90
Қызыл жебе
меңіреу шатқал. Бір топ атты адамдар жанын алатындай, тек
сауысқан шықылықтайды.
Кенет Саймасайдың көз алдына, буалдыр арасынан шыға
келгендей, Қызыл Жебе тұра қалды. Болыстың тұла бойы дір етті.
Елес лезде ғайып болды. Қылаулаған мұнардан ештеңе көрінбеді.
Саймасайдың көңілі бей-жай күйге түсті. Қыдыр жолдың үстінде,
баға жетпес
олжамен оралып қайтқанда, көңіліне не шайтан
ұялағаны беймәлім. Қар кейде қызғылтым болып көрініп, кейде
шашыраған қандай күрең-қызыл тартты.
Болыс қамшы ұстаған қолымен көзін уқалап болып қайта
ашып еді, шатқалдың шыршалы жағынан бұталы жадағай жағына
атырылып Қызыл Жебе қарғып өткендей көрінді. Ағаштардың
бұтағын қызыл қырау тұтып қалғандай.
Саймасай сескенейін деді. Нөкерлерінен ол
ат бойы алда
жүріп келе жатқан. Өзгелер аттарының тізгінін тартып, болыспен
үзеңгілеспеуге тырысады. Әдеп солай. Ал енді, болыстың өзі
әлгілердің ортасына тығылғысы келгендей, Қалдықызылдың
басын тарта берді.
«Танауыңа кершеу түскір, Қызыл Жебенің киесі болғаны ма?
Неге елестей береді?». Сонан соң өз ойының оспадарсыздығын
өзі байқап, бұрынғыдан бетер іштей жүдеп қалды. «Өлген аттың
танауына да кершеу түсер ме еді?».
Өткен істің өкініші өзегін тілгіледі.
Бірақ Қызыл Жебеге
қылған қиянаты жалқы емес екенін ойламады. Ойласа, мына
келе жатқан Нүкетайға да Қызыл Жебенің кебін келтіргенін
түсінер еді. Бірақ бұл ұғым Саймасайға жат. Ар алдында да, адам
алдында да ақталатын үлгісі бар: пайғамбардың өзі төрт қатын
алған дейді. Сұлуды сүюді пайғамбар да жек көрмесе керек.
Жарықтық, алпыс үш жасында жас тоқалының тізесін құшақтап
жатып жантәсілім қылған ғой...
Мұның да мезгілі пайғамбар жасына жақындаған.
Бірақ бұл дүниеге уақытша қонақпын деген қаперінде жоқ.
Қартайдым-ау, қайратым қайтады-ау, сонда Нүкетай болса әлі
жап-жас. Жас неме Тұқымбайдың тоқалы құсап, өсектің өртіне
түсіп кетеді-ау деген күдік әзір мазаламаған.