Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет18/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

Жүрегі - айна, көңілі - ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?
Талапты ер – талантты. Сөз қадірін білуге ұмтылған жан, өзі де өнерге жақын. Сөз ұғар жастарға үндеу – бұл! Білімдіден шыққан сөзді меңгеруге, сөздің нұры мен сырын көруге үндеу! Бұл үндеудің өз тыңдаушысы, өз оқырманы бар. Ол көкірегі ояу, өнерге жақын тұратын, жөн сөзге мойын бұратын, білімдіден шыққан сөзді бағалар өрен. Ал:
Әблет басқан елерме
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?
Ал, «ұйқылы-ояу бойкүйез» «ойлағаны - айт пен той, ыржаң-қылжаң ит мінез» сөз тыңдағансып, «айтшы-айтшылап» «ұққыш жансып шабынар», алайда шын көңілімен Сөзді ұға алмас. Бұл жолдар әр замандағы надандықтың келбетін кестелейді. Түзу сөзге сенбесе, сенуге бір көнбесе ез емей кім? Түзу сөзді қабылдамай, жөнге көнгісі келмейтін, сөзді түсініп, сеніп, бағаламайтын жандар аз ба?
Өлеңнің алғашқы жолдарына көңіл бөлейік:
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез, - негізгі ой түйіні де, тұжырым да осы. Бұл - Абай бағалауы. Бағаланатын – тыңдаушы, субъект. Бағалау нысанасы (нысаны емес) – СӨЗ. Абай өзінің «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма» деген концептісінен таймайды, қайталайды, тереңдей түседі. Уақыт белгісіз, кеңістік көрінбейді. Демек, мұндай бағалау уақыт пен кеңістікке бағынбайтын болар. Ия, солай. Даналық уақытқа, кеңістікке бағынбайды. Бұл қазақ қоғамына ғана, немесе Абай заманына ғана тән өз заманына ғана қатысты әрекет емес. Бұл үндеу, білімге, оқуға, көргендікке шақыру үндеуі – ежелден келе жатқан тәмсіл. Қасиетті кітаптардың бәрінде оқы, біл сөздері қайталанатыны аян. Өлеңнің атының осылай аталуы да білімге, оқуға шақыруды танытады, анықтай түседі. Абай үндеуі – сөзді ұғуға, сөз мәнін түсінуге, тереңіне барлауға арналған.
Абай данышпанның Қазақ сөзін аспандатып, Сөздің киесін танытты.
Қадыр Мырза Әлінің мына өлеңіне назар аударалық:
Жыр составын жүйткітіп жүргізе алмай,
Шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай.
Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды,
Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай.
Уақыт болса зымырап өтіп жатыр,
Шыдамды да шетінен кетіп жатыр.
Күпі киген кемеңгер өзің ғана,
Макинтошты миғұла жетіп жатыр!
Жақсы айтылған. ХХ ғасырда кеңес мектебіне бармаған, көзі ашық емес қазақ болмады. Жеті жастан мектепке барып, әріп танып, қандай болса да оқығанымыз рас. Бірақ мәселе «Нені оқытты? Нені оқыдық?» дегенге келгенде күмілжитініміз тағы рас... Қадір ақын бағалағандай, жүз ақынды туғызған Ұлы Абайды жүз ақын тани алмай жүрсе, бұл сөз әлеміндегі қасірет емес пе? «Макинтошты миғұлалар» тіркесі бүгінгінің түкке тұрғысыз екенін, Сөзге қосылған жаңалық ойдың жоқтығын паш етер болар. Кемеңгерлік ақылмен, сөздегі асыл оймен байланысты. Күпі киюі қазақ баласының өзіндік ерекше болмысы, өзіндік дүниетанымын анықтар тұс деп қабылдайық.
Өлеңдегі барлық етістіктер нақ осы шақ («өтіп жатыр», «кетіп жатыр», «жетіп жатыр!») пен ауыспалы осы шақта («жүргізе алмай», «қыза алмай», «туғыза алмай») тұр да, тек «Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды» деген тіркестегі «туғыздың» тұлғасы жедел өткен шақ формасын еншілеген. Кездейсоқтық па? Әрине жоқ! Қадірлі Қадір ақынның мықтылығы! Қазақы ойдан туындаған қасиетті тіл қашанда тұлғаланып, Патша Сөзге айналғанда, осылайша, жаңылмай, жасқанбай шығады. «Туғыздың» тұлғасы өткен шақта тұрғанымен, келмеске кеткен өткенді емес, бүгінді және болашаққа шашу шашқан жарқын келешекті, жүз ақынды туғызған ұлылықты, кемеңгерлікті көрсетеді. «Туғыздың» етістігі арқылы берілген сүбелі ой үмітке орын қалдырады. Жүз ақын Абайды туғыза алмай жүргенімен, Абай туғызған жүз ақынның сөзі бар ғой! Демек, қазір «шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай» «макинтошты миғұлалар» жетіп жатқанымен үмітсіздікке орын жоқ. Жақсы СӨЗ! Бастысы, сөздің контекстегі мағынасы, Ойдың бүтіндігі.
Тіл сөйлетеді, сөздер сөйлейді! Сөз арқылы адам баласы ғаламдағы тыныштықтың көбесін бұзады. Тыныштық адам баласына тән емес. Адам өз болмысынан сөйлеуі тиіс. Құран Кәрім бойынша, Алланың үйреткен атауларын Адам ата қайталап, оқып үйреніп алған екен. Имам Бұхаридің: «Бір нәрсені айтудан және істеуден бұрын білім алыңдар», – деген сөзі бар. Қасиетті Құранда: «Алладан лайықты түрде тек қана ғалым құлдары қорқады», [14] – делінген. «Сөз Алладан шыққан бу!» деп айтады Шаһкәрім ақын.
