11.3 Кәсіпкерліктегі бәсекелестерді талдау
Қазіргі бәсекелік ортаның күшеюі тұсында кәсіпкерлік қызметтегі бәсекелестерді талдаудың маңыздылығы жоғары. Өйткені өзінің көлеміне және қызмет түріне қарамастан кез –келген кәсіпорын бәсекелік ортада қызметін жүзеге асырады. Бәсеке пайда көлемін ұлғайту мақсатында тұтынушыларды өзіне тарту және өткізу нарығын кеңейтуге ұмтылатын, белгілі бір қызмет сферасындағы жекелеген кәсіпорындардың арасындағы күрес ретінде сипатталады. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мен даму стратегиясын таңдау кезінде бәсекелестерді талдау маңызды орынға ие болады.
Бәсекелік ортаны зерттеуді кәсіпкерлік қызметті іске асырғанға дейін, яғни бизнес –идеяны әзірлеу мен кәсіпорынды құру сатысында бастау керек және онымен үздіксіз айналысу қажет. Тек сонда ғана нарықтағы өз орнын табуға, онда жемісті жұмыс жасауға және табысты дамуға қол жеткізуге болады.
Бәсекелік ортаны талдаудың негізгі әдістерінің бірі «Портердің бес күш қағидалары» болып табылады. Бұл әдіс мынадай бағыттарды қамтиды:
алмастырушы өнімдердің пайда болу қаупін талдау;
нарықта жаңа ойыншылардың пайда болу қаупін талдау;
жеткізушілердің нарықтағы билігін талдау;
бәсекелік күрес деңгейін талдау.
Осы аталған бағыттардың әрқайсысы берілген кезңнде бизнестің табыстылығын немесе «татымдылық» дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы:
алмастырушы тауарлардың пайда болуы кәсіпорынның табыс көлемінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін;
көптеген жаңа ойыншылардың нарыққа шығуы тұтынушылар назарын өзіне аудара отырып компанияның пайдасын азайтады;
шикізаттар мен басқа да материалдарды жеткізушілер жоғары баға белгілей отырып өндірістің табыстылығының төмендеуіне алып келуі мүмкін т.б.
Алайда Портердің бұл моделі саланы талдау үшін ғана қолданылғаны дұрыс. Сондықтан кәсіпорынның бәсекелік стратегиясын әзірлеу сыртқы микроортаны, яғни кәсіпорынның тікелей бәсекелестерін талдауды талап етеді.
Микродеңгейде бәсекелестерді талдауды шартты түде келесідей кезеңдерге бөлуге болады:
бәсекелестерді анықтау және олардың ресурстарын зерттеу;
олардың мақсаттары мен міндеттерін анықтау;
мақсаттарға жету стратегиясын және тактикалық іс –әрекеттерді зерттеу;
күшті және әлсіз жақтарын айқындау;
қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңде бәсекелестердің даму перспективасын анықтау;
өз мүдделеріне пайдалану мақсатында алынған ақпараттарды талдау.
Бәсекелестерді талдау кезінде корпоративті мәдениет қағидаларын және маңызды лауазымдарды атқаратын адамдарды зерттеу де маңызды орынға ие болады. Бәсекелестердің іс –әрекеті туралы клиенттердің пікірлері мен олардың қызметін эксперттік бағалау талдаудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бәсекелестердің қызметін тереңінен талдау үшін қажетті барлық мәліметтерді жинау іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан, әдетте, М.Портедің сызбасы қолданылады, ол мынадай 4 бағытты қамтиды: өзі туралы мәліметтер, ағымдағы стратегиялар, мүмкіндіктер және болашақтағы мақсаттар, ал бәсекелестер қызметін талдау үрдісі осы ақпараттарды сандық және сапалық деп бөлуге болады.
Сандық ақпараттарға мыналар жатқызылады: кәсіпорынның ұйымдық – құқықтық нысаны, кәсіпорын қызметінің түрлері, өызметкерлер саны, компанияның активтері , сату көлемі, нарықтағы үлесі, табыстылық және басқа да сандық көрсеткіштер. Сандық ақпарат объективті және кәсіпорын қызметінің нақты мәліметтерін көрсетеді.
