М. Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» орта ғасыр жазба ескерткішінің зерттелу тарихы
Түркі өркениетінің көшбасшы ғұламаларының қатарына жататын Махмұт Қашқаридың алуан дерек көздері мен мол материалдарды қамтитын жалпытүркілік «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегі араб əліпбиі негізінде түрік тілінде жазылған. Еңбекте түрік сөздері араб транслитерациясында беріліп, сол ғасырда өмір сүрген түркі халықтарының тілдері, олардың өздеріне тəн грамматикалық ерекшеліктері, этимологиясы мен қолдану нұсқалары көрсетілген. Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, əдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері мен түрік тілінің бітімі ежіктей түсіндіріліп, түркі əлемінің ұлттық мұраты көрсетілген «Диуани лұғат-ит-түрік» жазба ескеркіші сегіз бөлімнен тұрады:
– «Хамза кітабы». М. Қашқари бұл бөлім жайлы «Тәңірі кітабының жөнімен мен бұл кітабымды хамзамен бастадым» деп көрсетеді [10, T.1, 32 б.];
– «Сəлім кітабы» (бұл бөлімде құрамында «а», «у», «и» əріптерінің ешбірі болмаған жəне əріп қайталанбаған сөздер берілген);
– «Мұзоаф кітабы» (бір əріп екі рет қайталанатын сөздер);
– «Мисал кітабы» («а», «у», «и» əріптерінің бірімен басталған сөздер);
М.Қашқари əрбір бөлімнің өзін атаулар (есімдер) мен етістіктер секілді екіге ажыратып, алғаш атауларды яғни есім сөздерді, содан кейін етістіктерді көрсетіп əрқайсысын өз орнына қойған [10, T.1, 32]. Əр бөлімнен түркі халықтарына ортақ өмір тұрмысына қатысты əр алуан атаулар мен ұғым- түсініктер, сөздер жиынтығы орын алып, олардың семантикалық мəн-мағынасы мен этимологиялық сипаттары ашылған. Халық əдебиетінің алуан үлгі- өрнектері көрсетіліп, 29 тайпа, 110 жер-су атаулары, төрт жолдық 242 шумақ өлең, 262 мақал-мəтелдер мысал ретінде берілген [24, 7 б.]. Сөздікте түрік тіліне тиесілі негізі 18 əріп жəне бұл əріптердің қатарына қосылмайтын 7 əріп бар екендігі сөз болып, орта ғасыр түрік əліпбесінің өзіндік ерекшеліктері көрсетіліп, лексемалардың түзілу, түрлену, жасалу жолдары айтылған. М.Қашқари үндестік заңына сəйкес қосымшалардың, жалғаулықтардың үндесуіне қатысты қағидалар түзіп, жалпы түрік тіліне ортақ заңдылықтарды тіл білімінің өзекті күретамыр шарттары ретінде көрстеді [10, T.1, 35 б.]. Ғұлама бұл жəдігерді жазудағы мақасатын былай түсіндіреді: «Сонымен, мен сол түріктердің қызыл тілге ең шешендерінен, ең әдемі әңгімешілерінен, ең бір зеректерінен, ең білгірлерінен, ежелгі асыл тайпаларынан уа соғыс ісінде мықты найзагерлерінен болғандығымнан, олардың шаһарлары мен сахарасын бастан-аяқ аралап шықтым. Түрік, түркімен, оғыз, шығыл, йағма, қырғыздардың сөздерін және (сөздерінің) қасиет, құпияларын анықтап шықтым, оларды пайдаландым. Мен бұл істерді осы тілдердегі әрбір кішігірім айырмашылықтарды парықтап білу үшін істедім. Сонымен олардың әрқайсысының тілі менің көңілімде ұялап, берік сақталып қалды. Мен оларды мұқият реттеп, әбден тәртіпке келтіріп, жүйелеп шықтым. Бұл бір мәңгілік жәдігерлік уа таусылмас-түгесілмес, азып-тозбас бір байлық болсын деп, бір Тәңірге сыйынып, осы кітапты түзіп шықтым да, оған «Диуани лұғат-ит- түрік – Түрік тілдерінің диуаны» деген ат бердім» [10, T.1, 8 б.]. Бұдан бөлек М.Қашқаридың өзі аралап шығып, ескерткіш тілінде көптеп мысал келтіретін түркі халықтарының қатарына арғу, басмыл, йабақу, қыпшақ, қарлұқ, кешжек, оғрақ, тохсы, ұйғыр, шарұқ, шөмүл тайпаларын да қосуға болады.
