УДК:82. 512. 122. 09
КҮРДЕЛІ ЖАНР ЖҮЙЕСІ:ТУЫНДЫ ТАБИҒАТЫ МЕН
ТАҒДЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ (КӨРНЕКТІ ҚАЛАМГЕР Ә.
НҰРПЕЙІСОВТІҢ «СОҢҒЫ ПАРЫЗ» РОМАНЫ ТУРАЛЫ)
Р.С. ТҰРЫСБЕК
филология ғылымдарының докторы, профессор
Аннотация
Көрнекті қаламгер Ә.Нүрпейісовтің «Соңғы парыз»романын арқау еткен бұл
мақалада Арал проблемасы адам факторымен, өмір-тұрмыстың алуан сырларымен,
табиғат құбылыстарының қатаң да күрделі тұстарымен өз ара байланыста беріледі әрі
жан-жақты талданып,салыстырылып сөз етіледі.
Түйін сөздер: уақыт, кеңістік, көл – қара, көк – қара, ақ – басты, ақ – еспе, сары –
басат, тас – түбек т.т
КСРО Мемлекеттік және Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың
иегері Әбдіжәміл Нұрпейісов осы қатардағы көрнекті қаламгерлердің бірегейі болып
табылады. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өткен ғасырды – «Соңғы парыз» романымен
қорытты. Халық өмірі мен Арал проблемасын, еңбек адамдары мен жекелеген
кейіпкерлердің іс-әрекеттерін алуан көрініс, жан-жүрек толғаныстары мен тағдырлар
талқысы, қилы көзқарастар эволюциясы арқылы да көркем де келісті сөз етеді. Кітап
табиғаты мен құрылымы, кезең көріністері мен уақыт сырлары, өмір оқиғалары мен
шындықтары, адам еңбегі мен тағдырлар талқысы бейнелі де бедерлі, серпінді де сенімді
суреттелуімен ден қойғызады. Кітаптың рухани һәм тағылымдық қырлары, әсіресе адам
мұраты мен өмір шындықтарына құрылған сюжеттік желілер, Арал проблемасы
төңірегіндегі қилы көзқарастардың шынайылық сипат алуынан қалың көпшілік
көркемдік көкжиегіне көтерілді. Шығарма алыс-жақын елдерге тез таралды. Ел
тарихының сындарлы сәттерін суреттейтін реалистік туынды ретінде қабылданды.
Екі кітаптан тұратын туынды («Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн
болған») Арал тағдыры мен тағылымын, еңбек адамдары мен олардың өмір-
143
тұрмыстарын, отбасылық һәм жақын-жуықтардың қарым-қатынастарын, уақыт пен
кеңістік сипатын, табиғат пен теңіздегі қиын да сындарлы сәттерді әр алуан
салыстырулар мен шегіністер, қилы көріністер мен кейіпкерлердің көңіл толқындары,
жан-жүрек тербелістері мен толғам-толғаныстары арқылы да кең көлемде көрсетеді [1].
Кітаптың басты мұраты мен көркемдік-рухани құндылықтары хақында
айтқанда, алдымен ойға оралатыны – Арал тағдыры ұлттық мұрат пен елдік мүдде
тұрғысынан баяндалып, алтын тамыр – ауыл мен оның қарапайым адамдарымен
байланыс – бірлікте сөз етіледі. Оның өзі бірер кейіпкерлер төңірегінде топтастырылып
(мысалы, Жәдігер, Әзім, Бәкизат т.б.), олардың еңбегі мен көзқарасын, қарым-қатынасы
мен сыр-сезімдерін жан-жақты һәм сенімді суреттеу мақсаты айқын. Бұл тұста, сөз жоқ
жазушы қоғамдық құбылыстар мен кезеңдік көріністерді, өмір оқиғалары мен
шындықтарын уақыт бедерімен сәйкестікте суреттейді. Шағын отбасы мен бірер
кейіпкердің өмір-тұрмыс суреттерін, қилы тағдырлар талқысын – Арал мәселесі
төңірегінде жинақтап, Жәдігер – Бәкизат – Әзім төңірегіндегі көзқарастар қақтығысын,
іс-әрекеттеріндегі табансыз да тиянақсыз сипаттарын, сыр-сезімдерін бейнелі бедерлейді.
Олардың өмірі мен еңбегі, жастық кезеңі мен достық сырлары, ауыл мен Арал
мәселелеріне қатысты көзқарастары әр алуан көріністер, түрлі шегіністермен табиғи өріс
алды. Ұлттық мұрат пен тарих тағлымдары да, ел-жер жайы мен атамекеннің қадір-
қасиеттері де, адам мұраты мен еңбек сипаттары да дархан дала мен телегей теңіздің
өзіндік өзгешеліктерімен байланыста беріледі. Сол арқылы ауыл мен қала, дала мен теңіз,
өмір мен еңбек мұраттары нақтылы көрініс, шынайы шындықтармен нанымды сипат
алады. Ауыл мен Арал, адамдар мен тағдырлар, атамекен мен атақонысқа адалдық –
жазушы еңбегінің жеңісі, кітап құндылықтарының басты белгілерінің бірі.
Атап өтер және бір жайт: Арал тағдыры – Жәдігер өмірі мен еңбегінен, әр алуан
бағыттағы іс-әрекеттерінен, сең мен сергелдеңге толы жанкешті тірлік-тыныстарынан
терең танылады. Аралдың айбыны мен айдынына қызығып, оны жеке мүддесі жолында
саудаға да салып, соңынан сол үшін де сергелдеңге түскен Әзімнің айла-әрекеттері мен
өмір шындықтарына негізделуімен мәнді. Отбасылық өмірге үстірт қараған, аналық
парызын әйелдік желігі басқан – Бәкизаттың Жәдігер мен Әзімге қатысты көзқарас-
қимылдарында, сағынышы мен сүйіспеншіліктерінде сенімсіз сипаттар да, сергелдең
тұстар да жетіп жатыр. Ең негізгісі, әрине жазушы аталған кейіпкерлерді жерлестік
тұрғыдан жекелеп те, жүйелеп те сөз етеді. Жастық пен достықтарын да ауыл – қала, өмір
– еңбек төңірегінде көрсетеді. Армия қатарында болулары, оқу орнына барулары да
сенімді өріс алады. Отбасылық әрекеттерін, елдік мұрат пен еңбекке көзқарастарын,
сүйіспеншілік жолындағы табандылықтары мен тұрақсыздық қырларын да жан-жақты
ашады. Осы орайда, кітаптың құндылық қырларын асқақтата түскен белгі-бедерлердің
бастысы: Жәдігер – Бәкизат, Әзім – Бәкизат бейнелерінің өмір оқиғалары мен
шындығының бел ортасында жүретін қызықты күндері мен қилы тағдырлары да ортақ,
үндес болуы ауыл мен астана, Арал төңірегіндегі көзқарас-ұстанымдары да әртүрлі сипат
алғанымен, түптің-түбінде соның жоғы мен мұңын, соры мен шерін де бірге көреді. Өмір
тағдырлары да Арал төңірегінде тоғысады. Соңғы сапарлары да бір бағытта, бір мезетте
аяқталады. Ең негізгісі, аталған кейіпкерлердің адам өмірі мен еңбегіне, өмір- уақытқа,
өскен өңір мен қоршаған ортаға, Аралға қатысты көзқарас мұраттарынан жер мен көктей
алшақтық та, жан-жүректі қозғар қатерлі де қимас сәттер көптеп кездеседі. Мұның
бәрінен, әрине романдағы басты тақырып – Арал мәселесі, ондағы адамдардың тағдыр-
талайы, сең мен сергелдеңге қатысты көзқарастар, өмірдің бұралаң жолдары шындық
оқиғалар мен нақтылы жайттар арқылы жүйелі жеткізіледі. Авторлық ұстаным, тақырып
табиғаты мен көркемдік мұраттар, шеберлік сабақтары мен тілдік мүмкіндіктер де
ұнамды сипаттарымен көңілге қонымды ұялайды. Осы тұста еске алар жайттардың
144
қатарына – жазушы еңбегін, тақырыпқа адалдығы мен табандылығын, ел-жерге құрметі
мен сүйіспеншіліктерін жатқызар едік. Кітаптың қайсыбір тұстарынан-ақ ауыл мен оның
адамдарының еңбек пен кәсіптеріне берілгендігін, атамекенге адалдықтарын айқын
аңғарар едік. Бұл айтылғандар, сөз жоқ кітап тағылымын, көркемдік-рухани
құндылықтарын арттыра түседі.