Негізгі сапалық көрсеткіштер – компанияның іскерлік беделі, оның танымалдылығы, қызметкерлердің біліктілігі мен басшылықтың жұмыс тәжірибесі, баға стратегиясы және маркетингтік стратегияның икемділігі.
Сандық және сапалық көрсеткіштерді кешенді түрде талдау бәсекелестердің қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен кәсіпорынның бәсекелік ортасын талдау кезінде келесілер анықталады:
талдау жасалып отырған өндіріс саласының басты экономикалық ерекшеліктері;
саланың негізгі қозғаушы күштері және олардың болашақтағы ықпалын бағалау;
саладағы бәсекелестер деңгейі;
ең төмен жіне ең жоғарғы бәсекеге қабілеттілікті иеленетін кәсіпорындар;
бәсекелестердің одан әрі әрекет жасау мүмкіншілігі және олардың бағыттарын болжау;
бәсекелік күресте жетістікке жетуін немесе сәтсіздәкке ұшырауын анықтайтын факторлар;
қолайлы табыстылық деңгейі көзқарасы тұрғысынан саланың тартымдылық дәрежесі;
Бәсекелестер қызметі туралы бәлу нарықта жетістікке жету перспективасын бағалауға, басымдықтарды анықтауға және бәсекелестер қызметіне тез әсер етуге мүмкіндік береді. Бәсекелік ортаны талдау кәсіпорын қызметкерлерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, персоналдың біліктілігін артыру және оқыту жүйесін жетілдіруге, олардың қызметін белгілі бір дәрежеде ынталандыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін талдаудың маңызды нәтижесі бәсекелестердің күшті жақтарын бейтараптандыру стратегиясын әзірлеу мүмкіншілігі және өз кәсіпорынның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Бәсекелестерді талдаудың соңғы кезеңі ретінде салыстырмалы талдауды айтуға болады. Оның негізгі мақсаты –айтарлықтай күшті және әлсіз бәсекелестерді анықтау, белгілі бір бәсекелестерге қатысты стратегияны таңдау. Салыстырмалы талдау жүргізу үшін балдық жүйе көмегімен бірнеше параметрлері бойынша бағалау әдістемесі жиі қолданылады. Мұнда 5 балдық шкала («5» - өте жақсы, «4» жақсы т.с.с) бойынша белгілі бір көрсеткіштер сараланады (ренжирленеді).
Салыстырмалы талдау кезінде бөліп көрсетілетін факторлар:
кәсіпорынның имиджі;
негізгі өнімнің тұжырымдамасы;
өнім сапасы;
бизнес түрлерінің әртараптандырылу деңгейі;
бизнестің негізгі түрлерінің нарықтағы жиынтық үлесі;
өндірістік база қуаты, соның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны, негізгі қорлармен жабдықталуы, олардың деңгейі және пайдалану тиімділігі, шығындардың құрылымы т.б.
қаржылық көрсеткіштер;
болуы мүмкін шегерімдер мен үстемелер ескерілген өнімнің нарықтық бағасы;
өткізудің тиімділігі және тауарлар қозғалысы бойынша іс –шаралар;
сыртқы кәсіпкерлік ортадағы кәсіпорынның саясаты т.б.
Жиналған ақпараттады кесте түрінде көрсеткен дұрыс және бәсекелек ортадағы өз кәсіпорнымыздың орнын анықтау мақсатында ол туралы сараланған мәліметтерді кестеге қосу керек.
Бәсекелестерді талдау күрделі үрдіс және өз бетінші жүргізу әрқашан мүмкін бола бермейді, ол уақыт пен білімді ғана емес, шағын кәсіпорындар үшін арнайы мамандарды тартуды да қажет етеді.
Алға қойылған мақсатқа байланысты талдау әртүрлі дәрежеде жасалуы мүмкін, бірақ ол барлық бағыттар бойынша жүргізілу керек. Экономикалық әдебиеттерде талдаудың негізгі әдістерінің ішінде келесілерді бөліп көрсетуге болады:
көлденең талдау немесе тенденцияларды талдау. Мұнда көрсеткіштерді басқа кезеңдегі дәл осындай көрсеткіштермен салыстыра отырып талдау жасалады.
Тігінен талдау,яғни әрбір жеке жеке бөліктеріне дейін талдау жолымен көрсеткіштердің құрылымы зерттеледі.
Факторлық талдау. Мұнда кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің жкелеген элементтерінің жалпы экономикалық көрсеткіштерге әсері талданады.
Салыстырмалы талдау. Көрсеткіштерді ұқсас орташа салалық көрсеткіштермен немесе бәсекелестердің ұқсас көрсеткіштерімен салыстыру арқылы талдау жасалады.
Экономикалық әдебиеттерде кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін бағалау үшін төмендегідей әдістер ұсынылады:
Салыстырмалы артықшылықтар тұрғысынан бағалау. Бұл әдістің мәні өндіріс шығындарының бәсекелестерге қарағанда төмен болуы және сол арқылы өндіріс пен сатуда басымдыққа ие болу мүмкіншілігімен сипатталады. Бұл әдісте қолданылатын негізгі өлшем – төмен шығындар. Бұл әдістің артықшылығы кәсіпорынныі бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалаудың қарапайымдылығы болып табылады.
Тепе – теңдік теориясы тұрғысынан юағалау. Бұл әдісте өндірістің әрбір факторы бірдей болады деп қарастырылады. Яғни, фирманың қандай да бір өндіріс факторын қосымша пайдалану арқылы табыс табу немесе бәсекелік артықшылыққа ие болу мүмкіндігі болмайды. Бұл әдістің артықшылығы ие болу мүмкіндіі болмайды. Бұл әдістің артықышылығы ішкі резервті анықтау мүмкіндігі болып табылады.
Бәсекенің тиімділігі теориясы тұрғысынан бағалау. Бұл әдісті пайдалану кезінде 2 тәсілді бөліп көрсетуге болады:
Құрылымдық тәсіл. Бұл тәсілдің мәні ірі масштабты, тиімді өндірісті ұйымдастырумен сипатталады. Мұнда бәсекеге қабілеттіліктің негізгі өлшемі өндіріс пен капиталды шоғырландыру болып табылады.
Функционалдық тәсіл. Бұл тәсіл боцынша бәсекеге қабілеттілікті бағалау кәсіпорын қызметінің (функционалдық бөлімшелері бойынша) негізгі көрсеткіштерін салыстыру негізінде жүзеге асырылады. Бәсекеге қабілеттілікті бағалау өлшемі ретінде бағалар, шығындар мен табыстар қатынасы алынады.
Өнім сапасы негізінде бағалау. Бұл әдіс өнімнің тұтынушылық қасиеттерін көрсететін бірқатар параметрлерді салыстырумен сипатталады. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілеттілік өлшемі – өнім сапасы болып табылады. Бұл әдістің артықшылығы бәсекеге қабілеттілік деңгейін қамтамасыз ету кезінде тұтынушылық ұйғарымды немесе талғамды ескеру мүмкіндігі болып табылады.
Кәсіпоырның гипотетикалық көпбұрышы. Бұл әдіс бойынша кәсіпоырнның бәсекеге қабілеттілігі сегіз фактор бойынша бағаланады. Олар: 1)кәсіпорын қызметі негізделетін тауарлар мен қызметтер нарығы (концепциясы); 2) сапа; 3)баға; 4)қржы;5) сауда; 6)сатудан кейінгі сервис; 7) кәсіпорынның сыртқы саясаты; 8) сату алдындағы дайындық.
Осы аталған факторлар бойынша кәсіпорын мүмкіндіктерін бағалау кәсіпорынның гипотетикалық көпбұрышын жасауға мүмкіндік береді.
Тақырыпты пысықтауға арналған сұрақтар
Бәсеке түсінігіне берілген анықтамалар негізінде авторлық тұжырымдар жасаңыз және оны негіздеңіз.
Қазіргі кезде елімізде бәсекенің даму жағдайына сараптама жасаңыз.
Бәсекелік артықшылық пен бәсекеге қабілеттіліктің өзара байланысын түсіндіріңіз және бәсекелік артықшылықтың басқа да көздерін қарастырыңыз.
Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін қандай көрсеткіштермен анықталады?
Кәсіпкерлік қызметте бәсекелестерді талдау әдістерін сипаттаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |