157
– Рысқұл-ау, өлтірді ғой мені иттер! – деді ағасы ыңырсып. –
Енді күндерің не болады?
Сонда Рысқұлдың иген садақтай тырсылдаған жүйкесі суға
салған таспадай жібіп, көңілі босап, ағыл-тегіл аңырап бір
жылады дейсің. Ағасының басын құшақтап, қаны қашқан бетіне
бетін үйкеп, іші-бауыры мылжа-мылжа елжіреп, қарап отырып
қалжырап, қауқары кетіп қалды.
Дүние селт етпеген бір сілті тыныштық орнаған кез еді.
Рысқұлдың дауысынан шошып оянып кеткендей-ақ, шілдеқоңыз
шыр ете қалып, бірауықтан кейін шексіз, тоқтаусыз, ұзақ мұңды
үнге басты. Тау басынан құмалақтай тас құласа бірте-бірте
бір көшкін қоса құлайтыны сияқты, жалғыз қоңыздың үніне
түн дүниесі жамырай дыбыс беріп «Не болды? Не болды?»
десіп жатқандай екен. Жылқышы құстың ысқырып қалғаны,
үкінің үһілегені, көлбақалардың кенет оянып кетіп байбалам
салғаны, оқыстан ауылға ит-құс тигендей, бар ит атаулы жабыла
шуылдағаны адамның төбе шашын тік тұрғызғандай еді.
– Көке, не қылдық біз? Қай пейілімізден таптық? – деді
Рысқұл егіліп.
– Жылама, – деді ағасы әлден уақыттан кейін әрең үн қатып,
ерні ғана қыбырлап. – Жылама. Көздің жасы әлі керек болады.
Су...
«Бұл отырып қалғаным қалай? Бір адым болса да жылжи
бермей», – деп Рысқұл орнынан тұра бермекші еді, екі тізесі
бүгіліп кетіп, қайта отырды. Тұла бойдан әл кетіп, аурудан тұрған
адамдай қалт-құлт етіп қалыпты.
– Су... – деп сыбырлады Бердіқұл. – Су...
Жаңа бір әзірде бет-аузы өліктей сап-салқын еді, енді алаулап
әкетіп барады екен. Рысқұл сілкініп қайта тұрды. Тәй-тәй басып,
бір-екі аттады. Қайраңдап қалған қалпынан қатайып, өзіне-өзі ие
болып, алдындағы үлкен адам емес, бала көтергендей жеңілейіп,
тез-тез адымдап, ауылға асыға жөнелді.
Достарыңызбен бөлісу: