Өкпе эмфиземасы Өкпе эмфиземасы (Emphusema pulmonum) – өкпенің шектен тыс патологиялық кеңейгенінен оның көлемінің ұлғаюы. Эмфиземаның альвеолярлық – өкпелердің кеңеюі альвеолалар ұлпасының созылуы арқылы пайда болатын және интерстициялдық түрлерін ажыратады.
Себептері. Жіті түрде өтетін альвеолалары эмфиземада малдың тынысы жиіленіп күшейгенде альвеолаларға ауа шамадан тыс толады да сол ауаны сыртқа шығару үшін альвеолалар ұлпасының зорлануынан болады. Мұндай зорлану ат шабыста, жарыстарда, демалыссыз ұзақ уақыт ауыр жұмыс істегенде, бәйге атын не аңшы иттерін зорықтырғанда болады.
Дамуы. Альвеолалары эмфизема жіті түрде өткенде альвеолалар қатты созылып, серпімділік қасиеті азаяды, бірақ альвеолааралық перделердің семуі байқалмайды. Ауруды тудырған себептерді жойғанда, көпшілік жағдайда, өкпенің созылғыштық қабілеті толық қалпына келеді, мал айығып кетеді. Альвеолярлы эмфизема созылмалы түрде өткенде, альвеолалардың қуыстарында көп мезгіл ауаның қысымы көтеріңкі болуына байланысты альвеолааралық капилляр тармақтары жан-жақты қысымға түсіп, перделері бірте-бірте семе бастайды.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Өлексені ашқанда өкпелердің үлкейгені, қырларының жұмырланғаны, өкпелердің сырт жақ беттерінде қабырғалардың батқан іздері, түсінің бозарғаны, кескенде басылып солмайтыны көрінеді. Жүректің оң жақ қарыншасының шымырлап үлкейгені байқалады.
Симптомдары. Эмфиземаның қай түрі болмасын клиникалық белгілері ұқсас өтеді, бірақ процестің ауыр-жеңіл өтулеріне байланысты біліну дәрежесі әр түрлі болады. Ауру мал қатты жабығады, өнімділігінің және жұмысқа қабілеттілігінің нашарлауы, тамыр соғуының жиілеуі, жүректің екінші сазының күшеюі.
Балау. Ауруға тән белгілері мен ауру туралы жиналған мәліметтерге (ауыр жұмыс істеп зорыққаны, алдында бронхит немесе пневмониямен ауырғаны) негізделеді. Рентгенмен зерттеу өкпенің эмфиземалы жерінің жарықтанғанын және бронхтар пішіндері көріністерінің айқындалынғанын көрсетеді.
Емі. Альвеолярлы эмфиземаның жіті түрімен ауырған малды жұмыстан босатады, таза, жақсы желдетілген жерде, ал жаздың күні көлеңкелі жерде ұстайды. Рационын жұғымды, жақсы қорытылатын азықтардан құрайды. Бронхтардың саңылауларын кеңейту және ентігуін басу үшін тәулігіне бір рет, 5-7 күн шамасындай, тері астына 0,1 %-ды атропин ерітіндісін (жылқыға, бір енгізу мөлшері 10-15 мл), 5%-ды эфедрин ерітіндісін (жылқыға бір енгізу мөлшері 10-15 мл) енгізеді немесе ауыздан эуфиллин (итке бір ішкізу мөлшері 0,1-0,2 г) және бронхолитин береді. Аллергиялық күйді басу үшін ем мөлшерінде кальций хлоридін, натрий немесе калий бромидін, новокаин, аминазин, пропазин, супрастин, тавигил және т.б. қолданады.