Көмірсулар немесе қанттар өсімдік организмінде синтезделеді. Көмірсулар - барлық тірі организмде негізгі энергия беретін зат және көміртегінің көзі. Ал көміртегі дегеніміз - бүкіл тіршіліктің негізгі элементі.
Өзінің атынан да көрініп тұрғандай, «көмірсу» деген термин көміртегі мен су деген екі сөзден құралған. Өйткені, олардың эмпириялық формуласы Сn(Н2О)m. Қазіргі кезде құрамына кіретін сутегі мен оттегінің ара салмағы формуладағыдан өзгеше де заттар кездеседі, бірақ олар да, сөз жоқ, көмірсулар класына жатады.
Көмірсу жасыл өсімдіктердің жапырағында көмірқышқыл газ СО2 мен судан және күн энергиясының есебінен, хлорофиллдің белсенді араласуынан синтезделеді. Бұл процесс фотосинтез деп аталады. Фотосинтездің мәнін XIX ғасырдың соңына таман ұлы орыс ғалымы К. А. Тимирязев ашты.
6СО2 +6Н2О жарық энергиясы С6Н12О6 + 6О2 хлорофилл Глюкоза
Фотосинтез процесінің нәтижесінде ең қарапайым қант - глюкоза түзіледі де, молекулалық оттегі бөлініп шығады. Әрі қарай глюкоза молекулаларынан су бөлінеді де, ол сахароза, крахмал, целлюлоза және т. б. күрделі қанттарға айналады. Өсімдік тіршілігі үшін қажетті липидтер, белоктар басқа да заттар синтезделу үшін глюкоза негізгі материал болып табылады.
Сонымен фотосинтез дегеніміз - бүкіл жер бетінде органикалық қосылыстар түзілетін жалғыз ғана процесс және біздің планетамыздағы молекулалық оттегінің бірден - бір қайнар көзі. Фотосинтез реакциясының мәні мынадай: хлорофиллге сіңген жарық энергиясы оның молекуласынан электронды қуып шығарады және мұндай шығынның орнын толтыру үшін су молекуласы оттегіне, электрондарға және протондарға ыдырайды.
2Н2О → О2 + 4Н+ + 4ē. Мұндай реакция нәтижесінде бөлініп шыққан молекулалық оттегі атмосфера ауасына қосылады. Сөйтіп жасыл өсімдік ауаға оттегін береді, ал электрондар хлорофилл молекуласын қалпына келтіруге жұмсалады, протондар болса, жасыл өсімдіктің ауадан өзіне сіңірген СО2 молекулаларымен қосылысып, глюкоза түзеді.
Есептеулерге қарағанда бүкіл жер шарында өсетін өсімдіктер бір жыл ішінде атмосферадан 550 млрд тонна шамасындай СО2 сіңіріп, 400 млрд тонна шамасындай оттегін қайтарып береді. Өсімдіктер дүниесі мұнымен қатар минералдық элементтерден органикалық заттарды жасап шығарушы, сөйтіп жануарлар дүниесін дайын органикалық заттармен қамтамасыз етуші болып табылады.
Жануарлар организмі өзінің тіршілігі үшін қажетті органикалық қосылыстарды минералдық элементтерден синтездей алмайды, олар өсімдіктер дайындаған органикалық заттармен қоректенеді, өзінің денесін құрайды, қуат, энергия алады.