Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы? – деп ақынның өзі айтқандай, өлеңдегі мән мен маңызды ой адам санасын жаңғыртады, ой салады. Өлең мазмұнындағы мән сіздің көңіліңізге сән береді, толқытады, тебірентеді, қайта ойлантады. Сөздер сөйлейді. Ақынның құдіреті сонда – сөзді сөйлетеді.
Тіл лебізде жанданады дедік. Демек, лебізді зерделеудің өзі жеткілікті ғой! Бір қарағанда осылай. Бірақ тек осымен қанағаттануға болмас. Тіл - лебіздің қоймасы. Қажетті сөзді ал да, сөйлеуде, лебізде қолдана бер. Лебізде ол өзінің алуан түрлі түсіне (color) еніп, ғажайып бір феномен туғызуға қабілетті. Оны әркім әртүрлі қолданады. Қолданушының бәрі ақын не жазушы емес. Қолданушының бәрі сөздің байыбын танып, пайымдап жатпайтыны тағы түсінікті. Бәріміз Зейнолла Қабдоловша шешен сөйлей алмаймыз ғой. Неге олай емес деп бізді ешкім сөкпейді де. Лебіздегі сөздің көрінісінде субъект қатысады. Ал субъект қатысып, лебізге айналмаған тіл өледі. Алайда, тілдің мәні тек лебізде сөйленуімен аяқталмайды, сонымен басталады. «Тіл-қоймада» бәрі бар. Сөз бен сөз тұлғаларының барлық мағыналары, әр алуан түрлі тұлғалық ерекшеліктері мен байланыстары – сонда. Ал қолданыс және дұрыс қолданыс, қолданыстағы сөз мағынасының қабылдануы – лебізде! Тіл сөйлейді.
Ойыма Абай атаның «Білімдіден шыққан сөз» өлеңі оралады.
Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге Көкірегінде болсын көз. Жүрегі - айна, көңілі - ояу, Сөз тыңдамас ол баяу. Өз өнері тұр таяу, Ұқпасын ба сөзді тез? Әбілет басқан елерме Сөзге жуық келер ме? Түзу сөзге сенер ме Түзелмесін білген ез? “Айтшы-айтшылап” жалынар, Ұққыш жансып шабынар. Ұқпай жатып жалығар Ұйқылы-ояу бойкүйез. Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақыл ой, Ойлағаны - айт пен той, Ыржаң-қылжаң ит мінез„ Сұлу қыз бен я батыр Болмаған соң, тәңірі алғыр, Шығып кетер, я қалғыр, Оған ақыл - арам без. Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын беріп, Дертің ішіне ем көріп, Неге алтынды десін жез. “Ой, тәңір-айшыл” кер есек, Қулық, сұмдық не өсек Болмаған соң, бір есеп - Мейілі қамқа, мейілі бөз. Ия, Абай данышпаннан айтылмаған сөз қалды ма?! Біз, Қазақ баласы, бақытты халықпыз! Өйткені бізде Абайдай алып тұлға ұлттық дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, әлемдік аренада сөйлейді. «Адамзаттың бәрі сүй, бауырым деп» дегенді де сол Абай айтты ғой. Жаңағы өлеңді қайта тыңдалық:
Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге Көкірегінде болсын көз. Осы өлеңді бастауыш сыныптан бастап айтамыз, жаттаймыз. Мәніне толық қанып, түсіне алдық па, жоқ па?
Сөз. Абай өлеңде қасиетті сөзге терең мән береді. Сөз білімдіден шығып, талаптыға кез болса, талапты жас тыңдап, бойына сіңірсе – сол құт. Сөздің нұры, сөздің сыры ... Сөз арқылы нұр мен сыр төгіледі дейді Абай дана. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық білігі. Ырыс, береке – сөзде.
Тіл білімінде психолингвистика, нейролингвистика деген ілімдер бар. Әлемдік тіл білімінде жақсы зерттеле қоймаған, қойнын адамзатқа толық аша қоймаған сала бұл. Бәлкім болашақта көп жаңалықтарды осы саладан күту керек болар. Біз, көбінесе, көзбен көріп, қолмен жасалып жатқан жұмыстарды танимыз, білеміз, бағалаймыз. Ал адам баласының санасындағы сілкіністер мен санадағы сан ойларға келгенде, яки ойды басқаруға, ойды іркуге, дамытуға, жаңаша ойлау арқылы жаңалықтарға баруға селкембіз. Ұлылық, мүмкін, ойды басқара алған, ойды қозғалтып ойлата алған адамдарға тән болар. Танылған, бәріне белгілі дүниені ойлау бар да, танылмаған, әлі болмыстың белгісіз белгілерін тануды ойлау бар.
Ой сан тарапқа қашып кетпей, тереңдесе, көп нәрсеге жетуге болар еді. Адам жақсыны да, жаманды да ойлайды. Ойға жамандық көп келе ме, әлде жақсылық көп келе ме? ... Ойдың көрінісі, бейнесі болатын Сөзде сол ой таңбаланып шыққанда, ол сіздің жасаған рухани материалдық игілігіңізге айналады. Жақсы ойдан шыққан жақсы сөз де Сіздің ісіңізге, болашағыңызға әсер етпей қоймайды. Сондықтан жақсы ойды ойлауға ұмтылып, жақсы сөз айту - жарым ырыс. Өлең жолындағы білім, сөз, талап, кез, нұр, сыр, көз сөздері жеке алғанда бір-біріне байланыссыз атаулар. Атаулар белгілі бір мағына береді. Ол атаулар күнделікті тұрмыста қолданып жүрген ұғымдардың белгісіне, қасиетіне қарай аталған. Ал өзінің ерекше мәніне тек Абай жазған өлең жолдарында ғана ие болады. Сөздің мәні өлең жолдарында ғана өз қуатында естіледі. Енді атауларға сәуле түсті, Лебізге айналды! Cөз құдірет тауып күшейді, арқаланды, көшелі сөзге айналды. Әркім оны тануға, түсінуге, түйсінуге ұмтылғаны мақұл. Сәулеленген Сөз «жүрегі - айна, көңілі – ояу» жандарға ұғынықты.