Әдеби KZ жайылып бара жатты. Ымырт жабылғанда әкем Тишконы қораға ертіп келіп «таңдаған
қойынды ал» деді.
Василь бізбен бірге қалмақ еді, Тишко көнбеді. «Қырман басына барып жатамыз» деп
болмады. Алайда әкем сұраған соң бір түнге қалдырып кетті.—Ал, Вәсіл, бүгін сенен үлкен
қонағымыз жоқ. Төрге шық, — деп әкем үйге алып кірді.
Төрт көзіміз түгел отырып алдымен бауырсақпен қымыз іштік, сонан соң ет жедік...
Көрші үйдің баласы есіктен бас сұғып мені шақырды. Сөйтсем «ақсүйек» ойнамақ екен.
Әкем «Василийді де апарыңдар» деген соң, бірге шықтық.
Тып-тынық қараңғы түн екен. Ауылдың балалары түгел жиналыпты. Біз келген соң, ойын
да басталды. Ауылдың ересек кісісі «ақсүйекті» лақтырып жібергенде, бәріміз қараңғы
түнге сүңгіп кеттік. Жер бауырлап сүйекті тінтіп жүрміз. Кенет бір бала жүгіре жөнелді.
«Ақсүйек» сонда екенін бәріміз де біліп қуа жөнелдік. Жетіп алып үйме-жүйме боп
таласып жатырмыз. Ақыры бір жүйрігіміз мәреге жеттік-ау.
Бұл ойын кейін байқасам, балалардың қараңғы түндегі көкпары сияқты екен ғой.
Василийге бұл ойын өте ұнады. Тіптен кезекті бір «ақсүйекті» іздеу кезінде ол ауыл
балаларын алдап та үлгерді. Ақсүйекті тапқан болып Василий зыта жөнеліпті. Өзгелеріміз
соңына түстік. Бірінші болып қуып жеткен бала, біз барғанша, Василиймен жағаласып
жатыр екен. Қанша айтқанмен құрметті қонағымыз ғой. Мен араша түсіп ажыратып
алдым. Сөйтсем, Василий әлгі қуып жеткен баланың қолына «ақсүйектің» орнына ақ тас
ұстата салыпты. Соған ыза болып төбелес шығарған екен. Бәріміз татуласып, әбден
шаршап үйге қайттық.
Василий үйде қонақ болғанын, оны жақсылап күткенімізді, «ақсүйек» ойнағанын,
төбелесте менің араша түсіп болысқанымды үй-ішіне айтса керек, сол күннен бастап
Гончаровтар мені іші тартып еркелете сөйлейтін болды. Бірақ әрқайсысы әртүрлі атап,
атымды бүлдіріп бітті. Бірі — Бажан, бірі — Бардан, бірі — Буржан немесе Баржан деп
тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіптен баласындай бауыр тартып, Буроуржан дейтін.