Доклады казахской академии образования Ежеквартальный журнал издается с 2008 года



Pdf көрінісі
бет18/28
Дата03.03.2017
өлшемі4,5 Mb.
#7282
түріДоклад
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28

УДК 811.512.122 
 
САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДА 
ҚОЛДАНЫЛҒАН СОМАТИКАЛЫҚ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР 
 
Ж.С. ТАЛАСПАЕВА 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, 
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік  Қазақстан мемлекеттік университеті 
Ж.Т. ҚАДЫРОВ 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент, 
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 
 
Аннотация 
Мақалада  жазушы  Сафуан  Шаймерденов  шығармаларының  тілдік  ерекшелігі 
қарастырылады.Автор  жазушы  шығармаларындағы  соматикалық  фразеологизмдердің 
қолданылу  ерекшелігін,  олардың  экспрессивті-эмоционалды  реңкін  және  көркемдік-
стилистикалық қызметін нақты тілдік фактілердің негізінде талдайды. 
Түйін  сөздер:соматикалық  фразеологизмдер,  ұлттық  бояу,тіл  өрнегі,  ұлттық 
ерекшелік, авторлық қолданыс, ұлттық мінез, лексика-семантикалық қабат. 
 
Фразеологизмдердің  адам  психологиясын  білдіретін  түрлері  көбіне  соматикалық 
атауларға  байланысты  болады.  Соматикалық  фразеологизмдер  адамның  дене  мүшелері 
атауларының  қатысуымен  жасалады.  Ғалымдардың  пікірінше,  тіліміздегі  тұрақты 
тіркестердің 30%-ын соматикалық тіркестер құрайды.                            І. Кеңесбаев 
сөздігінде  630-дан  астам  соматикалық  фразеологизм  тіркелген.  «Сөз  мағынасының 
кеңеюі, сөздердің семантикалық өрісінің бір-бірімен ұласуы, олардың тілдегі белгілі бір 
құбылысты,  атауды  білдірудегі  бір-бірімен  тура  немесе  жанама  байланысын,  адамның 
ақыл-ойы арқылы тану процесінің бір қырын соматизмдер арқылы танытады» [1]. 
Адам өз өмірінде небір ғаламат күйлерді басынан кешіріп, өзінің табиғи қасиетіне 
орай  жан-дүниесімен  тебірене  сезіне  алады.  Ол  басынан  түрлі  оқиғаларды  өткізеді: 
қуанады, сүйсінеді, шаттанады, рахаттанады, ашынады, күйінеді, алданады, түңіледі. Осы 
қасиеттердің  басым  көпшілігі  қазақ  тілінде  соматикалық  фраземалардан  мол  көрініс 
табатыныны  сөзсіз.  Қазақ  тілінде  фраземалардың  ұлттық-мәдени  аспектілеріне 
синонимдік  қатарлар  тұрғысынан  зерттеген  профессор  Г.Н.Смағұлова  мағыналас 
қатарлардың  топтарын  антропоцентристік  және  тілдегі  адамдық  фактор  тұрғысынан 
семантикалық  өрістерге  жіктеп,  мынандай  пікір  айтады:  «Адам  бойындағы  сезім 
саласындағы  айырмашылықтар  түрліше.  Тұрмыс  жағдайы,  білім  деңгейі,  жас  мөлшері, 
қоршаған  орта  әсері  де  ықпалын  тигізеді.  Қалыпты,  күнде  көріп  жүрген,  болып  жатқан 
дүние құбылыстарын әркім әр түрлі қабылдайды, бағалайды» [2]. 
Одан әрі фраземаларды адамның жағымды-жағымсыз қимыл әрекеті, сезім әрекеті 
немесе  жоғары  эмоциялық  фраземалар,  адамның  физикалық  қалпы,  сөйлеу  дағдысы, 
жеке  басына  тән  қасиеттері,  қоғамдық-әлеуметтік  жағдайы,  түр-әлпеті  және  т.б. 

 
166 
семантикалық  топтарға  бөледі  [2].  Байқағанымыздай,  фраземалардың  басым  көпшілігі 
адаммен, оның сезімдерімен, қасиеттерімен байланысты пайда болған. Әсіресе, адамның 
көңіл-күйі  бет-ажарынан  айқын  байқалып  жатады.  «Көз-көңілдің  ажары»,  «Түсі  игіден 
түңілме»  деген  мақалдарымыздың  тілімізден  орын  алуы  осындай  қасиеттерден  болуы 
керек, ал фразеологизмдер бұл орайда ерекше назар аудартатын тілдік құбылыстар. 
Сафуан  Шаймерденов  шығармаларында  соматикалық  фразеологизмдер  молынан 
кездеседі.  Жазушы  кейіпкерінің  мінез-құлқын  айқындауда,көбіне  соматикалық 
фразеологизмдерге жүгінеді.Солардың бірқатарына тоқталсақ: 
Менің итім сіздей бейпіл ауыздардың  талайын көкесіне танытып жіберген! [4]. Басында 
Сілеусін  отыр.  Битабардың  аузына  су  тамызып  отыр.  Осы  кезде  ресторан  кухнясынан 
шыжылдап,  бұрқырай  шыққан  екі  бифштекс  «былай  тұрыңдар,  жол  беріңдер,  мен 
келемін!»  дегендей  әр  ауыздың  сілекейін  шұбыртып,  біздің  алдымызға  келіп  тоқтады 
[4].Әспет  апай  сөйлегенде  біз  аузымызды  ашып  қалатынбыз  [4].  Не  қарайтыны  бар, 
дайындала бермейтін бе еді кісі деген. Ауызға қашан шайнап салады деп қарайсыңдар да 
отырасыңдар  ылғи  [4].  Аш  иттей  әр  үйді  бір  торып,  әр  қораны  бір  тіміскілей,  шетке 
шыққанға ауыз салып жүрген аштық біздің үйге де аранын ашып келе жатты [4]. Оның 
осы бір тұрысын түсінбеген төрт аяқты бір туысы табыла қалса, Марғау  ауыз салмайды
артқы  аяғымен  бір-екі  жер  тарпып,  топырақ  лақтырады  да,  жақындай  беріп,  кеудесімен 
соғып жібереді [4]. Сөйтіп әр жерден сығылысып өтер жымба із жасап, екі бөлмені аузы-
мұрнынан  келтіре  сықап  толтырды  да  қойды    [5].  Жалғыз-ақ  мал  сетінесе,  жә  болмаса, 
боран-шашында қасқыр торуылдаса, сонда ғана Марғау аты  ауызға ілінеді [4.]. Тағы бір 
картинасы бір жиналыста бір үлкен басшының аузына ілігіпті[4]. Ал Бағдан болса, анда-
санда  ашу  білдіргені  болмаса,  аузын  да  ашпаған  [3].  Тізе  берсек  шексіз  тізіле  беретін 
«ауыз» сөзімен келген тұрақты тіркестер жазушы шығармаларында шебер қолданылады. 
Әсіресе,  жеңіл  юмормен  жұмсалатын  тіл  айшықтары  оқырманын  оқиға  желісіне  бірден 
баурап алады. 