М.Қашқари түркі əлемін таныту мақсатында Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз, Қашқардан бастап орта ғасырдағы ежелгі шаһарларды, елді мекендерін, жер бедерін түгелдей қағаз бетіне түсірген. Бұл түзілген дөңгелек карта əлемнің ең ежелгі түрік картасы ретінде белгілі. Жəдігерде ғұлама дөңгелек картаны сипаттау барысында Рұм жерінен ұлы мұхитқа дейінгі аралықтағы түркі ру- тайпаларының орналасқан аумағы мен тілді таза сақтаудың əлеуметтік, географиялық ерекшеліктерін сөз етіп, түркі тілдерінің алғаш ареалды классификациясын жасайды. Осынау ең көне дəуірдегі түркілердің əлемдік
картасы, түркі дүниесі жөніндегі егжей-тегжейлі сипаттама, талдаулар ғалымның өлмес мұрасының басты бір қасиеті деуге болады [10, T.1, 17 б.]. Назар аударарлық жайт, автордың түркі халықтарының баршасына ортақ атау- ұғымдарға қатысты көзқарастарды, анықтама-мəліметтер мен ой-сөз жүйелерінен əмбебап білімдарлығы, мол өмір тəжірибесі мен еңбекқорлығы кеңінен көрінеді. Қоғам құбылыстары мен кезең көріністері, өмір-уақыт шындықтары мен тұрмыс-тіршілік тыныстары туралы да кең ауқымды ізденіс- еңбектер атқарылып, маңызды мəлімет, құнды деректер қалдырған. Əрбір атау- ұғымдарға, ой-сөз жүйелеріне анықтама-мəлімет, деректер келтіріледі. Ортақ тұстары мен ерекшеліктері көрсетіліп, əр алуан ғылым салаларына қатысты мəн-маңызы ашылған.
Еңбектің энциклопедиялық құндылықтары түрк халқының дүниетанымы мен болмысына бойлаудан бастау алады. М.Қашқари сөз арқылы сол түркі халықтарының санасына, мифологиялық байлықтарына, энтикалық құрылымы мен қоғамдық құрмалас қарым-қатынасына, құзыретлі діні мен тектік түп негізіне тереңдеп, теңіз түбінен маржан тергендей сүзе отырып, түрктер өмірін материалдық жəне рухани тұрғыдан сипаттап, этикалық, эстетикалық баға жетпес құндылық құбылыстарын алақанға салып, айнадан қарағандай етіп көрсетеді. Жəдігердің тарихы тереңге бойлаған түркі халықтарының ішіндегі қазақ халқына қатысын «Диуани лұғат-ит-түрік» энциклопедиялық еңбегін тұңғыш рет қазақша аударған, белгілі түркітанушы ғалым А.Қ.Егеубай аталмыш еңбектің алғы сөзінде: «Барша түрік əулетіндегі халықтардың қатарында қазақ елінің мəдениетіне, тіліне, өнеріне тікелей қатысты ұлы ескерткіштердің ішінде осы «Түрік тілдері», – деп тұжырым жасайды [10, T.1, 9 б.].
А.Н.Кононовтың бағалауы бойынша, ХI ғасырдағы түркі тайпалары мен халықтарының, ру мен ұлыстарының тіршілік-тынысы, қал-жағдайлары, болмыс-ахуалы жайында бізді хабардар ететін қазіргі кездегі жалғыз жəдігерлік осы «Диуани лұғат-ит-түрікте» жазылып қалған сөздердің жиыны болып есептеледі [25, 7 б.]. Ғалымның тұжырымы бойынша, «Диуани лұғат ит-түрік» мынадай мəселелер бойынша айқын жəне айшықты түрде тиісті мəліметтер бере алады: сол дəуірдегі түркілердің материалдық мəдениеті туралы куəлік бере алатын заттар мен құрал-жабдықтар жайында; шаруашылық тұрмыстың хал-жағдайын білдіретін нəрселер (киім-кешек, бас киім, аяқ киім, үй-жай, жиһаз-мүлік, мата, əшекей бұйымдары, қару-жарақ, сауыт-сайман, аттың ер- тұрманы, əбзел жабдықтары, тұрмыстық құралдар, музыкалық аспаптар, т.б.), этнонимдер мен топонимдер, ру-тайпа аттары мен олардың таралуы; туысқандық атаулар мен олардың өзара қарым-қатынасы; атақ-дəреже мен лауазым; шен-шекпен атаулары; асыранды мал (төрт түлік) мен мал шаруашылығына байланысты терминдер, жабайы хайуандар жəне құстардың атаулары, өсімдіктер мен дəнді дақылдар, астрономиялық терминдер, халық күнтізбесі жайында; күндер мен айлардың, жылдардың аттары, географиялық жəне номенклатуралық терминология; қалалар жайында; ауру-сырқау мен дəрі- дəрмектер аттары; анатомиялық терминология; металдар мен минералдардың
аттары; əскери, спорттық жəне əкімшілік терминология; əр алуан тарихи жəне аңыздық (мифологиялық) кейіпкерлердің аттары [25].
