Қоғамды зерттейтін философияның саласын әлеуметтік философия деп атайды.
Философия тарихындағы қоғам туралы ой-пікірлер: Конфуций, Платон, Аристотельден бастау алады. Орта ғасырларда әл-Фараби ілімінде жалғасты.
Кейіннен Г.Спенсер, Э.Дюркгейм, М.Вебердің әлеуметтік көзқарастарында қоғам тереңдеп зерделене бастады. XIX-XX ғғ. философиясында модернизм, структурализм және постструктурализм, постмодернизм философиясының басты мәселесі қоғам болатын.
О.Конт: «Қоғамды белгілі бір қызмет атқаратын, ынтымақтастық пен қоғамдық еңбек бөлінісіне негізделген жүйе деп тұжырымдап, оның негізін – отбасы, таптар мен мемлекет құрайды» деген анықтама береді.
Э.Дюркгейм: «Қоғамды коллективтік санаға негізделген, жеке индивидке қарағанда жоғары, бастапқылық сипатты иеленген рухани нақтылық деп түсіндіреді. Яғни қоғамның тұтастығының негізі – коллективтік, жалпыға тән сана» деген тұжырым жасайды.
М.Вебер: «Қоғам адамдардың бір-біріне ықпал етуінен туындайтын әлеуметтік байланыстардың жиынтығы» деген анықтама береді.
Американдық әлеуметтанушы Т.Парсонс «қоғам адамдар арасындағы қарым-қатынастардың жүйесі, ол қарым-қатынастардың негізі – ережелер (нормалар) мен құндылықтар болып табылады» дейді.
Карл Маркс қоғамды адамдардың бірлесіп қызмет етуінің нәтижесінде пайда болып, тарихи дамып отыратын қатынастардың жиынтығы ретінде түсіндіреді.
Қоғам, космос, Гераклит, Пифагор, Платон
Ертедегілер қоғам деп дүниенің біртұтас болмысын түсінген. Яғни олар үшін қоғам дегеніміз ғарыштық тәртіптің бір түрі, мемлекет, саяси құрылымның өзі болатын. Себебі «космос» сөзі тәртіп, реттілік дегенді білдіреді. Ертедегілер ғарыштағы тәртіп пен тепе-теңдік, үйлесімділікке таң қалады. Соған қарап әскери тәртіп орнатып, мемлекет құруды көздейді.
Космос сөзін әлемнің болмысы, дүние құрылымын белгілеу үшін ең алғаш грек ойшылы Гераклит қолданады. Ол үшін ғарыш, күллі әлем «логос» заңына бағынады. Құдай дегеніміз сол – заң, сол – логос, яғни – ғылым, ілім, білім. Пифагор космосты сандардың үйлесіміне сәйкес – гармония деп түсінді. Платон болса “Тимей” диалогында ғарышты (космосты) “жаны бар біртұтас тіршілік иесіне” теңейді.