«Әлеуметтік ұғымы» бізідің әдебиетімізде ХІХ ғасырдың ортасында пайда болды. Бұл ұғымды зерттеумен айналысқан неміс ғалымдары еді.
Әлеуметтік саясат жүргізудің әлемдік тәжірбиесі
Әлем елдері тарихында өзін әлеуметтік мемлекет ретінде ең алғаш 1949 ГФР, 1958 жылы Франция, 1978 жылы Испания, 1990 жылы КСРО, 1995 жылы Әзербайжан, Грузия, Түркіменстан, Қазақстан жариялады.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған қызметті қамтылаған мемлекеттің бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Классикалық үлгіде әлеуметтік қамсыздандыруға әлеуметтік сақтандыру мен қоғам мүшелерінің әлжуаз топтарына қолдау, көмек көрсетуге деген әлеуметтік жауапкершілігі арқылы көрініс тауып жүр. Әлеуметтік қызметтер жүйесіне денсаулық сақтау, білім беру, кәсіби даярлау, еңбекпен қамтамасыз ету және т.б. мемлекет қамтамасыз ететін қызмет түрлері жатады. Әлемдік тәжірбиеде бұдан да басқа халықты әлеуметік қорғаудың қалыптасқан үлгілері көп. Әлеуметтік саясат жүргізу үлгілерін әртүрлі классификациялайды. Олардың көпшілігі әлеуметтік саясатты жүзеге асыруда мемлекеттің, азаматтық қоғам институттарының және жекелей азаматтардың қатысу деңгейі мен алатын роліне байланысты принциптерге негізделген. Геосаяси аспектіде қарастыратын болсақ, скандинавиялық, континенталды және американ-британдық әлеуметтік саясат үлгілерін көрсетуге болады.
Скандинавиялық үлгіні – социал-демократиялық, континенталдыны – социал-нарықтық, ал американ-британдықты – либералды үлгі деп атайды.
Бұл үлгілердің ерекшелігі мемлекеттің әлеуметтік қорғау жүйесіне қандай формада қатысуына байланысты байқалады. Мәселен Скандинавия мен континенталды үлгіні ұстанған Европа мемлекеттерінде әлеуметтік қорғау жүйесі мемлекет тарапынан, ал Оңтүстік Европа елдерінде үкіметтік емес ұйымдар мен агенттіктер, шіркеулер, кәсіподақтар, әр түрлі әлеуметтік топтарды қосатын мүдделі ұйымдар мен қайырымдылық қорлары арқылы ұсынылады. Католиктік елдерде мемлекеттің көпшілік әлеуметтік міндеттерін шіркеулер өз мойнына алады.
Халықты әлеуметтік қорғаудың скандинавиялық үлгісі
Әлеуметтік саясат жүргізудің бұл типінде әлеуметтік қажеттіліктерге деген қаражаттың көп бөлігін мемлекет өз мойнына алып, оны әлеуметтік қамсыздандыруға бөлу мен таратуды көзі тікелей бюджет болып саналады. Мемлекет өзінің азаматтарының әл-ауқатын, жағдайын жасап, негізгі әлеуметтік қызметтерді де көрсетуге жауапты болады. Скандинавиялық үлгі Швеция, Финдляндия, Дания, Норвегия сынды мемлекеттердің саясатында кең көрініс табады. Осы елдердің ішінде Швецияның әлеуметтік саясат жүргізу үлгісі әлемдік тәжірбиеде ерекше орны бар. «Швециялық үлгі» 60 жылдардың соңында Швеция дамыған әлеуметтік, экономикалық қатынастар орнаған ел ретінде статус алғаннан кейін пайда болды. Дәл осы Швецияда «толыққанды жұмысбастылық саясат», пен жалақы төлеудің мәртебелі жүйесі» ұғымдары шыққан болатын. Елдің әлеуметтік саясатының негізгі мақсаты толыққанды жұмысбастылық пен табысты теңестіру саясаты болатын. Елдің бұл мақсаты табысты теңестіріп қайта бөлу мен арнайы мемлекеттік немесе мемлекеттік емес институттар жүзеге асыратын салық және трансференттік саясат арқылы іске асады.
Швециялық үлгінің универсалдылығы жалпыға арналғаны және бәріне бірдей қолжетімділігінен көрінеді. Әлеуметтік қамсыздандыру жоғарғы деңгейде және жұмыссыздық бойынша, балаларға арналған т.б. мемлекеттік жәрдемақы түрлері бар. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы жұмыстан айрылып қалған жағдайда азаматтардың қалыпты күн кешуіне арналған. Ал балалар ата-анасының табысына қарамай 18 жасқа толғанша ай сайын жәрдемақы алып отырады. Әлеуметтік қызметтердің ішіндегі білім беру саласы халықтың бар бөлігінің сауаттылығын қамтамасыз етуде. Орта және жоғары білім ақысыз болып табылады және көптеген қайта даярлау оқыту орталықтары мен білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. Квалификациялы мамандарды дайындау мен қайта даярлау жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, мемлекеттің халықтың толыққанды жұмысбастылығына бағытталған әлеуметтік саясатын көрсетеді. Швеция заңнамасында оқу демалысына қаржы төленеді делінген, жалпы Швеция білімге ЖІӨ-нің көп мөлшерін жұмсайды. Сонымен Швецияның әлеуметтік саясаты әлеуметтік солидароность пен әлеуметтік әділеттілікке негізделген.
Халықты әлеуметтік қорғаудың континенталды үлгісі
Әлеуметтік саясат жүргізудің континеталды үлгісінде мемлекет тек қана әлеуметтік төлемдер төлеумен ғана айналысалы, ал әлеуметтік қызметтерді ұйымдастырмайды. Мұнда мемлекет бюджетінен және жұмысшылар мен жұмыс берушілердің әлеуметтің шараларға бөлетін қаражаты бірдей мөлшерде, және негізгі қаражат көзі мемлекеттік және жеке әлеуметтік-сақтандыру қорлары болып табылады. Бұл үлгіні ұстанатындар – Германия, Франция, Австрия, Бельгия. Осы елдердің ішінде Германияның әлеуметтік саясатыны тоқталып өтсек, ең алдымен Германияда 1946 Альфред Мюллер-Армак жылы «нарық еркіндігі» мен «әлеуметтік теңестіру» принциптерін біріктіретін және экономикалық саясатты анықтайтын «әлеуметтік нарықтық қатынас» ұғымын енгізді. Мұндай саясаттың мақсаты экономикалық сферада қоғамның әрбір мүшесінің өзін өзі жетілдіруіне жағдай жасайтын әлеуметтік саясат болып табылады. Бұл үшін индивидтердің шаруашылық қызметін реттейтін институционалды жағдайлар керек. Бірінші кезекте табысты бюджет арқылы қайта бөлу немес швециялық үлгідегідей тегін әлеуметтік қызметтер емес, ал әлеуметтік қорғау бағытталған еңбекке қабілетті халыққа экономикалық жағдай жасау тұр. Сонымен қатар Германияда әлеуметтік сақтандырудың төрт түрі бар: зейнетақылық, медициналық, жұмыссыздыққа және күтілмеген жағдайға қатысты. Әлеуметтік сақтандыру жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушы есебінен қаржыландырып, қызмет түріне байланысты дифференциацияланып төленеді. Әлеуметтік сақтандыру принципі белгілі бір қорларына төлемдер төлеген болса, онда төлеген адамға қызметтер алуына құқық береді. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі мемлекет есебінен төленетін балаларға жәрдемақы (бала туылғанда берілетін, күнкөрісі төмен және көп балалы отбасыларға), босқындарға көмек, білім алуға жәрдемақы, жастарға көмек, емделуге жәрдемақы, зейнеткерлік субсидиялары, соғыс құрбандарына көмек, мүгедектер мен қоғамның басқа да кедей, әлжуаз топтарына әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Германияның мемлекеттік әлеуметтік саясатының аясында денсаулық сақтау жүйесінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі орындалады. Нәтижесінде халықтың 90 пайызы міндетті сақтандырумен, 8 пайызы жекеменшік , ал 2 пайыз халықтың бөлігіне мемлекет өзі төлейді. 1990 жылдары Германия өзінің экономикалық әлеуметтік даму бағытының шыңына жетті, уақыт және нарық өзгеріп отырғандықтан Германияның халықты әлеуметтік қорғау жүйесі модеренизацияны талап етеді.
Халықты әлеуметтік қорғаудың американ-британдық үлгісі
Американ-британдық үлгі әлеуметтік сферада мемлекеттің минималды түрде қатысуымен сипатталады. Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру тетігі мемлекеттік бюджет емес, жеке салымдар мен сақтандыру болып табылады. Мемлекет өз мойнына тек барлық азаматтардың минималды кірістерін сақтауды және халықтың аса көмекке мұқтаж табын қорғауды алады. Бұл үлгіні негізгі ұстанатын мемлекеттер: АҚШ, Англия, Ирландия. Әлеуметтік бағдарламалар қатаң индивидуализацияланған: барлық топтардың тең мүмкіндіктері орнына халықтың жекеленге категорияларына іріктелген көмек көрсету принципі сақталады. Оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, ауру жандар, аз қамтамасыз етілген отбасылар, толық емес отбасыларға мемлекеттік жекелей қолдаулар бар. Қазіргі таңда 16 жасқа дейін және толық емес аз қамтамасыз етілген отбасыларға жәрдемақы төленіп келеді. Міндетті білім мен денсаулық қорғау жүйесі тегін болып саналады. Бірақ та, медициналық керек-жарақтар жетіспеушілігі мен дұрыс жетілмеген ақылы медициналық қызмет көрсету проблемасы туындағаннан кейін бұл саланы реформалау қажеттілігі болып тұр. Осы жылдары Ұлыбританияда емделушілердің аурухана мен дәрігерлер таңдау мүмкіндігін арттыру үшін сапалы медициналық қызметтер көрсету жобасын денсаулық жүйесіне енгізу көзделініп отыр. АҚШ-та заманауи әлеуметтік халықты қамсыздандыру үлгісінің негізі 1935 жылы Ф.Рузвельт қабылдаған Әлеуметтік сақтандыру туралы Заңның қабылдануымен қаланды. АҚШ-та әлеуметтік көмектің негізгі бағыты отбасыға арналған. Материалды қолдау алудың негізгі талабы – отбасыда жан басына шаққандағы кіріс көзі елде бекітілген күнкөріс өлшемінің ең төменгі мөлшерінен төмен деңгейде болуы керек. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына жәрдемақылар төленеді. АҚШ-тың әлеуметтік саясатының ерекшелігі көмекке мұқтаж адамдарға қаржылайдан бөлек тағы да басқа көмектер көрсетіледі. Мәселен, ол – тамақтануға, азық-түліктер сатып алуға арналған талондар, т.б.
Жерорта теңізі елдерінің әлеуметтік саясат жүргізудің өзіндік үлгісі бар. Ол мемлекеттерге Испания, Португалия, Греция, Италия, Ирландия елдері жатады. Бұл елдерде әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі мазмұны мемлекет немесе Үкіметтік емес ұйымдардың ұсынған әлеуметтік сақтандырумен түсіндіріледі. Жерорта теңізі елдері үлгісінде әлеуметтік салаға көп қаражат бөлінгенімен, ол халықтың басым бөлігін қамти алмайды.
Демек, әр мемлекеттің әлеуметтік саясат жүргізу ерекшелігі елдің экономикалық потенциалымен санасады. Осыған сәйкес әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған әдістер жүйесі бар. Бірнеше елдердің топтамасында немесе жекелей мемлекеттердің өздеріне тән әлеуметтік жүйесін кездестіруге болады. Бір елдің белгілі бір топқа жіктелуін қарастырғанда өзіндік ерекшеліктер мен талаптарды ескерген дұрыс:
әлеуметтік саясаттың көздеп отырған түпкі мақсаты: берілген жүйе минималды ауқаттылық пен кепілдендіруді ұсынумен шектелуі, мемлекетте жалпы табыстың қоғам мүшелеріне қайта бөлінуі;
әлеуметтік саясаттың экономикалық саясатпен байланыстылығы;
әлеуметтік қорғау жүйесінің басымдылық типі: белсенді, конструктивті.
Жалпы алғанда әр үлгінің мемлекетте әлеуметтік саясат жүргізу мен халықтың әлжуаз бөлігін қорғап отыруда өзіндік артықшылығы мен кемшіліктері бар. Бірақ әлем мемлекеттер қоғам түрленіп, дамыған сайын әлеуметтік саясат жүргізу әдістерін жетілдіріп отырады, бір-бірімен тәжірбие алмасу үрдісі тоқтамайды.
ХХ ғасыр кез келген мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарының бірі әлеуметтік саясат болуы керек екенін дәлелдеді. Әлеуметтік саясаттың басым міндеттері қоғамдық өмірде белгілі бір деңгейде теңдікті қамтамасыз етуді көздейді.
Халықты әлеуметтік қорғау билігі– мемлекеттің әлеуметтік саясатының ең негізгі басым бағыты. Экономикалық нарықтық қатынастар кезеңіне өткенде мемлекеттің әлеуметтік саясатын жетілдіру қажеттілігі туындады. Әлеуметтік саясат аясында халықты, оның ішінде көмекке аса мұқтаж адамдар, асыраушысынан айрылған, мүгедек жандар, жетім балалар әлеуметтік қорғалады.
Қазақстан Республикасы Ата Заңында «өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсеткен. Әрине, әлеуметтік мемлекеттің негізгі принципі де әлеуметтік саясатты жүргізіп, негізгі функцисы әлеуметтік қорғау болып табылады. «Әлеуметтік қорғау – бұл мұндай қатынастар, яғни оның қамқорлығында индивидтер қоғамдағы өз позицияларын сақтауға мүмкіндіктері болады. Әлеуметтік қорғау – саяси немесе әлеуметтік одақты сақтау функциясы».
Әлеуметтік саясатты жүргізудің негізгі мынадай принциптері бар: баға көтерілгенде компенсацияның түрлі формаларын енгізіп және индексация жүргізу арқылы халықтың өмір деңгейін қорғау; ең кедей отбасыларға көмектесу; жұмыссыздық жағдайында көмек беру; әлеуметтік сақтандыру саясатын жүзеге асыру; мемлекет есебінен білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғауды дамыту, мамандандыру бағытында белсенді саясат жүргізу. Жалпы әлеуметтік саясатты жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады: саясатты қалыптастыру, оны халыққа тарату және оны әр адамның қабылдауы. Әлеуметтік саясатты қалыптастыру процесіне түрлі үкіметтің жасаған бағдарлама, жобалары және парламент, президенттің бекіткен заң, жарлықтарын тікелей жатқызуымызға болады. Ал енді әр адамның әлеуметтік саясатты қабылдауы, ол тікелей екінші кезеңнің жүзеге асуына байланысты өз нәтижесін береді.