Кітап хақындағы көзқарасын жазушы Әбіш Кекілбаев былай білдіреді: «Алғашқы
сөйлемдерін оқығанда-ақ Нұрпейісовтің көзқанық әлеміне қайта оралғандай боласың.
Таныс табиғат. Таныс орта. Таныс мінездер. Үлкен суреткерлердің қай-қайсы да осылай.
Тәңір жаратқан ортақ әлемнің үстіне әрқайсысы өзі жаратқан жеке дара өз әлемдерін
орнатып алады. Нұрпейісов те солай. Арал төңірегінен тағы кесек суреткер туып, ол да
Арал туралы жазса, бәрібір Нұрпейісовтің Аралстанын оқырман көз алдынан қалтарысқа
әкете алмас еді. Нұрпейісовтің Аралы кесек мінездер мен кескекті тартыстардың қорығы
сияқты. Ондағы сирек кескін-келбеттің өзін ешкім қайта сомдай алмайтындай,
Аруларының өзі ақпанның ақтүтек боранындай долы.
Момындарының өзі әлі атыла қоймаған жанартаудай дүлей. Арзымсыз қып
суреттейтін алаяқтарының өзі басқаның ақсүйектеріне бермейтіндей сырбаздыққа,
сарабдалдыққа ие. Басқалар жазса, өңшең бір шабақтар жүзгендей айдын Нұрпейісов
жазғанда ең кемі шортандар ғана ойнақ сала алатын тұңғиыққа айналып қоя береді.
Сарқылып қалды деп отырған шалшығының өзінен мұхиттың сұсын танисың. Туған
табиғатқа деген осынша махаббат айнала тіршілікке деген терең көзқарастан ғана
туындай алса керек. Шабақтың ойыны бір басқа, шортанның ойыны бір басқа шыға
келеді» [1].
Кітап кейіпкерлерінің мақсат-мұраттары, өмір-тағдырлары соңғы сөзден айқын
аңғарылады: «Жалпылай алсақ, үш дара тұлға деп үш адамымыздың жеке-жеке бастан
кешіріп жүргендері де, бәрі бірігіп, бір-бірімен табысып, бірде кетісіп, бірге бастан
кешіріп жүргендері де – бір тағдыр.
Өздерін өздері алдаусыратқан далбаса тағдыр. Адал жүріп, адал тұрып, абырой
табам; адал жүріп, адал тұрып, ортаға жағам; адал жүріп, адал тұрып, туған жерімді
гүлдетем; адал жүріп, адал тұрып, Аралды аман алып қалам. Бұл – Жәдігердің болмысы.
Некелі жарынан бастап, көз таныстарының бәрі еңбек ері деп кекететін еңбек адамының
болмысы. Адал жүріп, адал тұрып, дегеніме жетем деп жүргенде айдыны сарқылады,
ағайын – аумағы жел қуған қаңбақтай жан-жаққа бытырап кетеді, еңбегі еш болады,
нақұрыс бала сүйіп, опасыз жар құшады, ошағы ортаға түсіп, бейуақта беталды лаққан
сеңнің үстінде бейнетпен жан тапсырады. Адал жүріп, адал тұрып, арам өледі. Оза
шауып, бәйге алып, сұлуды құшам; Оза шауып, бәйге алып, атақ алам. Оза шауып, бәйге
алып, абырой асырам; Оза шауып, бәйге алып, туған жерімді гүлдетем. Оза шауып, бәйге
алып, ауылымның атын шығарам. Оза шауып, бәйге алып, туған халқымның атын
шығарам. Бұл – атаққа тойымсыз айтулы ғалым Әзімнің болмысы. Оза шауып, бәйге алам
деп, досын алдап кетеді. Оза шауып, бәйге алам деп сүйген қызын құрбандыққа шалады.
Оза шауып, бәйге алам деп, ағайын-тумадан алшақ кетеді. Оза шауып, бәйге алам деп өзі
туған өлкені, өзі шомылған Аралды саудаға салады. Оза шапқызып, бәйге алғызып
дәндеткен алдамшы құштарлық ақыр аяғында оның өзін ортаға жығады. Үйінен
бездіреді. Күйінен бездіреді. Өлең төсегінен бездіреді.
Қызметінен қуып шығады. Беті ауған жаққа лағуға пейіл қылады. Сүйтіп жүріп,
баяғы еліне келеді. Баяғы ағайынға қауышады. Тастап кеткен қызына оралады. Жел
айдаған қаңбақтай алабұртып жүріп, өзі құрбандыққа шалған Аралдың төсінен бір-ақ
шыққанын білмей қалады. Өзі сатып кеткен досының кебін қалай бірге кигенін білмей де
қалады. Ақыры тағы да қасындағы серіктерін тастап, бетімен лаққан сеңнен бейберекет
қашып шығады. Теңіздегі сеңнен құтылғанмен өмірдегі сеңнен құтыла алар емес. Ертеңі
145
– неғайбыл. Тусылмаған сергелдең. Тауыстырмаған далбаса. Бұл – қатарынан озып,
жүлде алып, үздік туған Әзімнің тағдыры. Ал екеуінің ортасындағы Бәкизаттың да бағын
байлап жүрген сол баяғы далбаса үміт. Кешкені сергелдең өмір» (Сонда).
