ҚОРЫТЫНДЫ
Диплом жұмысын қорытындылай келе, біз Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде немесе рухани мұраларында ұлттық идея көтерілген негізгі тақырыптардың бірі екендігіне көз жеткіздік. Рас ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының ауыр тағдырын түзетуге бағытталған әрекеттерінің нәтижесінде дүниеге келген шығармалары, жазылған өлеңдерінің барлығы дерлік ұлттық идея аясындағы ойлар екендігі даусыз. Біз алдымен ұлттық идея ұғымының теориялық негіздерін айқындап, Ахмет Байтұрсынұлының осы ойларын сол жүйеге сай сәйкестендіре алдық.
Ұлттық идея ұғымы өте кең мәселелерді қамтиды. Ол алдымен белгілі бір этностың сан ғасырлық қалыптасу үдерісі барысында жүйеленген тілі мен дәстүрі, мәдениеті мен әдет-ғұрпы сынды мәселелерді өз бойына жинақтайды. Ұлттық идея белгілі халықты бір мақсат төңірегіне біріктіретін күшке ие болып табылады. Диплом жұмысы қорытындысында бұл идеялар жиынтығы мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтық қоғамының қалыптасуының басты тетігі болып табылады деп нақты тұжырым жасаймыз.
Диплом жұмысы барысында біз Ахмет Байтұрсынұлының негізгі шығармаларын қарастырып, оның бай рухани мұрасына талдау жұмыстарын жүргіздік. Алдымен Ахмет Байтұрсынұлының азамат болып қалыптасуына түрткі болған тарихи жағдайларды саралап, нақты қорытындылар жасай алдық. Нәтижесінде Ахмет Байтұрсынұлының белсенді қоғамдық-саяси қызметтер атқаруына түрткі болған жайт ХІХ-ХХ ғасыр шенінде Қазақстандағы патшалық Ресейдің отарлық саясаты болып табылады. Патша үкіметі қазақ даласын тек қана саяси тұрғыдан ғана тәуелді етіп қоймай, қазақтарды экономикалық және рухани сипатта отарлау жұмыстарын жоспарлы жүргізді. Қазақтардың шұрайлы жерлерін тартып алып, өздерін шөлейіт жерлерге ығыстырады. Қазақтар арасында христиан дінін кеңінен таратып, ислам діні мен оның рәсімдерін орындауына тыйым сала бастайды. Міне осындай орын алған ахуалға қоса қазақтар ауыр салықтар да төлеуге мәжбүр болды. Сөзсіз аталған жайттар қазақтардың күн көрісін қиындатып, тіпті ұлт ретінде жойылудың алдында түрды. Орын алған ахуал Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт қайраткерлерінің қалыптасып, қазақтың мүддесі жолында еңбек етуіне жағдай жасады. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасында ұлттық идея мәселесі кеңінен кездеседі деп айта аламыз.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының басына түскен ауыр жағдайды ең алдымен саяси сауаттың қалыптаспауымен байланыстырды. Сондықтан білім мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Саналы ғұмырының бірнеше жылын бала тәрбиесіне арнаан Ахмет Байтұрсынұлы балаларды ана тілінде оқытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Ең бастысы балаларды оқыту ісі тегін негізде жүруі қажет деп санады. Өзінің бұл ойын кейінгі жылдары Алаш партиясы бағдарламасы мен Алаш-Орда үкіметінің құрылу барысында жүзеге асыруға талпынады.
Біз диплом жұмысы барысында жекелеген зерттеушілер ұлттық идея діни аспектілер негізінде қалыптасуы тиіс деп санайтындығын атап өттік. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы дәстүрлі діни наным-сенім жүйесінен бас тартпағанымен, дінді мемлекеттік биліктен тыс қарастырады. Демек зайырлы мемлекет болуды дұрыс деп табады. Оның үстіне ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басында қазақ даласында дін істерін ұйымдастыруды патшалық Ресей шенеуніктері өз қолына алып, дәстүрлі қазақ қоғамындағы діннің орнын тым төмендетіп жіберді. Дүмше молдалар көбейіп, шариғат заңдарын бұрмалау ісі де орын ала бастады. Міне осы орын алған жайт Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне де арқау болды. Сөзсіз дін істерін қатал сынайды. Осының өзі Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамын ұйыстыратын ұлттық идеяның негіздері қазақ тілі мен сапалы әрі бәсекеге қабілетті білім беру деп таниды. Әрине біз жоғарыда атап өткеніміздей, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының саяси тұрғыдан да сауатты болуын қалады. Сондықтан да әр адамның сайлау құқығы сақталу керек деп, қазақтардың дүниетанымына саяси тетіктердің мәнін түсіндіруге тырысады.
Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасындағы басты қозғаушы философиялық ой мемлекеттшілдік түсінігімен тығыз байланысты. Рас Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы бүгінгі күннің шындығымен тығыз тарихи сабақтасып жатыр. Диплом жұмысы барысында біз Ахмет Байтұрсынұлы дұрыс деп тапқан мәселелердің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ахуалын сипаттап, қанша жыл өтсе де қазақ тілі, дін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып сынды бағыттардың өзекті екендігі және әлі де болса осы істерде шешімін таппаған өткір мәселелер бар деп тұжырымдадық.
Достарыңызбен бөлісу: |