2.5. Берілген сөздермен сөйлем құрастырыңыз. Сұлы, дәнді дақыл, тұқымдас, мәдени, жабайы, шөп, егістік, жарма, қабықты, жалаңаш, азот қышқылы, ақшыл, қоңыр, піскен дән.
2.6. Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз. Бидай-бүкіл әлемде 148 елдің негізгі азық-түлігі болып табылады және көптеген елдердің экономикасында ерекше орын алады. Азық-түлік өнімі ретінде бидайдын көптеген аса бағалы қасиеттері бар. Бидай дәні – аса құнарлы да қуатты азық, оны сақтау да қиын емес, бір жерден екінші жерге тасып жеткізу де оңай және оны өңдеп алуан түрлі өнім алуға болады Бидай өнімдері өнеркәсіпте де кең көлемде пайдаланылады. Мысалы, бидай дәнінен крахмал, спирт, май алынады. Бидай сабанынан қағаз картон, өнер
бұйымдарын және басқа да заттар жасалынады. Барлық ауыспалы егіс жүйесінде бидай санитарлық дақыл болып табылады.Бидайдың түрлері. Бидай қоңырбастар тұқымдасына жатады да, 22 түрді біріктіреді. Дәннің гүл қабықшаларынан ажыратылу дәрежесіне қарай барлық бидай түрлері жалаңаш дәнді немесе нағыз бидайлар және қабықты немесе полба
бидайлары болып екі топқа бөлінеді. Жалаңаш дәнді ( нағыз) бидайлардың масағы сынбайды, қалыпты жағдайда бастырғанда дәндері қабықшалардан жеңіл ажыратылады
( жұмсақ, қатты, карлик, персикум т.б. бидайлар). Қабықты (полба ) түрлерінің масағы опырылғыш және бастырғанда өте қиын үгітіледі ( спельта, мәдени дәнді, қосдәнді, зандури, т.б. бидайлар).
Бидай түрлерінің ішінде барынша маңыздыларына жұмсақ және қатты бидайлар жатады.
Жұмсақ бидай егіншілікте көп тараған, масағы борпылдақ, қылтықты және қылтықсыз, қылтықты формаларында қылтықтары жан – жағына шашыраңқы орналасқан және масақ ұзындығынан қысқа. Масақ қабықшасы ұзынша әжімді, оның қыры ( киль) жіңішке, негізіне қарай жойылып кетеді. Масақтың бет жағы бүйірінен жалпақ. Масақ асты сабанының бөлігі қалыпты жағдайда кеуек. Дәндері жеңіл үгітіледі, ұсақ, орташа және ірі болып келеді, ұнды немесе жылтыр (шынылы). Айдары айқын ажыратылады, қылдары ұзын.
Қатты бидай масағы тығыз, призма пішінді, бүйірі бет жағынан кең, негізінен қылтықты. Қылтықтары ұзын параллель орналасқан. Масақ қабықшасының қыры (киль) негізіне дейін айқын ажыратылған. Масақ асты сабаны паренхима ұлпасымен толтырылған. Масағы қиынырақ үгітіледі. Дәндері сопақша, ірі жылтыр, кейде әлсіз ұнды. Айдары әлсіз дамыған, қылдары қысқа.
Жұмсақ және қатты бидайлар кең тараған, сондықтан сыртқы орта мен адамзат әсеріне көп ұшыраған. Осының нәтижесінде көптеген түршелерге тармақталған.Бидайды түршелерге ажырату үшін тұрақты морфологиялық бес белгісі – масақтың қылтықтылығы, масақша түктілігі, масақтың, дәннің және қылтықтың түстері алынған.
Қазақстанның солтүстігінде барынша көп тараған түршелерге жұмсақ бидайдан лютесценс, барбаросса және қатты бидайдан гордейформе, леукурм жатады.