Адам баласы естиді және сөйлейді. Бұл сөйлемдегі ой тым қарапайым болып көрінуі мүмкін. Ия, қарапайым. (Орыс тілінде «Все гениальное, просто!» деген бар). Естіген дыбыстарын дауыстап қайталау, оған мағына мен мән беру тек адам баласына ғана тән ғой! Алла жаратқан он сегіз мың ғаламның жартысы дыбыс шығара алады. Алайда олар сол дыбыстарды қайталағанымен, белгілі бір ақпарат сыйғызғанымен, мағына мен мән берілмейді. Адам сөзінен МӘН мен МАҒЫНА іздеуіміздің, оған терең мән беруіміздің себебін осылайша түсіндіру керек болады. Дыбыстардың комбинациясынан тұратын таңбалар тек мағына мен мәннің арқасында ғана сөз болып тұр ғой!
О, мағына! Сен тілдің рухысың! В. Гумбольдтқа тағы да жүгінуге тура келеді: Оның мына сөзі көпке белгілі «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык». Халықтың рухы - тіл! Халық рухын көтеретін – СӨЗ! Әралуан көркем сөз жазылып, көркем сөз иелері халық аузында аңыз болып айтылып, абыз атанып, данышпан болғанымен, халық жасап, халық қабылдаған тіл негізінде жасалады ол көркемдік. Негізгі феномен халықтық тілде жатыр.
Ал тілдің өзі – форма. Ойдың формасы. Лебізде өзінің алуан түрлі мағыналық түсіне боялып, иірімі тереңдеп, сұлуланып, сәуле шашырап, төгіліп тұрады. Тіл лебізде нұрланады. Нұр – сөздегі МӘН мен МАҒЫНА.
Дыбыстау мен мағына арасында сәйкестік бар. Ол өзіндік гармонияға негізделген.
Замана көшіне егемен ел болып қадам басқан тым жауапты кезеңге сәйкес келген ұрпақпыз, біздер. Бақыттымыз. Соған сәйкес ел болашағы үшін жауапкершілігіміз де жоғары. Сеніміміз - биік, сезінеріміз - мол, үмітіміз - алда, жүгінеріміз - жүрек, ақылымыз - алдамас. Сондықтан да бізден ұлттық құндылықтарды іріктеу, бағалау, қайта бағалау, жаңаша зерделеуді қоғамдық өзгерістердің өзі талап етеді. Қоғамдық жүйедегі болған маңызды жаңалықтар маңызды құндылықтарды қайта бағалауды қажет етеді. Қазіргі демократиялық қоғамдағы құндылық қандай, оның бағасы мен қажеттілігі қандай деңгейде, ұлттық мәдени құндылықтарды бағалаудың маңызы мен мәні т.б. сияқты сан сауалдарға ғылыми жауап іздеу де өзекті.
Немістің атақты философ ғалымы Вильгельм фон Гумбольдт өз заманында Гетемен, Шиллермен тұстас қана емес, сыйлас, сырлас болған, Гетенің шығармашылығын талдауға белсене ат салысқан. Кез келген көркем шығарманы өз елінің, өз заманының тумасы ретінде қарастырып, Гете поэзиясы неміс ұлтының мінезін танытады деп жазған екен. «Өзге де ұлы шығармалар сияқты Гетені тек өзінің ана тілінде ғана дұрыс түсінуге болады, ол басқа тілдерге аударыла алмайды (он просто переводим!)» дейді ғалым [Гумбольдт: Избранные труды по языкознанию. – М. : ОАО ИГ «Прогресс», 2001]. Өз ұлтын шын сүйген, ұлт тілін терең бағалаған, өзге тілдермен салыстыра жүріп бағалаған, Гетенің ұлылығын бағалаған ғалымның сөзі бұл! Демек, бұл ғылыми пікірде өзін бағалау арқылы, өз ұлты мен сол ұлттың мінезін танытатын ұлылық туғызған көркем шығарманы бағалау арқылы айтылған тұжырым бар.
Біз, күні бүгінге дейін данышпан Абайды өзге тілдерге аударып, аудара алмай жүріп жатырмыз. Бәлки, мұндағы мәселе аудармашының таланты мен аудармашылық шеберлігінде емес, Абайдың ұлылығында болар. Қазақ дүниетанымындағы, қазақ болмысындағы, қазақ шапанындағы Абайды осылай ғана көріп, осылай ғана бағалау қажет. Өз топырағында дұрыс және нақты бағаланған ұлылық өзгелерге де солай көрінеді, танылады, бағаланады. Яғни Абайды аударып емес, бағалап таныту лазым. Абайдың өлеңдеріндегі қазақи танымды, қазақи ойды, қазақи сөз қолданысын дәл баламаға салу үшін аударылатын тілде де дәл сондай ұғым, сол ұғымды белгілейтін таңба болуға керек қой. Ал дүниетаным өзгешелігі, тіл ерекшелігі ондай мүмкіндікті қолға ұстата бере ме? Демек, Абай өзге тілге аударыла қояр ма, өзге тілде сөйлер ме? Абай тілі өзге тілге аударылғанда күрмеле береді. Абайлық таным, Абайлық дүниетаным – өзінің қазақи болмысымен ерекше, осы ерекшелігін сақтауымен, ешкімге ұқсамауымен Ұлылық атты кемеде өзгелермен қатар тұрады. Ойыма Әбділда Тәжібаевтың «Сырдария» атты өлеңі оралды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет