Шығармашылыққа үйрену жолдары. Шығармашыл педагог болу - қазіргі дамуы жылдам ақпараттық ғасыр талабы. Қазіргі таңда маман өзінің шығармашылық әлеуетін үнемі жетілдіріп отыру дағдысын қалыптастырмайынша оның кәсіпке жарамдылығы да төмендей береді. Ал жоғарғы оқу орнындағы теориялық білім нәрімен сусындап жатқан студенттер де өздерінің танымдық белсенділіктерін дамытып, шығармашылық қабілеттерін жетілдірулері қажет, себебі ол ертеңгі кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттерінің нәтижесіне тікелей әсерін тигізетін факторлардың бірі. Болашақ мұғалімдердің білім шаңырақтарындағы бүгінгі табысты оқу іс-әрекеттері - ертеңгі кәсіби құзіреттіліктерінің, бәсекеге қабілеттіліктерінің кепілі.
Шынымен кәсіби-педагогикалық қызмет өз табиғатынан шығармашылық сипатқа ие екені белгілі. Шығармашылық - бұл белгілі қатынастар арқылы өзара байланысқан және өзгермелі жағдайларда педагогикалық міндеттерді шешуге бағытталған қызмет жүйесі. Педагогикалық шығармашылықтың, шеберліктің ең жоғарғы деңгейіне жетудің жолы жан-жақтылықпен оның құрамына енетін педагогикалық әрекеттердің бір-біріне ауысуымен сипатталады. Педагогикалық шығармашылықтың басты белгісі - жаңа шешімдерді іздестіруге, жаңа міндеттерді қоюға, жұмыстың стандарттан тыс әдістерін қолдануға үнемі әзір болу. Өз шығармашылығы арқылы педагог әр сабақта оқушыларды да шығармашылыққа баулуы керек. Жаңа біліммен таныстырудың өзі шығармашылық тұрғыдан жүргізілуі тиіс. Егер мұғалім оқушыларға дайын білімді баяндап бере салса, балалардың шығармашылығы дамымайды. Керісінше проблемалық сұрақтар қою арқылы балалардың ойын жетектеу, өз беттерінше ізденулері арқылы білімді меңгерту, өздері бір мәселенің шешімін ойластырып табуға жағдай жасау жиі іске асырылса оқушылардың шығармашылығын дамытуға негіз қаланады. Оқушылармен шығармашылық тұрғыдан жұмыс істей алу үшін мұғалімдер қалыптасып қалған бірқалыптылықтан шығу жолдарын іздестіріп өздерінің біліктіліктерін үнемі жоғарлатып отырулары қажет.
Осыған орай педагогтық кәсіптің негіздерін меңгеру барысында болашақ ұстаздар тек арнайы теориялық білімдерді меңгерумен шектелмей, оған қосымша өз бойларындағы ішкі қабілеттерін барынша дамытып, өздерін жетілдіру жұмыстарымен айналысқандары абзал.
Ол үшін студенттерге ең алдымен психология, педагогика ғылымдарында белгілі диагностикалық әдістемелерді пайдаланып өздерінің шығармашылық деңгейін анықтап алғандары жөн. Мысалы, Т.В.Морозованың «Диагностика успешности учителя» атты кітабында мынандай тест ұсынылған.