Алғашқы кітаптың («Сондай да бір күн болған») бастапқы бөлігі ашық теңізге бет
түзеген – Ұзын қара кісінің соңындағы ізіне қараған сәтінен басталады. Әлгі адам сілбу
ізден сыр тартып, әр алуан ойларға беріледі. Өз өмірі мен отбасының, еңбек пен тірліктің
қайсыбір тұстарын да еске алады. Ұзын қараның табиғаты мен тағдырында, еңбек
мұраттары мен өмірлік ұстанымдарында өзіндік өзгешеліктері бар. Оқу орнын бітірген
соң, жас маман ретінде елге келді. Бәкизатпен он үш жыл отасты. Бала сүйді. Қыз өсірді.
Ел алдында еңбек етті. Өсті, есейді. Жұрттың аузына ілінді. Жаны жадыраған, көңілі
өскен тұстары аз емес-ті. «Қошамет те, қолпаш та көбейіп, табаны жерге тимей бара
жатты». Майдангер балықшы әкесі өмірден өткен. «Ошақ бұтын күзетіп отырған қарт
анасынан басқа қол ұшын беретін ешкімі жоқ». Әкесінің немере інісі – Сары Шая да бар-
ды. Оның өзі көбінде елді дүр сілкіндіріп, өз ісінен өзі опық жеп жүреді. Бірақ өзі
айтқандай, Жәдігерге – әке орнына әке, аға орнына – аға. Жалғыз жанашыры. Осының
бәрін әлгі із еске салды. Өйткені: «ізі – өзінен, өзі – ізінен аумайды». Ашық теңізге
бастаған да – із. Ақ қар, көк мұзда соңында сүйретіліп түскен сілбу із де сол. Ендігі бір
сәт ізге көлеңке қосылды. Ол да бөтен емес-ті. Өзінің ізі мен көлеңкесі еді. Одан қашу
мен құтылу қиын. Ал, бұған енді – «Берекесіз тірлік пен тәңірі берген ит мінез» және
жабысты. Он үшін жыл отасқан Бәкизатпен арадағы қарым-қатынасқа да сызат осы тұста
түскен еді. Бәкизаттың Астанаға баруы, Әзіммен кездесуі, бәрі-бәрі ой-санаға тыншу
бермейді. Бәкизат бейнесі үйде де, түзде де көз алдында тұрды. Жастық кезеңі,
отбасылық өмірі де жанын тербеді. Әсіресе, Әзіммен қарым-қатынастары көңілге көлеңке
түсірді. Алға басқан аяғы кері қайтты. Ісі де оңалмады. Үй – ішінен де берекесіздік орын
алды. Әлгі із бен көлеңкенің «ғайыптан пайда болуы» да жәйден-жәй емес еді. Тегінде, із
бен көлеңке – Жәдігердің тағдыр-талайын ғана емес, өмір мен еңбектегі сипаттарын да,
отбасындағы дағды-қалыптарын да, Әзім мен Бәкизатқа қатысты көзқарастарын да
айқындайтын бірден-бір маңызды факторлардың қатарына жатады.
Жазушы із бедері мен көлеңке сипатына көп көңіл бөлу арқылы адам факторына,
оның өмірі мен еңбегіне, жан әлемі мен көңіл толқынына зор маңыз береді. Із бен
көлеңке – адам өмірі мен тағдырының жан-жүрекке түскен айнасы, жердегі таңбасы.
Жәдігер Бәкизатты көргенде, Әзімді еске түсіргенде, теңізге шыққанда балықшы
ауылдарында (Көл – Қара, Көк – Қара, Ақ – басты, Ақ – Еспе, Сары – Басат, Тас – Түбек
т.т.) болғанда, «шофер бала» - Қожбанмен арадағы әңгімелерде, тіпті өзімен-өзі қалған
сәттерінде де жан – жүректі қозғаған, көңіл толқынын тербеткен мазасыз шақтардан
босай алмайды. Өзі мен көлеңкесіне де осы тұста көзі түседі. Өйткені, «Өзінің өмірде
ғана емес, осы үйде де жалғыздығын қатты сезді. Аңғал-саңғал үйде көңілі құрғыр
құсаланып, аңдаусызда бір жерін сәл түртіп қалса да аңырағалы тұрған-ды. Абзалы, аш
бол, тоқ бол адам жаны қашанда жетім ғой. Төңірегің толып, кейде осылай қараптан-
қарап жалғызсырайтын жетім кезің болады-ау! Әсіресе, сонда қиын». Мұндай көрініс-
жайттар Жәдігер өмірінде жиі орын алды. Өзін-өзі ұмытқан, кінәлаған сәттері де болды.
Жанға, жүрекке салмақ түсті. Ой-сананы мазалаған қызғанышы көп, сергелдеңі мол
сәттер Жәдігердің Бәкизатқа жиі қол көтеруімен де астасып жатады. Бұл көріністердің
соңы Бәкизаттың астанаға, Әзімге баруына «жол ашады». Осы тұста қайын енесі – кәрі
қақсалдың да әсер-ықпалы сезілмей қалмайды. Теңіздің тартылуы да елге, отбасына кері
әер етеді. Араларындағы екі бала да денсаулық жағынан көңілді алаң етеді. Өйткені, «екі
баланың екеуі де ана жатырында індетке шалдығып кемтар боп туады. Әсіресе, он екіге
қарап бара жатқан бұның дәл өзіндей денелі, ірі қара баланың тілі әлі дұрыстап шыққан
жоқ. Ақыл-есі кем, ал екінші баласы... Бәкизаттың аузынан түскендей әппақ, әдемі қыз
146
бала... бұл айналайын да сол қолы іштен үш саусағы кем туды. Бұған кім кінәлі? Құдай
ма? Адам ба? Жоқ, әлде ант атқыр мына заман ба?
Ала-бөле бұның жеке басына түсіп отырған нәубет болса екен-ау. Әрілесе тек Арал
өңіріне келген қасірет болса бір сәрі ғой. Онда неге көнбеген сорлы бас, құдайдың
салғаны осы шығар дер еді де, бұған да шыдам жеткенше төзіп бағар еді. Ал мынау күллі
қазақтың, қазақ халқының басына қара күн орнатқан, сұм заманның сұмдық зауалына
айналып, етек алып барады. Әсіресе кеше Арал тартылып, ана жақта Семей, мына жақта
Байқоңыр, ол аз дегендей Маңғыстаудың мидай жазық даласы мен Ақтөбенің қатпар-
қатпар кәрі таулары, Орал мен Орданың шағыл құмдарына үсті-үстіне бомба жарып ұлан
байтақ жер-су, ел-жұрт жаппай полигонға айналғалы бәрі бұл дүниеде қазақ татпаған у
мен дерт қалды ма? Әне, жас ана құрсақ көтерсе үзірлі, кеміс бала туып, ұрпақ азып
барады» [1].
Жәдігердің Сырдариядан оралған тұстағы – көк өгізді түсінде көруі мазасыз
сәттеріне түрткі болады. Арал теңізінің тартылуы, көк өгіздің суды сарқып ішуі өмір
оқиғалары мен көркемдік шындыққа сәйкестікте орын алады. Көк өгіз хақындағы түс –
ұлттық мұратқа, халықтық таным – түсінікке сай беріледі. Оның өзі Жәдігердің –
жаратылыс, табиғат туралы таным-түсінігіне қозғау салады. Ол аз болғандай – дарияға
машинамен түсіп, одан да әупірімдеп аман қалады. Көк өгіз бен дарияға қатысты
көріністер де ойын сан-саққа жүгіртеді. Ол ол ма, балықшылар ортасынан оралғанда
Бәкизаттың қызын оқуға, өзі жолға шыққалы тұрғанының үстінен түседі. Бәкизаттың
бойында өзгеріс бар: «Айт – тойға баратындай үсті-басын сәндеп киініп апты. Бәрі де
анада демалыста болғанда астанадағы ателиеге тіккізген инеден жаңа шыққандай әдемі,
сәнді киімдер».
Жәдігер Бәкизатты жолдан бөгегісі келді. Өзімен бірге болғанын қалады. Ары-бері
айтып та көрді. Бәкизаттың ішкі ойын да әбден сезеді. Мұнда да енді қалатын, қызығатын
жайттар жоқ еді. Ауыл көшіп жатыр. Теңіз тартылды. Жаңбыр жаумағалы да біраз жыл
болды. Бұған анасының ел- жер, атақоныс хақындағы айтқаны, Сары Шаяның Әзім, билік
турасындағы әңгімелері де негізсіз емес-ті.
Мұның бәрінен, сөз жоқ Жәдігердің Бәкизатқа деген сенімі мен сезімінен өзге
күдік-күмәнді көбейтіп, сезікті жайттарға да бастады. Әзіммен байланыс, қатынастарын
еске салды. Анасын, ел-жерді ойлады. Атамекеннің қадір-қасиетін, атақоныстың сыр-
сипаттарын да назардан тыс қалдырмады. Бәрі бір: Бәкизат - Әзім әрекеттері алдынан
шықты. Адымын аштырмады. Жан-жүрекке, ой-санаға тыншу бермеді. Оған да себеп жоқ
емес. Жәдігер мен Әзімді көп нәрсе байланыстырады. Ортақ мұрат та, үндес тұстары да
бар. Бірге болған, қатар жүрген кездері де көп.
Жәдігер мен Әзім бір ауылдың балалары еді. «Бұл осы екі жігіт екеуі түйдей
құрдас еді; екеуі бір жылда туды; онжылдықты бірге бітірді; институтқа бірге
талаптанды; бірақ екеуі де алғашқы экзаменнен құлап ауылға қайтып келді. Сол жылы
екеуі әскерге бірге алынды; мерзімін өтеген соң, әскерден екеуі де бір жылда оралды;
сонан ... иә, сонан былайғы өмірдің талай шырғалаңын бастан бірге кешкенді.
Тек кейін бақыт қуған бала жігіттердің өмір жолы екіге айырылып, институт
бітіргесін ол – астанада қалып, бұл – «аралым, менің аралым» деп ауылға тартып отырды.
Ол шырқап өсті. Оның өсетініне бұл күмәнданған емес. Баяғы бала кезде балықшы
ауылдың күнге күйген қара сирақтарының ішінде ұзын бойлы ақ сары бала жұрт көзіне
бұрын түсетін. Зейінді, алғырлығына сенгесін басқа балалардай сарылып отырмай,
сабақты жүрдім-бардым оқитын. Есесіне екі бетінен от шығып тұратын әдемі ақ сары
бала көп арасын киіп-жарып ән салатын жерде тартынбай - ән салды, домбыра тартатын
жерде тартынбай – домбыра тартты. Балықшы ауылда үрдіс болмаған биге де бұйығы
балалар бірінің тасасына бірі тығылып баспай қойғанда, ол қара көзі жайнап біріші боп
147
шыққан-ды», «Институтқа түсерде бұл осы тұрған Алматыға тәуекелі әзер жеткенде ол
Москваға жалғыз тартты. Бұл бірінші сабақтан құлап, анасы берген азғантай ақшасын
қала көрген қу мүйіздердің сырасына сауғызып қайтып келсе, ол жарқылдап ауылда жүр.
Ана қалтасы да, мына қалтасы да будақ-будақ ақша. Сол жылы ата-аналар оқуға түсе
алмай қайтқан балаларға ренжігенде: «өзіңдей Әзімге қарашы. Оқуға түспесе де ақшаны
күреп қайтты», деп ұрысатын.
Әзімнің елге келуі ауылдағы біраз жйттарға тиек болды. Жәдігердің есіне Әзіммен
бірге өсіп-есеюі, армияда болуы, студенттік күндері мен Бәкизатпен алғаш кездесулері,
бәрі-бәрі түсті. Арал проблемасы да екі көзқарас тұрғысынан сараланды. Халықтың
демографиялық ахуалы, балық шаруашылығын–мақта, күріш сынды тиімді іспен
алмастыру жайы да баяндалды. Осы тұста Жәдігерге Бәкизаттың: «Сенен кетем,- деген
өктем үні, соңғы шешімі де естілген еді.
Бәкизаттың: - Сенен кетем! – деген бір ауыз сөзі Жәдігерді таң қалдырмаса да
өміріне қозғау салғаны, тағдыр талқысын күшейте түскені анық еді. Араларындағы
отбасылық кикілжің, Әзімге қатысты әр алуан әңгімелер де көп жайды қайыра еске
түсірді. Енесінің Жәдігерге күдікпен қарап, кекете сөйлеп-ақ Бәкизатты одан әлдеқашан
алыстатқан-ды. Ең негізгісі, Бәкизаттың түпкі ойы: ауылдан – қалаға көшу, Әзіммен
қосылу еді. Әзіммен келісімі, онымен бірге жолға шығуында себеп, сыр бар болатын.
Өмір соқпағы, тағдыр талқысы теңіз үстінде үшеуін қайта табыстырды. Өмір мен табиғат
заңы - Жәдігермен бірге Бәкизат пен Әзімді де сынға алды. Олардың мұз үстіндегі
арпалысы, өмір үшін күрестері – адамдық сапасын да, сенім мен сезімге қатысты
көзқарастарын, табандылықтарын да айқын аңғартты. Бәкизаттың: - Сенен кетем! деген
екі ауыз сөзі Жәдігермен болған он үш жылдық отбасылық өмірді, араларындағы
балаларды еске түсірумен бірге, одан туындаған тағдыр талқысын да, сең мен сезімнің
сергелдеңді тұстарын да, мәңгілік махаббаттың мәні мен маңызын да жан-жақты
көрсетті.
