Әдеби KZ
Үбиан әпкем өрттей қызарып кетті. Қасындағы құрбысына басын сүйеп сылқ-сылқ күліп
алды да, орнынан тұрып Оңалға ізет көрсетті. Құрбысы екеуі қосылып жауап айтты.
Толқу мен отырған бұл кезімізде,
Құрбыжан, біз не дейік сөзіңізге.
Аққуға теңедіңіз, рахмет
Өзгелер ұқсап берсін өзіңізге.
Оңал бұл сөздің астарын түсіне қойды. Әпкем зіл тастап отыр екен. Енді Оңал жалтарып,
Тінәліге тиісе бастады. Қыздарды одан қызғанатынын айтып әндетті.
Жаңылсақ елдің өзі-ақ кінәлі дep.
Танытқан жан бар ма еді шүбәлі жер.
Ашу деп әрқашан-ақ мадақтайын,
Қудалап жүрмесе егер Тінәлілер.
Жұрт тағы ду күлісті. Оңалдың қиып салма ақындығына таңырқасып жатыр.
Үбиандар орнынан тұрып, үлкен шәлі орамал ұсынды. Орамалдың шетіне екі-үш күміс
сақина, бір-екі білезік, ақша түйілген екен. Оңал орамалды мақтанышпен қолына алып,
тершіген мандайын сүртіп қойды. Ал түйілген бұйымдарды қасындағы серіктері талап
алды.Жұрт «той басталды, той басталды!» десіп гуілдесіп кетті. Кенет төбемізге өрік, тәтті,
бауырсақ жауып кетті. Әркім жабыла теріп, «тойдың тәбәрігі ғой» десіп алып жатыр.
Осылайша той басталды. Той дастарқаны жайылып, үсті алуан асқа толды. Қыз-жігіттер әр
тұстан қос-қостап әріптесін тауып айтысып жатыр. Әр үйден түн жарымына дейін ойын-
күлкі арылмады. Бұл кеште бұрынғыдай біз сияқты балаларды қудалаған жоқ.
Бастан-аяқ қызыққа қарық болып отырдық. Әр үйге бір кіріп, армансыз-ақ араладық.
125
Әдеби KZ
* * *
Мені Әлиман жұлқылап оятты. Сәске болып қалған екен. Ел түгел жиналыпты. Палуан
күрес басталған сәтке дөп тұрыппын. Елдің бәрі ығы-жығы жайғасып, орталарына
палуандарын шығарыпты. Екі жақтың палуаны белдеріне орамал байлап, білектерін
сыбанып шарт та шұрт айқаса кетеді. Бірін-бірі сынап, бірін-бірі бағдарлап, бірін-бірі
тексеріп топ ортасында алшаңдап жүріп алды. Иыққа иық тіресіп, білектері сіресіп
сілкілесіп, біраз жүрген соң біреуі қарсыласын жерден тік көтеріп алды. Басынан асыра
лақтырмақ еді, анау балтырдан шалып, қармақ жұтқан балықтан бұлқынып тұрып алды.
Сонан соң екеуі де қайтадан әдіс аңдып біраз жүрісті. Жұрт гулесіп бол-болдың астына
алуда. Кейбіреуі шыдай алмай, өз палуандарына тәсіл айтып айқайлайды. Айқайға құлақ
салар сәт пе. Тек күш ырқына, айла-шарыққа ғана бағынып анау екеуі аңдысумен жүр.
Ақыры біреуі жеңді-ау. Жеңген жақ палуанының аяғын жерге тигізбей дедектетіп, той
ортасына жасырып та үлгерді. Елінің ақсақалы келіп бәйгесін алды.
Бәйге де аз емес еді. Шапан киіп, ат мініп, атлас орамал алып жатыр. Палуан күресін
балалар аяқтады. Осылайша қызықпен жүріп бұл күннің де аяқталғанын сезбеппіз...
Ертеңіне таң азанмен қалыңдықтың отауынан Үбианның сыңсыған даусы естілді.
Жеңгелері қыздың қызыл көйлегін шешіп, аппақ көйлек киіндіріп жатыр екен. Қыз
дәуренінің соңғы нүктесі қойылғандай сезе ме, әпкем булыға жылады. Жар-жарға ұқсас
бір әнді созып жылайды.
Осылайша жаңаша киіммен безеніп Үбиан отаудан шықты. Жеңгелері қолтықтап алыпты.
— Айналайын, бикешжан, бағыңды ашсын, — дейді біреуі. Екіншісі:
— Ата жолы осындай, еркежан. Ата-енеңнің жоралғысын жасап жатырмыз, айыптама,
алтыным, — деп қояды.
Бір қарасам, Үбианның үйін жығып, түйеге артып жатыр екен. Тағы бір түйеге жасау
жайғасыпты. Бір жігіт Үбиан мінетін сәйгүліктің тізгінін ұстап тұр.
126
Достарыңызбен бөлісу: |