Қазақ  тілінде  бастың  түрін  анықтайтын  домалақ  бас,  сопақ  бас,  таз  бас,  қауын 
бас,  қу бас, шүйке  бас  т.б. тіркестер бар.  Сонымен  қатар, осы сөзбен жасалған  тұрақты 
тіркестерден  де  қазағымыз  кенде  емес.  Автор  мұндай  тіркестерді  кейіпкерлерінің 
портретімен қатар, ішкі жан-дүниесін беруде нанымды бейнелейді. Мысалы:Жантуар тез 
жадырап, өмірі ренжітіп көрмеген әйелінің маңдайынан сипады.  – Сенің арқаңда әне қу 
бас атандық... [5]. Бір үйдің бас көтерері өзі болған соң, отын-су да қайтсе де апамның өз 
мойнында болатын [6]. Ана үшеу келіскендіктерін бас изептүсіндіріп, үндей алмай қалды 
[4].  Осы  бір  екеуара  қайтарма  сөздің  ырғағынан  бөтен  адамның  Ұмсындықты  жәбірлеп 
жатқанын  анық  түсінген  ит  аяғымен  тырмалап,  есік  тиегін  ағытты  да,  Қарғабекті  бас 
салды [4.]. Бірақ сол жерде «көрермізді» пайдаланып ешкімнен сұрамастан бас жоқ, көз 
жоқ,  қоғам  мүлкін  сүйрей  жөнелуді  қайдан  шығардыңдар?  [6].  Қойлар  жапырлап, 
жамырай  келіп  ең  әуелі  суға  бас  қойды  [4].  Жаздыгүні  осы  бір  қан  жайлауда  талай  ел 
тоқайласып, талай иттің  басы қосылады [4]. Дағдыда кереуетке жиналатын  басы артық 
көрпе-жастық  бәрін  де  енді  әбдіре  үстінен  көремін  [6].  Кенет  разы  болғанын  танытып, 
үйді  басына  көтере  дүңкілдеп  Марғау  үрді  [3].  Әлім  қарт  бас  болып,  үй  іші  жас  қой 
етінен  жасалған  ыстық  кесеге  бас  қойыпты  [4].  Орайы  келген  соң:  –  Есіңде  ме,  қол 
ұстасып  оқуға  кетейік  дегенімде,  мойныңды  бұрмап  едің.  Енді  Нұргүлді  жібер.  Бас-көз 
болып  жүрерміз,  –  деп  қойдым  [6].  С.Шаймерденов  халықтың  сөйлеу  тілінде  мол 
ұшырасатын  «бас»  сөзімен  келген  фразеологизмдерді  жұмсауда  шығармаларының 
шырайын  келтіре  отырып,  мағынасына  табиғи  өң  кіргізеді.  Көбіне  ауыл  адамдарының 
сөйлеу мәнерін, мінез ерекшелігінен хабар беретін тұрақты тіркестерді тиімді қолданады. 
Келесі  бір  тілімізде  жиі  жұмсалатын  фразеологизмдердің  бірі  –«бет»  сөзімен 
айтылатын  тіркестер.  Бет  –  адамның  мінез-құлқын,  қабілетін  және  т.б.  жаман-жақсы 

 
167 
қасиеттерін  көрсететін  негізгі  мүше.  Жазушыбелгілі  бір  тұрақты  тіркестерді 
шығармаларының мазмұндық желісімен ұштастырып, көркемдік нақыш беру мақсатында 
да  қолданады.  Мысалы,  Бетімнен  отым  шығып  өртеніп  барам.  Жердің  жарықшағы 
болса,  батып  кетсем  деймін  [6].  Көңілі  орныққан  Битабар  тамағын  ішіп,  кешкі  сменаға 
бет  алды  [4].  Ойлаңызшы,  өзіңіз  бетке  ұстаған  маңдай  алды  шахтерді  түрмеге 
отырғызып  қойып,  тамақты  қалай  ішесіз  [4].  Сол  екеуі  бар  тұрғанда,  қай  тарапқа  бет 
қойып жүрсек те, бір жұрттан барып шығарымыз хақ [4]. Қау дегенің лапылдап, майша 
жанады.  Қызуы  қандай  десеңші  бет  қаратпайтын  [4].Ал  «өзін  бір  ұялтып  тастайын» 
деген  оймен,  осындай  бір  қылығын  бетіне  салық  етіп  көрші,  сондай  қайтер  еді  дейсің 
ғой  [4].  Әлі  ешкім  ешнәрсені  сезбесе  де,  бетімде  бір  шіркеу  тұрғандай  өз-өзімнен 
қаймығып жүрексіне берем. [6]. Бетін солтүстікке түзеп поезд тұр [4].Тайлы-таяғымен 
шығып, күн алысады, түн алысады, бірақ жаһанды жалпағынан жайлап алған қара өрттің 
беті  қайтпайды  [4].  Әйтпесе,  сеңдей  соғылысқан  халықтың  өлгені  өліп,  өлмегені  жан 
сауғалап, бетінің ауған жағына босып кете береді [4].Төсекте басы қосылып, шопанның 
ащы еңбегінде білегі айқасқан соңғы бірер жылда ренжіткен күні жоқ еді ғой. Бетіне де 
келмеген [4]. Айнала орап, қаулай жанып қара өрт келеді. Бет бақтырмас, алды – біздің 
ауыл [4]. Сілеусін бұрынырақ жауап берді:  –  Әлі онда  ғана. Біздің үйдегі  кісі  бет  алды 
айта  береді  [4].  Әлдебір  тұздықты  сөзбен  бетін  қайтарып  тастайын  деп  оңтайлана 
беріп  еді,  бадырақ  көздің  пошымы  мен  дауыс  ырғағын,  қимылын  ұнатпаған  Марғау 
алдыңғы екі аяғын ашық тұрған терезе жақтауына салып алып, мойнын соза ұмтыла үріп, 
төңіректі  шулатып  жіберді  [4].  Әттең,  Арам  сарыдан  аса  алмайды.  Қисынды  жерде 
ешкімнің бетін қайтармайды [6]. Бұл сөйлемдердің айшықты бояуы қалың, экспрессивті 
мағынасы  күшті.  Мағынаны  дәлме-дәл  беруде  фразеологизмдердің  стильдік  мәні  басым 
түсіп жататындығын күнделікті өмірден де, дүниенің тілдік бейнесін айнаға түсіргендей 
етіп көрсететін осындай көркем шығармалардан да аңғарамыз. 
«Көз»  соматизмімен  жасалған  фраземалардың  жұмсалуы  басқа  соматикалық 
тіркестермен  салыстырғанда  жиірек.  М.  Ержановтың  «Адамның  сыртқы  бейнесін 
сипаттайтын 
сөздердің 
лексика-семантикалық 
топтары» 
атты 
кандидаттық 
диссертациясында  көздің  123  түрін  сипаттайтын  соматикалық  тіркестері  көрсетілген: 
үлкен көз, бадырақ көз, жұмық көз, қой көз, құралай көз, шаян көз, шатынған көз, қысық 
көз  және  т.б.  Жалпы  «көз»  соматизміменжасалған  200-ден  аса  фраземалар  қолданыста 
бар.Автор  мұндай  фразеологизмдерді  аз  сөзбен  көп  мағына  беруде,  ойды  ықшам  да 
жинақы  етіп  танытуда  шебер  жұмсаған.  Мысалы,  Қыз  сыпайылығы  ештеңе  көрмеген 
ауыл қызының ұяңдығы емес екен. Оған көп кешікпей-ақ Бағданның көзі жетті [4]. Ол 
енді сақтаныңқырап көз салып еді, таң-тамаша: әлгінде ала көлеңкелеу купе ішінде ескі 
өңділеу сияқтанып көрінген Әспет мына жарық ресторанға келгесін бе, әйтеуір құлпырып 
кеткен  [4].  Кез  келген  жерге  қисаятын  да,  бір  ғана  шаққа  қор  ете  түсіп,  көз  шырымын 
алып,  тұрып  жүре  беретін-ді  [4].  Көз  жүгіртші,  Тулан,  осыған.  Өзі  қонақтап  отырған 
бұтақты аралаған Қаһар Жүсіпті не деуге болады?! [4]. «Сапар келді-ау» деп көз қиығын 
да  салмай  отыра  берді  [6].  Енді  Жанкүмісті  өз  еншісіне  қайтарып  алған  соң,  ақырын 
отырып дақпырты үш жүзге бірдей тараған Балуанға көз қырын сала бастады [4]. Кәсіби 
көз соны бірден шалды [4]. Ел беттен де, тау беттен де алыстан көзге түсіп, мен мұндалап 
тұратын  жайлы  жерге  жатты  [4].  Көзі  барға  көрініп  тұрғаны  секілді,  құлағы,  көңіл 
құлағы  барға  сөйлеп  тұр  ғой  бұл  күмбез  [4].Өткен  өмірдің  күнгейі  ғана  балуанның  көз 
алдында  [4].  Нәшандікке  көзі  түсіп  еді,  о  да  күліп,  Марьяға  көзін  қысып  қойды  [4]. 
Жантуардың көзі маңдайшадағы жарнамаға түсті: «Балалар үйі» [5]. Өзіме қызыға ма, 
болмаса  үйіме  қызыға  ма  қырындайтындар  да,  көз  салатындар  да  бар  әлі  де  [6].  Бірақ 
Сәршен  көрдім  деген  тұс  әлі  біршама  алыс.  Лезбай  сол  бетке  көз  тікті  [4].  Кәне,  қай 
жауыңнан арашалап алайын, айтақташы!» дегенді танытып, Ұмсындық алдында біршама 

 
168 
жерге құйрығын анда-санда бір қозғап қойып, көзін қадап жататыны бар [4]. Мен өсіп 
кеттім  бе,  әлде  совхоз  орталығындағы  екі  қабат,  үш  қабат  үйлер  көз  тарта  ма,  әйтеуір 
боран-шашынды жел өкпегінде күн жеп, мүжіле-мүжіле аласарып кеткен секілді [6]. 
Суреткер  қаламынан  туындаған  әрбір  бейнелі  жолдар,  айшықты  тәсілдер  өзінің 
қарапайымдылығымен,  табиғилығымен  құнды.  Ұлттық  болмысты  айқындайтын  осы 
сияқты басқа да тілдік қолданыстар жазушы шығармаларында жетіп артылады.Адамның 
көңіл-күйін беруде  «қабақ»  сөзінің  қызметі ерекше. Жоғарыда  мысалға  келтірген  «бет», 
«көз»,  «бас»  сөздеріндей  емес,  «қабақ»  сөзімен  жасалған  фразеологиялар  тілімізде 
біршама  сирек.  Десек  те  ондай  тіркестер  эмоцияны  беруде  мақсатты  түрде  жұмсалып 
отырады.  «Қабағынан  қар  жауды»,  «Қабағы  ашылды»,  «Қабақ  шытты»,  «Қабақ 
көрсетпеді»  деген  сияқты  тұрақты  тіркестер  осы  ойымыздың  айғағы.  Жазушы 
кейіпкерлерінің  мінез-әрекеттерін  суреттеуде  осы  сияқты  тіркестерді  кейіпкерлерінің 
мінез ерекшелігін, көңіл-күйін беруде ұтымды жұмсаған. Мысалы, Қол шананың жібі аш 
болсын,  тоқ  болсын  бір  мойымайтын,  бір  қабақ  шытпайтын  өгей  шешеме,  дүлдүл 
шешеме қайта-қайта ауысып барады да, ұзағырақ тоқырап қалады [4]. Жоғары басшылар, 
айталық  мына  біздер  күні-түні  кірпік  ілмей,  сенің  бақытынды  ойлап  отырмыз.  Ал  сен 
болсаң,  тоғайға  барып,  үйіңе  отын  шауып  әуресің  [6].  Жұмыстан  шаршап  келгендігі 
болса керек, қабағында кірбің [4]. 
Қазақ  тіліндегі  фраземалардың  қалыптасуына  сонымен  қатар  құлақ,  тіс,  мұрын, 
аяқ,  жүрек,  бауыр,  бүйрек,  іш  және  т.б.  анатомиялық  атаулардың,  дене  мүшелерінің 
қызметі айрықша. Олар сөзге арқау, ойға тірек болып, фразеологиялық бай қорын жасауда 
ерекше қызмет атқарады. Мысалы: Не дегенін Лезбай түгіл, сақ құлақ Марғау да ести алған 
жоқ  [4]. – Ә, қалқан құлақ, әлім жетті деген қалай екен?! [4]. 
Жүрекке,  құлаққа,  аяқ  пен  қолға,  мойынға,  тіл  мен  тіске,  бауыр  мен  бүйрекке 
қатысты 
фразеологизмдер 
Сафуан 
Шаймерденов 
шығармаларында 
молынан 
ұшырасатындығын аңғардық. Мына сөздерден кейін Бағдан жүрегі орнына түсейін деді
«Апасы сонда  жиырма-ақ жаста!» [4]. Ренжіп қала ма  деп  жүрегім  су ете түсті. Бірақ 
Қарғаш  кескініне  күлкінің  нұрын  жинап  үнсіз  қалды  [6].  Кішкене  терезелерден  шам 
жарығы түсті. Үйге кіруге жүрегі дауаламайды [6]. Қай жерде жүрмейін, мейлі үйде, жә 
мектепте  болайын,  мейлі  далада  қос  басында  болайын,  «кіріп  келмес  пе  екен,  кездесіп 
қалмас па екен?» – деп үнемі ала көңіл болып, жүрегім лүпілдейді де жүреді [6]. Жүрегім 
алып ұшып аузыма кеп тығылады. Оңаша қалған Қарғаштың таңдағаны мен болыппын! 
[6].  Тағы  да  жүрегім  тулай  бастады.  Тұла  бойым  құтырына  қызынып,  шыдамым 
таусылып бара жатқандай [6]. 
        Кейіпкерлерінің  сезім  иірімдерін,  көңіл  толқынысын  беруде  «жүрек»  сөзімен 
жасалған фразеологизмдерді орынды қолданады. Жаны ашып, жақын тартуды, іш тартып, 
бауырға  басуды  білдіретін  тұрақты  оралымдар  шығармаларының  шырайын  кіргізеді, 
көңілді  жібітеді.  Мысалы,Бүйрегі  бұрды  Жануар-ай,  жылқы  болса  да,  оның  да  бүйрегі 
маған  бұрады  екен  ғой  [6].  Мені  баяғы  бала  Сапар  деп  ойлай  ма,  немене,  ертеден  қара 
кешке дейін өбектей береді, аймалап бауырына баспақ болады [6].Балалы-шағалы болып, 
бауыр басып қалған қария ел-жұртын сағынбай тұра алар ма? [4]. 
Паралингвистикалық амалдардың ішінде көп тарағаны  – дене қимылдары. Соның 
ішінде  қол  адамдардың  қарым-қатынас  барысында  жиі  қолданылады:  қол  қусыру,  қол 
соғу,  қол  жаю,  қол  бұлғау,  қол  көтеру  және  т.б.  фраземалар  сөйлеу  ситуациясы  мен 
қатынас ерекшеліктеріне қарай қолданылады. Қол сілтеу «ренжу, өкпелеу», «не болса, ол 
бол»  дегенде  көңілі  қалған,  жәбірлеген  кісінің  іс-әрекеті.  Біреуге  қол  сілтесең  –  өзін 
жәбірлеу, сөгу деп те қабылдайды. 
«Қол»,«аяқ» сөздерімен жасалған фраземалар көңіл-күйді бергеннен гөрі іс-әрекетті анық 
байқатады.  Мысалы,  Битабар  көңілі  дауалайын  деді:  «Ленин  айтса,  қалпы  айтпауға 

 
169 
тиісті». Жұртпен бірге дуылдатып қол соқты [4]. 
Ертең оқу басталған соң қолымыз тимей кетеді, – деді [6].Ыстық су, суық су, газ дейсің 
бе, бәрі де қол астында [5]. «Өзі» дейтін себебім бар: диктатор болу үшін қол астындағы 
халықтың аз-көбі, қарайтын жердің көлемді-көлемсізі есеп емес пе деймін [4]. Аяғыңды 
қия  бассаң  қатер  төндірген  ендігі  тірліктің  ащы  шындығы  ит  қабілетін  инстинкт 
таразысына  салып,  дәл  бағалауды  талап  етеді  [4].  Қарғаш  та  әлденеге  жазықты  кісіше 
аяғының  ұшымен  басады  [6].  Өнер  үзеңгісіне  аяқ  салсақ  па  деген  дәмелі  жастар  [4]. 
Күйеуден  ерте  қалып,  жоқтық,  жалаңаштықта  өскен  күйкі  тірлігін  ойлай  ма,  әлде  адам 
санатына  енді  аяқ  басқан  баласының  келешегін  ойлай  ма,  кім  білсін,  ана  көңілінде  не 
барын [6]. 
Белгілі  бір  ойды,  сезімді  білдіруде  жұмсалатын  тұрақты  тіркестердің  құрамында 
адамның 
дене 
мүшелерінің 
барлығы 
дерлік 
пайдаланғандығын 
 
жазушы 
шығармаларынан-ақ аңғарамыз. «Мынау Бағдан ғой. Қазіргі суретшілердің ішінде ауызға 
жиі  ілініп  жүргені»  деген  сыбырды  құлағы  шалып  та  қалды...  [4].  Көзі  жұмулы  Бағдан 
жаңағы  өзі  іңкәр  дауысты  естір  ме  екенмін  деп  тағы  да  құлақ  тікті:  жалаң  аяқ  құм 
басқан  аяқ  дыбысы  жақындап  келеді...  [4].  Күн  демейді,  түн  демейді,  солбырайып  кеп 
отырып алады да, шалдың құлағының етін жейді кеп: «Соғыс кешікпей бітеді. Сол кезде 
алысырақ қалаға барып та оқыр. Осындайда қызмет істеп төселіп алғаны дұрыс»-деп [6]. 
Қырындаушыларда  қисап  жоқ.  Бірақ  біріне  мойын  бұрмайды  [4].  Баяғыша  жалбыз  иісі 
шығып,  мұрынды  жарып  барады.  Баяғыша  тұңғиық  қайранда  балықтар  жүйткиді...  [6]. 
Бұл кезде төбеден түсе берген Марғау жұрт жаққа қарап, мұрнын шүйірді [4]. Апам нық 
сөйлейді.  –  Е,  түсірсе  несі  бар,  жасаған  ием  жеткерді.  Маңдайынан  шертіп  жүріп 
түсірем [6]. Ана екі өгей баланы алалап, маңдайынан шерткен кезі болған жоқ [4]. Алда 
күтіп  тұрған  ит  тағдырын  жұмсартқысы  келді  ме,  иә  болмаса  амалсыздықтан  туған 
қатыгез  өз  шешімін  ақтағысы  келді  ме,  кім  білсін,  Қанат  әйтеуір  артына  қайырылып, 
Марғаудың  маңдайынан  сипады  [4].  Ашу  үстінде:  –  Байқа,  шырақ,  мен  беделді 
суретшімін.  Тіл тигізе бастадың, – деп салғанын өзі де білмей қалды [4]. Ал ел ішінде 
«ұры мұғалім» атанған да жаман. Тілімді алсаң, қоныс аудар [6]. Қала жәйі мен дала жәйі 
да,  Ұлы  Отан  соғысының  батырларының  ерлік  істері  де  тілге  тиек  болады  [6].  Бірақ 
сөзуар қыздан именгені сондай, тағы бірдемені бүлдіріп алармын деп жалтара тіл қатты 
[4].  Жол  бойы  бір  ауыз  тіл  қатпай,  күрсінумен  келді  [4].  Ауызға  ілігу  үшін  көзге  түсу 
керек, көзге түсу үшін әкім-қаралардың тілін тауып, ығынан жүру керек [4]. -Ойбай-ау, 
үлкен  үйдегі  келін-ау,  тіл-аузымыз  тасқа,  Сапарың  сойталдай  жігіт  болып  келіпті  [6]. 
Әлім  қарт  кәлимаға  тілін  келтіре  алмады.  Әдейі  осы  өсиетті  айтуды  ғана  күтіп  жатқан 
секілді, жан тапсырды [4]. Сезім мүшелері арқылы туындаған сөз айшықтары болған соң 
көңіл-күйдің  айқын  білінетіндігі  белгілі.  Осы  сияқты  мысалдар  С.  Шаймерденов 
шығармаларында  қазақы  мінез  ерекшелікті,  ұлттық  сезімді,  сананы,  қысқасы,  ұлттық 
психологизмді  беруде  көркем  кестеленген.Сонымен  қатар  дене  мүшелері  арқылы 
жасалған  кинемаларға  қолданылатын  жаза,  тыйым  түрлері  де  бар.  Мәселен,  бүйіріңді 
таянба,  қолыңды  төбеңе  көтерме,  саусағыды  беземе  және  т.б.  Бұлардың  барлығы  ата-
бабаларымыздың салт, сана, әдет-ғұрпындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп 
қалыптасқан халықтың, ұлттық бай қазыналарымыздың тармағы болып табылады [1]. 
Сезімді, көңіл-күйді, іс-қимыл әрекеттен көп сөзбен айтпай-ақ ыммен, ишаратпен, 
еппен  сездіретін  және  оларды  дәл  бейнелейтін  ойлы,  сесті  ұғымдар  бар.  Адамның 
анатомиялық  атаулары  (соматизмдер)  олардың  қимыл-қозғалыстарымен  де  тікелей 
байланысты.  Адамның  дене-мүшелері  арқылы  жасалған  қозғалыстар  соматикалық 
бейбарвалды фраземалардың жасалуына ұйытқы болған. 
С. Шаймерденов шығармаларында тіліміздің лексика-семантикалық қабатының бір 
көрінісі  соматикалық  фразеологизмдерді  стильдік  мақсатта  шебер  жұмсаған.  М. 

 
170 
Балақаев: «Әрбір мәдениетті, сауатты кісі, тілге шешен болғысы келетін оқушы, студент 
халық тіліндегі тұрақты тіркестерді көңілге тоқи жүріп пайдалануы тиіс» - дейді.Тұрақты 
тіркестер  халықтың  рухани,  мәдени  өмірі  мен  салт-дәстүрі,  әдет-ғұрпы  негізінде  туып 
сөздің  мәні  мен  мағынасына  эмоционалды-экспрессивті  рең  беріп  тұратын  тілдік 
құбылыс.  Жалпы  жазушы  туындыларында  культтік  фразеологизмдер  мен  соматикалық 
фразеологизмдер кейіпкер тілінде де, автор сөзі ретінде де жұмсалып, кейіпкерлерінің әр 
қилы сезімін, психологиялық  жағдайын танытуда зор қызмет атқарады. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер 
Авакова Р. Фразеология теориясы. - Алматы,  2009. - 292 б. 
Смағұлова Г. Фразеологизмдердің семантикалық категориялары: оқу құралы. -Алматы, 2009. - 
162 б. 
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. - Алматы, 1986. - 476 б. 
Шаймерденов С. Битабар балуан. Повестер. - Алматы, 2004. -272 б. 
Шаймерденов С. Екі томдық таңдамалы шығармалар. Т.2. Алматы, 1978. - 412 б. 
Шаймерденов С. Таңдамалы шығармалар. Повестер, портреттер. Т.2. -Алматы, 1982. - 520 б. 
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: 1977. – 712 б. 
 
Резюме 
В  статье  рассматриваются  языковые  особенности  произведений  писателя  Сафуана 
Шаймерденова.  Автор  анализирует  специфику  использования  соматических  фразеологизмов  в 
прозе  писателя,  их  экспрессивно-эмоциональную  окраску    и  художественно-стилистические 
функции на основе конкретных языковых фактов. 
 
Resume 
The  article  examines  language  peculiarities  of  the  writer  Safuan  Shaymerdenov.  The  author 
analyses  the  specificity  of  the  somatic  phraseological  units  in  the  writer's  prose,  their  expressive  and 
emotional colour, literary and stylistic functions on the basis of the certain linguistic facts. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 
171 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет