Аспаса ақыл қайраттан, Тереңге бармас, үстірттер. Қартыңның ойы шар тартқан, Әдеті жеңіп күңгірттер. Бойдағы күш, жігер, қайрат ақылға бой ұрса мақұл. Қазақ дүниетанымындағы «60-қа келгеннен ақыл сұрама» деген әфсанаға Абай да қосылады, «ой шар тартқанда», бұрынғы әдет, өткен салттан ары аса алмайтыны, жаңа ойға, жаңа жолға, жаңа идеяға жол беруі қажеттілік болар деп пайымдадық. «Елу жылда ел жаңа» болса, елу жылдан соң жаңа пайым, жаңа түсінік, жаңа дерекке, ерекше ерен көзқарас та қалыптасуы қажеттілік болар.
Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса? Адамның ішкі сезімі мен ақылы оны өзге болмыстағы жаратылыстан ерекшелейді, демек, Алла берген сезім мен ақылды сәуле-жарық-біліммен толықтырып, тереңдемесең, адамдықтың несі сән? Кісілік қайда?
Абай данышпан ақылға сәуле қондырып, білім мен ғылымға бет бұруды үндейді, соған шақырады:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек. Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек... Біреуінің күні жоқ біреуінсіз, Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», - деген өлең жолдары жоғарыда келтірілген Қара сөздегі оймен үндес, қарайлас шығып жатады.
Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?! «Адам» мен «надан» ұғымын оппозиция қалпында танытып, білімнің маңызын тағы да асқақтата түседі. «Надан» сөзінің мағынасын «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» былай деп ажыратқан: 1. «Топас, пайымсыз». Ол (халық) қараңғы; надан – оны билеген күш қуат, қара албасты, қара түнек күштері. Бұны ойласа Абай бір сәт шұғыл қатал бір ойға ауысады (М. Әуезов, таңд. шығ.). Жоқ, бұл сөз жалғыз ишанның ғана сөзі емес, осы отырғандардың бәрінің сөзі. Тоғышар, надан, топтың сөзі (І. Есенберлин. Қатерлі.). 2. «Топас». Хат танымайтын қараңғы, білімсіз. Нұрымның залымдығы мен атағы болмаса, әліпті таяқ деп білмейтін, надан, пішіні де жаман, толған боқауыз бен былш-былш насыбай (С. Торайғыров, таң. шығ.). Қас надан. Нағыз топас. Ғылымды білме, өтірікке сене бер... Көрсоқыр, қас надан болып қала бер, деп тұрған жоқ па? (М. Дүйсенов, Мейман.). (Алматы, 1983жыл; 7-том, 306 бет).
Араб тілінен енген «надан» сөзінде біздіңше, екі тілдік тұлға бар: «на» - «жоқ» мағынасындағы префикс (нәмәрт, нақұрыс т.б. сияқты); қызметі - «а», «бей» префикстерімен бірдей; «дан», «дана» – әдепкіде «дана» мағынасын таңбалаған. Яғни, әуелгі мағынасы «даналық жоқ, даналықтан ада» болуы мүмкін. Сөз соңындағы «а» дыбысы екпін түспегендіктен, элизияға ұшырап, кейін мүлде түсіп қалған. Демек, Абай қолданысындағы «надан» – ақылына сәуле түсірмеген, оқымаған, хайуанша жүріп күнелтетіндер. Оқыған адам мен оқымаған наданның арасы тым бөлек, ерекше алыс. «Адам» – ақылына сәуле түсірген, көргенді, оқыған, білім қуған, ғылым алған, Алланы сүюге ұмтылғандар болса, надан - осыған қарама-қарсы ақылына сәуле түсірмеген, ештеңе көрмеген, көрсе де көкірегіне түйе алмаған, оқымаған, білім алмаған, ғылым қумаған, Алланы сүюге ұмтылмағандар.
