағым болып,
Көрінбей кетті жылдам қарайғаны.

Артынан жамырасып қиқу-шулар,


Лап берді андағайлап қуғыншылар.
Маңғұлдың сәйгүлігі сайда қалды,
Мынау бір сайтан шығар, құйын шығар?

Ханзада ақбозына астындағы,


Қамшыны ашуменен басты тағы.
Желаяқ тұлпар еді, ұшты бұл да,
Қашқын жан бірақ ізін бастырмады.

Ашынды жолбарыстың жас түлегі,


«Бұл қандай құйындаған қашқын еді?
Бұл өзі әкем айтқан күйші болса,
Ызасы тіпті мұның асты тегі?!»

Алқынып ханның ұлы аялдады,


Аңырып аттан түсті нояндары.
Қалшиып қалқадағы Ханзадаға,
Қалтырап жүгірісті жаяу бәрі.


ІІІ

Қалса да бұл арадан алыста бел,


Тымаға түнек дала таныс түгел.
Қоныстап қосы тұрды жағасында,
Бар еді жапанда бір қамысты көл.

Айнала қопа-құрақ, қоға-жыныс,


Көліне көгалалы қонады құс.
Шұбырған құлан-бұлан, аю, қабан,
Соларға ұя болған қалың қамыс.

Жау тиіп жерінен қан жосығанда,


Күйші кеп паналаған осы маңға.
Осы тек жалғыз шыған жапандағы,
Көз таса көрінбеген Жошы ханға.

Сағынып жетті Тыма, Елігіне,


Тағдыры екеуінің телі бірге.
Енгізіп құралайын құшағына,
Жол сырын шертіп кетті серігіне.

«Жау көрдім, қуған мені құба қырдан,


Құтқарған айналайын пырағымнан.
Ажалдың құрығынан алып қашты,
Елікжан, сүйші барып құлағынан».

Жануар, тағы неге елеңдеді?


Әупілдек үн қатты ма тереңдегі?
Шырылдап көкке шықты қызғыш неге,
Тыныш па, cap адырдың белеңдері!

– Сұңқарым, қорқынышты ойламашы,


Сағынған киігіңді аймалашы.
Тұлпарың еліккен ғой,
елеңдесе,
Құлан ғой жортып жүрген айналасы.
Бұлбұлым, тартшы күйді,
ән шырқашы,
Кенілге үрей құсын қондырмашы.
Қызғанған шығар қызғыш балапанын,
Қаптаған қаршыға ғой көлдің басы, –
Деп жары иығына асылғанда,
Албырт күш алау беріп асыл жанға,
Тыманың кеудесінде күй қозғалып,
Жөнелді ырғақтарын басып алға...


IV

Қопаға аш арыстан енді ме екен?


Қырғи ма қаз-үйрекке төнген төтен?
Сілкінді қамыс неге басын шайқап,
Күрсінді шошып неден көлді мекен?

Тынды да күй самалы ауды кенет,


Топырлап келіп қалды жау ентелеп.
Шошытты махаббаттың қос киігін,
Қапыда жай түскендей төнген әлек.

Басса да үрейленген көзін тұман,


Таныды жауды Тыма өзін қуған.
Келіпті қалған жасақ мұнда, көріп
Құланның ор секілді ізін қырдан.

Қасқырдай ырсиды да басын сілкіп,


Ханзада әмір етті ашу бүркіп:
«Қашқынды ноқталаңдар, құлым болсын,
Әйелін күң етіңдер шашын қырқып.

Бағынған бүкіл дала билігіме,


Осының ызасына күйдім мүлде.
Алдыма әкеліңдер бұлаңдатып,
Мінейін жел жетпейтін жүйрігіне!»

Жалаңдап жасауылдар жүгірісті,


Бәрінің албастыдай түрі сұсты.
Тымаға бұғау тастап біреулері,
Күй шерткен саусақтарын бүріп қысты.

Жүйрігі жек көрініп, тақымдағы,


Ханзада таң болды да тақылдады:
«Мынадай жамбы тұяқ жануарды,
Тапты екен қайдан қырдың ақымағы?

Тұлғасы жолбарыстай алашұбар,


Шапқанда киіктей-ақ қарасы бар.
Кекілі қытай қыздың тұлымындай,
Көзінің жұлдыз жанған шарасы бар.

Алтынды жалатқан ба түктеріне?


Жолағын күміспенен күптеді ме?
Қулықтын құлынындай шағын мүше,
Құйындай құйғытуға біткені ме?

Жануар, жауға мінер атым енді,


Кез келді, тәңір өзі сәтін берді!
«Жалынан өзім тартып мінейін», – деп,
Ханзада ат қасына жақын келді.

Осқырды, тарпып жерді секірді де,


Шүу асау әлі тағы секілді ме?
Арандай аузын ашты тістегелі,
Ханзада кейін кашты жекірді де.

Жұлқынып тебінеді, кісінейді,


Бұл өзі жолбарыс па, түсі үрейлі?
Шыңғыстың шұбар төсті қыранына,
Қалайша бағынбайды, түсінбейді?

Ханзада жау көргендей тұлан тұтты:


«Мінетін айла жоқ па бұған тіпті?
Қалайша жау жүректер сырылдыңдар,
Тастамай мынау тайға бұғалықты?»

Ежелден екі болмас хан талабы,


Асауға аламандар анталады.
Елеңдеп тұрған Елік, Ханзадаға,
Алдияр, датын айтып қайталады.

Ханзада қарап еді: қандай мүсін!


Перизат, Шыңғыс ұлын арбаймысың?
Кішкене киік дене, бота көзді,
Қалайша күн шалмаған айдай түсін?

Тегінде, такаббар ма, тік қабағы,


Қалайша Ханзадаға сұқтанады?
Өзіндей асыл заттың сынығы ма,
Күйшінің тұтқыны ма, жоқ па зары?

– Мен, өзім, құл қызымын қыпшақтағы,


Жылыстым туған жерден қыспақтағы.
Шынарды паналаған жетім құспын,
Мүскіннің кептерімін құшақтағы.

Сұлтаным, айдын көлдей мерейі кең,


Сен – сақа, жас киіктің кенейі мен.
Дат еттім – босат қолын бұл күйшінің,
Тұлпарын саған ерттеп берейін мен.

Тұқымы әлде бұлан, әлде құлан?


Бұл өзі бір жануар шөлде туған.
Күйшіге кездесіпті жонда құлын,
Үстінде құйын ойнап, жел құтырған.

Түбектей кең танауы желпілдепті,


Жын байлап, тұяқтары серпілмепті.
Жас құлын жатыр екен көзін жұмып,
Қияқтай тұлымы тек желкілдепті.

«Жын ба бұл жатқан мені арбағалы?»


Деп күйші үрейленіп таң қалады.
Сескеніп, қырық шілтен күйін шертіп,
Сыйынып күй – атаға толғанады.

«Жым-жырт боп күй сазына жел билепті,


Құлынды керемет күй әлдилепті.
Сол сазға еміреніп жетім қодық,
Алдына домбыраның шұлғи кепті.

Сипалап сонда күйші тұлымынан,


Баурына тығылыпты құлын құлан.
Суық жел тимесін деп өкпесіне,
Жабуды жапқан аю тұлыбынан.

Күннің де алауынан жасырғалы,


Қопаның күрке болды жас құрағы.
Арқардың сүтін қосып, арпа беріп,
Ардақтап сорлы күйші асырады.

Күйіне құлан үйір, кінәлі ме?


Тартылса, домбырасы куә міне.
Күйшінің босат қолын, шертсін күйін,
Асауды жуасытар күй әлі де».

Әмірмен күйші қақты домбыраны,


Желқобыз ойнақтады, саңғырады.
Дыбысын естігенде тұра қалды,
Жаңағы жер тебінген сал құланы.

Өрен күй жануарды еліктірді,


Сипалап алтын жалын Елік тұрды.
Ханзада тез мінгіз деп ентеледі,
Желаяқ тұлпар шіркін желіктірді.

Сырылды аламандар анталаған,


Елік тұр құлан көзін қалқалаған.
Дүлейге қарғып мінді ханнын ұлы,
Шатынап қасқыр көзі қанталаған.

Қапыда құлан кенет үркіп кетті,


Жабысып бұлт жалына бүркіт кетті.
Аршындап атан тастан қарғығанда,
Артына қалың шаңды бүркіп кетті.

Тізгінді қыр тағысы жұлқып кетті,


Бүйірін бұдыр белдің бүлкілдетті.
Ханзада жазатайым бола ма деп,
Артынан қырық жігіт дүркін кетті.

Қиырға зымырандай құйын кетті,


Сол құйын көк тұманды үйіп кетті.
Айрылып қанатынан қайран Тыма,
Егіліп Елігіне күйін төкті...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет