165
Әдеби KZ
— Шаңырағыңыздан шаттық кетпесін, Момеке, — деді Садық
ақсақалдарға жол беріп
тұрып.
Алдына бес-алты ақсақалды салып, Садықтың өзі де босағадан аттады.
Оның қазақ даласында қалыптасқан ежелгі әдет-ғұрыпты ізетпен сақтағаны жиналған
жұртқа ерекше әсер етіп еді. Енді бәрі де оны бауыр тартып,
жанына жақын тұтып
алды.Қалған қонақтарды да үйді-үйге жайғастырды. Мен де елдің соңын ала өз үйіме
жүгіріп кіріп, босағада аңырып тұрып қаппын: қарасам үй іші танымастай өзгеріп, жайнап
кетіпті.
Басқа үйге кіргендей танымай да қалдым.
Ағайым маған көзін алартып: - Әй, Бауыржан, үлкен үйге бар! — деп қақпайлай берді.
— Бұл сіздің мұрагеріңіз бе, Момеке! — деді Садық, маған жымия көз тастап.
— Иә, менің ұлым, Садықжан, — деді әкем.
— Бізбен бірге отыра берсін, — деді Садық жылы жүзбен ағайға тіл қатып. — Бұл жігітті
ортамыздан қуып жібергеніміз жараспас. Оның үстіне күні бойы қасымызда жүрмеді ме?
Осылайша Садық мені ағамның қақпанынан қорғап қалды.
Мен үйді енді жақсылап көре бастадым. Құлпырған жасау көз жауын алады. Еденге көл-
көсір етіп кілем төселіпті. Кілем үстінде жалт-жұлт еткен шәйі көрпелер жайылған.
Жағалай жастық қойылыпты. Жарқырауық шыныаяқтар бір қанаттан орын алған екен.
Киіз үйдің ортасында аспалы шам нұрын төгеді. Жап-жарық. Мен әр кілемнің нақысынан,
әр заттың белгісінен қайсысының қай үйден келгенін байқап отырмын.
Намысқой ағайым бар ауылдың іліп
аларын осында жинап әкеліп, үй ішін жайнатып
тастаған екен. Мына жасау біздің үйді ең тұрмыстылар қатарына қосқан сияқты. Ауылдың
ауызға алар бақуаттысы болып шыға келген түріміз бар.