Әдеби KZ — Момыш жалғыз ұлын орысқа беріп, мұсылмандықтан кеткелі жүр ме деп күлмей ме
еліңіз. Сол жағын ойласаңызшы,— деді.
— Жұрт сөзіне еріп қайтеміз, — деді әкем інісіне. — Олай десең, пайғамбардың да арғы
тектері дінсіз болған ғой. Ал, біздің Бауыржан, құдайға шүкір, мұсылманша көзі ашық емес
пе. Орысша оқыдым деп діннен безе қоймас. Қазіргі заман ағымы да осы оқуды қалайтын
сияқты. Анау Садықты көрмеймісің. Елдің сүйіктісі болып жүрген жоқ па? Орыспен де тіл
табады, істің орайын біледі.
Түнімен ағайынды екеуі осылай айтысып отырып, ақыры ортақ мәмілеге келген сияқты.
Мені орыс мектебіне беруге келісті. Ертеңіне көкем Евгеньевкаға барып қайтты. Кешкі ас
үстінде ол менің Гончаровтардың үйінде жүріп оқитынымды айтты. Ол үшін мұғалімге бір
пұт ұн, бір пұт жарма, бір пұт бұршақ бермек болып келісті. Ал оқу құралдары қағаз, қалам
үшін бір қой сұрапты. Гончаровтар менің жүргенім үшін пәтерақы алудан бас тартты.
«Әйтеуір Бауыржанның өзіне жететін ет жеткізіп берсеңдер болғаны» депті.
Көкем қой апарып беретін болыпты.Таңертеңмен көкем екеуміз жолға шықтық. Көрпе-
жастық, аздаған азық-түлік алып келеміз. Жолда ауылдың бір кісісі жолығып қалып, жөн
сұрады. Біз мән-жайды түсіндіріп едік, ол тулап шыға келді.
— Апырау, бұл не боп барады? Демек, шоқындырғалы апара жатыр екенсің ғой. Ай- ай,
масқара-ай, Момыш сияқты сыйлы ақсақалдар өзінің жалғыз ұлын орысша оқытса,
өзгемізге не жоқ. Өле кетсек, құран орнына шоқынды сөзін айтқызбақ па екен? — деп
соңымыздан айқайлады.
— Жоқ, Бауыржан, әлгінің сөзі рас. Бұл болмайды екен. Ауылға қайтамыз, өзге балалар не
күн көрсе, соны көрерміз,— деді көкем.
Мен үнсіз ілесе бердім.
Осы бір оқыс оқиға менің оқуымды бүтіндей екі айға кешіктірді. Көкем орысша оқуыма
мүлдем қарсы болып қасарысып алғаны. Аюбайдың ауылына барып, молдадан оқы деді.