Қазақ дүниетанымында «көрмеген», «ештеңе көрмеген», «көргенсіз» дейтін атаулар «көру» ұғымымен байланысты. Дала дүниетанымы «Көре-көре көсем боласың. Сөйлей-сөйлей шешен боласың» деп тәмсілдейді. Өзіне дейінгіні танып, көріп, сол көргенін істеген, жақсылықты таныған да кісіліктің келбетін танытады. Оқу мен білімге ерекше ден қойып, мән беріп, терең бағалаған Абай надандықтан бойын аулақ салғанымен, ен халықтың надандығын көріп, үлкен қиналысқа, толғанысқа түседі:
Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?! Бірінші, екінші жолдағы ойға екінші және үшінші жолдағы ой қарама-қарсы тұр. Сол арқылы Абай биігі мен дала шындығы көз алдыңызға қайта оралады. Абай даналығы мен сол замандағы қазақы орта, білім мен ғылымнан қалыңқы кешегі қазақы қалып. «Ауруын жасырған өледі», ал Абай данышпан елді, халықты өлтірмейтін, ауруын айтып, дертін танып, оның жазылар жолы мен амалын нақ басып, дәл тауып, халықтың, ұлттың нағыз дәруішіне, дәрігеріне айналады. Абай айтқан емді халық болып, ел болып қабылдады, айыға алды, айығып жатыр. Замана желі айықтырды, қалай қиналса да, сол жолда жан беріп, жан алып, қан төгіп, аштан өліп, соғыста атылып, асылса да, әйтеуір түбі қайырлы болды, білім мен ғылымға жетті, ақылға сәуле құйылды.
Өлеңнің мазмұнына талдау жасай отырып, сөздің мәнін ашуға ұмтыламыз, тұлғалық сипатын анықтап, кейбірінің шығу тарихына да үңілуге мүмкіндік болады. Түркі тілдерінің табиғаты ерекше ғой! Кез келген сөздің мағынасы анық та, этимологиясы мен мұндалап ар жағынан қол бұлғағандай болады. Жалғамалылық табиғатына сай, түбірі өзгеріске аз ұшырағандықтан, түркі түбірлері өзінің қалпы мен мағыналық құрылымын өзге тілдермен салыстырғанда анағұрлым жақсы және анық сақтаған. Сондықтан да болар, мұра тілде сақталған мұрағат бар. Тек ашудың тәсілі мен амалын таба білуге білім мен білік қажет. Сөз тарихы Сізді мыңдаған жылдар тарихына үнсіз жетелейді, сөз болмысын тану ұлт болмысын танудың тылсымына әкеледі. Тек жетекке еруге білім мен төзім болса жеткілікті. Тілде адамның ішкі сезім дүниесі, іңкәрлігі, жалпы болмысы жатыр. Ал оның ар жағында халықтық дүниетаным жатады. Сонда бір өлең арқылы алдымен сөзбен, сөз тіркестерімен берілетін ой желісімен танысамыз, Сөз мағынасы арқылы оның тарихын барлаймыз, Сөз арқылы ақынның немесе жеке адамның тұлғасын, ішкі жан дүниесі мен болмысын, жүрек сезімінің куәсі боламыз да, осының негізінде ақынның артында тұрған ұлттың, елдің, халықтың бейнесін көріп, дүниетанымымен табысамыз. Сөз құдіретіне бас иген, бір ауыз сөзбен ердің құнын шешкен бабалар неткен көреген еді, десеңші!
Тіл тек дыбыстардың жиынтығы немесе адам қызметінің көрінісі ғана емес. Тіл сөйлейді, сөзбен сыр айтады, тарихты шежірелейді, сезімді паш етеді, ел мен ел, ер мен ер арасындағы жанған дұшпандық отты сөндіреді, жаныңа шуақ төгеді, көзіңнен жас мөлдіретеді, жүрегіңді «жуады» (Шаһкәрім), нұрландырады.
Ал данышпандардың жүрегін жарып шыққан поэзиядағы сөздің құдіреті тіпті ерен. Жаңағы Абай өлеңі «Жүректе қайрат болмаса» деп аталады. Жүрек пен қайрат ұғымдарын қатар қою арқылы олардың бағасын таразылап, танытып, пәлсапалық ой түйіп қана қоймайды ақын. Қазақи шындықтың қатып қалған қабаттарын ашып үңілтеді, жүрегіндегі шерін ақтарады. Шындықтың бетіне тура қарайды. Қорықпайды. Өйткені ол шындықтың артында елдің болашағы, келешектің үміті мен үлесі жатыр. Өлең астарында ұйықтаған ойды түрту бар. Ойы ұйықтап жатқан кім еді? Неліктен ұйықтап жатыр ол ой? деген сұрақтар қаумалай алға шығады. Ұйқының басуы білімнің жоқтығынан, сол - надандыққа итеретін. Сол екен. Ұйқыдағы ойды түртетін қайрат пен ақыл, ал ақылға сәуле түсуі қажет.