Қызыл жебе
Боз інген боздайды екен ботам-ау деп,
Жүк артса қабырғама батады-ау деп.
Қыз мұңлық кетерінде жылайды екен
Жанында жат біреудің жатам-ау деп.
Түндікті төрт жерінен ойдыр әке,
Тойыма ту биені сойдыр, әке.
Тойыма ту биені сойдырмасаң
Биылша қызым жас деп қойдыр, әке.
Базардан базар барып ине алайын,
Жан әкем берем десе қиналайын,
Жан әкем берем десе, қиналғанмен
Белімді бекем буып жиналайын»...
Нүкетай сұлу бұлайша өнер шығарып, сыңсу айтып, өзгенің
көңілін босата алған жоқ. Аттаныстың табан астында асығыс
болғандығы сонша, әдеттегі ауылдың «алты ауызы», тіпті «жар-
жар» да айтылмады.
Тең-тең жасау-жабдық тиеген керуен Сатыңнан шығып, Тау-
Шелек асуына қарай бет алғанда, Қарашаның қара суық желі
қарағай басын тербетіп, қылқаңдары қыл қобызша боздап тұрған.
Аспанды аунақшыған бұлшық-бұлшық қарасұр бұлт қаптады.
Таудың бұралаң сүрлеу жолы бір қырға шығып, бір ойға түсіп,
салтанатты кеш үзік-созық келе жатқан. Шыңдарды бұлт бүркеп,
қарауытып қарағайлы беткей ғана көрінеді. Қыламықтап қарт
түсе бастады.
Бұл қыстың алды еді. Қалдықызыл деген алшаң жорғаға мінген
болыс алдыңғы топта. Қалдықызыл құйрық-жалы төгілген,
қасындағы өзге жылқы баласынан ірірек, арқардың құлжасындай
маңғаз мал. Өз жорғасына өзі масаттанғандай, үстіндегі иесімін
басқалардан мерейі үстем екенін сезгендей, басын шұлғып
тастап, анда-санда пысқырынып қойып, бір сарынмен сілтейді.
Өзге аттар жүрісін Қалдықызылға теңестірмек болып, біреуі
текіректеп, біреуі желе шауып, мазасыз халде.
Болыс көп сөйлемейді. Нөкерлерінің неше алуан жол
әңгімесіне назар да салмайтын сияқты. Ол өз ойының тереңінде,
өз қиялының жетегінде.
88
Қызыл жебе
Болыс қазір өз ордасына екі себептен асығулы. Бірі ояздың
шақыртуы. Ояздың аты – ояз. Ұлыққа бұл да құлдық ұрады.
Біреуге біреуді тәуелді етіп, біреуге біреудің күнін түсіріп қойған
заман. Әйткенмен, ояз бұған қаһарын төгетіндей реті жоқ. Верный
оязын былай қойғанда, бүкіл Жетісу облысында ең қадірлі,
губернатор фон Таубенің өзі құрметтейтін болыстардың бірі осы
– Саймасай. Рысқұл дейтін бір бұзық түрмеден қашып кетсе,
Саймасайды кінәлайтындай не жазық бар? Түрменің әкімдерін
кінәласын. Ойға сумаңдап күдік кіре бергенмен, Саймасайды бұл
онша састырмайды. Дегенмен, асығу керек.
Асығу керектігінің тағы бір себебі: Нүкетай сұлу. Мына жол
үстінде келе жатып, алпысты алқымдаған кәрі құлжа алдағы
ләззат түнін аңсаулы. Кейде ол өз ойынан өзі ыңғайсызданғандай,
оның ойын басқалар оқып келе жатқандай жанындағыларға
қарап та қояды. Жоқ, олар өзге бір әжік-күжік әңгімемен әуре
екен. Сонда болыс қайтадан ойша Нүкетайдың қасында жалғыз
қалады... Шашағы төгілген ақ шәйі шымылдық.. Екеуден екеу
оңаша қалған шақ. Өзге дүние өртеніп кетсе де, сол оңаша сәт
бәрінен қымбат. Нүкетайдың күпек шашбауы сыңғыр-сыңғыр
сылдырап, әуелі камзолының түймелерін ағытар. Әрбір түйме
ағытылғанша бір жыл өткендей тым ұзақ көрінер. Сонан соң
сары сылаң шәйі көйлектің жеңінен әуелі бір қолын шығара,
екінші қолын шығармастан, алақанымен аппақ, төсін басып
тұрып қалар.
– Келші, Нүкеш! – дейді шымылдық ішінен Саймасай аласұра
алқынып.
Нүкетай үндеместен басы салбырап, кеудесіне оқ тиген
адамдай, сәл еңкейген қалпы қатып қалар.
– Болшы, Нүкеш! – дейді құдай қосқан қосағы біреу
буындырғандай
тынысы
тарылып.
Нүкетай тас болып қатып қалғандай қозғалмайды. Демі де
білінбейді. Сылаң шәйі көйлек бір иығына ғана ілініп тұр. Бір
қолын жеңінен шығарса, сусып, ың-жыңсыз жерге түспекші.
Сонда перизаттай Нүкетайдың аппақ тәні анадан жаңа туғандай
жалаңаштанады. Алпыстағы күйеудің қартаң тартқан жүрегі
аттай тулап, кеудесінен ыршып шыға жаздайды.
|