Жәдігердің ел-жұрт, сел мен теңіз туралы мың сан ойларын - Әзім мен Бәкизаттың
бірге кететіні де бұзған-ды. Оны Сары Шая да, ел-жұрт та есіне салды. Ел, ер намысын да
алға тартты. Сонда да теңізге жалғыз тартты. Анасын, балаларын есіне алды. Адам
өмірінің мәні туралы ойға берілді. Жаратылыс пен табиғат үндестігіне, өмір мен өлімге,
күнгей мен көлеңке хақында да түпкі сырды жайып салды. Өмірдің қуанышы мен
қайғысын, дүниенің жалғандығын, у мен дертке толы тұстарын да өкінішпен еске түсірді.
Адам мұраты мен өмір мәні, уақыт өлшемі де негізгі назарда болды.
Осы сәт Жәдігермен қоштасқалы - Әзім мен Бәкизат та келген-ді. Бәкизат баланы
тапсырмақшы болған кешқұрым тұста қара дауыл мұзды қақ айырған-ды. Ақ түтек боран
күшейген. Жәдігер болса, «алағай – бұлайғай кезеңде» өз-өзін іздеп әлек болады. Өмір
сыны, тағдыр талқысы – оларға оңай тимейді. Өмір – тағдырын теңізбен байланыстырған
Жәдігер өзі мен көлеңкесі арқылы «сыр – сұхбат» құрса, Әзім мен Бәкизат мұз үстіндегі
сындарлы сәттерде сенім-сезімді аяқасты етеді. Өз өмірлерін, жан сақтау әрекеттерін
алдыға шығарады. Артық-кем тұстарын ойлауға да мұршалары келмейді. Тегінде,
Жәдігер басындағы, жан әлеміндегі өзгеріс-толқулар, Бәкизаттың баланы, Әзімді алға
тартып, одан алыстай түсуі – Арал проблемасымен бірге ендігі жерде тағдырлар
талқысын күшейте түседі. Көзқарастар қақтығысынан өзге жан-жүрекке түскен салмақ
тым ауыр еді. Жәдігердің жанын жегідей жеген, жүрекке салмақ салып, көңілін алаң
еткен – Бәкизат пен Әзімнің ашық күнде қол ұстасып, «жаңа өмірге аттануы» еді. Елге,
жақын-жуыққа, отбасылық өмірге қара дақ салған, теріс сипат берген бұл көрініс –
табиғат қарсылығы мен теңіздегі арпалысқа, өмір мен тағдырдың бетпе-бет ұшырасуына
алып келді. Біздіңше, ауыл мен теңіз, мұз үстіндегі арпалыс – Жәдігердің жан әлемін
айқара ашса, Әзім мен Бәкизаттың араларындағы жалған сенім мен ұшқары сезімді,
148
баянсыз байланыс-бірліктерін аяқасты етеді. Адамдық іс-әрекеттің, әділеттіліктің
үстемдігі де қиын кезең, қилы сәттерде биік бел-белестерден көрінеді.
Қоғамның басты байлығы, қозғалушы күші – Адам екеніне көз және жетеді.
Ақиқатында, Адамнан ардақты, асыл не бар?
Келесі кітап – «Сондай да бір түн болған» деп аталады. Осындағы алғашқы
тарауда ақ түтек боран, қара дауыл, аспан асты-жер үсті азынаған жел мен өкірген теңіз,
жарық пен көлеңке, өмір мен өлім арпалысы көркемдік шындықтар тұрғысынан
баяндалады. Өмір оқиғалары, адам еңбегі мен басты мұраттары да сенімді сипат алады.
Автор табиғаттың асау да долы «мінезін» адам өмірі мен еңбегіндегі өзгерістермен қатар,
салыстырмалы сипатта суреттейді. Әсіресе, Аралдың тартылуын, теңіздегі қозғалыс пен
сең үстіндегі сергелдең сәттерді – Жәдігер өмірімен, Әзім мен Бәкизаттың байланыстары
арқылы нанымды ашады.
Әзім мен Бәкизат боран мен дауылдан аман қалудың неше алуан айла-амалын
жасап бағады. Өз өмірлерін де ауық-ауық естеріне алады. Жәдігер де осы тұстан көрінген
еді. Оларды, ортақ жайттарды еске түсіріп, қылжаққа айналдырады. Әзімнің «ұлы
жоспарын» қайыра есіне салады. Ақ мақталы егінді алқап, тың көтеру жайы, сапалы
жетістіктер жөніндегі «асыл армандарын» да әзіл-әжуа етеді. Сын-мін ретінде атап
көрсетеді.
Қатал табиғаттың сындарлы сәтіне қарамастан Бәкизат өткен өмірін есіне алып та
үлгереді. Әзіммен кездесу, демалыс сәті бәрі-бәрі ойға оралады. «Әйел затын ғашығын
сүйгені үшін жазғыруға бола ма?» деп те сыр-сезімге ерік береді. «Құдыққа құлан құласа,
құрбақа құлағында ойнағандай», Жәдігердің жігерсіз де табансыздығына Әзімді қарсы
қояды. Әзіммен болған алаңсыз, әсерлі сәттерін, ақ қайыңды алқаптағы, тау етегіндегі
қызық та қимас кезеңдерді жиі есіне алады. Әзімнің Арал ойпатынан тың игеріп, мақта
егеміз. Ақ мақтаны – Ақ алтын деп бекер атамаған деген дәйексіз де негізсіз фәлсафасына
сөзсіз сенеді. Оған деген сенімін күшейтіп, сезімін алдыға шығарады. Адамды, өмірді
сезіммен өлшейді. Оның мәнін, салмағын сезіне бермейді.
Ал, Әзімнің елге бұл жолғы келуі тым жұмбақ-ты. Бүгін келіп, ертең кетем дегенді
де сөз арасында айтып үлгереді. Оның келуі мен кетуі, яки «жер қозғалса қозғалмайтын –
мырғам, маңғаз жігітке ұқсамады». Әзімнің елдегі еркіндігі, асты-үсті сөйлеуі, ішімдікке
шектен тыс берілуі - өміріндегі өзгерісті, яки ісінің кері кетуін көрсетеді. Көңіл
асқақтығын өмір мен табиғаттың тосқауылы жоққа шығарады. Өмір мен сеңдегі
сергелдеңнен қатты опық жейді. Өмірдің – ұстаз, тәжірибе мектебі екеніне көзі жетеді.
Әзімге қосылу – Бәкизаттың әуелгі арманы болса да «бауырынан шыққан кемтар
баланы көзі қиып қалдырғанын», ауыл әйелдерінің әңгіме-өсекке қарқ болғандарын бір
сәт есіне алып үлгерді. Алайда, ар-ұятты аяққа таптап, Әзімнің соңына ереді. Ауыл –
елдің қарсылығы, балалардың көз жасы оларды, әсіресе Бәкизатты ұзаққа апармайды.
