70
Қызыл жебе
Аласалау
таулар биігін қалқалап, көрсеткісі келмегендей,
көлденең тұрады.
Тұрар сайдың қабағындағы жабайы алма ағаштың ашасына
мініп отырған. Бұталмаған жабайы алма ағаш балақтап, бұтағы
есіріп кеткен. Ашада отырған бала көрінбес.
Әкесі кеткелі Тұрар бала болып көп ойнамайды, өзге
балалардан бөлініп, саяқтана береді. Ылғи да осы ашаға шығып
алып, ұзақ отырады. Әлдекімді, әлденені күткендей. Әлденені
қарауылдағандай. Қарауылдайтыны – әкесінің жолы еді.
Әкесінен қалған Шолақ Шабдар еді. Сайдың табанына түсіріп,
кісендеп қояды да, қабақтан қарап отырады. Шолақты біреу
әкетіп қалса, ертең көкем келгенде: «Әй, Тұрар-ай, жалғыз атқа
да ие болмадың ба?» – деп айтады-ау деген уайымы да бар.
Уайымдауды жөргегінен үйренген сияқты. Қазір бала болса,
лезде ересек мінез танытады. Ерте есейткен күндер еді ол.
Аз ғана ауыл апақ-сапақта абыр-сабыр,
жоқ-жұқана, жұтаң
тірліктің қамында: лағы бақырып, бұзауы мөңіреп, қатындары
бажылдасып, қарттары: «Әй, қайыр бері!» –
деп қақырынып
қойып, күңгір-күңгір сөйлескендері кешкі тау ішінде үңгірден
шыққан үндей күңіреніп тұрады. Шешесінің қолы тимей
жүргенде, емшек іздеп жылаған бала, күңгірттеніп, бейтаныстау
болып бара жатқан жастарға жатырқай қарап үрген иттер.
Шыңдардан да биікте бірер қанар ақ мақта шашылып қалғандай
екен. Күннің қызылы соны шалды. Талғардың басындағы бұлт
бір кезде созбалақтап барып, қызыл бояуға малынған бойы, бір
сәтке ұшып бара жатқан шыраққа ұқсап қалды.
– О, Қызыл Жебе! – Тұрар ашадан көтеріле беріп. – О, Қызыл
Жебе!
Жұрт оны жоғалды деп жүр. Жұрт оны сойылды деп жүр.
Сөйтсе, шыңға шығып кеткен екен ғой.
Бірақ енді бір сәтте пырақ бейне түтілген жүндей ыдырап,
бояуы қайтып, ылайсаңданып бара жатты.
Тұрардың өрекпіген өкпесі солықсып, дүрс-дүрс соққан
жүрегі су сепкендей басылды.
– О, Қызыл Жебе! – деп сыбырлады.