Доклады казахской академии образования Ежеквартальный журнал издается с 2008 года



Pdf көрінісі
бет20/28
Дата03.03.2017
өлшемі4,5 Mb.
#7282
түріДоклад
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28

Елес, қиял, бейнеОператордың жарықпен жұмысы жарықты «оқуға», «түсінуге» 
негізделеді. Бұл әдістеме басқа операторлардың қойған фильмдерінен, көрсетілімдерінен 
алынған  нақты  мысалдар  арқылы  түсіндіріледі.  Өз  ісінің  шеберлерінен  үйрену  бізді 
күнделікті жұмысымызда белсенді түрде қиялға берілуге үйретеді. 
Кино  мен  телетүсірілім  табиғаттағы  жарыққа  «араласуға»  мүмкіндік  береді.  Оны 
оптика, қозғалыс арқылы іске асырып, экранда жаңа сезім әлемін жасауға, яғни кейіпкер 
әлемін  туындатуға  ықпал  жасайды.  Бұл  жұмыстың  бас-қасында  режиссердің 
шығармашылығы,  оның  сценарийі,  оператормен  шығармашылық  бірлескен  жұмысы 
айрықша рөл атқарады. Мұны ойлап, қиялдап көру арқылы ғана бейнемен жүзеге асыра 
алады. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер 
Медынский С. Е. Компонуем кинокадр. – М., 1992. – С.124. 
Головня А. Д. Съемки цветного кинофильма. – М., 1952. – С.69. 
 
Резюме 
В  статье  анализируется  значение  цветовой  гаммы  в  съемках  телеоператора,  особенности 
колористического освещения в кадре и цветовых контрастов в сюжетах. 
 

 
178 
Resume 
The  article  analyzes  the  colors  in  the  filming  cameraman,  coloristic  lightening  in  the  frame  and 
color contrasts in the plots.
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ӘОЖ 82 – 7(045) 
 
КӨРКЕМ БЕЙНЕНІҢ 
САТИРАЛЫҚ-ИРОНИЯЛЫҚ ТАБИҒАТЫ 
 
Ә.Д. ҚАБЫЛОВ 
филология ғылымдарының кандидаты
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік 
технологиялар және инжиниринг университеті 
 
Аннотация 
Мақала  көркем  прозадағы  сатиралық  образ  сомдау  мәселесіне  арналған. 
Ә.Кекілбаевтың  «Үркер»  және  «Елең-алаң»  романдарындағы  Итжемес  образының 
мысалында  сатиралық,  юморлық  және  ирониялық  образдардың  көркем  табиғаты 
ашылады.  Сондай-ақ  сатиралық  және  юморлық  образдардың  ерекшеліктері 
қарастырылған. 
Түйін сөздер: қазақ әдебиеті, көркем проза, көркем бейне, сатира, юмор, ирония, 
сатиралық бейнелеу. 
Реалистік  әдебиеттегі  адам  образдары  көркемдік  сипаты  жағынан  түрліше 
жасалатынымен,  солардың  барлығында  да  суреткердің  ұстанатын  әлеуметтік  бағдары,  
діттеген межесі біреу-ақ, ол – осы кейіпкерлер арқылы оқырманға әсер ету, жақсылыққа 
тәрбиелеу. Тәрбиелік ықпал етудің жолы да сан түрлі – тікелей үлгі ұсынып, дұрыстықты 
көрсету бар да, бұрыстық пен небір сөлекеттерді бейнелеп, одан жирендіру бар. Сатира 
мен  юмордың  ұстанатыны,  негізінен,  осы  екінші  бағыт.  Яғни  сатира  «кесір-кесапат 
атаулыны  сынауға,  дертті  мансұқ  етуге,  қол  соғылмайтын  көріністерді  әшкерелей 
отырып, тәрбиелеуге тиіс» [1]. 
 Әрбір 
көркем  бейне  –  өзінің  тарихи-танымдық,  қоғамдық-әлеуметтік, 
психологиялық-тәлімдік  мәнімен  қайталанбас  құбылыс.  Л.И.Тимофеев:  «Образ  –  ойдан 
шығарылған  және  эстетикалық  мәні  бар  нақты,  сонымен  қатар  жинақтау  арқылы 

 
179 
жасалған адам өмірінің суреті», – дейді [2]. 
Ә.  Кекілбаев  шығармаларындағы  сатиралық-юморлық  тұрғыдан  сомдалған 
образдардың бірі – жазушының «Үркер», «Елең-алаң» романдарындағы Итжемес образы. 
Итжемес  –  «қой  түгіл  тай  тауысатын  аран  құрсақтан  басқа  ештеңесі  жоқ»,  қарын 
тойдырудан  өзге  уайымды  білмейтін,  мешкейлігімен  көрінетін  кейіпкер.  Тарихи 
романдардағы қым-қиғаш тартыстар мен үлкенді-кішілі эпизодтық қақтығыстардан қағыс 
тұрса да, елеусіз кейіпкерлердің ішіндегі  есте қалатын бір кейіпкер – осы  Итжемес. 
Итжемес  –  күлкілі  кейіпкер.  Ол  негізгі  кейіпкерлердің  санатына  кірмегенімен, 
диалогияның  әр  тұсында  оқтын-оқтын  қылаң  беріп,  өзіндік  қылық-әрекетімен,  таным-
өресімен  көрініп  отырады.  Оның  іс-әрекеті,  ой-арманы,  бағалау-пайымдауының  қай-
қайсысы да оқырманның күлкісін туғызады. 
Итжемес  бейнесімен  оқырман  романның  алғашқы  беттерінен-ақ  танысады. 
Жоғалған  тайлағын  іздеп  жолға  шыққан  Итжемес  құба  жонда  бурыл  байталымен  келе 
жатып бір түсініксіз көрініске тап болады, соның ішінде жүріп Әбілқайырдың аң қағушы 
жігіттеріне  жолығады.  Мұның  өзін  автор  қызықты  ситуацияда  бейнелейді.  Айдаладағы 
Итжеместің  қаптаған  құландарға  кезігуі  тұсында-ақ  жазушы  әп  дегеннен  оның 
құлқынқұмарлық  аужайын  былайша  ишаралайды.  «Құба  жонды  бір  жылқы,  бір  адам 
екеуден-екеу  бөкітіп  тартып  келеді.  Биыл  құла  түзде  құланнан  басқа  тірі  мақұлық 
кезіксейші!  Ал  құлан  дегенің  жерге  сыймайды.  Ыңып  жүр-ау,  ыңып  жүр.  Жаман 
тұғырмен ит бүлікке салып келе жатқан жалба тымақ Итжеместі келеке қылғандай жолын 
олай бір, бұлай бір кескестеп әбден жынын келтіргені. Жөңкіліп бара жатқан тағы үйірге 
ызасы келгенде көз алдына қазан-қазан қуырдақ, тегеш-тегеш ет елестеп кетеді. Ол үшін 
әуелі анау шапқылап жүрген төрт аяқтыны  ұстап алып, шарта буып жығып салуы керек. 
Тай  қазанға  тақ  толтырып  асып-қуыруы  керек.  Кең  даланы    еркін  шарлап  жүрген  төрт 
аяқтының  көкірегіндегі  шыбын  жан  қоңыр  үйдің  түрулі  іргесінен  кең  дүниеге  көзін 
сатқан  екі  аяқтының  кеудесіне  ұшып  қону  үшін  содан  басқа  ештеңе  қажет  емес.  Бірақ 
айдалада жалғыз жортқан Итжеместің қолынан оның бірі де келмейтін еді. Енді, міне, көз 
алдынан  бұл-бұл  ұшып,  сағымға  сіңіп  жоғалып  жатқан  қазан-қазан  қызыл  қуырдақтан  
қарадай қағылып, аузының суы құрып, соры әбден қайнап келеді» [3]. 
Автордың  ирониялық-пародиялық  баяндау  стиліндегі  сөйлеудің  алуан  түрлерінің 
тоғысуы (разноречивость) жазушы стилінің ерекше сипаты болып табылады. Келтірілген 
үзіндіде әуелі авторлық баяндау орын алып, ол «Жаман тұғырмен ит бүлікке салып келе 
жатқан  жалба  тымақ  Итжеместің»  ойымен  (жасырын  кейіпкер  сөзі)  жалғасады. 
Сосын кейіпкердің көз алдына елестеп, ішкі ойына негіз болған жәйт (тірі құландардың 
дайын тағамға  айналу  процесі) қайтадан авторлық ашық  баяндауға  ұласып, Итжеместің 
ойы  мен  ісінің  арасындағы  қайшылықтың  сипатын  ашады  («Бірақ  айдалада  жалғыз 
жортқан Итжеместің қолынан оның бірі де келмейтін еді»). Құба жонда жөңкіліп ығып 
жүрген  құландарды  «ит  бүлікке  салып  келе  жатқан  жалба  тымақ  Итжеместі  келеке 
қылғандай»  етіп  көрсетуінің  өзі  автордың  кейіпкердің  ұнамсыз  ұсқыны  мен  оның 
болымсыз  болмысын  аңғартатын  әуелгі  ишара,  персонажды  танудың  «бастапқы 
баспалдағы» іспетті. 
Бұл  үзіндіден  оқырман  «қазан-қазан  қуырдақ,  тегеш-тегеш  етті»  армандағаннан 
басқа  қолынан түк келмейтін Итжеместің  «өмірлік арманы» туралы  мәлімет алса, автор 
одан  әрі  кейіпкердің  кенеттен  келген  қауіпке  амал  таппас  шарасыздығын  көрсетіп, 
қорқынышын  бейнелейді.  Итжеместің  құба  жонда  құланды  оқ  шығармай  жайратуға 
арналған  аранға  тап  болуы  қызық.  Ордағы  андыздап  тұрған  істіктердің  бірде-біріне 
шаншылып  қалмай,  дене-басы  аман-сау  қалғанда:  «Бүйтпесем,  Итжемес  болам  ба!»  – 
деп,  тар  кезеңде  де  өзіне  көңілі  толып,  мақтанышқа  бой  алдыруының  өзі  оның 
мінездемесін толықтыра түседі. 

