Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Қазақ тіл білімінің теориялық мәселелерінің ғылыми негізін қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан көрнекті ғалым Ы.Е.Мамановтың морфологияның өзекті мәселелерін қозғаған ой-пікірлері күрделі мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп қана қоймай, кейбір пікірлерге өзгеше қырынан үңіліп, тереңдей зерттеуге көмегін тигізеді. Қазақ тіл білімінің грамматика саласы бойынша теориялық мәселелерді шешуге және кейінгі зерттеулерге бағыт-бағдар беруге жол ашады. Атап айтқанда, ғалымның ғылыми тұжырымдамалары қазақ грамматиксының жаңаша бағыттарының (функционалды грамматика) дамып, қалыптасуына септігін тигізеді.
Ы.Е.Маманов зерттеулерінің практикалық мәнділігі ғалым еңбектерінің оқулық, оқу құралы деңгейінде кеңінен қолданыс табуында жатыр. Ғалымның 1973 жылы жазылған “Лекциялар курсы” күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл еңбекті жоғарғы оқу орындарында морфология курсы бойынша оқытылатын лекциялар мен семинар сабақтарында кеңінен пайдалануға болады. Етістік сөз табы туралы айтқан ғалымның құнды ой-пікірлері етістік категориясына қатысты лекциялар, осы тақырыпта жазылған бітіру жұмыстары мен ғылыми, іргелі зерттеу жұмыстары үшін басшылыққа алатын негізгі еңбек, тілдік материал бола алады. Әсіресе, ғалымның етістіктерді лексика-семантикалық топтарға бөліп-жіктеуі сөздерді лексика-семантикалық топтарға топтастыруда жаңаша бағыт береді. Ы.Е.Мамановтың қосымшаларға қатысты жасаған тұжырымдамалары түсіндірме сөздіктердегі сөзжасамдық бірліктер мен сөзжасамдық емес бірліктерді нақты анықтап, олардың тілдік табиғатын ашуға септігін тигізеді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. - қазақ тіліндегі қосымша жалғанған сөздер не тілдің сөздік құрамына енетін туынды түбір сөз (лексикалық бүтін), не белгілі бір сөз табына тән грамматикалық форма болып қалыптасады; қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады;
-дай, -дей, -ша, -ше, -лы, -лі, -сыз, -сіз, -ғы, -гі, -шы, -ші, -лық, -лік, -сы, -сі аффикстері форма тудырушы қосымшаларға жатады, кей жағдайда бір ұғымда ұдайы қолданылу нәтижесінде туынды түбірге айналуы заңды құбылыс;
-қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -қылтым, -ғылтым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш аффикстері салыстырмалы шырай көрсеткіштері емес, олар сөзжасам мен грамматикалық қосымшалардың екі ортасындағы аралық қосымшалар болып табылады;
- бір грамматикалық форманың білдіретін әртүрлі мағыналық қырлары әр жеке мағыналық топтарға жатпайды; көптік жалғау – сөзжасамдық қосымша емес; ол зат есім, сын есім, сан есім, етістіктің есімше формасына жаппай жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды; көптік жалғаудың жанама қызметте жұмсалуындағы кейбір мағыналық реңктеріне қарай, оларды басқа сөз табының (мысалы, болжалдық сан есім) сөзжасамдық қосымшасы деп қарау дұрыс емес;
- нөлдік формада тұрған сөз бен сөздің түбірі бір емес; түбір сөзде лексикалық мағына мен жалпы грамматикалық мағына болады, ал нөлдік формадағы сөзде лексикалық мағына, жалпы грамматикалық мағына, бұған қосымша категориялық грамматикалық мағына болады, өйткені нөлдік форма грамматикалық категорияның бір мүшесі; түбір сөздер грамматикалық формаларға негіз ғана болып табылады,
- сөйлеу кезіндегі етістік түбірімен форма жағынан бірдей болып келетін бұйрық райдың екінші жағы етістіктің түбір тұлғасы емес, жіктелу үлгісінің бір көрінісі;
- Ы.Мамановтың көсемше формалы етістіктердің қалып етістіктерімен, өзге толымды көмекші етістіктер арқылы сыпат категориясын жасауы туралы ойлары қазақ тіліндегі аналитикалық етістіктер жайындағы күрделі зерттеулерге негіз болған;
- Ы.Маманов көмекші етістіктердің күрделі және аналитикалық етістік құрамында келгендегі мағыналарын аша білген; көмекші етістіктерді сөздік мағынасына қарай дұрыс топтай алған;
- Ы.Мамановтың етістіктің шақ формалары қимылдың, уақиғаның уақытын жалпы түрде көрсетеді, ал дәл өту мезгілін жыл санын көрсететін сан есімдермен тіркесу арқылы және мезгіл үстеулері арқылы білдіре алады деген пікірі функционалды грамматика теориясымен байланысты айтылған;
- етіс категориясын салт және сабақты етістіктермен бірлікте қарастырған жөн, алайда контекстен тыс, түбір қалпындағы етістіктерді салт және сабақты деп бөлу тілдік фактіге сай келмейді; етіс қосымшалары белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды, ал оның кейбір сөздердің құрамында келіп, лексикалық дербестікке жетуі етіс қосымшаларының сөзжасамдық қызметінен емес, сөзжасамның семантикалық тәсілінің, яғни мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн;
-ма, -ме, -ба, -бе, -па -пе морфемасы етістіктердің негіздері мен жіктелетін формаларының шегін айыратын қосымша; болымсыздық форманың алдында келген морфема түбір (туынды) етістікке жатып, жалғанған қосымшалар сөзжасамдық жұрнақтар болады да, кейін жалғанған қосымшалар сөзжасамдық емес, яғни форма жасаушы қосымшалар болып табылады;
- екі етістік көсемше формасында қосарланып айтылса, үстеуге айналған қос түбір болып есептеледі (жүре-келе, бара-тұра, жата-жастана, өліп-талып, қатып-семіп т.б.), ал бір етістік көсемше түрінде қайталанып айтылса, ол етістіктің дүркіндік мағына білдіретін грамматикалық категориясы болып саналады (оқи-оқи, жаза-жаза, айтып-айтып, ұрсып-ұрсып т.б.);
- Ы.Маманов -ушы, -уші қосымшасын осы шаққа жатқызып, есімше формалары арқылы қос сөздер жасалатындығын дәлелдеген; есімшенің салыстыру, мөлшер мағынасындағы семантикалық реңктерді танып, функционалды-семантикалық өрістер арқылы берілуінің кейбір түрлерін көрсеткен;
- тұйық етістік тұлғасына -лық, -лік, -шы, -ші, -лы, -лі жұрнақтары жалғанып, туынды түбір сөздер жасалатындығын, яғни тұйық етістіктің туынды сөз жасауға негіз болатынын, әсіресе, тұйық етістікке -шы, -ші жұрнағы жалғанып жасалған туынды сөздердің көп екендігін, оның өнімді түрде кездесетінін атап көрсеткен (мысалы, оқушы, жазушы, сатушы, тергеуші т.б.);
- Ы.Е.Мамановтың тілдің семантика мәселесін тілдің қолданыс қызметімен, әлеуметтік мәнімен байланыстыра зерттеуі ғалым еңбектерінде тіл біліміндегі функционалды лингвистика саласының элементтері кездесетінін көрсетеді.