М.Қашқари еңбегінің мəні мен маңызын философиялық тұрғыдан қарастырған қазақстандық ғалым Қ.Ұ.Əлжан былай дейді: «М.Қашқаридың еңбегі – көне түркі халқының тілдік жəне этникалық сана-сезімінің жарқын көрінісі ретінде бағалы, əдеби жəне мəдени дəстүрлердің өркендеуіне, кемелденуіне ықпал еткен, араб халифаты дəуірінде халықтың өзін рухани танытуына үлкен мүмкіндіктер туғызған бірегей тілдік ескетркіш» [26, 98 б.]. Ғалымның ойын С.Е.Нұрмұратов мынадай тұжырымдары арқылы толықтыра түседі: «Бұл еңбекте түркі тілдес халықтардың фольклоры мен тарихи аңыздары, тілдік байлығы барынша өз дəуірінің талаптарының жоғарғы деңгейінде сипатталады. Міне, сонымен жоғарыдағы шығарма түркілік өркениеттің жазба мəдениетінен, яғни хаткерлік мəдениетінен кезінде құр алақан танытатын дүние болып тұр. Қазіргі ұрпақ сол дəуірдегі халықтық дүниетанымның інжу-маржанын осы еңбек арқылы білуіне болады жəне қазіргі кезеңдегі Кіндік Азиядағы мəдениеттің бастаулары өте жақын болғанын аңғара алады» [27, 202 б.].
«Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің бүгінгі күнге жалғыз қолжазбасы жеткен, ол Стамбулда Миллет Генель кітапханасында сақтаулы тұр. Қолжазба 319 парақтан тұрады, өлшемі шамамен 239 x 165 миллиметр, барлығы 638 бет бар, бұл беттер ХХ ғасырда нөмірленген. Ғұлама еңбекті хижра бойынша 466 жылы, біздің жыл қайыруымыз бойынша 1074 жылы аяқтаса, қолжазбада сақталынған мəтін түпнұсқадан екі ғасыр өткеннен кейін хижра бойынша 664 жылы, біздің жыл қайыруымыз бойынша 1266 жылы көшірілген [28, 13 б.]. Оны көшіруші Персияның Сава деген жерінен шыққан Мұхаммед ибн Əбубəкір Əбл Фатих Махмұт Қашқаридың өз қолымен жазған түпкі нұсқасынан тікелей көшірілгенін куəландырып, хаттаған. «Бұл кітапты түпнұсқадан көшіріп болған күн 644 жылғы шəууəлінің 27 күнгі базар еді» деп, осы кітаптың соңында жазған, бұл қазіргі жыл санау бойынша 1-тамыз 1266 жылға сəйкес келеді [28, 14 б.].
XX ғасырдың басында «Диуани лұғат-ит-түрік» қолжазбасын түрік ғалымы Али Эмри (1857-1923) Стамбулдағы кітап базарынан сатып алады. Қолжазбаның алғаш көшірмесін 1917-1919 жылдар аралығында Билге Рифат Килисли (1873-1953) жасап Стамбулда бастырады [29]. Сол дəуірде Стамбулдың ғылыми ортасымен тығыз байланыста болған неміс зерттеушісі Мартин Хартман (1851-1918) «Диуани лұғат-ит-түріктің» алғашқы томы шығысымен-ақ ескерткіштегі діни мəселелерге тоқталып, «Миллий тетеббулар межмуасы» жураналының № 4 санына өз мақаласын жариялайды [30, 167 б.] Сол жылы аталмыш журналдың № 5 санында түрік ғалымы Фуат Көпрүлүнің жазба ескерткіштің екінші томының басылып шығуына байланысты мақаласы шығады. Мақалада «Диуани лұғат-ит-түрік» түрік сөздіктерінің ең ескісі екені айтылып, ескерткіштегі ең негізгі диалект «хакан түрікшесі» яғни Қашқар диалекті екені ескеріліп, түркілердің ру-тайпалары мен тілі, тарихы мен географиясы өмір болмысы туралы кең мəлімет беретін жəдігер екені сөз
болған [31, 381 б.]. Жəдігердің көшірмесі толығымен басылып шыққаннан кейін өркениет өрісіндегі ғалымдар тарапынан кітаптың түркі халықтарына ортақ тұстары, мəдени-рухани, тілдік сипаттары кеңінен көрсетіліп, əлемдік маңызы мен филологиялық қырлары, тарихи-əдеби негіздері жан-жақты ашыла бастады. Атақты неміс түркітанушысы К.Брокельман 1918 жылдан бастап жəдігердегі Махмұт Қашқаридың берген мəліметтері бойынша, түркі тайпаларының өмірі, тілі, мақал-мəтелдері, грамматикалық эскурстары жайлы бірнеше мақалалар жариялайды [32, 33]. Сонымен қатар К.Рифаттың басылымы негізінде 1928 жылы «Орта түрік тілі сөздігі» жарық көрді [34]. 1921 жылы неміс шығыстанушысы Г.Бергштрессер «Диуани лұғат-ит-түріктің» құрылымын «Диван ал-Адаб ал-Фарабидің» құрылымен салыстырған мақала жазса [35, 154 б.], 1923 жылы Ф. Хоммел «Диуани лұғат-ит-түріктегі» көне түркі мақал мəтелдерін анықтап берді [36, 182 б.].
