181
Қызыл жебе
* * *
Арқасын тауға тіреп тұрған ақ орданың есігі түрулі еді. Сәскелік
сары қымыз ішіп отырған Дауылбайдың
шегір көзі төменнен
келе жатқан шұбырындыны шалып қалды. Қасындағы мәртебелі
қонағы салқын қымызға шала мас болған кез. Дауылбай сыртқа
шаңқ етті:
– Сақан!
Үй иесінің оқыс дауысынан орыс ұлық селк етті. «Ой,
осылардың тағылығы-ай», – деді.
Сақан биік маңдайшаның өзінен екі бүктеліп ішке кірді.
– Ләппәй, тақсыр.
– Сонау келе жатқан кімдер? – Дауылбай жауабын күтпестен:
– Кім де болса, қайтар! Қазір арыз-құрыз тыңдар уақыт емес.
Ауылда үлкен ұлық жатыр. Топырламасын.
– Кім болушы ед, Рысқұл бұзық та, – деп күңк етіп Сақан
шыға берді. Шығып бара жатып маңдайшаға басын тарс соғып
алып, қолымен маңдайын тыжырына сипалады.
– Есалаң, – деді Дауылбай да қоса күліп. – Осы үйге күніне
жүз кіріп, жүз шығады. Ылғи маңдайын ұрып алады. Адам деген
маңдайына бір-екі рет соққы тиген соң үйренбей ме екен қалай
шығуды!
– Сіздерше не деуші еді? – деп ұлық шиқылдап күле берді. –
Әлгі, түйенің үлкені көпірден таяқ жейді...
– Иә, мырза, дәл тауып айттыңыз. Сол түйе осы. Бойы ұзын,
ақылы қысқа. Бірақ адал, байғұс.
– Міне, міне, – деді ұлық күлгенін қойып, жастықтан
шынтағын алып, қолымен жер тіреп көтеріле беріп. – Адал
қызметкер керек. Қызметкерлердің
бәрі адал болса, мемлекет
үшін, ұлы держава үшін еш қауіп жоқ.
– Өте дұрыс айтасыз, жоғары мәртебелі мырза.
Өте тауып
айтылған сөз.
Болыс өзінің сөзін қостап, қошаметтеп отырғанмен,
көңілі
алаң, назары басқа жақта екенін ұлық аңғарып қалды.
«Бұл азиаттар сені мақтап отырып, мақтамен бауыздап жіберуі
де мүмкін».