Қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетуге болады. Зат есім, Сан есім, Сын есім, Етістік, Есімдік, Үстеу, Еліктеу сөздер, Одағай, Шылау, Модаль сөздер 42. Адамзат тілі қашан шықты? Оның туу себептері не?
Тілдің шығуы - адамзат қоғамының пайда болуымен байланысты, алғашқы адамдамың сөйлеу мүшелерімен дыбыстарды бірінен соң бірін ажырата айтуы арқылы қарым-қатынас қажеттілігінің өтелуі. Тіл қоғамда пайда болды, оны дамытатын - қоғам, халық. Тілсіз қоғам, қоғамнан тыс тіл болмайды. Адамды адам еткен - тіл. Тілдің шығуы - адамның әлеуметтік тіршілік иесіне айналуының алғы шарты. Дыбыстап сөйлеудің пайда болуы адамға тән екінші сигнал жүйесін қалыптастырды (сөз тітіркендіргіш қызметін атқарды, реакция туғызды). Сөздің пайда болуы адамдар арасындағы қатынасты жетілдіріп, қоршаған орта құпиясын ашатын ойлаудың жаңа сатысын туғызды. Тілдің шығуы туралы мәселені сөз еткенде, ең алдымен, екі түрлі проблеманы бір-бірімен ажыратып алу қажет: оның бірі – жалпы адам баласы тілінің шығуы, яғни алғашында адамның сөйлеуді, ойын айтып жеткізуді қалай үйренгендігі туралы мәселе де, екіншісі – жеке, нақтылы тілдердің, мысалы, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, араб тілі, испан тілі немесе француз тілінің шығып жасалуы туралы мәселе. Бұл екі мәселені бір-бірімен шатастырмау керек. Бұлай дейтініміз: адамзат тілінің пайда болуы сонау көне заманға – адамдардың жануарлар дүниесінен бөлініп шығу заманына, алғашқы адамдардың пайда болу заманына барып тірелсе, жеке нақтылы тілдердің немесе туыс тілдердің тобының жасалып құрылуы жалпы адамзат тілінің шығып пайда болу заманынан анағұрлым бертінгі дәуірлерде болған. Нақтылы, жеке тілдердің, мысалы, қазақ тілінің, орыс тілінің немесе ағылшын тілінің пайда болып жасалуын және олардың пайда болу дәуірін тарих пен лингвистика ғылымдары тұрғысынан зерттеп айқындауға болады. Ал жалпы адамзат тілінің шығуы, яғни адамдардың о баста сөйлеп үйренуі туралы проблеманы қарастырып айқындау үшін, тек қана тарихи-лингвистикалық зерттеулердің өзі тіптен жеткіліксіз болады. Адамзат тілінің шығуы адамның пайда болуы және адам баласы қоғамының пайда болуы тәрізді күрделі мәселелермен тығыз байланысты. Осылай болғандықтан бұл мәселелерді бірін екіншісіне байланыстырмай, жеке дара күйінде алып қарастыру да, тыңғылықты түрде шешу де мүмкін емес.