 
180 
Бұл  жерде  автор  кейіпкер  болмысын  ашатын  тағы  бір  детальды  орынды 
пайдаланады.  Жан  қысылар  шақтағы  кейіпкердің  ойы  арқылы  оның  ішкі  табиғатын, 
ақылының  өресін  анық  танытады:  «Енді,  міне,  ол  өзінің  қалай  аман  қалғанына  емес, 
осынша  көп  істікті  ерінбей-жалықпай  кім  шаншыпты  екен  деп  басын  шайқап  қояды. 
Бірақ соның бәрі қандай мақсатпен істелді деген сауал ойына кіріп те шыққан жоқ» [3]. 
Әуелі  қаптаған сансыз  істіктерге  қарналып қалмай, аман құтылғанына  таң қалып, тәубе 
етудің орнына,  бұл істіктерді көріп  таңғалады.  Және  олардың  не  үшін,  қандай  мақсатта 
шаншылғаны емес, кімнің шаншып қойғаны қызықтырады. 
Автор  кейіпкер  туралы  тура  мінездеме  беруден  гөрі  оның  іс  үстіндегі  стихиясын 
танытып,  болмыс  қырларын  бірте-бірте  ашып  отыруға  бейіл.  Яғни,  кейіпкер  образы 
нақты  іс  үстінде,  атап  айтсақ,  ситуациялық  жағдайда  көрінеді.  Авторлық  баяндау  оның 
бойындағы сипаттарды арагідік бірер деталь, штрихтармен үстемелеп отырады. Итжемес 
образын сомдауда автор зілсіз иронияға жүгініп отырады. Автор кекесіні кейіпкердің ішкі 
ойымен орайласып жатады: «Кейде жүрек жұтқан батыр тәуекелінен таппайтын қайырды 
қорқақ үрейінен табады екен. Өкшесі күнге шағылысып зытып бермесе, Итжемеске қазір 
мынандай ылжырап піскен тәтті тамақ бұйырар ма еді, бұйырмас па еді», «Хан ордадаға 
қанқасапқа  тап  болып  жатқан  қазақ  көп  қой  дейсің  бе?  Ондай  нәпақа  да  бұйыратын 
кісісіне бұйыратын шығар. Итжемеске құдай берудей-ақ берген екен». 
Диологиядағы  Итжемеске  қатысты  «жарқын  сәттер»  Итжемес  –  Мәриям 
арақатынасына  байланысты  өрбиді.  Романның  Итжемес-Мәриям  тарихына  байланысты 
беттері  нанымды  әрі  көркем  жазылған.  Мұндағы  екі  мұңлықтың  тағдырының  тоғысу 
талайын  бейнелеуде  езу  тарттырар  әзіл  мен  мысқыл  да,  қорғанышсыз  жетім  қыздың 
тағдырына  қатысты  мұң  да  кездеседі.  Екі  ұдай  сезім  алмаса  келіп,  оқырманның  оқиға 
шешіміне  тілеулестігін  тудырады.  Екеуін  қара  түлейдегі  ну  жыныстың  арасына  апарып 
тастағаннан кейін, қасындағы «үстіне әлем-жәлем бірдеңе киген» кісінің кім екенін білу 
үшін бір күн, ал онымен тіл қатысып сөйлесу үшін екі апта, қызбен жақындасуға батылы 
барғанынша  бір  айдан  астам  уақыттың  керек  болуы  да  Итжеместің  характеріне  лайық, 
кейіпкер  болмысын  ашатын  штрихтар.  Осы  беттерде  Итжемес  пен  Мәриямның 
психологиялық  өзгерістері,  адами  ішкі  сезім  толқыныстары  ашылады.  Кейіпкердің  ішкі 
болмысын беруде автор ішкі монологпен қатар кейіпкердің «сана ағымын» бейнелеуді де 
сәтті пайдаланады. 
«Үркер»,  «Елең-алаң»  секілді  халық  тарихының  елеулі  тұсын  бейнелеген,  ұлт 
тағдырының алмағайын кезеңіндегі Әбілқайыр секілді тұлғаның ақылмен де, айламен де 
әрекет  етіп,  қол  астындағы  халқын,  ұлан-ғайыр  атамекенін  жан-жақтан  анталаған 
ашкөздердің қомағай құлқынынан аман алып қалуының жолдарын терең философиялық-
психологиялық  тұрғыда  талдап  суреттеген  шығармаларда  Итжемес  секілді  қарапайым, 
«кішкентай»  кейіпкерлерге  де  орын  берілуі  заңды.  Халық  тағдырын  шешуге  тікелей 
атсалысатын  ұлылы-кішілі  хан-сұлтандар,  батыр-билер,  бай-бағландармен  қатар,  сол 
ұлыстың  бұқаралық  негізгі  діңгегін  құрайтын  мыңдаған  қарапайым  халық  өкілдерінің 
ішіндегі  ең  мүжәлсіз,  елеусіз,  аты  айтып  тұрғандай  ешкімге  керексіз  Итжемес 
секілділердің  де  өз  орны  болмақ  керек.  Мұндай  персонажды  автор  шығарманы  күлкілі 
жайттармен  байыту  үшін  жай  әншейін  ала  салмағаны  анық.  Жазушы  «кішкентай» 
кейіпкерге  де  өзіндік  салмақ  жүктеп  отыр,  оның  шығарманың  көркемдік-идеялық 
политрасында жалпы әлеуметтік те, жеке тұлғалық та өз оны бар. Итжемес  –  юморлық 
образ,  жеңіл  әзіл-әжуамен  іліп-шалынатын  күлкілі  кейіпкер.  Итжемес  образында 
сатирадан  гөрі  юмор  басым  жатады.  Суреткер  романның  басында  кейіпкердің  кісі 
қызықпайтын  көңілсіз  тірлігін  мысқылмен  бейнелесе,  шығармадағы  түрлі  оқиғалар, 
шиіленістер  тұсында  жанама  түрде  қосалқы  арқаумен  Итжеместің  «эволюциясын»  да 
бірте-бірте  диалектикалық  сатымен  бірде  ирония,  бірде  жеңіл,  зілсіз  әжуамен  ширатып 

 
181 
отырады.  Оқырман  классикалық  әдебиеттегі  немесе  қазақтың  жаңа  прозасындағы 
сатиралық  кейіпкерлер  секілді  Итжеместің  «тірлігіне»  –  іс-әрекеті  мен  амал-айласына, 
ниет-пиғылына лағнет айтпайды, одан жеккөрініштілікпен сырт айналмайды, қайта оның 
күлкілі қылықтары мен талайсыз тағдырына жанашырлықпен қарары сөзсіз, ал қайыптан 
тайып,  «тасы  өрге  домалайтындай» болса, оған тілеулес  болары  анық.  Кейде сатиралық 
құралдар,  көбіне  ирония  мен  юмор  арқылы  кескінделетін  Итжемес  бейнесіне  деген 
авторлық позиция да осы  айтылған межеден алшақ кетпейді. 
Итжемес  образының  юморлық  сипатына  Ә.  Нұрпейісовтің  «Қан  мен  тер» 
романындағы  Судыр  Ахмет  пен  Қарақатын,  С.  Адамбековтың  «Атылған  қыз  туралы 
аңызындағы»  Жаманқара  образдарымен  салыстыра  отырып  көз  жеткізуге  болады. 
Мәселен,  ұлттық  әдебиетімізде  толыққанды  сомдалған  сатиралық  типтік  образ  ретінде 
Судыр  Ахмет  бейнесі  өзінің  өткірлігімен,  жан-жақты  кестеленуімен  ерекшеленеді.  Ә. 
Нұрпейісов  Судыр  Ахметтің  бойына  адам  мінезіндегі  сасық  ойлар  мен  небір  сұмдық 
әрекеттерді  жинақтап,  сол  қоғамдағы  қарапайым  қаналушы  тап  ортасынан  шыққан 
кейіпкерге небір қисық-қыңыр мінездерді жинақтап береді. Образды типтендіре отырып, 
оның даралық ерекшеліктерін де айнытпай қалыптайды. 
Итжемес – қазақ қоғамындағы кері кеткен рухани болмыстың кенжелеп қалған төл 
баласы. Пайдалы іске икемі жоқ, алға мақсат қойып, соған жетуге талпынбайтын, тек аш 
құрсағының  қамын  ойлап,  құрғақ  қиял  қуғаннан  басқа  ойға  алғаны  болмаса  да, 
Итжеместің басқаға бәлендей зияны жоқ, өзімен-өзі жүрген бір пенде. Жазушы Итжемес 
бейнесін  сомдағанда,  гипербола,  гротеск,  шарж,  карикатура  секілді  құралдарды 
қоюлатып,  жағымсыз  кейіпкерді  «сүмірейтіп»  көрсететін  әдіске  бара  бермейді. 
Итжемеске қатысты әр тұста «жалақ ерні жалпылдап», «ит қуған ешкідей тілі салақтап», 
«ит  жұлған  торғайдай  боп  жүретін  үсті-басы»,  «жалақ-жалақ,  айғыз-айғыз  боп  жүретін 
бет-ауызы» секілді  теңеулер мен эпиттеттер арқылы күлкілі көрініс жасайды. Сондай-ақ 
кейіпкердің  далаңдаған  қалпын  бейнелеуде  «қарай-қарай  көзі  де  бұлдырап  кетіпті. 
Итеңдей-итеңдей белі де талып қапты» деген сөйлемдермен зиянсыз күлкі үстейді. 
«Сатиралық  образдың  юморлық  образдан  ерекшелігі  –  онда  автор  өзі  бейнелеп 
отырған адамына жаны  ашымайды,  оны  өнегелі өмірге  қайта  қосуға  мүддесі  болмайды, 
қаqта  мұндай  мүскін  бейненің  болмауын  меңзейді,  –  дейді  сатиратанушы  ғалым  А. 
Мұсаев,  –  Ол еш  уақыт ұнамды фактіге, қуанышты  күлкіге  негізделмейді.  Ал юморлық 
образда  автор  өзі  жазып  отырған  адамына  іш  тартатын,  симпатиямен  қарайтын 
болғандықтан,  ол  оның  жайсыз  жағын  ғана  достық  рәуіште  іліп-шалып,  әзіл-әжуа  етіп 
түзетуді мақсұт тұтады» [5]. 
«Бір  шөкім  бұлт»  –  бас-аяғы  жинақы,  сюжеті  шымыр,  шап-шағын  хикаят.  Соғыс 
қасіретін:  жеке  бір  адамның  –  қосылмаған  қос  мұңлықтың  -  жұбы  жазылмайтын  қос 
шаңырақтың  –  шағын  ауылдың  тағдыры  мысалында  байыппен  бейнелеген  «Бір  шөкім 
бұлт»  –  аты  айтып  тұрғандай,  соғыс  салған  қасіреттің  бұлты,  Аққаймақ  секілді  жас 
ғұмыр, балғын жастығын соғыс жалмаған жанның қайғы-қасіреті, мұң-наласы. 
Хикаяттағы орталық кейіпкерлер – қайсар да қажымас қазақ әйелдерінің өкілдері – 
Аққаймақ  пен  Шайзаданың  бейнелері  қандай  жарқын  бейнеленсе,  олармен  қатар  
мейірімді  ана  Жаңылсын,  бітімі  бөлек  кесек  тұлға  Ожан,  қайырымды  басшы 
Шынжырбек, еңбекқор қарт Досан мен Ержан шал бейнелері де оқырманның көңілінен 
лайықты орын табады. Сондай-ақ, Теңге кемпір, Ораз нағашы, Тайбағар бейнелері сараң 
сомдалса  да  өз  орындарында  ойсырап  тұрған  жоқ,  өзіндік  бітімімен  бөлек.  Бұлардың 
арасында әлеуметтік сатираның жүгін көтеріп тұрған бейнелер – Түсіп пен Күлдәрі. 
Жазушы  Түсіптің  образын  жан-жақты  көрсетіп,  психологиясының  астарларын 
терең ашып көрсетуді мақсат тұтпаған, нақты ситуациялар мен әрекет үстінде бірде тура, 
енді  бірде  жанамалай  шолып  өтеді.  Алайда  оны  толыққанды  бейне  емес  деп  әсте  айта 

 
182 
алмаймыз.  Оның  шығармадағы  орнын  айқындап,  адамдық  ұсқынын  танытуға  осы  да 
жетіп  жатыр.  Жазушы  шеберлігі  кейіпкердің  барша  болмысын  мінез-құлқы,  ой-өрісі, 
ниет-пиғылы,  портреті,  сөзі  мен  ісі  арқылы  қажетті  детальдар  мен  үнемді  штрихтар 
арқылы  шыншыл  да  шымыр  етіп  бере  білген.  Шығармадағы  Түсіптің  образына 
байланысты негізгі сәттерге назар аударалық: 
«Өзінен боқтығы бұрын жүретін» пошташы Түсіпті алғаш рет соғыстың басталған 
хабарын  әкелетінінде  көреміз.  Соғыстың  суық  хабарының  Түсіппен  ере  жүретіні  және 
осы  жайдың  табиғаттың  да  жайсыздық  көрсете  бастаған,  «құйқалы  жердің  биттеп-
құрттап  кеткен»  кезімен  тұспа-тұс  келуі  де  тегін  емес.  Осындай  беймаза  күндердің 
бірінде кірген Түсіптің үйге енуінің өзі күлкі тудырады: «Бірдеңе үй сыртына кеп топ ете 
қалды.  Артынша-ақ  ауыздықтың  сылдырағаны  естілді.  Ши  есік  желпілдей  берген  соң, 
жел  жағына  шылапшын  байланған-ды.  Даңғырай  жөнелді.  Етегін  топырақ  көміп, 
белуарын аспа тас басқан ауыр есікті аша алмай біреу мысықша тырналап жүр. Бір кезде 
ық  жақ  етегі  көтеріле  беріп  еді,  қырық  құйқылжып  тұрған  ұйытқыма  жел,  есіктің  етегі 
түрілгенін  пайдаланып  жалпылдата  бастады.  Шаң  топырақ  басқан  зіл  есік 
сықырлауықтан енді ұстай берген қолды сарт-сарт соғып-соғып қалды. 
– Алда қызыңды ұрайын-ай! Бұны осынша қоңыраулатып... 
Өзінен боқтығы бұрын аттаған адам басын енді сұға бергенде, қаскөй есік бөксесін 
басып қап, зорға босатты» [4]. 
Түсіптің  келуі  қалай  тез  болса,  кетуі  де  сондай  тез.  Жаманат  хабарды  тоқ  еткізіп 
айта  салып,  міндетінен  құтылғанына  көңілі  тоқ.  Өзінің  көңілі    жай,  қарны  тоқ  болса, 
Түсіпекеңнің  басқаның  қайғысына  басы  ауырып  несі  бар!?  Тіпті,  қашан,  кіммен  соғыс 
басталғанын  сұрағанда  да:  «Қызыңды  ұрайын,  әйтеуір  біреумен  де.  Ертең  байыңа 
оянкоматтан пәбескі әкелемін. Сонда білерсіңдер кіммен екенін», – деп бар-ақ қайырады. 
«Ұртын  бұлтаңдатып,  ылғи  кезеріп  жүретін  жарық-жарық  көк  сұр  ернін  шүйіріп 
шырт-шырт  түкірген  болады.  Шын  мәнінде  мінезсіз  қоспақ  түйедей  маңайына  көк  ала 
қоймалжың  жын  шашып  тұрады.  Сөйтіп  бір  шай  ішім  уақыт  малжаңдайды»,  –  деп 
Түсіптің  насыбай  атқаны  суреттелетін  жері  оқырманның  жиіркенішін  туғызса,  одан 
әрмен кейіпкер мінездемесін Түсіптің насыбайын өтірік мақтауымен дамытады... 
Теңге кемпірге: «Әй тоқал, ішің күйсе, тұз жала. Колхозға Шынжырбекжан үкімет 
болып  тұрғанда,  қызыңды  ұрайын,  Түсіп  дәуренді  сүріп  қалады»,  –  дейтін  сөзінде 
Түсіптің пенделік өресі, тірлігінің позициясы, кері кеткен «кісілігінің кредосы» жатыр. 
Түсіптің  адамдық  болмысының  ең  бір  ашылатын  жері,  кісіні  түңілдіретін  тұсы  – 
«Жалақ келіннің қолына телміріп қалған Түсіп қолына қара қағаз түссе қойқаңдап үйден 
бір  шығып,  бір  кіріп  отыра  алмайтыны».  Осы  арада  автор  кейіпкердің  арам  ой,  сасық 
пиғылын  ащы  сарказммен  сипаттайды:  «Поштадан  келе  жатып,  Шетпеден  Қызылтамға 
жеткенше  ойлайтыны:  «Үйге  барып,  тағы  да  келінге  жаутаңдағанша,  Ержанды  ертіп  ап 
естіртуге  баратын  қара  қағазы  құрғыр  бар  ма  екен?»  Соны  ойлағанда  көз  алдына 
балбырап піскен жылы жұмсақ пен әр дәні баданадай-баданадай жүгері бөртпек елестеп 
кетеді. Артынан бір нән зерең күңірсіген ақ сорпаны қағып салып, өне бойың шып-шып 
жіпсіп  жылы  төсекке  құлай  кетсе,  шіркін...».  Осы  бір  шағын  детальдің  өзінде  кейіпкер 
болмысының сұмдық драматизмі жатыр. 
Соғыстың  өзі  «Түсіптің  киіз  дорбасына  ілесіп,  осы  ауылға  жетіп  келеді».  Бүкіл 
ауыл  адамдарына  Түсіптің  жеккөрініштілігін  Теңге  кемпірдің:  «Мына  шелтеңбайдың 
құтыруын-ай!»,  –  дейтін  репликасы,  Жаңылсынның:  «Мына  ит  кез  келген  жерде  жүре 
береді  екен»,  –  деп  күбірлейтіні,  ауылдағы  үй-үйдің  бәрінің  де:  «сол  кәпір  есігімізден 
аттамаса  екен»,  –  деп  тілейтіні  бекіте  түседі.  Ал  соның  бәрінің  жиынтығы  әрі  ең  зоры 
тағы  да  Теңге  кемпірдің:  «Бұл  күнде  бұл  ауылдың  Китлері  Түсіп  болды  ғой»,  –    дейтін 
тұжырымында  жатыр.  Ауыр,  ауыр  да  болса  шындық,  Түсіптің  тұлғасына  лайық  ащы 

 
183 
метафора!   
Автор Түсіпті бір көрген жерде таныстырып, оның бет-бейнесі мен мінез-құлқын 
әп  дегеннен  ашып  салмайды.  Оны  оқиға  ортасында,  іс  үстінде  жекелеген  деталь, 
штрихтарды  үстемелей  отырып  толықтыра  түседі.  Шығарманың  әр  тұсында  Түсіпке 
қатысты  айтылатын  «тұла  бойында  жалғыз  тал  қылшығы  жоқ  жарғақ  басы»,  «ылғи 
кезеріп жүретін  жарық-жарық көк сұр ерні»,  «тышқақ лақтың шанашындай әр жағынан 
күн  көрінген,  жер  тістеп  жатқан  қағанақ  кеңсірігі»,  «ылғи  індетіп  із  бағып  жүретін 
жылтың  көзі»  деген жолай  сөйлемдер жинақтала  келе,  кейіпкердің  портретін  түзеді.  Ал 
мінез-құлқы хикаяттағы ірілі-кішілі оқиғалар үстінде ашыла береді. 
Алайда,  солардың  бәрінен  бұрын,  Түсіпке  байланысты  екі  жерде  нысананы  дәл 
көздейтін, жеріне  жеткізе түйрейтін екі тілдік орам бар. Олар  –  «табыннан қалып шама 
шайнап  семірген  үй  күшік  бұзаудай  жаман  Түсіп»  деген  теңеу  мен  Теңге  кемпірдің 
аузынан шығатын: «Бұл күнде бұл ауылдың Китлері Түсіп болды ғой», – деген метафора. 
Бұлар  –  Түсіптің  бүкіл  болмысын  терең  ашатын,  тұспалды  ой,  тура  соққымен  кейіпкер 
бейнесін жинақтайтын керемет айшықтар... 
 
Пайдаланылған әдебиеттер 
Қожекеев Т. Қым-қуыт іздер. Алматы. Санат, 1999. - 400 б. 
Тимофеев Л.И. Основы теории литреатуры. М., 1971. - 466 c. 
Кекілбаев Ә. Үркер. Роман. Алматы, 1982. - 496 б. 
Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалары. 3-том. Алматы, 1999. - 379 б. 
Мұсаев А. Мәңгі өлмес күлкі. Алматы. Жазушы, 2012. - 376 б. 
 
 
Резюме 
Данная  статья  посвящена  проблеме  изображения  сатирического  образа  в  художественной 
прозе. Рассмотрена сатирическая, юмористическая и ироническая природа художественного образа 
на  примере  образа  Итжемеса  в  романах  А.  Кекилбаева  «Плеяды  –  созвездие  надежды»  и 
«Всполохи». Также в статье освещены вопросы различия между сатирическим и юмористическим 
образом. 
 
Resume 
This article is devoted to the image in prose of the satirical way. The satirical, humorous and ironic 
nature of the artistic image in the example of  Itzhemes from the  novels of  A. Kekilbayev «The galaxy - 
Constellation  of    Hope»  and  «Flames»  is  considered  in  this  article.  Also  the  problems  of  differences 
between  satirical and humorous ways are highlighted in the article. 
 
 
 
 
 
 
 
ӘОЖ 821.512.122 
 
СӘБИТ ДӨНЕНТАЙҰЛЫНЫҢ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК 
ЛИРИКАСЫ 
 
С.Б. ЖҰМАҒҰЛ 

 
184 
филология ғылымдарының докторы
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры 
А.Е. АЛИМБАЕВ 
педагогика ғылымдарының магистрі, 
 Еуразия гуманитарлық институты 
 
Аннотация 
Мақалада  ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  әдебиетінің  айтулы  тұлғасы  Сәбит 
Дөнентайұлының  саяси-әлеуметтік  лирикасы  қарастырылады.  Поэзиясындағы  елдік 
мәселелер  отаншылдық  рухтағы  Алаш  әдебиетінің  көркемдік-эстетикалық  арнасымен 
сабақтастықта  сараланады.  Ел  азаттығын,  ұлт  теңдігін,  рухани  кемелденуін  арқау  еткен 
поэзиясы  талданады.  Саяси-әлеуметтік  лирикасының  отаршылдық  дәуір  шындығын 
танудағы көркемдік маңызы, идеялық арқауы екшеледі. 
Түйін  сөздер:  Алаш  әдебиеті,ақын  поэзиясы,  саяси-әлеуметтік  лирикасы,  елдік 
мәселелер, отаршылдық дәуір шындығы, ұлт азаттығы, ұлт теңдігі, рухани кемелдену. 
 
«Біздерде жігер, намыс бар ма, қазақ?», – деп отаршылдық езгідегі туған халқының 
намысын  қайраған  Сәбит  Дөнентайұлының  саяси-әлеуметтік  лирикасы  ХХ  ғасыр 
басындағы  қазақ  әдебиетінің  елдік  мәселелермен  сабақтас  тақырыптық-идеялық  өзегін 
тануда маңызды орын алады. 
Ақынның  шығармашылық  ізденісінің  қайнар  көзі  ұлт  тәуелсіздігін  мұрат  тұтқан 
отаншылдық  рухтағы  Алаш  әдебиетінің  көркемдік-эстетикалық  арнасымен  сабақтасып 
жатыр.  «ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  қоғамы  жағдайында  білімді  және  саналы  азаматқа 
ұлтшылдық  ұстанымында  болмау  мүмкін  емес-тін»  [1].  Ресей  империясы  қысымында 
жаншылған  ұлттық  сана-сезімді  ояту,  қазақ  халқының  азаттығы,  әлеумет  қамы  Сәбит 
Дөнентайұлы поэзиясының басты өзегін құрайды. 
Елдік  мәселелерді  темірқазық  етіп  алған  ақынның  ең  алғашқы  өлеңдері  Алаш 
санасына  азаттық  пен  азаматтық  рухындағы  ұлттық  сезім,  ағартушылық  пен 
адамгершілік ізгі қасиеттерді дарытқан «Айқап», «Қазақ» басылымдарында жарияланды. 
Ояну  дәуірі  ұлт  әдебиетіне  әлеуметтік,  қоғамдық  маңызы  зор  күрделі  саяси-
әлеуметтік  мәселелерді  алға  тартты.  Көркемдік  дамудағы  дәстүр  жалғастығына  орай 
әдебиеттегі  ағартушылық,  демократтық,  гуманистік  ой-пікір  өзегі  Алаш  рухындағы 
ұлттық  идеямен  жаңғыра  түсті.  «Құл  болған  халықтан  туып,  құлдықтың  қорлық, 
зорлығын көріп отырып қазақ қалам қайраткерлері қаламын ұлтының ауырын жеңілдету, 
ауруын  азайту  жолына  жұмсамасқа  мүмкін  емес;  кемшілік  көрген  жұрттан  туып, 
кемшіліктен құтқаруды мақсат етіп, ылғи сол жолда жұмыс қылған қалам қайраткерлері 
жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына  жаны  ашитын, халқының жаны  ауырғанда жаны  бірге 
күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес» [2] болатын. М.Ж.Көпейұлының «Хал-
ахуал»,  «Сарыарқаның  кімдікі  екендігі»,  «Тірлікте  көп  жасағандықтан  көрген  бір 
тамашамыз», 
М.Дулатұлының 
«Оян,қазақ!», 
А.Байтұрсынұлының 
«Маса», 
Ш.Құдайбердіұлының  «Қазақ  айнасы»,  Е.Бұйриннің  «Ызың»,  Ғ.Қараштың  «Бала 
тұлпар»,  «Қарлығаш»,  «Аға  тұлпар»,  Н.Наушабайұлының  «Алаш»,  М.Жұмабайұлының 
«Шолпан»,  С.Дөнентайұлының  «Уақ-түйек»  жинақтары  халықты  ояту,  ел  азаттығы, 
ғылым-білімге  ұмтылу  сынды  ұлттық  сезімнен  туған  өміршең  тақырыптарды  терең 
жырлаумен сырлы әдебиеттің әлеуметтік арнадағы азаматтық үнін барынша үстей түсті. 
Сәбит  Дөнентайұлының  «Уақ  түйек»  жинағына  (Уфа.  1915)  енген  өлеңдерінің 
басты  арқауын  ұлттық  бірлік,  халық  қамы  және  әр  азаматтың  еліне  адал  қызмет  ету 
идеялары  құрады.  «Ондағы  өлеңдерінің  бәрінде  ұлтшыл  оқығандармен  ойын,  өрісін 
біріктіріп, сол кездегі алға тартылған негізгі мәселелерді ұлтшылдарша жырлады» [3]. 

 
185 
«Қызмет көрсет халқыңа
Игі ат қалсын артыңа, 
Діндесіңді бауыр тұт, 
Қарамай қазақ, сартына 
Аз нәрсеге мас болып, - 
«Мен пәлен» деп шалқыма, 
Пайдалы басқа өнерден, 
Ұлт керегі дегеннен, 
Жан қиналып жолында, 
Бас  кетсе  де  тартынба»  [4].  «Замандастар»  өлеңіндегі  қуатты  ой  Сәбит 
ақындығының азаматтық ұстанымындағы елдік қасиеттерді танытады. 
Ақын  ұлт  бірлігіне  сол  халықтың  жеріне,  еліне  ие  болуы  және  келер  замандағы 
жасампаздығының  басты  қасиеті,  өлшемі  деп  қарайды.  Бірлік  жай  ғана  тірліктің  емес, 
ұлттың ұлт болып ұйып, асқақтауының алтын арқауы. 
«Әуелі етіп бірлік басыңды қос
Содан соң әр мұраттан қалмассың бос. 
Жеке дақ үнің шықпас, ісің бітпес, 
Жан қорқып, жалғыз қурай көрініп қос. 
Таласты алалықпен тастамасаң, 
Бір күні туған жерге айтарсың «қош» 
Бірлікпен илеу салған құмырсқа да, 
Қазағым, ісің оңбас бірікпей қос» («Бірлік») [4]. 
Алаш  ұранды  әдебиеттің  алтын  арқауы  –  ұлттық  идея.  «Ұлттық  идея  –  талай 
ұрпақтың  еңбегімен,  қуаныш,  қайғысымен  сараланған  дүние.  Бұл  қайталанбас  байлық 
өмірге  ұлттық,  өзіндік  тарихи  болмысымен  келген,  сол  себептен  де  ол  ұлттық 
дүниетанымның  айнасы»  [5].  Осы  ілкі  қасиеттерді  шығармашылығына  сіңірген  Сәбит 
ақын  «Бірін  бастап,  бірін  тастап,  ұлт  ісімен  ойнама»  («Жүрекке»),  –  деп  бүгінгі 
тәуелсіздік  талабымен  астасып  жатқан  мәңгілік  қағиданы  ту  етіп  көтерді.  Сондықтан 
ақын  туған  халқына  «Заман  кімдікі?»  деген  ой  сала  отырып,  «Қазақтың  білгендеріне», 
«Қазақтарға  қарап»,  «Жер»,  «Ақыл»,  «Ой»,  «Бірлік»,  «Қайда кеткен?» атты  өлеңдерінде 
елдік мәселелерді өткір жырлайды. 
Ұлт  зиялыларының  саяси  күрес  жолындағы  қайраткерлігіне  сенім  артқан  ақын 
олардың халық мүддесін көздеген іс-әрекетін қолдау  –  барша  қазақ баласына абыройлы 
міндет екенін толғайды. 
«Қазақтан шыққан білгендер, 
Халқыңды өрге сүйреңдер! 
Қазаққа да туды «ай», «күн», 
«Жарық мұнда, жүр» деңдер. 
Бақытымызға берді алла, 
Сіздердейін кемеңгер 
«Сөзді ұғарлық адам жоқ, 
Не ғыламыз» демеңдер 
Еңбек кетпес далаға, 
Жығылғанын демей бер, 
Тарт қолынан, ет жәрдем, 
Оттан шықсын күйгендер. 
Оңсын милләт десеңіз, 

 
186 
Алалықты сүймеңдер. 
Түзу жетсін мақсатқа, 
Арттарыңнан жүргендер. 
Бұл сөздерді тек көрмес, 
Қазағын шын сүйгендер» («Қазақтың білгендеріне»). 
ХХ  ғасыр  басындағы  қазақтың  ұлттық  әдебиетіндегі  жәдитшілдік,  милләтшілдік 
тақырыптың  қоғамдық  және  көркемдік  ой-пікірдегі  маңызын  зерттеуші  Д.Қамзабекұлы 
«ХХ  ғасыр  басындағы  әдебиетте  милләт  (ұлт)  тақырыбының  ерекше  жырлануы 
кездейсоқ емес. Ұлт хұқының жоқ болуы, елдің басқалардан артта қалуы осы тақырыпты 
күн  тәртібіне  шығарды.  Әдебиет  пен  тіл  -  милләтті  сақтау  мен  дамытудың  қайнар  көзі 
ретінде  ұғынылып  (мұны  ұқтырған  тарих  тәжірибесі  еді),  елдікті  жойып  алмау 
мәселесінде  руханият  үлесіне  қомақты  жүк  артылды.  Бұл  орайда  ұлт  қаламгерлерін 
тағдырдың  асау  толқыны  тұншықтыра  алғаны  жоқ.  Олар  күрделі  кезеңде  халықты 
біріктіретін,  рухын  көтеретін,  жолдан  адастыра  алмайтын  сөз  айта  алды»  деп  жазады. 
Міне,  сол  үрдіс  Сәбит  Дөнентайұлының  саяси-әлеуметтік  лирикасында  өз  көрінісін 
тапты. 
Ұлтын  шын  сүйген  ақын  қоғам  дертін,  дәуір  шындығын  елдің  әлеуметтік 
мәселелерінен  туындайтын  қайшылықтарымен  суреттеп,  замана  көшінен  кейін  қалған 
туған халқының қайғы-қасіретіне үңіледі. Кешегі өр рухты текті бабалар қанындағы ілкі 
қасиеттердің  өз  замандастарының  бойынан  табылмай  азып-тозуына  налып,  қоғамдық 
себебі мен әлеуметтік салдарына жауап іздейді. 
«Бұрынғы ер жүректі батыр қайда? 
Түріңнен басқа пиғылың ұқсамайды, 
Өзіңнің «адам» деген атың қайда?» (Қайда кеткен?») [4]. Адамдықтан, қазақтықтан 
арылмай  аталар  дәстүрінің  ерлік  жолына  деген  адалдық,  асқақтық  ұғымын  ұрпақ 
санасында  жаңғырта  түседі.  Жұмыр  жердегі  жаһан  халқының  тіршіліктегі  жанталасын 
айтқанда,  бейқам  елінің  тағдырына  күйзеледі,  тұмынды  болашағына  көз  жүгіртеді. 
«Солардың арасында жасап тұрып, Жалғыз-ақ біздің қазақ қарап өлген» («Жер»). 
Сәбит  ақын  «Соңғы  сөз»  өлеңінде  ұлттың  оянуына,  әлеуметтік  серпілісіне, 
қоғамдық дамуына өз кесір-кесапатын тигізіп отырған надандық деп біледі. 
«Қазақ біздің түпке жеткен надандық, 
Надандықтың шеңгеліне қамалдық. 
Сол еркенің арқасында болып тұр
Болса бізде не секілді жамандық. 
Сайлау деген бір жақсы ырыс табылып, 
Бірлік деген бәлекеттен тазардық. 
Ұйым болып шын ұмтылсақ ғылымға, 
Не орын бар қазақ бүйтіп азарлық? 
Лажын тап, надандықтан безудің! 
Бәрекелді, әне сонда адамдық» («Соңғы сөз») [4]. 
«Қазақтарға  қарап»  өлеңіндегі  көркемдік-эстетикалық  жүйе  ақынның  азаматтық 
ұстанымындағы  мұрат-мақсат  айқындығын  танытады.  Ол  халқының  көкірек  көзін  ашу, 
өмір салтын өзгерту, надандықтан арылту, заманға сай ілгерлеуіне ақ жол көрсету. 
«Қамалған қараңғыда, қалың қазақ, 
Қайратсыз, қамсыз құрып қалдың, қазақ. 
Қарулап, қуатсызды қуаттандыр, 
Құрдан-құр қампитқанша қарын, қазақ. 
Қулардың  құлқынына құм құйылсын, 
Қайдағы құлдың қайғырт қамын, қазақ . 

