Сүйек ұлпасы
Сүйек ұлпасы – басқа дәнекер ұлпалары секілді торшалардан және торшааралық заттан құрылып жануарлар организінде тіректік, механикалық, қорғаныс қызметтерін атқарады. Бұған қоса, сүйектерде кальций, фосфор және т.б. тұздардың және майдың қоры сақталады. Сүйек ұлпасы торшааралық затының 70 пайызын бейорганикалық қосылыстар құрайды. Оларға су мен түрлі тұздар жатады. Тұздардың: 85,5 пайызы кальций фосфаты, 10,5 пайызы кальций карбонаты, 1,5 пайызы магний фосфаты, 3 пайызы хлорлы натрий. Жануарлардың қаңқа сүйектерінде организмдегі кальцийдің 97 пайызы жинақталған.
Ірі талшықты сүйек ұлпасы – ұрықтық кезеңде шеміршек орнында қалыптасатын ұлпа. Ірі талшықты сүйек ұлпасының торшалары салыстырмалы көп болады және торшааралық затындағы ірі шоғырлы коллеген талшықтары әр түрлі бағытта орналасады.
Пластинкалық сүйек ұлпасы – сүйек торшараы – остеоциттерден және торшааралық зат – сүйек пластинкаларынан құралған ұлпа. Сүйек пластинкаларының органикалық негізін – бір-біріне параллельді орналасқан жіңішке коллеген талшықтары құрайды.
Дентинді сүйек ұлпасы – жануарлар тісінің дентин қабатын құрайды. Дентинді сүйек ұлпасының остеоциттері торшааралық зат – сүйек пластинкаларынан тыс орналасады. Сүйек ұлпасына олардың тек өсінділері кіріп жатады.
Сүйек ұлпаларының торшарларына остеобласттар, остеоциттер және остеокласттар жатады.
Остеобласттар – пішіні цилиндр тәрізді, диаметрі 15-20 мкм, ірі ядросында 1-2 ядрошық орналасқан жас сүйек торшасы. Остеоциттер – сүйек ұлпаларының негізгі жетілген торшалары. Пішіні сопақ немесе көп бұрышты өсінділі тармақты остеоциттердің цитоплазмасында органеллалар көп болмайды, ядросы ірі болады. Остеокласттар – диаметрі 90-100 мкм-дей көп ядролы ірі торшалар. Олар ескірген сүйек ұлпасы бөліктерін ерітіп жоюға маманданған, моноциттерден жетілетін макрофагтар.
Достарыңызбен бөлісу: |