Орыс зерттеушілерінен М.Қашқари еңбегіне алғаш болып көңіл бөлгендердің бірі атақты орыс түркітанушысы В.В. Бартольд болды. Ол жəдігерді қырғыз, түркімен, түркі-монғол жалпы Орта Азия мен түркі халықтарының тарихын зерттеуде тарихи-этнографиялық дерек көзі ретінде пайдаланды [37]. Одан бөлек, орыс ғалымы С.Е.Малов 1926 жылы көне түркі əдебиеті хрестоматиясына «Диуани лұғат-ит-түріктен» бірнеше өлең шумақтарын орыс тіліне аударып, Ташкент қаласында басып шығарды [38].
XX ғасырдың 20-жылдары «Диуани лұғат-ит-түрік» Кеңес Одағының құрамындағы түркі тілдес мемлекеттердегі ғалымдардың да назарын аударып, Азербайжандық ғалым Б.Чобанзаде 1926 жылы Баку қаласында өткен I түркологиялық съезде түркі тілдерінің туыстығына байланысты баяндама жасаса [39, 96 б.], П.К.Жузен жəдігерге қатысты мақаласын жариялады.[40, 27 б.]. Татарстанда түркітанушы Дж.Велидовтың [41, 107 б.], Өзбекстанда А.Фитраттың [42] ғылыми еңбектері жарық көрді. Ерекше атап өтетін жайт, жинақ жайлы түркі халықтарының ішінде алғаш зерттеу жүргізгендердің қатарында Алашорда ардагері, қазақ зиялысы, ұлы ағартушы Халел Досмұхамедұлының болуы. Ғалым «Диуани лұғат ат түрік» деген мақаласында жəдігер жайлы бірінші дүние жүзілік соғыс алдында естіп, соғыстың кесірінен бейхабар қалғанын айтып, М. Қашқаридың дөңгелек картасын тіліне тиек етіп, жағрафияны тіл ғылымына қолдану ислам əлемінде бұған дейін болмағанын атап өтеді. Жəдігер жайлы Еуроппа ғалымдарының пікірін естімегенін айта келіп, сөздікке «ескі түркі Орхон «бітік тастары» қандай ахмыты болса, М.Қашқари кітабының да ахмыты сондай» деген баға береді [43, 23 б.].
XX ғасырдың 30 жылдарынан бастап түрік ғалымы М.Ф.Көпрүлү «Диуани лұғат-ит-түрік» негізінде, түркі тілдерінің тарихына арналған бірнеше зерттеу жұмыстарын ғылыми қоғамға ұсынса [44, 45, 46], башқұрт ғалымы А.З.Велиди Тоған 1932 жылы «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің жазылу жылын нақты анықтауға байланысты жəне М.Қашқаридың биографиясын қайта қарастыру керектігін білдіретін мақала жариялады [47, 77 б.]. Неміс ғалымы А. Германн 1935 жылы М.Қашқаридың жасаған «Диуани лұғат-ит-түрікте» кездесетін түркі тайпаларының картасын жариялап шығарды. Ғалым мақаласында жəдігерде
кездесетін Жабарқа топониміне толығырақ тоқталып, нақты қазіргі орналасқан жері жапония аумағы болуы мүмкін деген жорамал жасады [48, 21 б.]. Көп уақыт өтпей А. Германнан кейін картография мəселесіне КСРО ғалымы И.И.Умняков (1890-1976) оралады. Ол «Диуани лұғат-ит-түріктегі» картаның авторы басқа адам болуы мүмкін деген сынды сыни көзқарастарын білдіріп, топонимдерге өзіндік түсініктеме берген «Самая старая турецкая карта мира (XI в.)» атты мақаласын жариялайды [49, 103 б.]. 1936 жылы КСРО-да əзірбайжан ғалымы Х.С.Ходжаев тарапынан еңбектің тарихи маңызы сипатталған мақала шығарса [50, 274 б.], үш жылдан кейін «Түркімендер мен Түркіменстан тарихы бойынша материалдар» деген ғылыми жинақ жарық көріп, оған М.Қашқари жəне оның шығармасы туралы мəлімет келтірген В.И.Беляевтің еңбегі, И.Н.Лемановтың «Диуани лұғат-ит-түріктен» орыс тіліне аударған түркімен-оғыздарға арналған үзінділері енгізілді [51].
XX ғасыр 30 жылдарының соңы мен 40 жылдардың басында «Диуани лұғат-ит-түрікті» Б.Аталайдың түрік тіліне аударуы араб тілін біле бермейтін, түркітанушы ғалымдарға жəдігерді зерттеуге үлкен мүмкіншілік туғызып, Қашқаритану ілімінің даму қарқынын ілгерлетті. Бесім Аталай көп зерделеп ізденіп, өлмейтін, түркі тарихымен бірге жасай беретін ғұмырлық қызмет сіңірді. «Диуани лұғат-ит-түрік» кітабын Түркия түрік тіліне тəржімалап, жүйелеп 1939 жыл мен 1941 жыл аралығында 3 томын, 1943 жылы индекс сөздігін Анкара қаласында басып шығарды [52]. Сонымен қатар, қолжазбасының факсимильді басылымын жүзеге асырды. Бесім Аталай қолжазбадағы түсініксіз тұстарды парақтап, талдап түсіндіріп, өзіне дейінгі зерттеу жұмыстарын саралап, зерделеп, К.Броккельман еңбегінде орын алған жаңсақтарды дəлелді түрде түзетіп, тиянақты ғылыми түсіндірмелер жасап, кейінгі түркітанушы мамандарға аса пайдалы, халық тарихына да жарайтын академиялық іс тындырды. Ол түрік танымына тəн ерекшеліктерге, ел-жер атттары, этнологиялық таным түсініктерге, этнографиялық, топонимдік ерекшеліктерге қатысты мұқият ғылыми жүйелікке ұмтылды. Бесім Аталайдың ғылыми еңбегі, тұжырымдары кезінде Карл Броккельман тағы басқа айтулы мамандар тарапынан қолдау тапты, жоғары бағаланды. Мəселен атақты совет түркітанушысы А.Н.Кононов Б. Аталайдың аудармасы жайлы былай дейді:
«сыграл особую роль в развитии тюркологии, дав в руки тюркологов глубокий по суждениям и важный по заключающимся в нем материалам труд» [53, 4 б.]. Жалпы Бесім Аталайдың Түркия түрік тіліне аударған аудармасы, талдаулары, түптеп келгенде ғылыми аударма болып табылады. Сол себепті осы саладағы мамандар мен зерттеушілер ден қойып, бағыт етіп ұстанатын бірден бір басылым нұсқасы.
XX ғасырдың 40 жылдары адамзат тарихындағы əлем өркениетінің өркендеуін ширек ғасырға тежеген, cұрапыл II-дүниежүзілік (1939-1945) соғыс кезеңі болғаны белгілі. Сол себепті бұл кезеңде Қашқари мен оның жəдігеріне қатысты ешбір жариялымдардың болмауы заңды құбылыс. Дегенмен, соғыстың артынша 1946 жылы Б. Аталайдың сəтті аудармасын тиімді пайдаланып, М.Қашқаридың өмірі мен қалдырған мұрасы туралы мəліметтер жүйеленіп
берілген Түркиялық ғалым М.Ш.Үлкүташырдың «Ұлы түрік тілшісі Қашқарлы Махмұт» атты алғашқы ғылыми монографиясын ескермей кете алмаймыз [12].
Соғыстың сұрапылы артта қалып, ел ес жиған 50 жылдары Қашқаритану қайта жаңарып, жаңғыра бастады. Қарахан тарихы мен М.Қашқаридың өмірбаянына байланысты даулы мəселелер жоғарыда атап өткен украин шығыстанушысы Омелян Прицактың назарына ілінсе, 1951 жылы С.Е.Маловтың «Памятники древнетюркской письменности» атты еңбегінде
«Диуани лұғат-ит-түрікті» зерттеуге арналған көлемді материалдар енгізілді. Итальян ғалымы А.Бомбачи 1956 жылы жарық көрген «Түрік əдебиетінің тарихының» бір бөлімін М.Қашқари еңбегінде келтірілген поэтикалық нақыл сөздерге арнады [54, 81 б.]. Бір жылдан кейін Луи Базеннің ескерткіштің жазылған жылына байланысты деректерді ортаға салған мақаласы жарияланса [55], 1958 жылы түркі тілдерінің тарихына арналған «Диуани лұғат-ит-түрік» материалдарын қазіргі түркімен тілімен салыстыра зерделеген С.Ахаллының зерттеуі жарық көрді [56]. 1959 жылы К.Ибарагимов пен В.С.Храковский
«Түрік сөздігінің» негізінде Қашқари заманында қазіргі Қазақстан жерін мекендеген тайпаларға тоқталып, қазақ тілінің қалыптасу тарихы туралы зерттеулер жүргізді [57, 58].
XX ғасырдың 60 жылдарынан бастап М.Қашқариды, оның бізге жеткен жалғыз жəдігерін зерттеу Кеңестер Одағында мақсатты да жоспарлы түрде қолға алынып, түрлі ғылым салаларында əсіресе тіл білімінде, ғылыми шығармашылықтың əр алуан жанрларында ізденістер нысанына айнала бастады. 1960 жылдары өзбек ғалымы С.Муталлибовтың «Диуани лұғат-ит- түрікті» өзбек тіліне аударуы советтік түркітанудың үлкен жетістігіне айналды [59 ]. А.Н.Кононовтың айтуынша жəдігерді зерттеуде Б.Аталай мен С.Муталлибовтың аудармалары түркітанушыларға фонетика-грамматикалық, лексикалық тілдік материалдар негізінде түркі тілдерінің тарихын тереңірек зерттеуге жол ашты деп атап көрсетеді. Олардың ішінде «Диуани лұғат-ит- түріктегі» түркі ауыз əдебиетінің дамуын зерттеген əдеби қырын ашып, поэтикалық мəтіндерін талдаған түркітанушы ғалым И.В. Стеблеваның еңбектерін [60, 61] жəне Орта Азия ғалымдарының географиялық мұрасын зерттей отырып, М.Қашқари еңбегіндегі түркі жұртының географиялық жағдайына талдау жасаған Х.Хасановтың зерттеуін [62], М.Қашқари лингвистикада салыстырмалы əдістің негізін салушы ғалым жайындағы А.М.Демирчизаденің ғылыми мақаласын [63], жəдігердің грамматикасына арналған Т.А.Боровканың зерттеуін [64], фразеологиялық бірліктерді талдаған Г.А.Байрамовтың еңбегін [65], өткен шақ формаларын саралаған И.Д.Велиевтің зерттеуін ерекше атауға болады [66].
XX ғасырдың 70 жылдары М.Қашқари «Түркі тілдері сөздігінің» көп зерттеліп, ізденіс нысанына айналған кезеңі болып табылады. Себебі ғұламаның есімін төрткіл дүниеге танымал еткен «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің жазылғанына 900 жыл толуы қарсаңына арналған зерттеулердің маңызы зор. Бұл жылдары Кеңес Одағы түркітанушыларының ішінде «Диуани лұғат-ит-түрікті» зертеп-зерделеудің өзектілігі туралы сөз қозғаған академик
А.Н. Кононов өзіне дейінгі жүргізілген ғылыми еңбектерге сараптама жасайды [14, 53].
1971 жылдың 7-9 қазан аралығында Махмұт Қашқаридың 900 жылдығына арналған Ферғана қаласында Кеңес Одағының 105 ғалымы қатысқан ғылыми жиын өткізілсе, араға бір жыл салып 1972 жылдың 27-29 қыркүйек аралығында Түркияда өткен «Түрік лингвистикалық қоғамының» 40 жылдығына жəне
«Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің 900 жылдығына арналған бірінші «Түрік тілі ғылымы құрылтайы» өткізілді. Осы екі жиында сол кездегі түркітанудың өзекті мəселелерімен қатар Махмұт Қашқари еңбегіне қатысты құнды да қызықты ғылыми талдаулар талқыға түсіп, Қашқаританудың өрісі Кеңес одағы мен Түркияда одан ары өрлей түсті [67].
Батыс Еуропада Джерард Клосонның 1972 жылы жарық көріп, зерттеушілер тарапынан жоғарғы бағаға ие болған этимологиялық сөздігінде Махмұт Қашқаридың еңбегі негізгі қайнар көзі ретінде пайдаланылды [68]. Осы жылдары американдық ғалымдар Р.Дэнкофф жəне Дж.Келлидің «Диуани лұғат-ит-түрік» ескерткішінің зерттелуіне қосқан үлестерінің орасандығын атап өтпесе болмайды. Лингвист, Утах университетінің профессоры Джеймс Келли өз мақалаларында М.Қашқаридың лингвистика ғылымындағы алар орны ерекше екенін көрсетіп, «Диуани лұғат-ит-түріктің» фонологиялық жүйесіне тереңірек тоқталды [69]. Ал Чикаго университетінің профессоры, атақты түркітанушы Роберт Дэнкофф болса Махмұт Қашқари еңбегіндегі түрік рулары туралы жəне олардың туыстық қатынастары туралы, жазба ескерткіштегі Ішкі Азияны мекендеген түркі халықтары дастандарының үзінділері жөнінде қызықты мақалаларын жариялайды [70]. 1982-1985 жылдар аралығында аталмыш ғалымдар бірігіп, қажырлы да жемісті еңбектерінің негізінде М Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегінің алғаш ағылшын тіліндегі аудармасын басып шығарды [71]. Олар аударма жасағанда негізгі назарларын қолжазбадағы түсініксіз, жөндетілген, қате көшірілген сөздерге аударып, нəтижесінде мəтінге ғылыми негізі бар жөндетулер енгізді.
80 жылдардағы «Диуани лұғат-ит-түріктің» зерттелуі бойынша Х.Короглының ежелгі түркі əдебиеті жайлы еңбегін [72] жəне «Диуани лұғат- ит-түрікті» «Диуан əл-Адаб əл-Фарабимен» салыстыратын шығыстанушы А.Б. Халидовтың «Словари Исхака ал-Фараби и Махмуда ал-Кашгари» атты еңбегін
[73] жəдігерді лингвистикалық тұрғыдан қарастырған А.Н. Кононов пен Х.Г.Нигмашовтың зерттеулерін [74] жəне «Диуани лұғат-ит-түрік» арқылы түркі тілдерінің тарихи дамуын зерттеген Э.Н.Наджиптың еңбегін [75] атап көрсеткен жөн. Одан бөлек, 1981-1984 жылдар аралығында жəдігердің ұйғыр тіліндегі аудармасы Ибрахим Мути бастаған ғалымдар тарапынан Қытайда жарық көрді [76]. Онда ұйғыр аудармашылары Б.Аталай мен С.Муталлибов аудармаларына ғылыми сыни көзқараспен қарап, дұрыс тұстарын қолдап, қателіктерін түзетіп, жазба ескерткіштің 1941 жылғы факсимильдік басылымын негізге ала отырып аударған. 1985 жылы Түркия ғалымы Текелі Севимнің
«Алғаш Жапон картасын жасаған Қашқарлы Махмуд» атты мақаласы Анкарада жарық көрді [77].
90 жылдары да М.Қашқаридың асыл мұрасы əлем ғалымдарының назарынан еш қалған жоқ. Мəселен, 1993 жылы орта ғасырдағы түркі халықтарының өмір сүру мəдениеті мен рухани жəне мəдени құндылықтарынан сыр шертетін Варшавалық профессор Эдуард Трыярскидің поляк тілінде
«Қашқардан шыққан Махмұтттың мəліметтері бойынша Түркі халықтарының мəдениеті (XI ғ.)» атты еңбегі жарық көрсе [13], 1995 жылы лингвистикалық жапондық кокугакуся атты лингвистикалық салтпенен М. Қашқаридың еңбегін салыстырған В.М.Алпатовтың еңбегі басылып шықты [78]. Нидерландық шығыстанушы Р.Эрмерс 1999 жылы түркі лексикографиясының тарихына арналған еңбегінде «Диуани лұғат-ит-түріктегі» фонологиялық жəне синтаксистік анализға көп көңіл бөліп, еңбектің түркі тіл білімі дамуындағы орнын анықтауға тырысты [79].
Жаңа XXI ғасырдың басы жəдігердің орыс тіліне аударылуымен есте қалды. Жəдігердің алғашқы рет толығымен орыс тіліне аударылуы қазақ ғалымы Зифа Алуа Əуезова тарапынан жасалғаны қуантады. Дегенмен, 1987 жылғы «Советская тюркология» журналында өзбек түркітанушысы А. Рустамовтың «Диуани лұғат-ит-түрікті» орыс тіліне толығымен аударғаны туралы мəлімет бар, бірақ аударма ғылыми ортаға жетпеген [80]. Зерттеуші З.А.Əуезова «Диуани лұғат-ит-түрікті» араб түп нұсқасынан орыс тіліне толық аударып, еңбекте қамтылған түрік лексемаларының тақырыптық индексін жасады. Аударма Түркияның Мəдениет министрлігімен 1990 жылы дайындалған «Диуани лұғат-ит-түрік» қолжазбасының факсимильді басылымының негізінде орындалған. Автордың көзқарасы бойынша Түріктердің тілі мен поэзиясы арабтардікінен кем еместігін көрсету үшін, Махмұт Қашқари өз еңбегінде көне түрік поэзиясының түрлі жанрларынан үзінділер мен мақал-мəтелдерді көптеп келтіреді [28]. Бұл аудармадан кейін 2010 жылы орыс зерттеушілері А. Р. Рустамов, И.В. Кормушиннің тарапынан жүзеге асып, түркітанушы ғалымдар тарапынан жоғарғы бағаға ие болған жəдігердің орыс тіліне аударылған алғашқы томы жарық көрді [81]. Араға бір жыл салып қырғыз зерттеушілері Т.Токоев, К. Кошмоков «Диуани лұғат-ит- түріктің» қырғыз тіліндегі аудармасының I томын басып шығарды [82]. Бұдан бұрын «Диуани лұғат-ит-түрік» қытай тіліне [83] жəне Хусейін Дүзгін тарапынан парсы тіліне аударылды [84].
