78
Қызыл жебе
– Байың қайда? – деді Таубай қамшымен өз етігінің қонышын
сарт еткізіп, үйдің ішін көзімен тінтіп болған соң әйелге бұрылып.
– Қайда болушы еді, мырза. Абақтыда жатыр ғой.
– Былжырамай шыныңды айт. Абақтыдан қашып кетті.
Әйтпесе неміз бар түн ішінде сандалып, сенің қойныңа келіп тұр
дейсің бе бізді?
Келіншектің төмен жүзі лап етіп,
басын көтеріп алғанда
алақандай әдемі көздері жалт ете қалды.
– Өйтіп айтпаңыз, мырза. Бала-шаға бар үйде. Кісіміз келген
жоқ үйге. Қашып кетсе қайда жүргенін біз білмейміз.
Таубай аузы қисық көне кебеженің ішіне үңілді. Кебеженің
ішінен ашыған сүзбе исінен басқа ештеңе сезілмеді.
Төрде
сыры кеткен ескі әбдіре тұр. Күндіз үстіне екі-үш көрпе, бір-екі
текемет жиылып, жүк көтеріп тұратын әбдіренің түнде арқасы
босап қалады.
– Аш! – деді Таубай келіншекке әбдірені бүктеулі қамшымен
нұсқап.
– Әй, мырза-ай, осы жаман сандықтың ішіне біздің кісі
сыйып кетеді деп ойладыңыз ба? Ашайын. Көңіліңіз қалмасын.
Ізбайша ұзын бұрымының ұшына
байланған қара кілтпен
әбдірені ашты. Ескі де болса әбдіре құлпы екі-үш бұралады.
Кілт бұралғанда құлыптағы тілшік шүріппе сыңғыр-сыңғыр етіп
әуендетті.
Осы әуеніне бола Тұрар қолына кілт түскенде сандықтың,
аузын қайта-қайта бұрай беруші еді. Бір қайырым ғана әуен.
Сандықтың ішінде іске татыр ештеңе жоғына кешірім өтінгендей
аяулы мұң. Бұл баяғы батыр баба Әлімбектен қалған жұрнақ.
Самарқанның саудагер сартына екі қой беріп сатып алған сонау
Қоқан заманында. Көне шеберлер кілт бұралар құлпына екі
тілшік салып, бұлбұл құстың бір қайырым үнін түсірген. Әу баста
ол үн көңілді де шығар, ал келе-келе, қажала-қажала құлыптың
көмейінен
енді жалынышты, мұңды әуен шығатын болған.
Сандықтың ішінде Ізбайшаның төркінінен келген біркиер сары
шәйі көйлек, жасыл тыс барқыт камзолы, шашақты шәлісінен
басқа көзге түсер ештеңе жоқ сияқты. Шуда жіппен белінен бір
байлаған, сарғайып кеткен қағаздар бар екен. Сөйтсе, ол сонау