20. Образ және көркемдік деталь. Заттық детальдар Әдебиеттану ғылымында образ және образдылық - өзекті мәселелердің бірі. Әдебиеттегі образ, яғни бейнелілік, кейіпкер болмысы, көркем бейне сомдау ерекшеліктері - әдебиеттанушы ғалымдардың назарынан тыс қалмаған, мәнін жоймаған күрделі мәселе. Өйткені әдебиетті жасайтын суреткердің басты құралы – образ.
Образ - суретті сөз. Образ – кейіпкер, тұлға, қаһарман. Сөз өнеріндегі өмір шындығы адам бейнесі арқылы ғана көркем жинақтау дәрежесіне көтеріледі. Көркем туындының негізгі нысанасы – ең ал- дымен, сол адамның өзі екені белгілі. Образ - әдеби шығармадағы адам. Адам – күрделі жаратылыс. Е.Замятин: «Адам – роман сияқты: соңғы бетіне дейін қалай аяқталатынын білмей дал боласың. Олай болмаса, оны оқып та керегі жоқ» - деп жазады. «Адамның ең алдымен зерттейтіні - өзі, өзінің жан дүниесі» - дейді Л.Толстой. Адам тағдыры - өмірді танудың өзгеше жолы.
Ғалым Б.Ыбырайымның: «Әдебиеттегі көркем образ - суреткердің идеялық-көркемдік концепциясының, шеберлігінің, дүниетаным тереңдігінің куәсі, сондай-ақ болмыстағы алуан құбылыстардың, өмір шындығының өзекті сипаттарының жанды-бейнелі көрінісі, дәлелі. Сол себепті бірегей, толыққанды сом тұлғалар – көркемдік кепілі» - деген сөзіне ден қойсақ, суреткердің басты құралы - образ. Көркем шығармада өмір шындығын сығымдап, сырын жеткізетін, жанымызға эмоциялық-эстетикалық әсер беретін – кесек, сом образдар. Көркем шығармада кейіпкердің дүниетанымы, өмірге көзқарасы, болмыс-бітімі жан-жақты ашылады. Кейіпкер – көркем шығармаға жан бітіретін, шығарма арқауын бір арнада өрбітуге негіз болатын көркем тұлға.
Кейіпкер кейде жазушының таза қиялының жемісі (Н.В.Гогольдің «Мұрын» повесіндегі мұрынынан айырылған майор Ковалев, О.Бөкеевтегі Қар қызы, Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесіндегі Күнделік иесі) болады немесе нақты өмір сүрген адамды бейнелеу нәтижесінде (мысалы, тарихи тұлғалар, жазушының өзіне етене таныс, жақын адамдар) туады. Әлем әдебиетінде бұрыннан танымал әдеби кейіпкерлерді қайта бейне- леу нәтижесінде де жасалады.
Көркем шығармада образды сомдайтын кіші бөлшек – көркемдік деталь. Көркемдік деталь шығармада құбылысты тұтасынан суреттемей, суреттелетін нәрсенің нақты бір қырын, жекебелгісін, бүтіннің бөлшегін дәл тауып, ұтымды бейнелеу арқылы оны көз алдымызға келтіреді. Жазушы шеберлігі, ең алдымен, өмір құбылыстарын іріктеу мен оны дәл детальдар арқылы бейнелеу ерекшелігінде көрінеді. Кейде деталь арқылы автор ойын түсінуге, қаламгер қолтаңбасын, стильдік ерекшелігін тануға болады.
Толыққанды бейненің құрамдас бір бөлігі болатын деталь өзі де ең кіші көркем бейне, микрообраз қызметін атқарады. Деталь қай кезде де өзінен ірі, қомақтырақ бейнені құрайды: мысалы, қатал күзетшідей сыздана, тесіле қарайтын жалғыз сау көз, қаздың жұмыртқасындай сопақ бас, өңірін жапқан ұзын сақал, қадала сөйлейтін мәнер – осы детальдар біріге келіп, Құнанбайдың портретін кескіндесе, ол өз кезегінде одан да ірі көркем бейнені – тұтас адам бейнесін, мінезді сомдауға қызмет етіп тұр.
Көркемдік детальдарды портреттік, заттық, пейзаждық, тілдік детальдар деп жіктеуге болады. Көркемдік детальдар шығармада түрлі қызмет атқарады.
Деталь туындыдағы оқиға динамикасына ажар кіргізе отырып, характердің көркемдік сипатын белгілейді. Мыс: Б.Майлиннің «Қара шелек» әңгімесіндегі заттық деталь – шелек Айшаның характерін ашуға септеседі. Қаламгер пайдаланған деталь образ характерінің жан дүниесін, нанымдылығын көрсетеді.
Деталь суреттеудегі эстетикалық әсерді, эмоциялық бояуды молайтады. Оның эстетикалық функциясы бүтін мен бөлшектің бөлінбес бірлігінде көрінеді. М.Әуезов «Абай жо- лында» Тоғжанның кескін-келбетін оның киіміндегі бір деталь – сылдырлаған шолпысын суреттеу арқылы оның сұлулығын, әсем де кербез жүрісін, сымбатын, көркем мінезін ашады және сол арқылы Тоғжан образын тереңнен таныта түседі.
Әдеби туындыда көркемдік детальдың кейіпкер психологиясын, ішкі құпия сырларын танытудағы көркемдік ролі зор.
21. Қ.Жұмалиев - әдебиет зерттеушісі. Теориялық еңбектері
Академик Қажым Жұмалиев – әдебиет тарихы мен теориясының аса білгір маманы. Ғалым әдебиеттану ғылымының үш саласын да жете зерттеген, өнімді еңбек етіп, соңына мол мұра қалдырған ғалым. Ғалымның біз арнайы қарастырып отырған саладағы сүбелі еңбегі 1938 жылы шыққан «Әдебиет теориясы» атты кітабы. Аталған еңбек алпысыншы жылдарға дейін бірнеше рет басылым көріп, әдебиеттану саласы бойынша бірден-бір теориялық зерттеу еңбек және оқулық ретінде қолданылып келді.
Ғалым әдебиет теориясы мәселелерін сегіз тарауға бөліп қарастырады. Әдебиет теориясы мәселелерін қарастырғанда, қазақ әдеби шығармаларын мысал ретінде кеңінен талдау нысанына алып отырған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Махамбет, Абай, Ыбырай шығармалары көптеп талданғаны айқын. Әдебиеттің халықтығы мәселелері де осы тұлғалардың туындылары арқылы талданған. Көркем шығарманың поэтикалық категориялары қазақ тілінде нақты мысалдар арқылы айқындалып беріледі.
1960 жылдары жарық көрген қос томдық еңбегіне Қ.Жұмалиев үлкен дайындықпен келген. Ол бұрынғы жазылған еңбектері: оқулықтары мен оқу құралдарындағы, ғылыми мақалаларындағы, кандидаттық және докторлық диссертацияларындағы теориялық қисындарын қайта қарап, заманауи зерттеулерді, ғылыми бағыттарды ескеру арқылы толықтырып, түзетіп шыққан.
«Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» атты бірінші томы [15] екі үлкен бөлімінен тұрады. Бірінші бөлім қазақ эпосына арналса, екінші бөлімде әдебиет тарихы туралы сөз қозғалады.
Халқымыздың басынан өткен тарихи кезеңдер куәсі тәрізді батырлар жыры мен бақытты өмірге ұмтылған ғашықтар туралы лиро-эпостар бұл бөлімде тарихи-әдеби мысалдар, деректер негізінде талданады.
Бұлардың ел есінде сақталуының түрлі себептері көрсетіледі: біріншіден, халықтың ұлттық рухани күшінің беріктігі; екінші, ауыз әдебиетінің ерекше дамуы; үшінші, халық әдебиеті эстетикалық ықпалының ұшталуы, көркемдігі, т.б. Халық тарихи шежіресін атадан балаға, келешек ұрпағына өсиет сөз, асыл мұра ретінде ауыз әдебиеті арқылы жеткізген. Ол халық рухын көтеретін қасиетті, киелі өнер түрінде қабылданып, табиғи жолмен дамыған. Ғалым зерттеулерінің қорытындысында қазақ халқының мәдениеті өркениеттің ұлы көшінен көз жазып қалған жоқ, дамыған елдер мәдениетінен кенже қалуымыз кейінірек басталған деген ойларға келеді.
