Балау. Ауруға тән сырт белгілеріне негізделеді.
Емі. Қосалқы қуыстар қабықтарының қабынуын жоюға бағытталады. Ауру жіті өткен жағдайда қолданатын емнен жақсы нәтиже алу үшін аурудың бастапқы кезеңінде оны тудырған себептерді жойған жөн. Созылмалы түрде өтетін қабынуда хирургиялық ем қолданылады: жақ және маңдай қуыстарын, жылқыларда болатырн ауалы қапшықтарын теседі. Тескен тесіктер арқылы жиналған эксудатты сыртқа шығарып, қуыстарды бірнеше қайтара микробтарға қарсы қолданатын дәрілермен 0,2 %-ды этакридин ерітіндісімен жуып-шаяды. Осы әрекеттермен қатар бір дүркін антибиотиктер және сульфаниламид препараттарымен емдейді.
Трахеит Трахеит (Tracheitis) – кеңірдектің қабынуы көбінесе өздігінен емес, көмейдің не бронхы қабынуларының асқынуынан пайда болады.
Себептері. Көмейді не бронхыны қабындыратын себептер кеңірдектің де қабынуына әкеліп соқтырады. Жұмысқа пайдаланып жүрген малдар мен иттерде кеңірдектің қабынуы оларға арналған жабдықтардың (қамыт, қарғы, т.б.) қиылыспауынан кеңірдекке қысым түсіруінен пайда болады.
Дамуы. Кеңірдектің кілегейлі қабығы қабынғандықтан мал ауырсынады, жөтел пайда болады, тынысы тарылады, сөйтіп газ алмасу процстерін бұзады. Қабынған кілегейлі қабық арқылы қабынба қалдықтары, уыттар қанға және лимфаға таралып дене қызуын көтереді, сөйтіп жүрек-қантамыр және басқа да жүйелердің қызметтерін бұзуы мүмкін.
Симптомдары. Кеңірдектің қабынуы көбінесе жіті түрде өтеді. Әдеттегі түрде өткенде ауру мал жабығады, тыныс алуы нашарлайды, ауырсынатын құрғақ жөтел пайда болады, кеңірдекті қолмен сипағанда сезімталдығы күшейеді, жөтел тудырады. Дене қызуы қалыпты шамада болады не аздап көтеріледі.
Балау. Негізгі сырт белгілеріне сүйенеді.
Ауруды дербестеу. Ең алдымен індетті ринотрахеитті және басқа да тыныс жолдарының вирустар қоздыратын індеттерінен ажыратады.
Емі. Ауруды тудырған себептерді жояды. Сонан соң жан-жақты ем қолданады: ас содасы не ментол араласкан жылы су буымен тыныс алдырады, қақырық түсіретін дәрілерді аммоний хлоридін (мүсәтір), терпингидрат, термопсис, т.б. қолданады. Кеңірдек тұсын түрлі жылытқыштармен – грелкамен, жылу шығаратын лампалармен, диатермиямен, УЖЖ-тоқтармен қыздырады. Катаральді-іріңді қабынбада ірі малдарға скипидар, антибиотиктер, не сульфаниламидтер араласқан жылы су буымен тыныс алдырады.