5.2 Мемлекеттік қаржы ұғымы, функциялары, құрылымы
Мемлекеттік қаржы қаржы жүйесінің буыны ретінде өндірістік және әлеуметтік қатынастарда мемлекеттік сектордың қатысуымен байланысты.
Мемлекеттік қаржы мемлекеттің, оның кәсіпорындарының қаржы ресурстарын қалыптастыруға, өз функцияларын орындауға қоғамдық өнімнің құны мен ұлттық байлықты бөлуге байланысты ақша қатынастарын білдіреді.
Мемлекет қаржысының функциялары: 1) бөлу функциясы, соның ішінде келесі ішкі функциялар белгіленген:
- орналастыру;
- қайта бөлу;
- тұрақтылық;
2) бақылау.
Мемлекет қаржысының буындары: 1) мемлекеттік бюджет,
2) бюджеттен тыс қорлар,
3) мемлекеттік кредит,
4) мемлекеттік және муниципалдық кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылары.
Экономикалық және әлеуметтік сфераға мемлекеттік басшылықтың деңгейіне қарай мемлекеттік қаржы жалпымемлекеттік (республикалық) және жергілікті (муниципалдық) қаржылар болып бөлінеді.
Бюджеттен тыс қорлардың арналымы - арнаулы мақсатты аударымдар мен басқа көздер есебінен жеке нысаналы шараларды қаржыландыру. Бюджеттерде қаражаттар иесізденеді, ал бюджеттен тыс қорлардың құқықтық мәртебесі қаражаттарды қатаң мақсатты арналым бойынша пайдалануға мүмкіндік береді. Қорлардың дербестігі (автономдығы) қаражаттарды неғұрлым жедел пайдалануға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік кредиттің мазмұнын құрайтын ақша қатынастары мемлекет қаржысының өзгеше бөлігі болып табылады. Мемлекеттік кредит қатынастары кәсіпорындардың, ұйымдар мен халықтың уақытша бос ақшасын жұмылдыруға және оларды мемлекеттің шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін билік органдарына уақытша беруге байланысты пайда болады.
Мемлекеттік сектордың жұмыс істеуі мемлекеттік меншіктің болуына негізделген.
Мемлекет активтері - өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар.