2-практикалық сабақ Тақырыбы: Терминология жүйесі. Ауыл шаруашылық дақылдарын топтау 2.1. Мәтінге сұрақ құрыңыз. Қазақ тілі біліміндегі термин мәселесінің зерттелуі қазан төңкерісіне дейін басталып, ХХ ғасырдың басы қазақ терминологиясы үшін елеулі кезеңдердің бірі болып саналады. Бұл кезең ішінде ғылымның әртүрлі салалары бойынша жазылған А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердиев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Н.Төреқұлов, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, С.Қожанұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанов, К.Жәленов, Ғ.Қараш сынды қазақ зиялыларының еңбектері жарық көрді. Осы кезеңнен бастап, қазақ термин мәселесі арнайы сөз бола бастайды. Бұл туралы профессор Ш.Құрманбайұлы: «сол кезеңде алғашқы оқулықтар мен ғылыми еңбектерді жазған автордың қай-қайсысы да терминжасам ісіне өз үлестерін қосты дегеніміз жөн, оған алғаш қолданған терминдер дәлел бола алады», - деп жазады(14,38б.). Сөйтіп, автор қазақ терминологиясының даму кезеңдерін былайша бөліп көрсетеді:
I кезең – қазақ терминологиясының қалыптасуының алғашқы кезеңі (1910-1930 жж);
II кезең – ғылыми терминологиясының Одақтық тіл саясаты негізінде қалыптастыру кезеңі (1930 -1990ж.ж.);
III кезең – қазақ терминологиясының ұлттық тіл негізінде қалыптастырылуының жаңа кезеңі (1990 жылдан бергі уақыт).
Қазақ терминжасам ісін кезеңдерге бөліп зерттеу мәселесін академик Ө.Айтбайұлы бес кезеңге бөліп қарастырады:
1) Бірінші кезең ХХ ғасырдың 10-жылдары мен 30-жылдардың екінші жартысындағы аралықты қамтиды (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы);
2) Екінші кезең 30-40 жылдарды қамтиды (бұл кезеңнің басты белгісі – интернационалдық терминдер мен орыс атауларын тілімізге түпнұсқадағы пішінін бұзбай, сол қалпында қабылдау болып табылады);
3) Үшінші кезең ретінде 40-50 жылдар аралығын атауға болады (бұл жылдардың ұлттық лексиканы дамытуға қосқан үлесі шамалы);
4) Төртінші кезең 50-70 жылдар аралығының үлесіне тиесілі (сол кездегі баспасөз материалдарынан көптеген интертерминдердің қазақша баламалары жасалып, орыс сөздерінің қазақша сөйлей бастағанын байқауға болады);
5) Бесінші кезеңге 70 және 90 жылдардың екінші жартысына дейінгі аралықты жатқызуға болады (алғашқысы-тоқырау жылдары, екіншісі – қайта құру, үшіншісі-Кеңес одағы құлап, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының пайда болған заманға сәйкес туындаған тіл қозғалысы) (16,б.65-66).