Oтандық ғалымдар да түркі өркениетінің алтын кілті болып табылатын М.Қашқари мұрасын зерттеуге белсенді атсалысты. Ғұламаның философиялық ойларын алғашқы болып жүйелеген ғалымдардың қатарына Қ.Əлжанды жатқызуға болады [85]. Ол «Қазақ даласының ойшылдары» атты топтама еңбектердің ауқымында алғашқы рет қазақ тілінде философиялық талдау мағынасында орта ғасырлық түркілік ойшылдың дүниетанымдық бағдарларын зерделеп берген болатын [86]. М.Қашқари шығармашылығындағы «адам-əлем» қарым-қатынасы мəселесі Б.Н.Садуов зерттеуінің негізі болып, М.Қашқаридың философиялық идеяларының тарихи-мəдени жəне дүниетанымдық негіздері сөз болған [87]. Ал тарихи тұрғыдан белгілі тарихшы ғалым Б.Ирмуханов «Диуани лұғат-ит-түрікті» түркі тарихының қайнар көзі ретінде қарастырған
еңбектерінің құндылығы жоғары [88, 89, 90]. Дəстүр жалғастығын басты нысан ретінде ұстанған Н.Келімбетовтің «Ежелгі түркі поэзиясы жəне қазақ əдебиетіндегі көркемдік дəстүр жалғастығы» [101], А.Егеубайдың «Ежелгі дəуірдегі қазақ əдебиетінің көркемдік жүйесі (X-XII ғасырлар)» [102] атты докторлық диссертациялары М.Қашқари мұрасын зерттеу бойынша Қазақстанда орындалған қомақты зерттеулер болып табылады. Сонымен бірге А.Егеубайдың «Диуани лұғат-ит-түрікті» қазақ тіліне аударуы [10] М.Қашқаридың мұрасын қазақ халқының мəдениеті мен тарихына қатысты терең оқып-үйренуге мүмкіндік беріп, тың зерттеулер жүргізуге жол ашатынына сеніміміз мол. Ол еңбек туралы былай дейді: «Бұл көркем шығарма емес. Ғылыми еңбек. Тіл таныту саласындағы зерттеу. Бітім – сөздік. Сондықтан, ғылыми анықтамалық зерттеуге тəн сипаттар жақталуы шарт. Яғни, əрбір мысалдың сөздік тіліндегі белгілері, қасиеттері, бітімі құбылып, өзгеріп түспеуі тиіс» [10, T.1, 24 б.]. Автордың бұл пікірінен, ол сөздіктің түп нұсқасын сақтауға тырысқанын байқаймыз. Оның зор мəні бар, себебі бұл М. Қашқари мұрасының лингвистикалық тұрғыдан шынайы аударғанын көрсетеді, яғни ғылыми дəлдігіне сенімімізді арттырады.
Тіл ғылымы тарапынан «Диуани лұғат-ит-түрік» бірнеше диссертациялардың (М.Жүнісова «Ескі түркі тіліндегі етіс категориясы (М.Қашқари сөздігі бойынша)» т.б.) зерттеу нысаны болды. Сонымен бірге А.Қ.Құрышжанов [103], Ə.Қоңыратбаев [104], Х.Сүйіншəлиев [105],
М.Томанов [106], Қ.Өмірəлиев [107], Г.Г.Мұсабаев [8], Н.Ысқақова [108],
А.Т.Қайдаров [109], А.Оразбеков [100], Қ.Аманжолов [101], Ə.Ибатов, Қ.Бекетаев [24] т.б. еңбектері ғұламаның өмірінің өнеге екендігін жəне оның мəңгілік мұрасында ана тіліміздің, туған əдебиетіміз бен мəдениетіміздің түп төркіні, төл заңдылықтары ғылыми тұрғыдан тұжырымдалғанын дəлелдейді.
«Диуани лұғат-ит-түрік» орта ғасырлық жалпытүркілік жəдігерінің ғылыми əлемде алғаш танылып, əртүрлі ғылым салаларының зерттеу нысанына айнала бастаған кезеңінен қазіргі таңға дейінгі айтылған жан-жақты ой-пікірлер мен ғылыми тұжырымдарды саралай отырып, жазба ескерткіштің зерттелуін өзіндік сипатымен, бағыт-бағдарымен, мəн-маңызымен ерекшеленетін бірнеше хронологиялық кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Алғашқы кезең 1914–1939 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезең К. М.Рифаттың «сөздікті» басып шығарып, ғылыми əлемнің жазба ескерткішке деген алғаш қызығушылығының пайда болуымен ерекшеленеді.
Екінші кезең (1939–1960 жылдар) тек Қашқаритану емес əлемдік Түркітанудың дамуына серпін берген түрік ғалымы Б.Аталайдың «Диуани лұғат-ит-түрікті» түрік тіліне аударуымен дараланады.
Үшінші кезең (1960–1970 жылдар) Кеңес Одағында Қашқаритану мақсатты да жоспарлы түрде қолға алынып, тілдік тұрғыдан жан-жақты зерделене бастауымен сипатталады.
Төртінші кезең (1970–1991 жылдар) ұлы ғұлама жəдігерінің жазылуына 900 жыл толып, М.Қашқари мұрасы əлем түркітанушы ғалымдары
тарапынан тиісті бағасын алып, əртүрлі іргелі ғылым салаларының зерттеу нысанына айналуымен ерекшеленеді.
Бесінші кезең (1991жылдан қазірге дейін) Кеңес Одағындағы түркі халықтарының егемендікке қол жеткізуі «Диуани лұғат-ит-түрік» рухани құндылықтарын тəуелсіздік талаптары тұрғысынан байыпты зерттеп зерделеуге мүмкіндік туғызды. Ғұламаның дүниеге келуіне 1000 жыл толуы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп, түркі өркениетін жаңғыртуға сарқылмас үлес қосқан М. Қашқари мұрасы тиісті бағасын алды.