Қ. Жұмалиев батырлық жырлар мен эпостық поэмалардың түрлі нұсқалары есте жоқ ескі заманнан халық арасына кең таралғандығын, нұсқалары ауызша әңгіме түрінде де кездесетіндігін айтады. Шыққан уақыты белгісіздеу болса да, туу, жасалу жолдары туралы Шоқан Уәлихановтың ХІҮ ғасыр мұралары деген пікірін қолдайды. Олардың әртүрлі варианттарын талдаудың, салыстырудың, белгілі бір жүйеде зерттеудің қажеттігін ескертеді. Көркемдік ерекшеліктеріне баға беруде поэтикалық талдаудың мықты тәсіл болатынын меңзейді. Қазақ ауыз әдебиетін жинауда, зерттеуде кемшіліктердің мол екенін көрсетіп, басты қателіктер ретінде тәжірибесіздікті, дерексіз ұшқары пікірлерге жол беруді
атайдыҚ
Екінші кітап – «Абайтану поэтикасы». 1943 жылы «Абай жолын» талқылауға арналған үш күнге созылған конференциядан кейін Қ.Жұмалиев Абай поэзиясын зерттеуге біржола бұрылады. Ол шығармашылық жоспарын мүлде өзгертіп, Махамбет поэтикасы туралы зерттеулері мен жазып жатқан романынан алыстай бастайды.
«Абайтану поэтикасы», сірә, «Махамбет поэтикасынан» бастау алғанмен, ақын- жазушылық таланты бар қаламгерді Махамбет туралы роман жазу идеясынан біржола алыстатты (Қараңыз: Жұмалиев Қ. Махамбет поэзиясы туралы//Әдебиет майданы. – 1938.
– No4).Абай өмірі мен шығармашылығы Қ.Жұмалиев үшін мүлде соны тақырып емес екені жоғарыда айтылды. Абай институтының филология факультетіне ауысуына себеп болған - Абай тақырыбы. Демек, ол 1929 жылға дейін-ақ ұлы ақын шығармаларымен таныс. 1941 жылға дейін кандидаттық диссертация зерттеулерімен жүрсе де, Абайтануға байланысты мәселелерге көңіл бөліп, мерзімді баспасөз беттерінде материалдар жазып отырған [16; 17; 18]. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан дәрістер оқу кезінде Абай шығармаларына айырықша тоқталмай өте алмайтыны белгілі. Демек, Қ.Жұмалиев Абай тілінің поэтикасы туралы бұрын да ойланып жүрген.
22. Б.Майтановтың теориялық зерттеулері мен еңбектер
Профессор Б. Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» атты (1996) оқу құралын қазақ романдарындағы психологизмнің көркемдік қызметін кеңінен талдаған бірден-бір тың, әрі толымды зерттеу деуге болады. Бұл бұған дейін қазақ әдебиеттануында психологиялық талдау өнері сөз болмады деген емес, зерттеушінің әлемдік әдебиеттанудың тың тәжірибелерін терең игеру нәтижесінде, қазақ романдарындағы психологизм ерекшеліктерін социалистік реализм ауқымынан шығарып, жаңашыл нысанда зерттеуге алғаш рет бетбұрыс жасағанына көз жеткізуге болады. Өйткені, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау» еңбегі осы заманғы герменевтикалық талдаудың шынайы үлгісі деуге болады. Зерттеу еңбекте психологизм әдебиеттің тектік белгісі екені, оның тарихи-философиялық генезисі, адам психологиясының қоршаған әлем және социуммен байланысы, психологизмнің эстетикалық категорияларымен сәйкестігі, көркем психологизмнің табиғаты, ой мен психологиялық акт, бет құбылысы мен ым жүйесінің мәні, көркем пейзаж және психологизм, психологиялық портрет түрлері, баяндаудың психологиялық функциясы, фольклор мен әдебиеттегі түс көрудің ролі, психологизмнің орыс, қазақ, әлем әдебиетіндегі ерекшеліктері герменевтикалық талдаулар негізінде тұжырымдалады.
Зерттеуші Б. Майтановтың «Сөз сыны» (2002) зерттеу еңбегі-қазіргі заманда ғылыми өзекті болып табылатын әдеби шығарманы мәдениеттану, психология, нарратология, семиотика сияқты пәндер тоғысында зерттеудің айқын үлгісі. Ал, ғалымның «Модернистские и постмодернистские тенденции в современной казахской прозе» (Мәскеу, «Русская словесность в мировом культурном контексте» атты Халықаралық конгресс, 2004; Каунас, 2007), «Этнопсихологизм портретного дискурса» (Новосибирск, ғылыми жинақ, 2007), «Аңыздың ақыры: мекеншақ пен семиозис» («Қазақ әдебиеті», 2009), «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы: «еркіндік» архетипі» («Ақиқат», 2010) атты т.б. мақалалары филология ғылымдары әдіснамасы көкжиегін кеңейткен архетиптік талдау, семиотикалық талдау секілді жаңа парадигмаларға серпін берген ғалымның жаңашыл танымын айғақтайды.
Майтанов зерттеулеріндегі жаңашыл сипаттарын сөз еткенде ауызға алмай өтуге болмайтын бір еңбегі- «Пейзаждың көркемдік семантикасы» (2010) деп аталады. Бұнда С. Сейфуллин, З. Шашкин, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов т.б. қазақ жазушыларының шығармаларындағы пейзаждың көркемдік функцияларын жаңа қырынан бағамдайды. Фольклорлық дәстүрдегі ландшафт пен кейіпкер бейнесін берудегі тәсілдерді айта келе: «Ал тарихи-революциялық тақырыптың алғашқы дәуірлердегі жемісі – С. Сейфуллин шығармасынан Ә. Нұрпейісов трилогиясына дейінгі аралықта бұл амал әрқилы вариациялардан өте тұрып, күрделілене, шыңдала түсіпті» деген қорытындыға келмес бұрын зерттеуші пейзаждың семантикалық структурасына терең талдау жасағаны айқындалады.
Б. Майтановтың отандық және шетелдік халықаралық ғылыми форумдар мен конференцияларда жасаған сандаған баяндамаларын айтпағанда, әрқилы маңызды басылымдарда әр жылдарда жарық көрген шоқтығы биік мақалаларының ұзын саны 400-ге жуық екеніне 2012 жылы жарық көрген «Майтанов Бақытжан Қауасқанұлы. Библиографиялық көрсеткішінен» (2012) көз жеткізуге болады.
«Портрет поэтикасы»( 2006) монографиясы – көрнекті әдебиеттанушы Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың жаңашыл бағытта жазған ғылыми зерттеулерінің бірі. Оның жаңашылдығы әдеби туындының тұтастық жүйесіндегі ежелгі көркемдік құрылымның бірі – портрет жөніндегі тұйықталған түсініктерімізді кеңейтуінде, портрет поэтикасын қазіргі әдебиеттанудың әдіснамалық негіздеріне сүйеніп пайымдауында.
23. Әдебиет теориясы және герменевтика
Герменевтика – белгілі мәліметтерге, мәтіндерге сүйене отырып түсіндіру, талқылау. Ал, түсіндіру, талқылау белгілі бір дәстүрге, әлеуметтік-мәдени факторларға сүйенеді. Сол себепті герменевтика адамдардың өзара қарым-қатынас әлемін шынайы құнды және әркімге жақын әлем деп анықтайды. Оның өзінің жан дүниесінде мәдени, құндылық мағыналар әлемі түзіледі. Оның негізін тіл қалайды. Анығында осыны түсіндіру – герменевтиканың басты мақсаты.
Герменевтиканы ғалымдардың басым бөлігі теориялық тұрғыдан мағынаға жету жүйесі деп таниды. Шын мәнісінде герменевтика бейтаныс нәрсені зерттеумен ерекшеленеді. Герменевтиканың басты идеясы өмір сүруді түсінікті етіп көрсету болса, ал, оның зерттеуінің негізгі нысаны шығарма, оның ішінде мәтін екендігі белгілі. Әйтсе де бұл айтылған мәселелер шартты түрде айтылған ұғымдар. Оны тереңірек зерттеген абзалырақ.
Герменевтика ХVII ғасырдың ортасынан бастап түсіндірме әдістер ретінде танылды. Оның алғашқы құжаты деп Даннхаузердің нақты герменевтикаға арнаған 1654 трактатынан санау бастаған. Бұл сала XIX ғасырға дейін ғылыми-зерттеу мақсатында емес, дидактикалық мақсатта пайдаланған.
Бірақ бізге белгілі болғанындай көп ғасырлық тарихы бар герменевтикалық дәстүрде Аристотельдің герменевтикалық көзқарасы мен Әл-Фарабидің жеткілікті айқын пікірлеріне қарамастан кей мақалаларда айтылғаны болмаса қандай да бір көзқарастың, арнайы зерттеудің болмағанын атап өту қажет.
«Әдебиеттің рухани негізін саралауда да түрлі әдеби тәсілдердің қажеттілігін қазіргі әдебиеттанулық ізденістерден айқын аңғарамыз. Осы тұрғыда дәстүрлі классикалық герменевтика мен құрылымдық поэтиканың түйісіндегі көркем мәтіннің мағыналық сипаты арқылы оның генезисіне үңілу жолдарын ұтымды іске асуда» [7]. Батыс әдебиеттану ғылымында герменевтика әдебиет теориясының базалық құрылымы болып табылатын негізгі әдіснамалық қағидаларын зерделеуде кең тарап, әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Ал қазіргі қазақ әдебиетінде герменевтиканы мәтін түсіндіру, түсінумен мәтіннің мазмұндық болмысын талдау әлсіреген тұста, жан-жақты, тиімді әдіс ретінде бағаланып жүрген жайы бар. Бұл шындықтың бары да рас. Тарихи мәліметтерді филологиялық тәсілдер арқылы зерттеу ретінде герменевтика әдеби жәдігерлерді тәпсірлеуде де едәуір салмағы бар. Герменевтикалық тәсілдің тарихы үлкен екі кезеңнен тұрады. Бірі дәстүрлі классикалық та, екіншісі – қазіргі әдебиеттанулық герменевтика. Тарих герменевтиканы гуманитарлық ғылымдардың жүйелі негізі деп білді. Алайда, қазіргі әдеби герменевтика бұл мәселелерді мақсатты түрде айналып өтіп, нақты әдіснамалар мен әдеби тәсілдерді жасауда. Әсіресе, жоғары оқу орындарында мәтін талдауда әдістермен жұмыс істеу, герменевтикалық үшбұрыштың мәні мен маңызына үңілу, ондағы автор, шығарма, оқырман жүйесін талдауда ақпарат бере білу, ақпараттағы ақиқатты тани алу, ойлаушыға өз сөзін айтуға мүмкіндік беру, адамдармен сұхбаттастыру, олардың айтқандарын меңгере білу – міне, герменевтикалық талдаудың жаны осында. Әдебиеттанулық герменевтика әдістерді пайдаланып, мәтін талдау барысында жақсы нәтижеге қол жеткізбек. Жалпы қазіргі әдеби мәтінді талдауда герменевтикалық әдістен басқа типологиялық, дискурстық, салыстырмалы, поэтикалық, семантикалық, амал-тәсілдер бар. Сонымен бірге оператив- тілік, объективтік, коммуникативтік сынды негіздерді қарастыру орынды. Герменевтикалық әдіс көзқарастарды бір-біріне қарсы қою емес, бірыңғай зерттеу жүйесін және зерттеу әдістер бірлігін қарастырады, дұрыс түсінік береді. Ғылыми ақпарат өңдеуде де герменевтикалық әдіс жақсы бағаланады.
Мәтіндерді түсіндіру арқылы ғана автордың сөздік қорын, оның мінезін, өмірінің жағдайын анықтауға болады. Автор дәуірінің сөздік қоры мен тарихи-мәдени қабаты бір тұтастықты құрайды, оның негізінде мәтіндер элемент ретінде, бір тұтастығы солардан бастап түсіндіріледі. Классикалық герменевтиканың мақсаты мәтiндегi көркемдiк шындық пен оны түсiндiрудегi өзiндiк ғылыми көзқарасты бiр арнаға тоғыстыра отырып, тиянақты пiкiр қорытуға негiзделедi. Әр халық өз тiлi арқылы өзiнiң дүниетанымын, көзқарасын қалыптастырады. Тiлде халықтың мыңдаған жылдар бойы жинаған өмiрлiк тәжiрибесi топталады. Әсiресе, бұл қағиданы көшпендi өмiр салтын ұстаған қазақ халқы шын мәнісінде тарихында, әдебиетінде, мәдениетінде сақтай алды. Әрбiр сөздiң астарын үңіле алды. Тек қана аса дарынды, ұлттық мәдениеттен терең сусындаған адам ғана ұрпаққа жақсы аманат қалдыра алады. Герменевтика iлiмiнің де қазақ әдебиетіндегі қажеттілігі адамның дүниетанымын ғана зерттеп қоймай, өмiр сүруiнiң, болмысының тәсiлi анықталуында. Тағы нақтылағанда бiреудiң рухани өмiрiне өтуінде де емес, керiсiнше, сол замандағы мәселелердi қазiргi заманға сай етiп талдауда. Негiзгi мақсат – өткен оқиғаны ой өрiсте қайта құра отырып, жаңа мән-мағына тудыру нәтижесінде әдіс-тәсілге сай оқырманға, тыңдаушыға түсіндіру болып табылады.
24. Көркем образдың тарихи жағдайға, ортаға тәуелділігі. «Мәңгілік бейнелер» сыры
Образ (көркем образ) – белгілі бір құбылыс, шындық жайындағы жазушы ойлауы мен танымының нәтижесін көрсететін эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты әдеби образ деп атайды. Көркем шығармада суреттелген алуан түрлі өмір құбылыстары, сезіммен астасып бейнеленген сөз бен ұғым-түсініктер, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһармандар образ ұғымында қабылданады.
Әдебиет туралы ғылымның аса маңызды эсте- тикалық ктегориясы – образ және образдылық. Өйткені көркем образдың табиғаты көп қырлы, мағыналық аясы кең. Образ тек шындықты бей- нелеп қана қоймай, оны жинақтайды. Образдың мақсаты – көркем тілмен кез келген жансыз құбылысқа, затқа, дерексіз ұғымдарға да жан бітіру, сөйлету, сурет салу.
Әдебиет теориясында образ деген ұғымның екі түрлі мағынасы бар:
1) көркем бейне, кейіпкер, тип, яғни адам об- разы. Оған заттық сипат тән.
2) суретті сөз, сөзбен салынған сурет, яғни образдылық. Оған бейзаттық тән. Образдылық – суретті, бейнелі сөз. Осы екеуінің де туын- дауына өмірлік құбылыстар мен объективтік шындықтар ықпал ететіні, бастау алар негіз бо- лып табылатындығы анық.
Көркем образ – көп қырлы және күрделі әдеби-философиялық категорияның бірі. Об- раз көркем шығарманың сюжеттік-фабулалық
құрылымын құрайды. Әдебиетте оқиғалар, ситуа- циялар, характерлер – бәрі де адам бейнесімен танылады. Ол жануар не құс болсын, я қиялдан туындаған тіршілік иесі болсын – бәрібір ада- ми мәнге толы гуманизацияланған образ болуы мүмкін. Мұның бәрі де адамның қоршаған орта- мен қарым-қатынасын анықтайды. Көркем об- раз белгілі бір дәуірдегі көптеген адамдарға тән моральдық белгілерді жинақтап қамтиды. Образ әлемінен жазушының шындық пен адам туралы көзқарасы анықталады.
Әдебиеттегі көркемдік әдіс, негізінен екі түрлі (романизм, реализм), бұл мәселеге біз осы еңбегіміздің ақырғы тарауында арнайы тоқталамыз. Бұл жолы тек осынау көркемдік әдіс тұрғысын анықтағандығы образдың екі түріне, бұл екеуінің ерекшелігене ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.
Романтикалық образ — әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлеренің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның “әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры” боп табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр.
Реалистік образ — әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында ; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын – соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Дұрысында, образ атаулының айырықша мағыналы, мәнді түрі де осы – реалистік образ. Өйткені бұл образдың эстетикалық идеалы – романтикалық образдағыдай бұлыңғыр емес, анық, адам қолы жетпейтін тым асқақ, алыс емес, қолмен ұстап, көзбен көргендей затты әрі жақын нәрсе. Сондықтан реалистік образдың эстетикалық – тәрбиелік мәні де, қоғамдық — өзгертушілік күші де айырықша үлкен.
Көркемдік әдіс секілді, әдебиеттің тегі туралы мәселені де біз осы еңбектің үшінші бөлімінде таратып талдамақпыз. Бұл жолы, жалғыз – ақ, осынау әдеби тектер (эпос, лирика, драма) тұрғысынан анықтағандағы образдың үш түріне, бұл үшеуінің ерекшелігіне ғана азырақ назар аударып өтпекпіз.
Эпикалық образ – кескін – кейпін, мінез – құлқы, іс — әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Мүсіндеу мен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп – көп амал – тәсілдері әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр – түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан – жақты танытуға мүмкіндік бар. Оған эпикалық шығарманың өрісі де, құшағы да еркін жетіп жатыр.
Лирикалық образ – сыршыл, өлең – жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан – жақты ашылған адамның сыртқы кескін – кейпі де, қым – қуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс — әрекеті мен қимыл – харекеті де тұтасып көріне бермеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез – құлқы, жан – тынысы айырықша әсем айшық табады.
Образдың жасалу тәсіліне байланысты түрлерін таратып, бас – басына сипаттама бермес бұрын, жалпы әдемілік туралы ілімде бірнеше (комедия және трагедия, геройка және фантастика дегендер тәрізді) эстетикалық категориялар болатынын білу шарт. Комедия ақиқат шындықтағы не адам мінезі мен бітіміндегі күлкілі жайлардан туса, трагедия бұған қарама – қарсы қайғылы құбылыстардан туатыны ; геройка аса бір асыл, аяулы қасиеттерден туса, фантастика асыңқы, асқақ әрекеттерден туатыны мәлім. Міне, осы тәсілдердің әрқайсысына лайық геройлық, трагедиялық, фантастикалық образдар болатыны сияқты, комедиялық тәсіл арқылы көркем образдың юморлық және сатиралық түрлері жасалады.
Юморлық образ – күлкілі кейіпкер ; юмор — өмірдегі кісі күлерлі құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі жоқ жерде юмор да жоқ. Ал күлкіні әншейін жеңіл – желпі нәрсе деуге болмайды. Күлкіде зор қоғамдық сипат, әлеуметтік сыр жатады.
Сатиралық образ – ұнамсыз тип. Сатирамен суреттелер құбылыс – керексіз, кесір құбылыс. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кткендікті қаза қопарып, көптің көз алдына – көрініске шығарады, қағып – сілкіейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді.
Фантастикалық образ – қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқаұқсас арманында бедерленген бейне ; әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүгінге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.
Қай халықтың сөз өнері болсын, оның ең байырғы түрлерінің бірі – ертегі десек, сол ертегі түгелге жуық қиялға негізделетіні, ертегідердегі адам бейнелерінің көбінде қиял – ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл да фантастикалық образдың көнелігін куәландырса керек.
Трагедиялық образ да әдебиетте тым әріден келе жатқан адам бейнелерінің бірі. Трагедиялық образ ескі мен жаңы, адам мен қоғам, адамдық пен жауыздық арасындағы ымырасыз күрестен, бітіспес тартыстан, қайшылықтан, соның өзінде де мейлінше асыңқы, адам жаңіп болмас ауыр, азапты жайларды әдеби шығармада терең және шебер жинақтаудан туады.
Геройлық образ – ұнамды кейіпкер: адамға тән небір тамаша сипаттардың синтезі секілді сом тұлға, өз дәуірінің ең аяулы, асыл мұраттарынан туған тарихи тип.