Әдеби KZ Аққұл жақындағанда, жиналғандар жапырылып жол берді. Бәрі қолдарын кеудесіне
қойып, құрмет көрсетіп тұр. Аққұл ерде маңғаз отыр екен. Жиналғандардың көбін көзіне
де ілген жоқ. Мандайын ақ орамалмен шарт түйіп алыпты. Бешпетінің жеңі түрілген.
Түкті білегінің тамырлары адырайып тұр. Селдірлеу ұзын сақалы кеудесіне түседі.
Белін жалпақ кемер белдікпен мықтап буынған. Денесін алға ентелете тастап ер үстінде
еркін отыр. Жайдақ табан қырым етік киген екен. Үзеңгіге бос тастапты. Ол бірден ауыл
ортасында бір топ кісімен тұрған әкеме тура.тартты. Саусақтарының ұшымен ғана тізгінді
іркіп еді, астындағы атының қос құлағы қайшыланып, кең танауы желбіреп барып кідірді.
Маған ер-әбзелі ақ күміспен көмкерілген боз айғыр мен иесі ақ сақалды Аққұл екеуі осы
сәтте бір тұтас құйылған сом мүсіндей сезілген еді.
— Аманбысың, Момыш! — деп Аққұл өзінің құрдасына сәлем берді.
— Өзің де саумысың, Аққұл! — деп жадырады әкем.
Сонан соң тойға құтты болсын айтып, Аққұл өзінің кешігіп қалғанына кешірім сұрады.
Аттан түспей жатып ашулы жүзбен ақыл айта бастады. Денесін оқыс бұрды да, қамшысын
екі бүктеп бір шетте үйіріліп тұрған топқа сілтеді.
— Мынау өңшең әңгүдіктер шаңқай түсте көкпар дәметіп жүр-ау, шамасы. Есіл-дерті
ентікпе шабысқа ауған шала милар өңкей. Өздерін аямаса да, атты аяса
қайтеді.Қапырықта қара терге түскен жүйрікте не қасиет қалмақ. Ыстық леп кеудесін
қауып, шұбалма шаң өкпесін ыстамай ма, ат жарықтық қыз сияқты мәпелеуді күтетін мал
ғой.
Аялай білмесең — аяғынан қалады. Аяқтан қалған жүйрік ақырған есекке де алдырады, —
деп Аққұл жастарды жазғыра сөйледі. — Жайбарақат суытып, майын сылып алудың
орнына бұлар салпақтап жапалақша жалпылдай бергенді жақсы көреді. Алаөкпе
тасыраңға аңсары ауғандар ғой өңшең. Жақсы шабандоз атқа ауыр жүк емес, қайта
қанатындай демеуші болар. Әйтпесе қаптаулы тезектей ерге теңселіп отырғанның несі