Зерттеудің өзектілігі. Ы.Е.Мамановтың тіл білімінің морфология саласына қосқан үлесін саралай зерттеу оның ғалымдық тұлғасын танытып, ғылыми танымын тереңірек ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғалымның лингвистикалық көзқарасының қалыптасуының ғылыми-теориялық негіздерін ашып көрсету, мүмкіндігінше, жан-жақты талдау жасау бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп, табиғатын ашып көрсетуге жол ашады. Санамалап айтатын болсақ, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес бөліп қарауы, әлі де әртүрлі пікір қалыптастыруға негіз болып жүрген аффикстерге берген тұжырымды ойлары, етістіктің грамматикалық топтарына байланысты құнды пікірлері қазіргі қазақ тілінің грамматикасын қалыптастыруға қосқан құнды көзқарас, тұжырымдары деп санаймыз. Міне осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеу нысаны – Ы.Е.Мамановтың қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне қатысты пікірлері мен ізденістері.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты – Ы.Е.Мамановтың ғылыми танымы мен өзіндік көзқарастарын ғалымға дейінгі және қазіргі таңдағы ғылыми ой-пікірлермен салыстыра отырып, түркітану іліміндегі, оның ішіндегі қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау, қазақ тілі морфологиясының қалыптасуына сіңірген еңбегінің мәнін, ұстанған бағыты мен позициясын ашып көрсету, ғылыми мұрасына лайықты бағасын беру. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттерді шешу алға қойылды:
- Ы.Е.Мамановтың морфологияның жалпы және жекелеген мәселелеріне қатысты ізденістеріндегі, атап айтқанда, етістік тұлғалары (негізгі және функциялық етістіктер), қосымшалар, олардың қызметі жөніндегі, әдеби тіл мен оның нормалары туралы, қазақ тілінің грамматикалық терминдері жөніндегі пікірлерінің мәнін ашу;
- қазақ тіліндегі негізгі және қосымшалы түбір сөздер, олардың жасалу ерекшелігі жайлы, функциялық қызметі туралы, сондай-ақ туынды етістіктерге қатысты тұшымды ойларын дамыта талдау;
- қазақ тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылатын етістіктің грамматикалық сипатына қатысты өзге де мәселелердің Ы.Е.Маманов еңбектерінде қалай шешілгенін және сол мақсаттағы тұжырымдарының ғылыми-теориялық деңгейін анықтау.