6. Мәтіннің мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар. Бұл жұмыстар: оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызады;
балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істеуге талаптандырады.
Бастауыш сыныптарда ұйымдастыруға болатын шығармашылық жұмыстардың негізгілері: а) Әңгіменің баяндалу түрін өзгертіп әңгімелеу. Мысалы: әңгіме I жақпен баяндалса, III жаққа айналдырып әңгімелету. Кейде керісінше де болады.
ә) Оқылған шығарманың мазмұнын толық өзгертіп әңгімелеу. Жұмыстың бұл түрін үйден орындап келуге тапсыруға болады. Мұнда оқушылар әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз бастарынан өткен оқиғаны немесе өзі қатынасқан не көрген оқиғалары жөнінде өз жандарынан әңгіме құрастырып айтады. Мысалы, «Ақылды көмекші» әңгімесін оқығаннан кейін, бадалар өздерінін немесе аға, апаларының компьютермен ойнаған ойындарын әқгімелеуіне болады. «Нүркен», «Бауыржан Момышұлы» әңгімелерін оқығанда, әкелері мен аталарының соғыста көрсеткен ерліктері жайлы, ал Ө.Тәжібаевтың «Жерге деген құштарлық» әңгімесін оқыған кезде егістікте немесе жұмыстың басқа салаларында жан аямай еңбек етіп жүрген ата-аналары мен туған-туыстарын мақтанышпен әңгімелеп берулеріне де толық мүмкіндік бар.
Жұмыстың бұл түрі де оқыған шығарманың мазмұнын балалар толық та саналы меңгерген кезде ғана ұйымдастырылады. Мұндай жұмыс балаларды өз беттерімен ойлануға, ізденуге және шығармадағы жүйені пайдалана отырып, өздіктерінен әңгіме құрастыруға, оны құрастыру барысында талай сөздерді еске түсіріп, ішінен қажеттілерін тандап алуға үйретеді.
б) Оқылған шығарманың мазмұнын аз-кем өзгертіп әңгімелеу. Мұнда оқушылар оқылған шығарманың аяғын оз ойынан шығарып, әрі қарай жалғастырады немесе ондағы оқиғаның арасына өз жанынан әңгіме қосып айтады. Бірақ мұнда да шығарманың сипатын ескеру қажет. өйткені кез келген шығарманы жалғастырып әкетуге де, сондай-ақ ойға келген оқиғаны қоса салуға да болмайды. Шығарманың арасына косылған әңгіме оның мазмұнымен қабысып кететіндей болғаны жөн. Сабақ кезінде мұғалім оқушыларды сұрақ-жауап арқылы соған бағыттайды. Мысалы, М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесін оқығанда Көксерекке Құрмаштың қайда, қалай кездескені айтылмаған. Мұны балалардың өздері ойдан шығарып, қосуларына болады.
Олардың біреулері «Құрмаштың өзі тауып алып, ал енді біреулері атасы тауып алып келді..» деулері мүмкін. Оның қай-қайсысы да дұрыс. Осы әңгіменің басын оқушы өз қиялынан туған елес бойынша бастайды (мысалы, мына сияқты әңгіме қосуына болады: «Бір күні Құрмаштың атасы аң аулауға кетті. Ол осы жолдан олжалы қайтты. Қолында қасқырдың жаңа туған бөлтірігі бар...). Онан әрі кітаптағы мәтін бойынша: Ол көзін ауылга келгесін екі күннен соң ашты. Жұрт асырауға көнеді десті...» делініп, оқиғаның жалғасы әңгімеленеді. Бұл сияқты жаңадан қосылған үзінділер әңгіменің мазмұнын толықтырады және айқындай түседі. Осындай жұмыстар жүргізу үшін қандай шығармалар қолайлы болатынын алдын ала ескеріліп, іріктеліп алынады.
Оқушылар шығармаға өз ойларынан әңгіме қосуда жоғарыда мысалға келтірілгендей түрде айта алмай қалулары мүмкін. Ол үшін мұғалімнің көмегі керек.