Мұз үстіндегі арпалыс, өмір – дүниеге ұмтылыс пен құштарлық тағдыр талқысы ретінде
алдан шығады. Жәдігерге да жаны ашыды. Әзімге де қол созып, бәйек болады. Өмір
жолының бұралаң, табиғат заңының қатал да сындарлы болатынына да көзі жетті. Көңілі
сенді. Артық-кем тұстары, жаза басқан сәттері, әсіресе, отбасының өмірі, «әйелдік
әрекеттері» бәрі – баршасы көз алдынан өтті. Адал өмір сүрудің мәні мен маңызына да
алғаш көз жеткізді. Отбасылық өмір, әйел-еркектің сенімі мен сезімі төңірегінде мың сан
ойларға беріледі. Өмір, отбасының берік байланысы мен қымбат та қасиетті діңгек екенін
толық түсінеді. Артық-кем тұстарын есіне алады. Әйелдің – ардақты да аяулы есім
екеніне мықтап табан тірейді.
Романда Әзім бейнесіне де кең орын беріледі. Әзім әлемінде де еркіндік бар,
«тереңдік» те жетеді. Биіктеген, аласарған тұстары да мол. Ол, әсіресе қаладағы өмірі
мен қызметінен, адамдық іс-әрекеттерінен терең танылады. Кейінгі кезеңде Әзім өмірінің
149
көлеңкелі тұстары қоюланып, қалыңдай түскен. Сөзі мен ісінде алшақтық байқала
бастады. Арыз – шағым шектен тыс көбейген-ді. Үлкен үйге де ол себепті шақырылған-
ды. Оңынан ұрған жел де, өрлей жүзген қайық та бауырын тасқа соққан сәт еді бұл. Әзім
өмірінің кері кеткен тұсы болатын. Жаза басқан, неден қателескенін ойлады. Артық ақыл
адамға әрдайым көмектеспейтінін, ақыл мен айла серікке жарамайтынын, сезік пен
секемге ден қоюдың қажеттілігін еске алды.
Бұдан басқа «... жақсылықтың жолы жіңішке; кедей кісіге мың дос аздық еткенде,
бір дұшпанның көптік ететіні кәперінен шығып кетті; осы қазақ басқа қонған бақытты
құсқа бекер теңемеген; үргедек құсты қаһарлы қол жиып, қару асынып жетпей – ақ
қолына шыбық ұстаған сотқар біреу «тәйт» десе де жетіп жатыр; кеше бір мықты
ықыласы түскенде бере салған бақыт, сол мықты қаһарын тіккен күні қайтып алатын түбі
бос шикі бірдеңе еді ғой; сен жазған соны да ұмыттың; жоқ, ұмытқан жоқ-ты, тек мына
шіреніп отырған қырттардың алтын басындағы қор ғып, екі аяғының сарсылтып
тұрғызып қойған қорлығы ызаңа тиді: бәрінен бұрын жаныңа сол батты; бірақ амал
қанша, күштіге күл шаша ма; қолыңнан келсе, сен де бүйедей бүржиген немелерді
отырған жерінен тұрғызбай үстіне үйдің төбесіне құлата салар едің; ондай құдірет
болмағасын, тым құрыса, бұлардың алдында бас игісі келмеді де, қырсығы ұстап
кекірейіп алғаны рас; кіріптар боп тұрып менменсіген қиқарлық кімге ұнасын».
Әзімнің бойында адамдық істен гөрі әділетсіз әрекеттер басым болды. Өктемдік
пен озбырлық қатар өріс алды. Сөзі мен ісінде байланыс болмады. Ескі көзқарас, қасаң
қағидадан ұзап шыға алмады.
Ол бюрода да жоғары жақты мадақ сезімге бөлеп, әсіресе Мәскеуге мақта керек, -
деп табандап тұрып алды. Теңіз табанынан су қашқанын, Арал аспаны мен өңірі әппақ ақ
шаңдақ пен тұзға тұншыққанын, адам мен оның ұрпағына бұрын-соңды көрмеген алапат
індет келгенін ашық айтты. Алайда, ұжымның екі көзқараста болуы, су картасының
зиянды тұстары мен қызметкердің өзінен биік болмауын қалады. Енді кері әсер етті. Өмір
мен іс-әрекеттерінде алшақтық байқалды. Өктемдік пен менмендік таразыға түсті. Өмір
мен еңбектегі үйлесімсіздік айқын аңғарылды.
Осы көрініс, сәттер Әзімнің ақ түтек боранға тап келгенде, теңіз үсті мен жел
өтінде тұрғанда да есіне түсті. Адам мұраты, өмір мәні мен тұрмыс сәні турасында да
ойға берілді. Құрылысшы ағасын үлгі етті. Жастар жайлы, ұл-қыз туралы таным-
түсінігіне де мән берді. Ағасының көп ақылдарының бірін есіне алды: «- Өз әйелің сұлу
болғаннан гөрі өзгелерлің әйелі сұлу болғаны дұрыс».
Әзімнің мұз үстіндегі халі де тым аянышты, мүшкіл еді. Әлсіреп,
қалжырағанының үстіне өзінің неге кінәлі екенін есіне алып та үлгерді. «Партиядан
шығарды. Жұмыстан босатты. Астананы тастады. Астанадағы үй-күйін тастап, екі қолын
төбесіне қойып беті ауған жаққа тентіреп кеткенде, алдынан тағы да қаһарын төгіп
қарын, боранын, қара дауылын қаптатып несі бар». Әзім өмір сынын, тағдыр талқысын
осылай еске түсіреді. Қолмен жасаған қиянаты алдынан шығады. Өмірге өзгеше қарайды.
Өмір өз қолында екеніне де көз жеткізеді. Бәрінен де адам мен оның еңбегі биік те еңселі
екенін мықтап түсінеді.
Әзім мен Бәкизат бір-біріне мұң шаққан сәттері де жиілей түседі. Кездескен,
сырласқан сәттеріне де еркін енеді. Жәдігердің қайта оралып, оларды далаға шақыруы,
Әзімнің бораған қар мен үскірік желге тап келуі – олардың арасындағы бұрыннан бар
кереғар жайттарды еріксіз еске түсірген-ді. Өмір жолы бұралаң болғанымен, одан қашып
құтылу қиынның қиыны. Әзім мен Бәкизат әрекеті осыған келіп саяды. Олардың теңіз
үстіндегі, сеңдегі сергелдең сәттері – адамдық іс-әрекеттерінің таразыға түскен, өмір-
тағдырдың талқысына тап келгенін айқын байқатты.
Жәдігер мен Бәкизаттың ақ түтек боранда, мұз үстінде жағалауға асығуы, қасқырға
150
тап келіп, өткен күндерді қайыра еске алулары, көмекке келген ұшқыштар, Барса-
Келместің арғы-бергі кезеңдері, бәрі – баршасы қысқа қайырымдар, шегіністер арқылы
беріледі. Әсіресе, Арал мен Адамдардың тағдыр-талайлары, Жәдігер – Әзім – Бәкизаттың
өмір мен еңбектегі, тұрмыстағы іс-әрекет, сыр-сипаттары терең танылады.
Қос кітаптың соңғы бөлігі, ондағы өмір шындықтарының көркемдік шешімі –
Адам тағдыры мен Арал мәселесіне келіп саяды. Кітаптағы ауыл-қала көріністері,
қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршіліктері, отбасылық өмір мен жақын-
жуықтардың қарым-қатынастары, бәрі-баршасы таныс көрініс бола тұра басты
тақырыпты жан-жақты байытып, биіктете түседі. Ал, Арал тағдыры – әлемдік мәселе
болса, оның төңірегінде өмір сүріп, еңбек етіп жатқан адамдар, әсіресе Жәдігер сынды
кейіпкердің ел-жер, туған өңір төңірегіндегі қимыл-әрекеттері кім-кімді де бейтарап
қалдырмайды. Ауылдағы отбасылар саны азайып, жан-жаққа көшіп жатқан тұста Жәдігер
атамекен, атақоныс деп табандап тұрып алады. Атакәсіпке, ел-жерге адалдық танытады.
Осы жолда кедергіге де тап болады. Кемшіліктерге де жол береді. Ақиқатында,
Жәдігердің жан-дүниесіне тереңдеп енер болсақ, атамекенді – алтын бесік санап,
атакәсіпті - өмір арқауы етеді. Адамдық істі ардақтап, оған адалдық танытады.
Жазушының өзіне жүгінсек: «... адам қандай жағдайда да адамгершілікті сақтап, адам боп
қалу ләзім емес пе?» [2].
Жәдігердің өмір-тағдырының тұрлаулы, сергелдеңге толы сәттері шектен тыс көп
болғанымен, елдік мұрат-мүддеге адалдығы мен табандылығы оның бейнесін де, еңбегін
де жарқырата көрсетеді. Өмірдің басты өлшемі – адам мен оның еңбегінің асқақтығында
болса, ол – Жәдігер бейнесі арқылы биік белеске көтерілген.
Қалың көпшілік есінде осы қалды.
Қос кітаптың құрылымдық жүйесі, ондағы өмір оқиғаларының шындық
жайттарға негізделіп, ортақ мұраттар төңірегінде өріс алуы – тақырып
табиғатын, тағдырлар тағылымын терең танытады. Дөңгеленген дүниеге, жалпақ
жұртқа Арал аймағын, телегей теңіз болып танылған кең өлкенің сусыз-нусыз
күйге енуі, оның орнына ақ мақтадан мол өнім алуды көздеген өктем де озбыр
топтың алуан айла-амалға толы қилы әрекеттері, сен мен оның үстіндегі
сергелдеңге түскен тағдырлар талқысы, дала – табиғаттың, алапатты-
аласапыранды, сұрғылт та сындарлы сәттері сөз жоқ туынды табиғатын
бейнелеп-бедерлеумен бірге, көркемдік-рухани қырларын да арттыра түседі.
Дала-табиғат суреттері, атамекен мен атақоныстың қадір-қасиеттері, ауыл
адамдарының өскен өлке, туған жер төңірегіндегі толғам-толғаныстары т.т.
өзіндік өзгешеліктерімен, қарапайым көріністерімен есте қалады. Адам мұраты,
өмірі мен еңбегі асқақтай түседі. Өмір шындығы алдыңғы кезекке шығады.
Өйткені, «... қашан да көркем шындықтың негізінде өмірлік шындық жатады»
[3].
Жазушы еңбегі мен шығармашылығынан байқалар басты белгілердің бірі –
қаһарман әлемінен көрініс береді. Кітаптың қайсыбір тұстарынан көрінген
кейіпкерлерді ұмыту мүмкін емес. Адамдық келбеті, еңбек мұраттары, жүріс-
тұрысы, қимыл-қозғалыстары, бәрі – баршасы есте қалады. Ой-санадан берік
орын алады (мысалы, Жәдігер, Әзім , Бәкизат). Эпизодтық көріністерден
көрінетіндердің өзін ұмыту қиын (Сары Шая, Кәрі қақсал, Көткеншек Көшен,
Сары Иван, «шофер бала» - Қожбан т.б.).
Бұл тұста ойға оралар басты жайттардың бірі – қаламгер негізгі тақырып
151
пен өзекті мәселелерді елеп-екшеп, көркемдік қабылдау мен қорытулардан соң-ақ
кейіпкерлер жүйесіне мықтап ден қояды. Қайсыбір кейіпкерді де бүге-шігесіне
дейін танып-таразылап, жүріс-тұрысын, кәсіп-дағдысын, ой-сөз жүйелерін негізгі
оқиға, қимыл-әрекеттер төңірегіне жинақтайды. Әлгіндегі кейіпкерлердің әрбірі
де өзіндік өзгешеліктерімен, әсіресе ел-жер, өмір-тұрмыс, еңбек хақындағы
көзқарас мұраттарымен даралана түседі. Бұл ретте, жазушы туынды табиғатына
қатысты әуелгі мақсат-мұраттарын, көркемдік-рухани һәм философиялық-
эстетикалық нысанасын кейіпкерлер жүйесі арқылы бейнелі де бедерлі, жүйелі
жеткізуді алға қойғаны анық. М. Әуезовше айтсақ: «Жұрт айтпаған ойды айту –
анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол ырыс... Ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой
болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде атай білудің өзі қасиет» [4].
Кітаптың қайсыбір бөлігінен де ауыл мен қала көріністері қос ағыстай арна
алады. Алыс ауыл өңірі – Жәдігер төңірегінде кең өріс алса, қалаға қатысты
көріністер - Әзім айналасында айқын байқалады. Шығарма ауыл-қала хақында
емес, әрине. Алайда, өмір оқиғалары мен шындықтары – Ауыл мен Қала
байланыстары арқылы беріледі. Ондағы адамдар, әсіресе Жәдігер – Бәкизат –
Әзім төңірегіндегі қатынас пен қақтығыстар – Арал төңірегінде өріс алады.
Айталық, Жәдігер Арал мәселесін – атамекен мен адамдар төңірегінде танып-
таразыласа, Әзім Аралдың екінші тынысын – мақталы алқапқа, алтынды аймаққа
айналдыру арқылы көрсетеді. Екі адам, екі көзқарас – Арал тағылымы мен
тағдырын сан-саққа жүгіртеді. Жәдігер – атамекен мен атакәсіпке мықтап табан
тіресе, Әзім ақ мақтаны аңсап, «кемел келешекті» көздейді. Кітапта бұл жайттар
алуан әрекет, қилы көзқарас, түрлі тартыстар арқылы беріледі. Ұлт мұраты, ел
тағдыры, атамекен орны кеңінен көрініс береді. Ең бастысы, әрине ұлттан асқақ,
адамнан қымбат, елден ешкім үлкен емес,-деген асыл мұрат айқын аңғарылады.
Шындық жүзіне қарасақ, Жәдігер ұстанымы – адам мен ондағы еңбек
адамдарының күнделікті өмір шындықтарына негізделсе, Әзім көзқарасы –
күдік-күмәнімен де, ғылыми негізсіздігімен де көңілге қона бермейді. Сол үшін
де еңбек ұжымынан қарсылық-кедергілерге кезігеді. Өмір – тағдырдың да
талқысына тап болады. Әсіресе, қатал табиғат сыны, теңіз үстіндегі жанталас
әрекеттер Әзімнің адами әлемін «айқара ашты». Адам факторы, өмір мәні, еңбек
мұраты турасындағы үстірт те тиянақсыз, негізсіз көзқарас-танымының тас-
талқаны шықты. Қоғам-кезең, өмір-уақыт туралы «асыл ойлары» да қысқа,
баянсыз болды.
«Қоғам оңалмай, адам оңалмайтыны» (А. Камю) осы реттен еске түседі.
Романның бастапқы бөлігінен соңғы сәттеріне дейінгі желісі мен
жүйесінен, арқауы мен арнасынан бір сәтте босамайтын басты тұлғалар –
Жәдігер – Бәкизат – Әзімнің өзіндік өзгешеліктері бар. Бірінсіз-бірі анық та,
қанық та көрінбейді. Туынды табиғаты, идеясы мен мазмұны – үштік тұлғалар
төңірегінде өріс алады. Атамекен, Арал, Махаббат – Жәдігер – Бәкизат – Әзімнің
арман-аңсарларын да, еңбек мұраты мен сенім-сезімдерінің де басты арқауы.
«Қан мен Тердегі» сюжеттік желі – Еламан – Ақбала – Тәңірберген төңірегінде
дамыса, «Соңғы парыздағы» - Жәдігер – Бәкизат – Әзім арасындағы қарым-
қатынас, бақыт пен баянсыздық, сенім мен сезім иірімдері ауыл мен қала, дала –
152
табиғат төңірегіндегі мұз бен теңіздің толқынында өтеді. Тегінде: «Суреткер
образбен ойлайды. Былайша айтқанда, нағыз жазушының философиясы оның
шығармасында тікелей баяндалмайды, түрлі образдар арқылы ашылады.
Маңдайы ашық, мерейі үстем һас шебер суреттердің жай көп жазушыдан
артықшылығын танытар да осы тұс. Сәтті образ – сәтті шығарманың ең бірінші
белгісі» [5]. Ақиқатын айту керек, жазушы шығармашылығында тақырыпқа
адалдығы, қайсыбір мәселені де кең көлемде қозғайтыны, үлкен-кіші
кейіпкерлерінің өзі орын-орындарында тұрғандықтан, табиғилығымен есте
қалатыны, айнала-әлемді, алуан көрініс-суреттерді өмір шындығы мен оқиға
өріміне сәйкес қолданатыны, ел-жерге қатысты атау-ұғымдарды бүге-шігесіне
дейін танып-түстейтіні айқын аңғарылар еді. Бұл, әсіресе аталмыш романдағы –
Арал мәселесін, оның арғы-бергі тарихы мен тағдыр-талайын, атамекен мен
адамдар еңбегін, ел-жердің қадір-қасиетін көрсететін тұстарда терең танылады.
Теңіз бен табиғат, адамдар мен тағдырлар талқысы, көзқарастар эволюциясы,
бәрі-баршасы – Арал теңізі төңірегінде табиғи өріс алады. Өмір шындықтары,
уақыт пен кеңістік ара қатынастары да нанымды ашылады. Ең негізгісі, әрине
адам өмірі мен еңбегі, мақсат-мұраттары елдік мәселелермен, уақыт
шындықтарымен сабақтастықта суреттеледі.
Бірінші, екінші кітаптар көлем жағынан өзара теңдес болғанымен,
оқиғалар дамуы мен шындығынан, кейіпкерлер жүйесі мен іс-әрекеттерінен
шапшаң да шымыр тұстарының барын байқауға болады. Алғашқы кітапта
балықшылар өмірі, ел-жер жайы, Жәдігер – Бәкизат төңірегіндегі отбасылық
әрекеттер кеңінен көрінсе, келесі кітапта теңіз бен табиғаттағы құбылыстар, сең
мен сергелдеңге түскен тағдырлар талқысы, адам мұраты мен өмір мәні жан-
жақты ашылады. Адам факторы алдыңғы кезекке шығады. Өмір өлшемі, уақыт
тынысы терең танылады. Өмір құбылыстары мен кезеңдік көріністермен бірге
адам мен табиғат арасындағы байланыс-үндестікке үлкен мән беріледі. Сол
арқылы адам әлеміне үңілу, жан-жүрек сырларына, көңіл толқындарына ден қою
мақсат етіледі. Айнала-әлем, өмір оқиғалары мен шындықтары – адам мұратына
негізделеді. Адам өмірі мен еңбегі – бар асылдан да биік, қастерлі саналады.
Әлемнің әміршісі, қоғамның байлығы ретінде де зор маңызға ие болады.
Алғашқы кітаптың соңындағы: - Баланы тапсырамын, - деген Бәкизаттың,
немесе:
- Біз кетіп барамыз... Өз басым сезімнің жетегіне еріп, қызғаныш деген
пәлеге құл болуға қарсымын... Бар болғаны сенен өзімнің бергенімді қайтып
алдым, - деген Әзімнің әмірлі, өктем үнінен Жәдігерді кінәлау мен мұқату жіті
көрінеді.
Ал, екінші кітаптың соңында Бәкизат «кіп-кішкентай сұр торғайға» сыр
ашады.
- Шырылда! – деп үн қатып, келешек күндерге үміт артады. Құс – ғұмыр –
жаңа өмір мен уақыттың бедерлі белгісіндей есте қалады.
Өмір оқиғалары мен шындықтары тағдырлар талқысымен тиянақ
тапқанымен, Құс-ғұмыр жаңа күн, өзгеше уақыттың барын байқатады. Жаңа әлем
ашылып, өзгеше өмір басталғанын да айқын аңғартады. Өмір шындығының
153
жаңаша бағыт алып, көркемдік шешімнің соңы сипаттарға ие болуы – ұнамды
құбылыстар қатарына жатады.
Пайдаланылған әдебиеттер
Соңғы парыз. Роман. – Алматы: Жазушы. 1999. – 436 б.
Шындықтың аты – шындық. – «Жас Алаш», 2006. – 213 б.
Нұрғали Р. Телағыс. – Алматы. Жазушы, 1986. – 317 б.
Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 20 том. – Алматы: Жазушы, 1985.
– 298 б.
5. Шаймерденұлы Е. Әбдіжәміл әлемі. – «Нұр – Астана», 2006. – 116 б.
Резюме
В статье, написаной по сюжету романа Ә. Нүрпейісова «Соңғы парыз»,
анализируется человеческий фактор в Аральской проблеме, показаны сцены
бытовой жизни и их связь с природой.
Resume
In the article which is written on the plot of the novel «Соңғы парыз» by
A.Nurpeyissov, the author describes the human factor of the Aral problem, different
secrets of everyday life, varions judgment and comparison of the complicate sides of
the natural phenomena.
Достарыңызбен бөлісу: |