10.3 Үй шаруашылығының табыстары мен шығыстары
Үй шаруашылығының табыстары- өндіріс үдерісінде жасалатын және шаруашылық мүшелерінің материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған ұлттық табыстың бір бөлігі. Үй шаруашылықтарының жалпы табыстарында ақша қаражаттарының көлемі болып табылатын ақшалай табыстар басым болады, олармен үй шаруашылығы өзінің шығыстарын қамтамасыз етеді. Ақшалай табыстар мына көздердің есебінен қалыптасады:
үй шаруашылықтары мүшелерінің еңбекақысы, сондай-ақ сыйлықтар, жалақыға тұрақты үстемелер, жәрдемақылар, жолдамалардың ақысы және т.с.с.
пайда, дивиденттер, бағалы қағаздар мен салымдар бойынша пайыздар нысанындағы кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстар, басқалары.
мемлекеттік әлеуметтік төлеулер, зейнетақылар, т.б.
басқадай түсімдер (сақтық өтемдері, мүлікті сатудан түскен түсімдер).
Үй шаруашылығының ақшалай шығыстары- адамның өмір сүруін жалғастыру үшін қажетті материалдық және рухани қажеттіліктерге жұмсалатын іс жүзіндегі шығындар, олар өзіне тұтыну шығыстарын және тұтынумен тікелей байланысты емес шығындарды кіріктіреді.
Үй шаруашылығы бюджетінің шығыстары елдің экономикасында айтарлықтай рөл атқарады. Өзінің табыстарын пайдалана отырып, отбасы тауарлар мен қызметтер рыногын қалыптастырып, дамытуды қамтамасыз етеді.
Ақшалай шығыстар- тұтыну шығыстары; салықтар, алымдар, айыппұлдар, кредитті өтеу, туысқандарға көмек; жылжымайтын мүлікті, бағалы қағаздарды, шетелдің валютасын сатып алу; отбасының өндірістік қызметімен байланысты шығыстары (шикізат, тұқым, мал, жем-шөп т.б сатып алуы) және тұтынумен байланысты емес басқа да шығыстары.
Үй шаруашылығының шығыстары әртүрлі белгілері бойынша жіктеледі:
Тұрақтылық дәрежесі бойынша:
тұрақты шығындар (тамаққа, киім-кешекке, көлікке, комуналдық қызметтерге және басқаларға);
бір жолғы шығыстар (емделуге, ұзақ пайдаланатын тауарларға).
2. Қажеттілік дәрежесі бойынша:
тамаққа, киім-кешекке жұмсалатын бірінші кезектегі (қажетті) шығыстар;
екінші кезектегі шығыстар (білім алуға, сақтық шараларына т.б.)
3. Пайдалану мақсаттары бойынша:
- тұтыну шығыстары (тауарлар сатып алуға және қызметтерді төлеуге);
- салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуге;
- салымдарға және бағалы қағаздарды сатып алуға;
- шетел валютасын сатып алуға.
Бақылау сұрақтары:
Үй шаруашылықтары қаржысының мәні мен ерекшеліктері.
Үй шаруашылықтар қаржысының функциялары.
Үй шаруашылықтарының қаржы ресурстары және құралу көздері.
Достарыңызбен бөлісу: |