Жарықтың биологиялық әсері. Жарық организмге тері және көру аппараты арқылы әсер етеді. Ол әсері сәуленің энергиясы терімен, оның астыңғы тіндерімен және жүйке талшықтарымен сіңірілгеннен кейін ғана білінеді. Әсіресе белсенді әсер ететін ультракүлгін сәулесі.
Көзге көрінетін сәуленің әсерінен малдардың организмінде жыл мезгілдеріндегі өзгерістер туындайды. Мысалы, қоянның қыста ақ, ал жазда сұр болуы. Негізінен көз арқылы әсер етеді.
Жүйке талшықтары арқылы ішкі секрет бездеріне әсері бар. Мысалы, гипофизді алып тастағанда жарықтың ішкі секрет бездеріне әсері болмайды.
Тері арқылы организмге жылулық әсер етеді.
Сүт сауылатын малдарға, жұмыртқа салатын құстарға күн сәулесінің көбірек болғаны керек. Ал малдарды бордақылауға қойған кезде, керісінше, аз болғаны дұрыс.
Инфрақызыл сәуленің басты әсері жылулық. Әсер еткен жері жылдам қызарады, жылдам қайтады. Тіндерде қан айеалысы жақсарады, зат алмсу процесі белсендендіріледі. Организмнің ауруларға қарсы тұру қабілеттілігі жоғарылайды. Әсері созылмалы ауруларға тиімдірек. Ал жіті ауруларда керісінше ісік пайда болып, жергілікті қан айналу процесінің бұзылуы мүмкін.
Компресс, парафин, озокерит, шипалы балшықтармен емдеу әдістеріне қарағанда жылулық әсері тереңірек орналасқан тіндерге толық жетеді.
Дененің ылғалданған жеріне кептіру әсері есекжем, бөртпе, күйік, үсік сияқты ауруларды емдеу үшін пайдаланылады.
Әсер ету нүктесінен алыс орналасқан ағзаларға рефлекс арқылы әсер етеді.
Ультракүлгін сәулесі (УКС) тіндерде физико-химиялық өзгерістер тудырады және организмге жан-жақты, күшті биологиялық әсер етеді.
Терінің жүні мен мүйізді қабаты ультракүлгін сәулесінің өтуіне кедергі жасайды. Әсер еткеннен кейін ол сәуленің жасырын (латентті) уақыты 5-12 сағатқа созылады. Содан кейін ғана теріде эритема пайда болады. Ол эритема 4-6 күнге дейін сақталады. Гистологиялық зерттеу арқылы қабыну процесінің барлық белгілерін анықтауға болады.
Эритеманың механизмі: УКС-нің фотохимиялық әсерінен терінің сыртқы қабаты – эпидермисі бүлінеді де, одан белсенді заттар (белсенді белок заттары, гистамин және соған ұқсас белсенді заттар) түзіледі. Сол заттар белгілі бір мөлшерде шоғырланғанда қабыну процесіне ұқсас қызару – эритема пайда болады.
Теріні сәулемен қыздырғанға дейін немесе қыздыру кезінде салқындатса оның әсері бәсеңдейді, ал сәуле алғаннан кейін салқындаса – артады. Соның салдарынан малдың жүнінің өсуі жылдамдайды.
УКС эгростеринді белсендендіреді, Д-витаминнің организмге сіңуі реттеледі. Тері майларының бактериоцидтік қасиеті жоғарылайды. Ондағы белсенді оттегінің мөлшері көбейеді.
Сәуле жүйке жүйесіне екі фазада әсер етеді: бірінші фазасында симпатикалық, екінші фазасында парасимпатикалық жүйелердің тонустары жоғарылайды.
Ішкі ағзаларға рефлекс арқылы әсері бар. Қанның құрамын қалпына келтіреді, иммундық қасиеттерін жақсартады, организмнің резистентілігі жоғарылайды.
Организмдегі зат алмасу процесіне жан-жақты әсер етеді. Ферментердің функциялары артады, тотығу-тотықсыздану процесі жақсарады. Мешел, сүйек дистрофиясы сияқты ауруларды емдеуде маңызы өте зор.
УКС-тің организмге зиянды әсерлері де бар: жүні, мүйізді қабаттары жұқа жерлерді күйдіреді; малдың көзін қабындырады. Қабыну 5-7 күнге дейін созылады, бірақ сәуленің әсері көздің тор қабатына өтпейді, көру процесі бұзылмайды, тек аздап нашарлайды.
Жарық сәулелерімен емдеуді қолдануға болатын жағдайлар:
бас ми қуыстарының аурулары;
тыныс алу жүйесінің аурулары;
ас қорыту жүйесінің аурулары;
зәр шығару ағзаларының аурулары;
жүйке жүйесінің қабынуы;
зат алмасуының бұзылуынан болатын аурулар;
қан жүйесінің аурулары;
терінің аурулары.
Жарық сәулелерімен емдеуге болмайтын жағдайлар:
толықтырылмайтын жүрек ақаулары;
залалды ісіктер;
бауырдың жіті түрдегі қабынуы;
бас миға қан құйылғанда, ол суға толғанда;
жылулық пен күн көзі өткенде;
ауру процесс қалпына келмейтін жағдайда нәтиже жоқ.
