Қазіргі кезде салықтар фискалдық, реттеуші және қайта бөлу сияқты негізгі үш функцияны орындайды. Бұлардың әрқайсысы осы қаржы категориясының ішкі белгілері мен өзіндік ерекшеліктерін білдіреді.
Фискалдық функция — барлық мемлекеттерге тән негізгі функция. Оның көмегімен бюджеттік қор қалыптасады, мұның өзі салықтардың қоғамдық міндеттерін арттыра түседі. Өйткені салықтар мемлекеттік бюджеттің кірістерін толыстыра отырып, экономиканы, әлеуметтік-мәдени шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Салықтардың реттеуші функциясы мемлекеттің экономикалық қызметінің ұлғаюымен байланысты пайда болады. Ол ұлттық шаруашылықтың дамуына қабылданатын бағдарламаларға сәйкес ықпал етеді. Бұл орайда салықтардың нысандарын таңдау, олардың мөлшерлемелерінің, алу әдістерінің өзгеруі, жеңілдіктер мен шегерімдер пайдаланылады. Бұл реттеуіштер қоғамдық ұдайы өндірістің құрылымы мен үйлесіміне, қорлану мен тұтыну көлеміне ықпал етеді.
Қайта бөлу функциясы арқылы түрлі субъектілер табысының бір бөлігі мемлекеттің қарамағына өтеді. Бұл функцияның іс-әрекетінің ауқымы жалпы ұлттық өнімде салықтардың алатын үлесі арқылы анықталады.
Салық саясаты - мемлекеттiң қаржылық қажеттiлiктерiн мемлекет пен салық төлеушiлердiң экономикалық мүдделерi тепе-теңдiгiнiң сақталуы негiзiнде қамтамасыз ету мақсатында жаңа салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеу және қолданыстағыларының күшiн жою, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша ставкаларды, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi, салық базасын өзгерту жөнiндегi шаралар жиынтығы.
6.2 ҚР салық жүйесі
Салық жүйесі - көптеген салық түрлері, салық төлеушілер, салық жинау әдістері, салықтық жеңілдіктерінің болуына байланысты күрделі модель болып келеді. Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі салықтарды құру мен алудың нақтылы әдістерін белгілейтін, яғни салықтардың нақтылы элементтерін анықтайтын тиісті заңнамаларға негізделеді.