 
187 
Қайтеді қайырылыссаң қарындасқа, 
Қасармай, қақырайып қырын қарап, 
Құннан да, қадірден де қалдың құр қол – 
Құнт қылмай қуып құлқын құлды қанап. 
Қайғырып, қатып қабақ, қамықпай құр, 
Қимылда, құныңды қу, қадағалап. 
Қақпанға қапылыста қақтығарсың, 
Қадамда қиқаңдамай қадақ-қадақ! 
Қауым ең қорқақ қоян, қара қазан 
Қиының  қыйсынар  ма  құдырет  қалап?»  [4].  Сондықтан  ақын  «Жүрекке», 
«Талап»,  «Балалық»  өлеңдерінде  замандастарының  әлеумет  ісіндегі  жауапкершілігін, 
намысын,  жігерін, талабын  қамшылайды.  Ұлт игілігінің ұйытқысы  боларлық кемел іске 
үндейді, ар-ождан тазалығын жоғары қояды. 
«Жүрекке» 
өлеңінде 
елдік 
үшін 
атқарылар  имани  істерде  бас  кетсе  де  қиындықтарға  мойымау  керектігіне  ар-ождан 
биігінде  келеді.  Ел  мен  жерге  деген  ақын  Сәбит  сүйіспеншілігі  азаматтық  парыз,  қарыз 
ұғымдарына қашанда терең мән беріп отырғанын көрсетеді. 
«Шын жыласаң, 
Мың сұрасаң, 
Жетерсің бір мақсатқа... 
Қайда барсаң, 
Ойыңа алсаң, 
Қор болмассың, жұртыңды 
Өлсең бірге өл, тар болмас көр, 
Ұжданыңнан айрылма!» [4]. 
Ақын  ұлтқа  қызмет  ету  қасиетті  ұғым,  сондықтан  жайдақ  сөз,  менменсіген 
кеудесоқтықтан  аулақ  болу  керектігін  және  адам  баласын  ақиқат  жолынан  адастырар 
азғындықтан,  екіжүзділіктен  бойды  аулақ  ұстау  қажеттігін  «Қайтіп  қарғыс  алмайсың?», 
«Ұлтшылға»  өлеңдерінде  орынды  ескертеді.Сондықтан  арлы  да  намысты  ақ  жүрек 
азаматтарға  сенім  артып,  қорғансыз  ұлтына  пана,  жаншылған  әлеуметке  тұтқа  болуға 
шақырады.  Тарих  толқынындағы  ұлтының  тағдырына  жауапты  тұлғаларға  жүктеліп 
отырған міндеттерді толғайды. 
Ақын  өлеңдеріндегі  үзілмес  желі  –  қазақ  қамы,  қазақ  халі,  қазақ  бірлігі,  қазақ 
азаттығы. Ғалым Е.Ысмайылов атап өткеніндей,  «...Қазақ халқын,  өзінің замандастарын 
ұлттық  оянуға,  өнер-білімге,  талапты,  жігерлі  іске  шақырады».  Мұның  бәрі  ұлт  мұраты 
деген қасиетті ұғымды Сәбиттің қаншалықты биікке көтергенін дәлелдейді. 
Қазақ  халқының  отарлық  дәуірдегі  басты  қайғы-қасіреті  кір  жуып,  кіндік  кескен 
жерінен  айрылуы  еді.  «Қазақ  ақындарының  ел  басына  түскен  зар  мен  мұңды,  туған 
жердің қайғысын жырламағаны сирек. Барлығы да атамекен қоныстан айрылғанға өкініп 
зар иледі. Бақытсыздықтың ең үлкені осы деп біледі» [6].Бұл реттен алғанда ата-бабадан 
мирас болып келген қазақ жерінің жат қолында кеткен мүшкіл халінің жырлануы Сәбит 
өлеңдерінде заңды көрінісін тапты. 
«Тұншығып әлім бітті, есім шықты, 
Бұрқылдақ жердің кез боп шаңдауына» («Менің жайым»). 
*** 
«Егін жыртып тақырға, 
Бейнет кетіп далаға, 
Қатқыл, тастақ татырға, 
Құр қол тұрмыз ақырда» («Сыр»). 
ХХ  ғасыр  басындағы  қазақ  қоғамының  отаршылдық  қысымдағы  кескін-келбетін 

 
188 
шынайы суреттеуді діттеген ақын «Менің жайым», «Заман кімдікі?»,  «Жер», «Өз-өзіме» 
өлеңдерінде  әлеуметтік  өмірдің  теңсіздігіне,  қамсыз  қазақтың  қайғысына  үңілді.  Азулы 
уақыттың  тепкісіне  қарсы  тұрар  амал  тауып,  заман  ағысына  сай  тіршілік  қамына  кірісу 
керектігін алға тартады, әлеуметтік бейқамдықты сынайды. 
«Бір жарым миллиардтан көбірек жан, 
Шамасы мыңнан аса тіл сөйленген,   
Солардың арасында жасап тұрып, 
Жалғыз-ақ біздің қазақ қарап өлген» («Жер»). 
«Бұл заман байқағанға күштінікі, 
Азулы, тырнақты мен тістінікі». («Заман кімдікі?»). 
 
