Тілдің шығуы туралы бесінші теория – «еңбек айқайы теориясы» деп аталады. Ол 19 ғасырда шықты. Оны жасаушы - Людвиг Нуаре деген философ. Аталған теория бойынша, тіл алғашқы адамдардың еңбек ету кезінде шығарған рефлексті айқайларының негізінде пайда болған. Бұл теория да қате. Өйткені, тіл - қатынас кұралы ретінде ғана жасалады.
47. Адамзат тілінің пайда болуының ғылыми теориясы.
Адамзат тілінің пайда болу теориясының ғылыми негізін К. Маркс пен Ф. Энгельс жасады. Олар: «Тіл де сана сияқты басқа адамдармен қатынас жасау мұқтаждығынан және қажеттілігінен туды», - дейді («Неміс идеологиясы», Шығ., 3 т., 29 б.). Яғни мұнда, біріншіден, тіл мен сананың (ойлаудың) бір-бірімен тығыз байланыстылығы және олардың бір мезетте шыққандығы, екіншіден, тілдің адамдардың бір-бірімен қатынас жасау қажеттілігінен келіп пайда болғандығы айтылған. Тілдің шығуы туралы мәселе Ф. Энгельстің «Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің рөлі», «Семьяның, жеке меншіктің шығуы» деген еңбектерінде ғылыми тұрғыдан жан-жақты қолданып, бұл мәселе жайында материалистік теория әрі қарай дамытыла түсті. Ол еңбектерде тілдің шығуы жалпы адам баласының пайда болу мәселесімен тығыз байланыста қарастырылады. Әуелі еңбек, онан соң тіл, екеуі екі жақтан адам баласы миының дамуына күшті әсер етті. Ал мидың дамуы ойлаудың дамуына әсер етті. Ойлаудың (сананың) дамуы өз тарапынан еңбек пен тілге, олардың дамуына әсерін тигізеді. Еңбек процесінде адам баласы қоғамының тууы - бұл үшеуінің (еңбек, тіл, сана) әрі қарай дами беруіне мүмкіндіктер мен жағдайлар жасады. Тілдің алғашқы негіздерін адамның пайда болуы процесімен байланыстыра қараған дұрыс екеніне көз жеткізуге болады. Ендеше тілдің қалыптасуы да адамның қалыптасуы тәрізді миллиондаған жылдарға созылған процесс. Және оның қалыптасуы адамның түр ретінде қалыптасуымен бірге жүріп, бұл жолда жетекшілік қызмет атқарғаны да рас. Тілдің пайда болып қалыптасу процесі глоттогенез деп аталады.