Әдеби KZ
жұмыла құлаш ұрды. Бас-аяғы бес жылдың ішінде бәрі тойынып, қабағы жадырап,
қайғысы азайып еді.
Әкем мені арабша, орысша оқуға үйрете бастады. Есепті де үйретіп жүрді. Әртүрлі тірлікке
араластырып, бұғанамды қатайта бастағанын сонда сездім. Ат суарып, ақырға жем салу,
өгізге мініп тас бастыру сияқты жұмыстар енді менің де қолымнан келе бастады.
* * *
Біздің Өтеулі тұқымынан Бабас дейтін кісі өткен. Бабастың Қабаш атты інісі болыпты.
Қабаш жекжат-жұрат, тамыр-таныстарды аралағыш екен. Бір аттанса, үйіне айлап
оралмайтын әдеті болса керек. Үйге келуін келгенмен, байыз тауып отыра алмайтын
көрінеді. Ертерек ел қыдыруға шыққанша асығып жүреді екен. Осындай кезекті бір сапар
алдында атын ерттеп жатқан інісіне Бабас тіл қатыпты:
— Ей, сен қайда тағы да...Інісі де ожарлау болса керек. Ағасын қағыта сөйлепті:
— Сендер сияқты қашанғы үйкүшік болып отырайын. Ошақ түбін аңдуды саған-ақ
бұйыртсын. Менің қатыным жоқ, балам жоқ. Салт басты, сабау қамшылы, арқам кең адам
емеспін бе. Сен-ақ қатыныңды құшақтап жата бергін.
— Қабажан-ау, қолымызды мал қысқартып отыр ғой. Әйтпесе отау тігіп беріп, келінімнің
қолынан дәм татып отырмас па едім.
Ағасының мына мәймөңке сөзіне Қабаш тағы да қияс жауап беріпті:
— Қолың ұзарғанша, жолым ашық шығар. Менің қайда жүргенімді қадағалап қайтесің, —
деп аттанып кетіпті...
Содан Қабаштан хабар болмай үш айдың жүзі өтіпті. Бабас қобалжып, үй-іші үрпиісе
бастаған екен. Осындай бір күпті күні Түлкібастағы Темір руының адамдары Қабаштың
қолын байлап ауылға алып келіпті.
58
Әдеби KZ
Қашан да даушының даусы өктем шығатын әдеті емес пе. Қабаш болса, қабағы түсіп, елге
қарай алмай жер шұқылап тұр. Оны байлап әкелген жігіттер ел адамдарына қамшы
үйіргендей қара бұлтты төндіре сөйлейді.
— Мінеки, мынау сұмаяқ, суыққол туысқандарыңды Шымкент базарынан ұстап әкелдік.
Ауылымыздан ат ұрлап әкеп сатқалы тұрған жерінен тұтылды бұл бетсіз...
Бабас қатты абыржып қалбалақтай берсе керек. «Ел арасына жік түспесін, ала жіп аттаған
алаяқ атанбайық» деген намыс іші-бауырын жегідей жеген жайы бар көрінеді.
— Айналайындар-ай, амалым қанша! Қатар жатқан ел едік. Алыс-беріс, барыс- келісіміз
жарасқан ауыл едік қой. Аттан түсіп, аяқ суытыңдаршы тым болмаса. Дәм үстінде,
дастарқан басында отырып келісімге келелік. Айып бізден, ағайын, ауыртпалықтарыңцы
көтеруге әзірмін, — деп Бабас қол қусырып, тізе бүгіпті.
Жоқ іздеп, ұрысын ұстаған ауылдың жігіттері ат үстінде шатқаяқтап, шамалары келгенше
шіренсе керек. Бабас онан сайын шыжгөбектеніп жалынады.
— Тілегімізді қабыл етіңдер. Жерге қаратып кете көрмеңдер, айналайындар.
Айыптының жүзі төмен ғой, ауыл адамдары Темір елінен келген жігіттерді жүгіріп жүріп
күтіпті. Аяғының ұшымен кіріп, қаңбақша қалқып, дамыл алмай дастарқан тасыпты. Бәрі
де мал иесі қуғыншылар мен дау иесі — билердің алдына шала жүгініп қызмет көрсетіпті.
Мейлінше егіл-тегіл шашылады.
Қуғыншыларды Әлмембет бидің баласы басқарып келген екен. «Олар да бірқауым ел ғой.
Жөн-жобасын білетін кісілері бар шығар. Мына жігітті ауылына алып барыңдар. Бір
жылқының дауын өздерің-ақ шешерсіңдер» деп кіші баласы мен үш жігітті жұмсаса керек.
Бидің өзі келсе, салмағы ауыр түсетініне түсінген біздің елдің билері лайықты жөн-жоба
таба алмай, қиналып отырғанда. Бабастың өзі ретін тапқан көрінеді:
— Менің алты қарам бар. Енді тағы да алты қара керек.
|