«Қолың жетпей өксір өмір құр бекер, 
Ен далада еркін өскен сайраңға. 
Көздің жасын көретін жан болмай тұр, 
Еткен зарың, түкке тұрмай айлаң да, 
Тырп еткенің сатулы боп заман тұр: 
Кедейден іс, қарас болмай байдан да» («Өз-өзіме»). 
Ақын  қай  өлеңінде  болмасын  отаршылдық  саясаттан  туындаған  озбырлықты 
шынайы  суреттейді.  Содан  өрістеп  отырған  халықтың  мүшкіл  халін,  ауыр  тағдырын 
айтып, елдің ертеңгі күні не болмақ деген ауыр сауалды әлеумет талқысына салады. 
«Өгей  ұл»  өлеңінде  өмірдің  әділетсіз  тепкісіне,  ауыр  азабына  түскен  жетімнің 
аянышты  өліміне  терең  саяси-әлеуметтік  астар  дарытады.  Жетім  бала  бейнесі  арқылы 
отарлық  қысымдағы  қазақ  халқының  өгейлік  көріп  отырған  шарасыз  да  мүшкіл  халін 
аңғартады.  Ал  «Биік  тау»  өлеңінде  отаршыл  патша  саясын  амалсыз  паналаған  туған 
халқының  шарасыз  кейпін,  бодандық  бұғауында  жаншылған  тағдыр  талқысын  ой 
елегінен өткізеді. Асау жүрек лүпілінде ел ертеңіне, болашақ тағдыр-талайына деген алаң 
көңіл аласұрады. 
«Біз келдік биік таудың панасына, 
Жиһанның сыймай сақара даласына. 
Құйын мен жел, дауылдан аман-есен, 
Биік тау, бізді сақтап қаласың ба? 
Тынышты алып төбемізге тас құлатып
Әлде өзің тырнағыңды саласың ба? 
Келген тау панасына оны қылса, 
От болып есіл жүрек жанасың да !». 
С.Дөнентайұлы туған халқының азаттығын мұрат тұтқан және де сол еркіндікті ел 
санасында  жаңғыртуды  қашанда  ту  еткен  ақын.  Осы  жағынан  алғанда  ақын  «Сыр» 
өлеңінде  «Болатын  күн  туар  ма,  Не  қылсақ  та  ырқымыз»  деп  халық  бостандығын  алар 
күнді  арман  еткен  болса,  өз  кезегінде  «Бостандық»  өлеңі  империялық  езгідегі  елдің 
азаттыққа жеткен тарихи сәттегі  қуанышын, шаттығын реалистікпен суреттеуімен назар 
аудартады. 
«Тілекті бүгін хақтың берген күні, 
Көл дария көздің жасын көрген күні. 
Талайдың тіршіліктен қол сермеген, 
Қайғысын тас-талқан ғып бөлген күні. 
Құл болған екі аяқты айуандардың 
Қатарға адам болып енген күні. 
Ғаламға аузын ашқан айдаһардың, 
Мерт болып мақсатының өлген күні. 

 
189 
Ақ деп қан, шаһит деп жан, өлсек енді, 
Шын болсын әлеуметтің берген күні. 
Алланың азат құлы екеніне, 
Әркімнің көзі жетіп сенген күні» [4]. 
Кешегі  патша  езгісіндегі  халқының  азаттыққа  жетудегі  Ақпан  төңкерісінің 
маңызына «Ризамыз» өлеңінде ерекше екпін жасайды. 
Сәбит  шығармашылығын  бағалауда  кешегі  кеңестік  идеология  оның  Алашордаға 
қатысты азаматтық ұстанымынан және де осы мәселедегі елдік арқауы өткір өлеңдерінен 
саяси  қателік  тапқан  болатын.  Ақиқатына  жүгінсек,  ақын  Алаш  автономиясының 
мұратын  қолдап,  өзінің  өршіл  рухты  өлеңдерімен  тілектестігін  білдірді.  «Сарыарқа 
анамызға»,  «Адаспаспыз»  өлеңдері  азаттық  пен  еркіндік  аңсаған  Алаш  туы  асқақтаған 
тарихи  күндері  туған-ды.  Сол  арқылы  қазақтың  жеке  ел  болуын,  Алаш  туын  асқақ 
ұстауын  ұрпақ  санасына  құйды.  Азаттықтың  ақ  жолын  ұстанған  халықтың  елдік 
заңғарындағы мақсат-мұратына еш адаспай жететініне кәміл сенді. 
«Алаш  қозғалысының  тарихы  –  отандық  ғылым  үшін  қазақпен  бірге  жасайтын 
мәңгілік  тарих.  Ұлтының  мәңгілігін  ойлаған  ұлы  азаматтардың  жүріп  өткен  жолын, 
ерлікке  татырлық  еңбектерін  бағалау  –  есі  бар  ұрпақтың  жадынан  шықпайтын  қастерлі 
борышы»  [7].  Бұл  реттен  алғанда  Алаш  қайраткерлерінің  қазақ  мемлекеттігін  қалпына 
келтірудегі тарихи қызметін «Адаспаспыз», «Сарыарқа анамызға» өлеңдерімен әдіптеген 
ақын отаншылдық рухтағы поэзиясымен Алаштың елдік пен ерлік жолын нұсқады. 
«Біз бәйгеге ат қосамыз «Алаш» деп, 
Аянбай шап, «егей түс» пен «талас» деп. 
Барды аптап, тілеп тұрмыс құдайдан, 
Ия, жасаған, аруақ көтер, бақ аш деп!» («Адаспаспыз»). 
«Хан болған Бөкей, Жәңгір, Абылайың, 
Ер болған Кенесары, Науызбайың. 
Сықылды Төле, Едіге биің өтті, 
Көп қозғап ескі дертті не қылайын. 
Туғыздың нелер сұлтан, арыстанды, 
Өткіздің талай бағылан, серке санды. 
Басыңда сол бір дәурен тұрған шақта, 
Кім  саған  көз  алартты,  беттей  алды»  («Сарыарқа  анамызға»).  Алаштың  азаттығы 
мен  теңдігі  жолында  жанын  берген  жау  жүрек  ердің  тау  тұлғасын,  азамат  ердің 
баласынан айырылған елдің мұңы мен қайғысын ұлттық сана биігінде жоқтауға құралған 
ұлтшылдық  сипаттағы  «Тұңғыш  құрбан»  мақаласы,  «Алаштың  алғашқы  құрбанына» 
өлеңі  Сәбит  Дөнентайұлы  мұрасының  қандайда  болмасын  құрмет  пен  марапатқа  лайық 
екенін жаңа бір қырынан толықтыра түседі. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер 
1 «Алаш» қозғалысы. Құраст: Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет. – Алматы: «Сардар» 
баспа үйі, 2008. – 324 б. 
2 Алаштың тілдік мұрасы. Мақалалар жинағы. / Құраст.: С.Шүкірұлы, Е.Тілешов. – Алматы: 
«Кие» лингвоелтану инновациялық орталығы», 2009. – 364 б. 
3 Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 7-т. – Алматы: «Ғылым» ғылыми 
баспа орталығы, 2002. – 504 б. 
4 Дөнентаев  С.  Шығармалар.  –  Алматы:  Қазақтың  мемлекеттік  көркем  әдебиет  баспасы, 
1957. – 464 б. 
5 Айталы А. Ұлттану. 2-ші басылым. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2003. – 226 б. 
6 Ысмайылов Е. Әдебиет жайлы ойлар. – Алматы: Жазушы, 1968. – 318 б. 
7 Тілешов Е. «Алаштың жолы» (алғысөз орнына) // «Алаш» қозғалысы. Құраст: Е.Тілешов, 

 
190 
Д.Қамзабекұлы, И.Нұрахмет. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2008. –324 б. 
 
Резюме 
В  статье  рассматривается  социально-политическая  лирика  известного  казахского  поэта 
начала ХХ века Сабита Донентайулы. Анализируются идейно-эстетические грани творчества поэта 
в контексте национальной идеи и идентичности движения Алаш, а также тематика и проблематика 
социальной  поэзии,  основным  стерженем  которой  была  идея  национальной  свободы, 
национального  равенства,  духовного  пробуждения  казахского  народа.  Дается  художественная 
оценка  социально-политической  лирике,  отражающей  проблемы  казахского  общества  данной 
эпохи. 
 
 
Resume 
The  article  deals  with  socio-political  lyrics  of  the  famous  Kazakh  poet  of  the  early  twentieth 
century Sabit Donentayuly. The ideological and aesthetic facets of the poet in the context of the national 
idea and identity of Alash  movement as well as the topics and problems of social poetry,which were the 
basic core of the idea of national freedom, national equality, the spiritual awakening of the Kazakh people 
are analyzed. The artistic assessment of the socio - political lyrics, which reflects the actual and saturated 
problems of the Kazakh society of the epoch is given. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет