68
Қызыл жебе
өзі шайнап, тарамысын қиып жіберіп, үш аяқтап қашқан арлан
қасқырдай, бұл да тәнін талқандап, түрме деген тажалдың,
тұзағынан құтылғандай болды-ау, әйтеуір.
Кеше осы уақытта өзі қанмен
шұбарлаған жолмен жер
бауырлап жылжып өтіп, дәретхана үйшігінің тасасымен биік
домбаз дуалға тырмысып өрмелеп шығып, арғы бетке өзін-өзі
аузын буған қанар қаптай сылқ еткізіп тастап жіберді.
Бостандықтың
дәмі кермек, бағасы батпан. Мұны басына
түспеген пенде біле бермейді. Жолбарысты темір торға қамап
мәз болатын топастардың жүрегінде жібімейтін жүз қадақ мұз
жатыр. Ал темір торды талқандап шыққан жолбарыстың жолы,
әрине, тауға тартады.
Рысқұл Талғардың тауын бетке ұстады. Алқынған жүрегін
қолына алып-жалаң аяқ жар кешіп, жырым балақ,
жыртық
көйлекті пенде, кісі көзіне шалынбауға тырысып, жердің үстімен
емес, астымен келе жатқандай еді. Кеудесі күмбірледі. Ескі досы
– әуелгі әуен оралған екен:
– Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан...
III
– Сөйтіп, бұл түрме деген дәйісіңнен мен бір рет солай қашып
шыққанмын, – деп тоқтады Рысқұл.
Бронников көсілген аяғын жинап алып, тізесін құшақтап,
жауырыны күжірейіп, құныстанып отырды да:
– Одан әрі не болды? Сәлемдестің бе Саймасайға? Екінші рет
түрмеге қалай түстің? – деп сұрақты жаудырды.
Рысқұл оның жирен сақал басып кеткен кескініне бағжия бір
қарап алды.
– Е, тамыр, бәрін білгің келеді, ә? Мына тас қабірдің ішінде
тірідей әлі көп жататын түріміз бар.
Кейінге де әңгіме керек
шығар. «Туpaп жемесең етке тоймайсың, қона жатпасаң көпке
тоймайсың», – деген. Әлі жата-жастана талай гөй-гөй айтылар.
Біздің бала ұйықтайтын уақыт болды, дем алсын кішкене.