157
Әдеби KZ
— Қойшы ондайды, Момыш! Құдай үшін қоя тұршы! Ат мінген адам өзі түгіл, көлігіне де
көлденең кесір жолатпауы тиіс! — деді Ақкұл. Әлгі жігітке тағы бір ашулы қабақпен қарап,
ендігі сөзін соған арнағандай болды.
— Бүгінгі жастар не боп барады осы, Момыш. Қапшық сияқты бірдеме әйтеуір. Ат үстінен
ауып қалардай ебедейсіз боп барады ғой. Бишара аттар
сондай құмға толған ауыр
қапшық сияқтыларды арқалап қор болды-ау.
Осылайша Аққұл ақсақал Бекетке жеткенше ешкімге сөз бермей,
атқа мығым отырудың
әдіс-тәсілдерін айтумен болды. Барлығы да оны ат үстінде ұйып тыңдап келеді.
Астындағы жүйріктерін бірыңғай бүлкілге салып, ақсақалдан енді қайтып кекесін ескертпе
есітпейін деп жіті отыр.
Мен үйден шығысымен-ақ көңілсіз күйге түсіп едім. Ағайым өзіме жеке ат ерттеуге рұқсат
етпеді. Енді, міне, ат құйымшағында отырып, оның қақпақтай
жауырына ызалана қарап
келем. Алайда Аққұл атамның әлгі сөзі аздап жуасытқандай болды мені.
Біз Бекетке де келіп жеттік. Станция маңын топ-топ етіп айқастырып қойған аттар жайлап
алыпты. Жұрт төбешікке жиналып, шекпендерінің етегін төсей беріп, жамбастап жайғасып
жатыр. Ел мол жиналыпты: ақсақалды қарттар,
егде кісілер, жігіттер мен бозбалалар да
жүр. Бір шетте жақын ауылдан келген әйелдер тобы көрінеді.
Бәрі де тағатсыз күйге түсіп, станция жаққа қарайлай береді.
— Әне келе жатыр, әне келе жатыр, — деп күбірлесе бастады жиналғандар.
Қасында почта бастығы мен болыстық басқарманың
бір топ жігіті бар орта бойлы, сұр
шекпеннің өңірі ашық күйде, жалаңбас бір кісі келеді екен. Бәріміз де бар
ықыласымызбен тесіле қарап қалыппыз.
Ол қасындағылардың біреуімен сөйлесіп, байсал басып келе жатыр.
Жұқа өңі қаны қашып
сартаптау болған, маңдайы кере қарыс кісі екен. Қабағы аздап домбыққан,
жанары
жабырқау, сиректеу жібек мұртты кісі топ ортасына келіп те қалды.