2.4. «Шет сөздердің імләсі жайында» немесе Телжан Шонанұлының емле жөніндегі еңбегі
Қазақстанның келешектегі даму бағытын сөз еткенде, өткен тарихын да әрдайым есте ұстап, тарихтан тағылым алған абзал. Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – дей келіп, ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту қажеттігін баса айтқан еді [30]. Осыған байланысты ұлттық кодтың негізі болатын ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстауымыз қажет.
Бүгінде латын графикасына көшуге байланысты терминдерді таңбалау, халықаралық атауларды дұрыс жазу мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялыларының еңбектерінің маңызы артып отыр.
1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да, оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:
а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;
ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;
б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, еуропа сөзін алу.
Ғасыр басында қазақ білімпаздары аударма ісіне белсене араласқаны белгілі. Мұрағат деректеріне зер салсақ, Ә.Бөкейханұлы – география, Е.Омаров – алгебра, М.Жұмабаев – педагогика, Ж.Аймауытов – дидактика, Ф.Ғалымжанов – физика‚ Б.Сәрсенов – геометрия, И.Тұрғанбаев – арифметика, Қ.Кемеңгерұлы – жаратылыстану пәндері бойынша оқулықтарды қазақ тіліне аударғанынан хабардар боламыз.
Осы кезде емле, термин мәселелері қызу талас тудырып, басылым беттерінде көптеген мақалалар жарық көрді. Олардың қатарына А.Байтұрсынұлы “Емле туралы”‚ Т.Шонанов “Шет сөздерінің імләсі жайында”‚ А.Мамытұлы “Емле‚ пән атаулары туралы”‚ Е.Омаров “Емле мәселесі”‚ Ж.Аймауытұлы “Емле‚ әріп жайында” т.с.с. мақалаларды жатқызуға болады.
Бұл мәселе 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде де сөз болады. Онда Елдес Омаров баяндама жасап, шеттен еніп жатқан терминдер (жат сөз) қазақтың өз сөзіндей тілімізге сіңіп кетуі үшін қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарына сәйкестендірілуі керектігін ескертіп, 9 заңдылықты көрсетеді:
1. Қазақ тілінде үндестік заңы бар.
Қазақ тілінде үндестік заңына келмейтін сөздер де жоқ емес. Соны айтып үндестік заңына қарсы болып жүрген азаматтарымыз да бар. Үндестік заңына келмейтін сөздердің бәрі де қазақтың өз сөзі емес, қазақ тіліне кіріп кеткен жат сөздер. Үндестік заңына келмейтін қазақша сөз түрі жалғыз-ақ «нікі» («дікі», «тікі»)-мен жалғанып айтылатын сөздер.
Қазақ тілінде үндестік заңы бар екеніне осы «нікі»-ден басқа қарсы дәлел жоқ. Дұрысында, ешбір тілде де тастай қатқан тұрлаулы заң болмайды: бір заңның күшімен екінші заңға бағынбай кететін сөз түрлері болмай қалмайды. Ондай заңға келмейтін бірен-саран сөз түрлерінен ол заңды жоққа шығару я ол заң жоғалуға бет алған деп жору – қата.
Қазақ тілінде үндестік заңы бар екені рас болса: қазақ тіліне кіргізген жат сөздердің бәрін де сол заңға келтіріп алу керек, сөздің ішіндегі дыбыстарының бәрін де бірыңғай жіңішкертіп я бәрін де жуандатып алу керек.
2. Қазақ тілінде жұмсақ «ә» сөздің бас буынынан басқа буындарда болмайды, әсіресе сөздің соңғы буындарында жұмсақ «ә» болмайды.
Бұл: үндестік заңының салдарымен болған, қазақ тілінің айрықша бір қасиеті. Қазақ тілінде «Мәриә», «Кәмійлә» сықылды соңғы буындарында жұмсақ «ә» келетін сөздер де жоқ емес. Бірақ ол сөздер арабша оқыған молдалардың зорлап кіргізген сөздері, мұндай сөздің ерсі жері – бұларға жалғау қосып өзгерткенде, бұлар қазақ тілінің сөз жүйесінше өзгере алмайды «Кәмійлә»-ның өзі жұмсақ болғанмен, мәселен, барыс жалғауы, қазақша сөз жүйесінше «Кәмиләге» болмайды «Кәмійлаға» болады. Қазақ тілінің мұндай сөздің бас буынынан басқа жеріне жұмсақ «ә»-ні сыйдырмайтын қасиеті болған соң: бас буыннан басқа буындарында жұмсақ «ә»-сі бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, «ә»-ні өзгертіп я «е», я жуан «а» қылып алу керек («адабыиат» – «әдебиет»).
3. Қазақша сөздерде «о», «ұ» дыбыстары бас буындарда ғана болады. Басқа буындарында «о», «ұ» дыбысы бар, «бейнетқор», «қамқор» сықылды сөздер оның аяғында «қор» деген жат жұрнақ болғаннан ғана болып тұр. Тіліміздің ымырасынша «о», «ұ» дыбыстары бас буыннан басқа жерде тұра алмайтын болған соң: бас буыннан басқа буындарда «о», «ұ»-сы бар жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде «о», «ұ»-ларды басқа бір дауысты дыбысқа айналдырып алу керек (Покров – боқырау).
4. Қазақша сөздің аяғы «ғ», «г», «д» болып тынбайды, «қ», «к», «т» болады. Ондай сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жұрнақ жалғаулар (жіктеулер) қосылып «қ», «к»-лер («т» емес) екі дауысты дыбыстың арасына түссе (олардың алдындағы дыбыстары да дауысты болса, «ғ», «г» болып өзгереді. «Ғ», «г», «д» дыбыстарымен тынған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде сөз аяғындағы «ғ», «г», «д»-ларын «қ», «к», «т» қылып алу керек. Бұл дыбыстардың алдындағы дыбыстары дауысты дыбыс болғанда, артынан жаңа дауысты дыбыс жалғанса: «қ», «к»-лер «ғ», «г» болып өзгеретін болып, «т» өзгермей, сол күйінде қалатын болуы керек. Ондай сөздің аяғындағы «қ», «к»-лердің алдындағы дыбыс дауысты болмаса, ол сөздерге дауысты дыбыспен басталатын жалғау, жұрнақтар жалғанғанда да «қ», «к»-лер өзгермейтін болуы керек. Я болмаса сөз аяғындағы «ғ», «г», «д»-ларды мүлде жоғалтып жіберу керек (Оренбург – Орынбор).
5. Қазақ тілінің үздіксіздік заңы бар. Қазақша сөздің ішіндегі дауысты дыбыстан айырылып (онан кейінгі буынға) шыға алмайды («қарағай», «қар-ағай» болып үзіліп буындала алмайды); «мәселе» сықылды үзіліп буындалатын сөздер қазақ тілінде болмайды. Және: бір сөздің ішінде арасына дауыссыз я жарты дауысты дыбыс салмай, екі дауысты дыбыс қатарынан келмейді. Үздіксіздік заңына келмейтін жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде, өзгертіп үздіксіз қылып алу керек («мәсле» – «мәселе», «мүмін» – «момын»).
6. Қазақша сөздің екпіні соңғы буынында болады. Сондықтан екпіні соңғы буыннан басқа буындарында болған жат сөздерді қазақшаландыруында тілін соңғы буынға келтіріп алу керек («Самара» – «Самар», «пуховый» – «бөкебай»).
7 Қазақша сөзде бір дыбыс қосарланып келмейді. Сондықтан дыбысы қосарланған жат сөздерді қазақ тіліне кіргізгенде қатарынан екі қама айтылатын дыбыстың біреуін я мүлде жоғалтып жіберу керек те я болмаса орнына басқа бір дыбыс кіргізіп алу керек («Макка» – Мекке», «Алла» – «Алда»).
8. Қазақ тілінде өзінде жоқ дыбыстардан тізілген сөздер болмаса керек.
Тілінде жат дыбыстары бар жат сөздерді пән сөз қылып алғанда, оның жат дыбыстарын шығарып тастап, орнына қазақша дыбыс кіргізіп алу керек. Жат дыбыстардың әрқайсысына алдын ала қазақ дыбысын арнап көрсетуге болмайды; ретіне қарай, мәселен, ерсі «у», «п», «б» болып өзгеруі мүмкін; «х» дыбысы қазақша кейде «к», кейде «қ» болып өзгеріп, кейде мүлде жоғалып кетуі мүмкін.
9. Қазақ тіліне кірген жат сөздер түбір сөз есебінде алынып, қазақ тілінің заңдарынша өзгеретін болуға тиіс.
Жат сөздерді жат жұрнағымен алуға болмайды; жұрнағымен кірген сөз болса, оның сол жұрнақты түрін түбірге балап алу керек.
Қазақ оқығандары арасында жат (шет) сөздерді қабылдауда екі түрлі ұстаным болған. Осы съезде сөйлеген сөзінде де, «Жат сөздер туралы» деген кітапшасында да Н.Төреқұлов түркі тілдерінен сөз іздемей-ақ «делдалсыз тура Аурыпадан алуды» ұсынады да бибауырмал дегеннің орнына интернационал, тарих сөзінің орнына история, тарихшы сөзінің орнына историк деп қолдану керектігін айтады. Жат сөздерді “өзге жұрт тілдерінде айтылуынша ешбір бұзбастан, айнытпастан алу керек. Кәзір Қырым, Әзербайжан сықылды өзге ұлт респөбликелері де солай алып жүр. Біз неге сүйтпейміз?”– деушілерге Х.Досмұхамедұлы “Жат сөздерді қолданғанда, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді”, -деп жауап берсе, А.Байтұрсынұлы “Сәбитке жауап” деген мақаласында: “Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар”,- деген еді.
ХХ ғасырдың басындағы басылым беттерінде коммунист сөзін ортақшыл, интернационал – бейбауырмалт.с.с. етіп алу сияқты көптеген ұсыныстар болғанмен, мұндай сөздер негізінен аударылмай, орыс тіліндегі күйінде берілген. Онда да екі түрлі бағыт байқалады: бірде коммунист, социализм, комиссариат, пролетариат, конференция т.с.с. сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне үйлестіріп, сингармонизмді сақтауға тырысушылық байқалса, енді бір жерлерде сингармонизм заңдылықтары ескерілмей, сөз негізгі қалпына мүмкіндігінше жақын етіп берілген.
Мысалы: Ақша кемесеретінде әуелі оқыу басталғанда 70-ке жақын адам оқыймыз деп іспескесін берді («Еңбекші қазақ», 20.03.1928, №65 (1092).
Достарыңызбен бөлісу: |