УКС-нің дозасын анықтаудың негізіне сәуле әсер еткен жердің эритемасы алынады. Көрсеткіші эр деп белгіленеді.
1 эр = толқынының ұзындығы 297 mµ, қуаты 1 вт болатын
УКС-нің эритемдік ағымы.
Эритемдік ағымның денеге түскен тығыздығы эритемдік сәулелену деп аталады. Ол эр/сағат/м²; мэр/сағат/м² деп өлшенеді.
УКС-нің малдың организміне тигізетін биологиялық әсерін екі түрлі әдіспен анықтауға болады:
Биологиялық әдіс – Горбачевтің әдісі деп аталады;
Физикалық әдіс – арнайы аппарат УФД – 2,4,5 арқылы анықтау.
1 биодоза = 4 эритемдік дозаға. Биодоза (δ) = t : R², бұл жердегі t – сәулемен әсер ету уақыты; R – сәуле мен әсер ететін нүкте арақашықтығының 0,5 метрмен есептегендегі қайталану саны.
Эритемдік сәулеленудің мөлшерін эритемдік сәулеленуді сәулелену уақытына көбейту арқылы анықтауға болады. Оны эрметрмен өлшейді.
УКС-мен емдеген кезде малдың жүнінің қалыңдығы, әртүрлі малдардың сәулеге сезімталдығының ерекшеліктері және терінің қалыңдығы көп кедергі келтіреді. Ол көрсеткіштерді есепке алмаса тағайыдалған дозаның әсері тиімді болмайды.
Ғылыми деректерге сүйенсек, жүні қырқылған қойға қарағанда жүні қырқылмаған қойға УКС-нің дозасы 30 есе артық болуы керек екен.
Шаруашылықтарда қазірде қолданылып жүрген әдістерде УКС рефлекс арқылы көздің тор қабығына және иондалған ауа арқылы әсер етеді.
Малдарға УКС-нің дозасын біртіндеп бастаған дұрыс. Алғашқы 5 күнде дозаның төрттен бір мөлшерін, одан кейін жартысын, содан соң ғана толық дозасын тағайындайды. Өте жоғарғы дозасы (5-10 биодоза) 5-6 күн аралатып, ал 1-2 биодоза 3-5 күн аралатып тағайыдалады.
УКС-і мен инфрақызыл сәулені қатарынан қолданғанда жақсы нәтиже алуға болады.
Ауру малдарды емдеу үшін және аурудың алдын алу үшін төмендегідей аппаратуралар қолданылады:
инфрақызыл сәуле шығаратын лампалар;
жарық пен жылуды қатарынан беретін лампалар;
УКС-ін беретін лампалар;
бактериоцидтік лампалар – қуаттылығы 15-30 вт болатын, қысқа толқынды БУВ-15, БУВ-30 лампалары бар:
инфраруж лампасы – үлкен (қуаттылығы 300-600 вт, t = 500-700ºC) және кіші – столға қоятын, түрлері бар;
сынап пен кварц арқылы ерекше сәуле шығаратын ПРК, АРК лампалары.
Сынап-кварц лампасының құрылысы мен жұмыс істеу принціпі: Лампа – ішінен ауасы шығарылып, аз қысыммен инертті аргон газы және 0,25 г сынаппен толтырылған кварц шынысынан тұрады.
Лампаны тоққа қосқанда аргон газының иондары арқылы ауасы сиретілген ортада разряд пайда болады. Ондағы электр өрісінің әсерінен иондар белгілі бір жылдамдықпен қозғалып газ атомдарымен соғылысқанда жылулық бөлінеді. Ал иондар сынапты атқылаған кезде сынап буға айналады да, доға разряды пайда болады. Бұл құбылыстар физика заңдарына сәйкес болатын құбылыстар. Лампаның ішіндегі қысым жоғарылайды, лампа жұмыс режіміне келеді.
Былай қарағанда лампаның жұмысы кәдімгі конденсатордың жұмысына ұқсас. Лампаның сыртындағы металл пластинка конденсатордың сыртқы қабатының рөлін атқарса, газ және электродтар бар лампаның іші конденсатордың ішкі қабатының рөлін атқарады. Ал кварц шынысы – диэлектрик.
Шынылардың ішінде өз қасиетінің ерекшелігіне байланысты тек кварц шынысы ғана УКС-ін өткізе алады. Лампалар тоққа қосылғаннан кейін 12-15 минуттан соң ғана жұмыс режіміне келеді.
Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданыс тапқан лампалар: ПРК-2, ПРК-4, ПРК-5, ПРК-7. Малдарды топтап емдеу үшін айналмалы УКС-інің лампасы қолданылады.
Малдарды УКС-імен емдегенде оның зиянды әсерлерінен сақтық үшін малдың көзіне сәуленің түспеуін қадағалау керек. Ал дәрігерлер арнайы көзілдірікпен жабдықталуы тиіс.