Шерхан Мұртаза Қызыл жебе бірінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет80/123
Дата28.07.2023
өлшемі1,34 Mb.
#104870
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   123
Байланысты:
1. Қызыл жебе - I кітап Шерхан Мұртаза (8 сынып)

Қызыл жебе 
жыны келсе, Қарақойыннан айдап шығады, сонда не мұратқа 
жетесің, кімнің артына барып кіресің?! Ат мініп тойға барып, сән 
түзеп жатқан сен жоқ, неғыласың сол ер-тоқымды жаман жүгіңе 
қоса жиып қойып?!
Қараңғылықтың арасына, су түбінен суырылып шыққандай 
сүйретіліп біреу келе жатты. Үюлі тезектің жанына иығындағы 
кетпенді сылқ тастай салып, шаң-шұң дауыс шыққан жерге 
жақындап барып:
– Ассалаумағалейкум? Бұл қайсың барқырап отырған? – деді 
тікесінен тік тұрып. Кім екенін біле тұра әдейі сұрағандай.
Сақан палуан қопарыла бұрылып қарап:
– Әй, сен қашаннан бері мені танымай қап ең, Рысқұл?! – 
деді.
– Танымадық, – деді Рысқұл саспай.
– Танымасаң танымай қалған шығарсың. Көзіңнің еті өскен 
шығар. Мені болыс жіберді. Не күміс ер-тоқымды берсін, не 
Қарақойынды қайтарсын дейді. Мына мыржық ағаш ұстауға 
келмей морыған кесектей үгітіліп отыр. Жарытымды жауабы 
жоқ. Жөн-жорық білетін жігіт едің, сен не дейсің, Рысқұл?
– Күміс ер берілмейді, – деді Рысқұл жай ғана. Асықпай-
аптықпай айтқанының салмағы ақырғаннан артық еді. – Күміс 
ерді Әлімбек бабаммен бірге көмулі жатыр деп есептеңіз. Ал 
бабамның көрін ашып, аруақтан тартып алам десеңіз – өзіңіз 
біліңіз. Қарақойын – құдайдың жері. Дауылбайдың жері емес. 
Құдайдың қу даласы адам баласының бәріне ортақ.
Қараңғыдан қараңдап тағы біреу көрінді. Отырғандарға сәлем 
берген жоқ. Оқшиып бірауық қарап тұрды да, үйге кіріп кетті. 
Бұл Жылқайдардың кіші баласы Молдабек еді. Тары қорып 
келген беті. Ағайынды үшеуінің басы қосылғаннан қаймықты 
ма, жоқ әлде, әруақтың аты аталған соң тайқыды ма, әйтеуір, 
Сақан палуан бірінші рет айқайламай-ақырмай, сабыр сақтап, 
тіпті сыбырлап сөйледі:
– Қарағым, Рысқұл-ау, әруақты мен құрметтемейді дейсің бе? 
Болыстың бұйрығы. Үйіне ояз келіп жатыр. Соларға ел екенімізді 
танытайық. Риза қылып аттандырайық дейді. Ояз риза болса, 
Әлімбек атамның әулеті де жаман болмайды, – дейді.


163
Қызыл жебе
Жерошақтағы от қара қазанның желкесінен сытылып шығып, 
қамалап тұрған қараңғылықты кеудесінен итеріп, жібермей, 
қазанды қорып тұрғандай. Қара қазан – қара шаңырақтың қазығы 
ғой. Қазан босаса – шаңырақ шайқалмақ. Қазанды қараңғы 
зұлматтан қызғыштай қорыған оттан айналып, садағасы кеткің 
келеді. Сірә, баяғы бабалар отқа бекер табынбаған.
От сәулесі жеткен жерден шалбары ағараңдап, аяғына кебіс 
ілген біреудің әуелі белінен төмен жағы көрініп, бірте-бірте кеуде 
жағы да көзге шалынды. Ахат көрші екен. Қақырынып қойып, 
белгі бере келді. Ошақ басында, қазан қарап, от түзеп отырған 
Қатшагүл келіні сылдыр еткізіп көсеуді тастай салып, ұшып 
тұрып, қайнағасына сәлем қылды.
– Көп жаса, шырағым, – деді Ахат. Кішкене шоқша сақалы 
бар, кең кеуделі, екі иығы екі кісі мінгендей, көзінде оты бар, 
шоң мұрын, ат жақты кесек тұлғалы кісі қырықтар шамасында 
көрінді. Сақан палуанмен қатар еді, қалжыңдап:
– О, дәу, жараған бурадай бұрқырап неғып отырсың? – деді. 
– Ел тыныш па? Болыс ауылында не боп жатыр? Ояз келді деп 
еді? – деді.
Жайшылықта болса Сақан палуан Ахаттың бұл қотыр сөзіне 
лайық жауап беріп бір шайнасар еді, дәл қазір реті келмеді. Ахат 
осы ауылдың сыйлы адамы. Бұған бәрі де жез сымдай жұмсақ 
иіледі. Мына Әлімбектің бірбеткей қарсы бұтақ сияқты қасқыр 
немерелерін осы Ахат алақанына салып саз балшықтай жұмсарта 
алады. Ендеше онымен қазір шайнасудың орны жоқ. О баста бұл 
шаруаға осы Ахатты араластыру керек еді. Әлі де болса кеш емес.
– Ей, Ахат, – деді Сақан палуан гүрілдек дауысын жайырақ 
шығаруға тырысып. – Мені болыс жұмсап отыр. Ояз келіп 
жатыр. Соған күміс ердің майын бере тұрсын дейді. Ояз біраз 
серуендеп, құмардан шыққан соң қайтып мен өз қолыммен әкеп 
беремін. Соған мына інілерің көнбей отыр. Айтсаңшы ақылыңды. 
Дауылбаймен қырғиқабақ болғаннан аз ғана Алсайға оңай тимес. 
Құдай ақыңа, түн жамылып отырмын ғой, өз қолыңды өзің кесе 
алмайды екенсің. Мен өзім деп айтып отырмын сендерге. Мен де 
осы Алсайдың бір баласымын ғой.


164


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   123




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет